«ХАСЕН — ЖӘМИЛА» Бұл 1954 жылы Шыңжаңда түсірілген тұңғыш қазақ фильмі еді
2004 жыл. «Қазақ календары» беттерінің бірінен ҚХР-да өмірге келген кинокартина туралы хабарды оқып қалдық. Сөйтсек, ол қазақ тілінде шетелде түсірілген тұңғыш көркемсуретті фильм екен. Осыны оқығаннан кейін ойға қалдық. Көкейімізге: «Сондағы ойнаған киноактерлер… Олар кімдер еді?» деген сауалдар келген болатын. «Иә, шынында олар кімдер еді? Іздеп көрсек қайтеді өздерін? Мәселен, 1956-1962 жылдарғы ұлы көш кезінде сол өнер адамдарының арасынан бергі бетке өткендерінің де бар болуы мүмкін-ау…» Ақыры таптық та! Олар: Жәмила – Кеңес Одағының халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының саңлақ актрисасы Фарида ШӘРІПОВА болса, екіншісі – Хасен рөлін ойнаған Ықылас Дүкенұлы атындағы республикалық саз аспаптары мұражайының ғылыми қызметкері Абылай ТҮГЕЛБАЕВ еді. Көп кешікпей Алматыда тұратын осы аға, апамызбен кездесіп, әңгімелескен жайымыз бар. 2004 жылдың жаймашуақ сол бір көктеміндегі сұхбатта мына төмендегі жәйттер белгілі болған еді.
– Екеуіңізге бір сұрақ: «Хасен-Жәмила» фильміне түсуге шақырылғанға дейін қайда білім алып, не қызмет істеуші едіңіздер?
Фарида ШӘРІПОВА: Туған жерім – Шәуешек қаласы. Жеті жасымда сондағы Махмұд Қашқари атындағы ұйғыр-қазақ мектебінің табалдырығын аттадым. Аталмыш білім ұясын бітірген соң Үрімшідегі саяси курсқа қабылдандым. Ол Қытайдағы 1949 жылғы халықтық жаңа үкіметтің орнауына байланысты ашылған, елге соның жер реформасының мән-жайын түсіндіруге арналған оқу түрі еді. Курс бітер кезде комиссия менің сол Үрімшіде қалатынымды айтып, Шыңжаң үкіметі кеңсесіндегі аудармашылық жұмысқа жіберді. Киноға түсуге шақырылардың алдында, міне, сонда қызмет істеп жүргенмін.
Абылай ТҮГЕЛБАЕВ: Ал мен Құлжа іргесіндегі Қорғас өңірінің перзентімін. Сондағы Баяндай елді мекенінде көпес Мұсабаев салдырған ғажап мектеп болды. Оның мүдірі кезінде Ыстамбұлға барып оқыған, араб пен орыс тіліне өте жүйрік Әбдіқадыр Қасымұлы деген оқымысты кісі еді. Аталмыш білім ұясында дәріс алып, жоғарыдағыдай ғұлама адамнан тәлім-тәрбие көрген соң, 1946 жылы Құлжадағы гимназияға келіп түстім. Сонда жүргенде 1950 жылы мұнда ішкеріден белгілі ұйғыр жазушысы Зия Сәмеди бастаған үкімет комиссиясы келе қалды. Ол кісі Іле, Текес сияқты шет аймақтағы ұлт жастары ішінен Үрімшідегі бюро кадрлары мектебіне адам іріктеп алуға шығыпты. Ұстаздарым үміткерлердің қатарына мені де қосты. Сүрінбей өттім. Содан не керек, өзіміз сөз еткелі отырған киноға түсердің алдында менің жоғарыдағы саяси оқу орнын бітіріп, одан Тибетке аттанған мәдени-үгіт бригадасының құрамында болып, енді ШҰАР мәдениет министрінің орынбасары Бұқара Тышқанбаевтың ұйғарымымен, Үрімшідегі мемлекеттік ұлттар театрының репертуар бөлімінде жұмыс істеп жүрген кезім болатын.
– Жөн-ақ. Ал енді фильмге түсуге қалай шақырылдыңыздар?
Ф.Ш.: Кездейсоқ! Бірде кезекші маған: «Үкімет басшысы Сәйфиддин Әзиз шақырып жатыр» деді. Тілмашпын ғой, аударма жасауға іздеген шығар деп барсам, мүлде басқа шаруа болып шықты. Ол кісінің сөзінен ұққаным, Шыңжаң өмірінде бұрын мүлде болмаған жаңа бір іс қолға алынбақшы екен. Бұл ҚХР-дағы аз ұлттар туралы көркемсуретті фильм түсіруге деген ұмтылыс. Осы мақсатпен Шанхай киностудиясынан келген мамандар ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп те кеткен сияқты. «Үкімет үйіндегі кездесулерде тілмаш боп жүргенде сен солардың көзіне түсіпсің. Киноға керек адам деп отыр. Барғаның жөн шығар. Өйткені бұл мемлекеттік мәселе, қызым», – деді Сәйфиддин. Сөйтіп, «Хасен-Жәмила» фильміне түсуге мен мүлдем күтпеген жерден қосылып, жоғарыдағыдай әкімшілік бұйрық арқылы кездейсоқ келгенмін.
А.Т.: Фарида дұрыс айтады. Бұл киноға үміткерлер іріктеуде конкурс деген болған жоқ. Және ол кездері оған жағдай да келмейтін. Фильмге керек адамдарды таңдаудағы барлық сенім сценарий авторы Бұқара Тышқанбаев пен режиссер Үю Гаңның интуициясына артылды. Ғажабы сол, олар бұл істе қателескен жоқ. Екеуінің Үрімшідегі оқу орындарынан, Шәуешек пен Құлжадағы мәдениет мекемелерінен және басқа да шеткері жақтағы көркемөнерпаздар үйірмелерінен тәуекел деп жинап алып келген жігіттері мен қыздары (бұлардың ішінде мемлекеттік ұлттар театрында істейтін мен де бармын) кино түсіру кезіндегі барлық қиындықтарға көніп, өздеріне бекітіліп берілген рөлдерді жан-тәнімен ойнап, сол кездің талабымен алып қарағанда тамаша орындап шықты.
– Олар кімдер еді?
Ф.Ш.: Фильмдегі басты кейіпкерлердің бірі ол Жәмиланың әке-шешесі ғой. Міне, сол кісілердің рөліне Үрімшідегі мәдениет бөлімінің қызметкері Әубәкір аға мен ШҰАР аймақтық әйелдер бірлестігінің қызметкері Тұрар апа шақырылды. Ал қатыгез де қарау Жүніс байды бейнелеуге Шыңжаңның қырғыздар мекендейтін Қызылсу ауданынан келген қомызшы Баяқын Әлімбекұлы лайық деп табылды да оның өркөкірек ұлы Патшабекті Үрімшідегі «Халық» баспасының қызметкері, ақын-драматург Қаусылқан Қозыбайұлы ойнады. Сондай-ақ аталмыш кинолентадағы Хасеннің әкесі Бейсен қарт образы Тарбағатай аймағының Толы ауданындағы орта мектеп мұғалімі Мәлік Шипанға, прогресшіл көзқарастағы бай Берді бейнесі негізгі мамандығы мал дәрігері болғанымен, өнер десе ішкен асын жерге қоятын азамат Мәлік Жүнісұлына жүктелгені есімде.
А.Т.: Қалған кейіпкерлер мыналар. Фильмде Хасенге өте жақын жүретін Серік деген ер көңілді жігіт пен Жәмиланың құрбысы Күлән атты қыз бар. Міне, солар Құлжа қаласынан келген журналист Зекен Мейірманұлы мен Тарбағатайдың Толы ауданынан шақыртылған мұғалима Күлшән есімді бойжеткенге бекітіліп берілді. Енді гоминдань үкіметінің адамдары туралы бірер сөз. Ондағы жалдамалы офицер рөлін Алтайдың күйші жігіті Тайыр Белгібаев, қазақ ауылдары арасындағы сол уақытша үкімет жансызының бейнесін спортшы Айтжан Жазықбаев ойнады да экрандағы әскери шайқастар мен түрме күзеті көріністеріне Манас қаласындағы ҚХР армиясы тұрақты бөлімінің жауынгерлері қатысты.
– Әңгіме барысында мына бір жәйттерді де анықтай кетсек… Айтыңыздаршы, фильм Шыңжаңның қай жерлерінде түсірілген еді?
Ф.Ш.: Киноға қажет табиғат фонына Үрімші қаласынан онша қашық емес Наньсаң таулары, содан соң Биянгу өзені таңдап алынды. Бұл өзіміз сөз етіп отырған фильмнің сценарий авторы әрі екінші режиссері Бұқара Тышқанбаев ағамыздың сөзімен айтқанда: «Ол, біріншіден, жол қатынасына өте-мөте қолайлы, екіншіден, қалың қарағайлы шатқал, айналасы құнан шаптырым келетін тепсең жазық, күміс моншақ себезгілеген сарқырамаларға толы өзен бойы кинобъективке әдейі арнап жасалғандай әсер қалдыратын. Сол арадан алыстағы бүкіл Алтай, Боғда таулары, оның етегіндегі құба шөл өте жақсы көрінетін».
А.Т.: Иә, аталмыш аймақты жергілікті қазақтар Ақтерек жайлауы деп атайтын. Ол қазіргі шертпе күйдің шебері, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Уәли Бекеновтің аталарының қонысы еді. Осы жерге алты, сегіз, он екі қанатты ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, оның іші көз жауын алатын керемет мүліктермен толтырылды. Уәлидің әкесі Оспан Мұқай өз ауылында кино түсірілетін болған соң ештеңесін аямады. Ағасының 100 жылқысын таңдап алып, оның 40-ын бізге мініс көлігі ретінде берді де 60 биені қымыз ішіп тұрыңдар деп желіге байлап тастады. Фильмдегі басты кейіпкер Хасеннің астындағы атақты бәйге көк бар емес пе, міне, сол ат та әлгі Мұқайдың маңдайына басқан жүйрігі болатын. Киноға керек деген соң оны да қиналмай берді. Осының бәрі ол кісінің ұлт намысын білгендігі, түсінгендігі болса керек.
– Кино түсіру кезінде түрлі жағдайлардың болатыны белгілі. Олардың бірі мәселен күтпеген жерден туған қиындықтар мен кездейсоқ оқиғалар. «Хасен-Жәмила» фильмін өмірге әкелу барысында сіздердің сондай жағдайларды бастан кешірген кездеріңіз болды ма?
Ф.Ш.: Болды. Алдымен қиналған кезімді айтайын. Кинолентада Хасен мен Жәмиланың елсіз тауда күн кешіп жүріп сәбилі болатыны туралы көрініс бар. Ол нәресте осы фильмдегі Жәмиланың шешесінің рөліндегі Тұрар апаның 4-5 айлық қызы еді. (Зырлап өтіп жатқан уақыт-ай… Ойлап қарасам бір кездегі сол бесіктегі бөпенің өзі егер тірі болса қазір 50-ге келді-ау!). Жә… Сценарий бойынша мен міне, сол бөбекті алдыма алып емізуім керек. Он сегіз жастағы бетім ашылмаған ұялшақ кезім ғой. Намыстандым. «Ертең жұрт бұл киноны көргенде қандай пікірде қалады? Омырауын ашып отырған неткен көргенсіз қыз деп ғайбаттамай ма?» деген оймен жаңағы эпизодтан ат-тонымды ала қаштым. Режиссер болса, қоймайды. Жалынады. Ұрсады. Үгіттейді. Мен жылаймын. Ақыры көндірді-ау әйтеуір. Кинодағы ең бір қиналған жерім, міне, осы көрініске түсу азабы болды. Енді кездейсоқ оқиға деген сауалға мысал келтірейін. Осы фильмде қос ғашықтың иен таудағы мекенін шолғыншылар байқап қалады да Хасен мен Жәмиланың сонда апыл-ғұпыл жиналып қашатыны бар. Осындай кезде мен мінген аттың айылы дұрыс салынбады ма, жоқ әлде оның тартпасы үзіліп кетті ме білмеймін, ертоқым ауып кетіп жерге оңбай құладым. Содан қатты ауырып, кино түсіру жұмысы көпке дейін тоқтап қалғаны бар. Сол оқиға күні бүгінге дейін есімнен кетпейді.
А.Т.: Фильмнің негізгі бөлігі біте бергенде қыс кеп қалды да қалған жұмысты киностудияның Шанхайдағы жабық павильонында түсіруге тура келді. Осы жерде менің екі көзім шаншып ауырып, прожектор жарығына қарай алмайтын күтпеген бір қиындыққа тап болдым. О баста онша мән бермеп едім, келе-келе шынымен қауіптенетіндей жағдайға жеттім. Не істеу керек? Жұмысы тоқтап қалған кинорежиссер шырылдап жүріп көз дәрігерін ертіп әкелді. Қарт кісі екен, асықпай қарап болды да жаңа сойған қойдың бауырын алғызып, соны қайнап тұрған ыстық суға бір матырып алып жегізумен болды. «Қаны шығып тұрған шикілі-пісілі дүние. Бірақ шыдайсың. Менің талабым осы», – деді ол. Көндім. Байқаймын, нәтиже бар сияқты. Өйткені бір аптадан соң көзімнің піскілеп ауырғаны басылды, ал екінші жетіде кірпігімді ашып, жарыққа еркін қарай бастадым. (Тіфә-тіфә, содан бері ол сырқат қайтіп мені мазалаған жоқ). «Кино түсіру кезінде қиналған жеріңіз болды ма?» деген сұрақты естігенде ойыма осы оқиға оралып отыр. Кездейсоқ, күтпеген жәйттер… Одан жол тауып шыға білу. Иә, ондай жағдайлар да жадымда. Мысалы, мына Фариданың Жәмиланы ойнағандағы қимыл-қозғалысына, кескін-келбеті мен іс-әрекетіне және диалог сөздерін жаттаудағы зеректігіне мамандар көп кінә қоя алмайтын. Бірақ бір кемшілігі болды. Қаланың қызы емес пе, атқа шаба алмайтын. Бұған қандай айла табу керек? Ол қиындықтан бізді осы кинотуындыдағы эпизодтарға қатысып жүрген Тұрдықан Күрішбайқызы деген келіншек құтқарды. Ол сонда не істеді дейсіз ғой? Әрине, фильмдегі атқа мініп-түсіп немесе сол аттың үстінде жайбарақат отырған Жәмиланы ойнайтын Фариданың өзі. Ал алысқа қарай құйындатып шапқандағы Жәмила ше? Ол – Тұрдыхан. Дене бітімі Фаридаға ұқсас, нәзік, керемет күйші осы келіншектің жұлқынып тұрған кер аттың үстінде жігіттен де бетер тіптік күйдегі отырысына, жұлдыздай аққан құйын шабысына қарап, бәріміз риза болатынбыз.
– Өзіміз сөз етіп отырған көркемсуретті фильмді түсіріп, мемлекетке тапсыру қанша уақытқа созылды?
Ф.Ш.: Жылға жетер-жетпес мерзім ішінде…
А.Т.: Иә, бар-жоғы 11 айда бітті.
– Бұл кинотуынды экранға шыққанда үкімет, ел оны қалай қабылдады?
Ф.Ш.: Ол кезде біз жаспыз ғой. Көп нәрсеге онша назар аудара бермейтін шағымыз. Қоғамдық пікір жөніндегі аңғарымпаздығымыз да шамалы. Бірақ «Хасен-Жәмила» шығармасының авторы, осы кинотуындының өкіл әкесі Бұқара Тышқанбаев ағамыздың айтуы бойынша, мәселе былай: «Бәрі біткен соң фильмді Бейжіңге алып бардық. Орталық кино басқармасында қойылған оған осында Кеңес өкіметінен шақырылған маман ретінде жұмыс істеп жүрген мәскеулік режиссер де қатысты. Ол оны жоғары бағалады. «Монтажында кейбір олқылықтар бар. Бірақ, бұл жалпы мазмұнына нұқсан келтіре алмайды», – деді әлгі кісі. Фильмді артынша сол Бейжіңдегі Қуйрынтан сарайында Чжоу Энлай да көрді. Ол сеанс бітіп, залға жарық берілген заматта-ақ ресмиетті күтпей: «Міне, бұл нағыз көркем фильм болып шығыпты, музыкасы да жақсы. Тіпті ұлттық колориттің берілуінің өзі адамды қалай сүйсіндіреді. Киноның өзін көрмей, сырттай музыкасына құлақ салып тұрып-ақ Қытай қазақтарының өмірі туралы фильм екенін аңғаруға болады. Туынды саяси жағынан да ұтымды», – деп құптады».
А.Т.: Сөз ретіне қарай алдымен «Хасен-Жәмила» фильмін көруге деген құштарлықтың Шыңжаңда ғана емес, ішкі Қытайдың өзінде тіпті ерекше болғанын атап айтқым келеді. Соның нәтижесінде мемлекет тарапынан осы кинолентаға кеткен шығын бір Шанхай қаласындағы кинотетрларда көрсетілген сеанстардан түскен ақшамен үш-ақ айда өтеліп шыға келді. Бұл аз десеңіз, қысқа мерзім ішінде оны 22 ел сатып алып, фильмнің атақ-даңқын одан әрі аспандатып әкеткені бар.
– «Хасен-Жәмила» кинотуындысы түсіріліп бітті. Сөйтіп ол Шыңжаңдағы елдің рухани игілігіне айнала бастады. Ал сіздер ше? Өздеріңіздің содан кейінгі өмір жолдарыңыз қалай қалыптасты?
Ф.Ш.: Аталмыш жұмыс аяқталысымен, мен оның премьерасын күтпей, кеңестік Қазақстанға өтуге әрекет ете бастадым. Өйткені, нақ сол кезде шетте жүрген қазақтардың атамекенге оралуына тұңғыш рет рұқсат берілген еді. Сөйтіп 1955 жылдың 30 мамыры күні алғашқы көшпен шекарадан өтіп, күзде Алматының Құрманғазы атындағы консерваториясында жаңадан ғана ашылған актерлік факультетке қабылдандым. Курстастарым Сәбит Оразбаев, Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейтметов, Нүкетай Мышбаева, Раушан Әуезбаева секілді қазақ өнерінің осы күнгі жайсаңдары мен жампоздары-тын. Бір қызығы, көрнекті жазушы Сайын Мұратбеков пен атақты сатирик Оспанхан Әубәкіров те алғашында біздің осы актерлік факультетте оқығаны бар. Өстіп жүргенде, 1957 жылы мені Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ғабит Мүсірепов шақырып жатыр деді. Бардым. Қабылдауында болғанымда ол кісі таяуда өзінің Шыңжаңдағы қазақ жазушыларының тұңғыш съезіне қатысуға барғанын айтты. Елге қайта ораларда ШҰАР үкіметінің мәдениет министрі Ғабеңе аты-жөнімді айтып, сол қызға осы сыйлықты өз қолыңызбен тапсырсаңыз деген өтініш білдіріпті. «Біз сенің «Хасен – Жәмила» фильміне түскеніңді білмейді екенбіз, қарағым. Сол кино өзің мұнда оқып жүргеніңде Бейжіңдегі Бүкілқытайлық өнер фестивалінде үшінші орын алыпты да сені мына медальмен марапаттапты» деп Ғабит Махмұдұлы шағын әрі әдемі қола белгіні кеудеме тақты.
А.Т.: Фильм экранға шыққан соң елде демалыста жүрген маған Бейжіңнен шақыру қағазы келді. Онда ҚХР астанасындағы киноактерлер даярлайтын институтқа жолдама берілгені айтылыпты. Сол жоғары оқу орнында 3 жыл оқып Шыңжаңға қайтып келгенімде, мұнда ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны басталды. Күдіктілер тізіміне алындым. Қуғындауға ұшырадым. Ақыры қауіпті элемент қатарына жатқызылып, Күнес қаласындағы болат қорыту зауытынан бір-ақ шықтым. Жұмыс ауыр. Бостандыққа шығудан үміт жоқ. Дегенмен ол қапастан мені бір кездейсоқ жағдай құтқарды. 1959 жыл еді. Шыңжаңның Құлжа облысына Бейжіңнен Мао Цзэдунның ұлы жорық жылдарындағы жан досы, аты аңызға айналған маршал Чжу-Де келетін болды. Ғажабы сол, ол кісі көптеген әскери әндердің де авторы-тын. Қарт қолбасшыны қарсы алушылар құрметті қонаққа арнап жасаған концерттік бағдарламасына, міне, оның сондай шығармаларын да енгізіп, енді оны орындайтын әншіні таба алмай қиналды дейсіз. Лагерь басшысы білетіндердің нұсқауымен мені іздеп тапты. Сахнаға шығарды. Несіне аянайын, маршалдың өзім білетін «Аспаз» әнін шырқап кеп бердім. Бұған алдыңғы қатарда отырған Чжу-Де де, қалалық партия комитетінің хатшысы да мәз болды. Сол «еңбегімнің» арқасында айдауылдардың дікеңдеуінен құтылдым. Көп кешікпей еңбекпен түзеу лагерінен де босап шықтым. Шыққан бойда Құлжадағы кеңес консулына барып құжаттарымды жөндеттім. Ойым – Қазақстанға кету. 1961 жылы ол арманыма да қол жетті. Шекарадан аман-есен өтіп, бұрынғы Семей облысының Аякөз ауданына табан тіреген жайым бар. – «Хасен-Жәмила» фильмінен кейін сіздер киноға түсуді одан әрі жалғастырдыңыздар ма, жоқ әлде… Ф.Ш.: Мен бұл кәсіпті біразға дейін жалғастырдым деп айта аламын. Оған өзімнің кезінде «Қазақфильм» түсірген «Торапта», «Тұлпардың ізі», «Қыз Жібек», «Жорғаның жүрісі» («Мосфильм»), «Мүсілима», «Қала қалқаны» атты фильмдердегі Ғалия, Жауһаз, Кербез, Бүбіжан, Мүсілима, Бақытгүл рөлдерінде ойнағаным анық дәлел. А.Т.: Жоқ, мен киноактерлікті қайта жалғастыра алмадым. Қанша ұмтылып, талпынсам да оған өмірімнің бұралаң соқпақтары еш жақындатпай-ақ қойды. 1975 жылы жазушы Қабдеш Жұмаділов «Қазақ әдебиетіне» мен туралы мақала жазып, онда бір кездері арғы бетте талантымен, өнерімен көзге түсіп, кинода ойнаған адам қазір Аякөзде мұғалім боп жүр, қатарымызға тартайық, қабілетін пайдаланайық деп мәселе көтерді. Соның дүмпуімен «Қазақфильмге» шақырылып, кеудемдегі үміт оты қайта жанғандай болған. Бірақ кинорежиссерлер жөнді рөл бермеді, эпизодтық кадрлар мен жалпы көріністерге салды да қойды. Содан ол жерде 1981 жылға дейін жүрдім. Ақыры санда ғана бар, ал санатта жоқ екендігіме көзім жеткен соң қазіргі жұмыс істеп жүрген жерім – саз аспаптары мұражайына ауыстым да кеттім.
– Енді сіздер мына қорытынды сұраққа жауап берсеңіздер. Ол осыдан 49 жыл бұрын дүниеге келген «Хасен-Жәмила» фильмінде өздеріңізбен бірге киноға түсіп, негізгі рөлдерде ойнаған өнер иелерімен кейін қайта кездесіп, жүздесудің сәті түсті ме, олардың өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен не хабарларыңыз бар деген сауал.
Ф.Ш.: Кинода Хасеннің досы Серік боп ойнаған Зекен аға Шыңжаңнан осы Қазақстанға 1955 жылы-ақ өтіп келген сияқты. Өйткені Құрманғазы атындағы консерваторияда оқып жүрді. Кейін Жамбыл облыстық драма театрында қызмет істеді. Одан соңғы тағдырын білмеймін. Өткен жылы осы біздің академиялық драма театрында Құрбан деген суретші жігітіміз қайтыс болды. Сол азаматтың қырқына жиналғанымызда маған бір иманжүзді бала келіп амандасып, өзін Әубәкір ағаның ұлымын деп таныстырды. Әбекең өзіміз әңгіме өзегіне айналдырып отырған фильмдегі Жәмиланың әкесі Бейсен қартты бейнелеген кісі ғой. Жаңағы баланың сөзінен аңғарғаным, Әубәкір аға Қытайдан өтіп келгеннен кейін Алматы облысына қоныс теуіп, ұзақ жылдар бойы Дегерес жылқы зауытында киномеханик боп жұмыс істеген. Осы бертінде ғана дүниеден озыпты. Менің білетінім міне, осы. Басқаларынан көп хабарым жоқ.
А.Т.: Кинодағы Жәмиланың шешесі рөліндегі Тұрар Қытайдан Қазақстанға 1955 жылы өткен. Ұзынағашта кітапханашы боп жұмыс істеген. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Жүніс байдың бейнесін жасаған Баяқын Әлімбекұлы Шыңжаңдағы ел арасында сазгер, өнер зерттеушісі ретінде танылған. Кейін сондағы Күйтің қаласында қайтыс болыпты. Патшабекті ойнаған Қаусылқан Қозыбайұлы да қазір өмірде жоқ. Ол 1973 жылы Үрімшіде бақилыққа аттанған. Берді байдың рөліндегі Мәлік Жүнісұлын Қытайдағы «мәдени революцияның» құрбаны деуге болады. Хунвейбиндер қолынан қаза тапқан. Хасеннің әкесін бейнелеген Мәлік Шипан да соқтықпалы жолға толы ғұмыр кешіп барып, әупіріммен аман қалған сияқты. «Мәдени революция» кезінде ұзақ жыл түрмеде отырған ол кейін ақталып, қазір Құлжа қаласындағы халық шығармашылығы үйінде нұсқаушы-әдіскер боп жұмыс істейді. Ал гоминдань үкіметінің офицерлері боп ойнайтын Айтжан Жазықбаев пен Тайыр Белгібаевқа келсек, Айтекең Қытайдан 1955 жылы Қазақстанға өтіп келіп Зайсанда қайтыс болған да, Тәкең Шыңжаңда асқан күйшілігімен аты шығып, ол да осы бертінде бақилыққа аттанған.
…Әңгіме аяқталды. Біз әсерлі де тартымды естеліктері үшін сұхбат иелеріне рақметімізді айтып, олармен қимай қоштастық. Содан кейін: «Теледидардан ара-тұра болса да көрсетілетін, соңғы жылдары тіпті ұмытылып кеткен «Хасен-Жәмила» фильмі қайда екен осы?» деп ойладық. Оның жай-жапсарын сол жылдың күзінде бізге осы кино сценарийінің авторы марқұм Бұқара Тышқанбаевтың үйіндегі Сара апамыз айтып берді. Бұл кісі Таңжарық ақынның қызы еді. 2004 жылы Таңжарық Жолдыұлының туғанына 100 жыл толып жатқан уақыт-тын. Осы мерейтойға байланысты апайға жолыққанымызда, жоғарыдағы фильм туралы сұрауды да ұмытпадық. «Сендердің бала кездеріңдегі, яғни 60-шы жылдардағы кинотеатрлардан көріп жүрген «Хасен-Жәмила» ол Бұқараның 1957 жылы Алматыға Шыңжаң мәдениет қайраткерлері делегациясын бастап келгенде «Қазақфильмге» сыйға әкеп беріп кеткен бір данасы, – деді ол кісі. – Сол кинолента 60-70-ші жылдары көрсетіле-көрсетіле әбден тозығы жетіп, 80-ші жылдары тіпті ұмытылып кетті десе де болады. 1992 жылы Бұқара ағаларыңның 70 жылдығында осы жайт ел есіне салынып, оған іздеу жүргізілгені бар. Прокат, киностудия басшыларының біріне-бірі сырғытқан бос сөздерінен ештеңе шықпаған соң жазушы Әкім Тарази Мәскеумен хабарласып, сондағы киноқорынан «Хасен-Жәмиланы» 3 дана етіп көшіртіп әкелуге мұрындық болды. Соның біреуі қайтадан «Қазақфильмге» өткізіліп, екіншісі Қазақ телевизиясының сол кездегі «Алатау» арнасы қорына берілген. Ал үшіншісі… иә, үшіншісі жазушының туған жері – Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Ақтам ауылының (Бұқара Тышқанбаев 1932 жылы Шыңжаңға өткенге дейін осы жердегі мектепте оқыған – Ж.А.) клубында сақтаулы. Қаламгердің 70 жылдығында Алматыдағы шығармашылық одақ басшылары осындай ұйғарымға келіп, оны сол ауылға әрі сый, әрі мұра ретінде апарып берген». Сара апай 2004 жылы осылай деген. Қазір өзіміз сол кезде жүздесіп, әңгімелескен жоғарыдағы аға-апаларымыз бұл өмірде жоқ. Үшеуі де бақилыққа аттанған. Біздің ойымыздан бір сауал кетпейді. Атап айтқанда, демек бұл фильм бізде жоқ емес, бар екен. Ендеше оны ара-тұра болса да теледидарда неге көрсетіп тұрмасқа? Ол осы күнгі біздегі қаптап кеткен қатыгез боевиктер мен сұрқай сериалдардан әлдеқайда пайдалы емес пе?!
Жанболат АУПБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері