Досымханның ерлік ізі
(Шағын дастан)
Уақыт неткен жүйрік жеткізбес кіл,
Толыпты Жеңіске де 75 жыл.
Жоғыңды жоқтап өзің іздемесең,
Ізі де жоғалмай ма өшкіндеп бір.
Екінші дүние жүзі соғысынан,
Және де бір әңгіме шерткім кеп тұр.
Басса да соғыс өрті жердің жүзін,
Бірақ та баса алмады ел бірлігін.
Азырақ баяндайын тыңдасаңыз,
Еске алып Досымханның ерлік ізін.
Досымхан да жігіттің сарасы еді,
Қайратына ақылы сай данасы еді.
Тараған Саржомарттай текті рудан,
Толықбай балуанның баласы еді.
Өмір есігін шыр етіп ашқан кезі
1905 жыл шамасы еді.
Танаш батыр жортқан киелі өлке,
Туған жері Ұланның даласы еді.
Бал дәурен бала кезі ойнап өскен,
Бес көл менен Сібенің жағасы еді.
Сол маңда Жырғалы деген бір ауыл бар,
Кіндік қаны тамған жер дәл осы еді.
Ал, жырла ел қорғаған батырыңды,
Алшысынан түсірген асығыңды.
Соғысқа 1941-ші жыл,
Аттанды азаматтар асығулы.
Досымхан да дәл 42-ші жыл,
Сарбаздар қатарына шақырылды.
Ондайда ойлап қана қара басты,
Жатқаны ер азамат жарамасты.
Атты әскер полкына қабылданып,
Бастады жорық жолын ең алғашқы.
Укараин майданына жетісімен,
Қаптаған қалың жауға араласты.
Қан төгіс болып жатты не түрлі ерен,
Оңай емес жеңіске жету деген.
Ғаламат бір шайқас бар бұл арада,
Днепр өзенінен өту деген.
Өзеннен өту үшін арғы жаққа,
Досымхан тәуекелге бекінді ерен.
Соғыстан асқан сойқан жоқ шығар ау,
Қайдан білсін басынан кешірмеген.
Сарбаздар өзенге кеп бөгеледі,
Болмаған соң қайық пен кемелері.
Қиын қыспақ кезеңде Досымханның,
Қайратына ақылы сай кемел еді.
Қайық қып мінгізеді сарбаздарға,
Жағадан кесіп әкеп бөренені.
Бөренеге бір бірдеп мінген сарбаз,
Сумен ағып қиыстап жөнеледі.
Арғы жағаға ілінген азаматтар,
Көрініп өтіп жатыр төбелері.
Әзірше бір қамалдан аман өтіп,
Барлығы да шаттыққа кенеледі.
Досымхандай арыстар аман болса,
Табылар қысылғанда не керегі.
Бұл күнде біз көрмеген дәл осындай,
Айла тәсіл көп шығар көнедегі.
Орманын Украинның аралады,
Қатерге төніп тұрған қарамады.
Өмір мен өлім деген екі әлемнің,
Күніне сан жақындап аралары.
Жаудың бетін қайтарып азат етті,
Курск, Дуга дейтұғын қалаларды.
Басының амандағын ұмытқан бәрі,
Халқының азаттығы қалағаны.
Жүргенде арпалысып ер Досымхан,
Қырық үшінші жылдың жазында жараланды.
Ер жігіт атқа бекер ер сала ма,
Ер салса жарақатқа зер сала ма.
Ат ойлап жауға қарсы шықты қайта,
Емделіп үш аптадай емханада.
Жауға кеткен кегіңді тарқататын,
Көргендер көңілі қош боп алқасатын.
ПТР деп аталған бір қару бар,
Қасқайып танктерге қарсы ататын.
Салмағы жиырма бес килограмм,
Көтеріп жаяу жүрсең шаршататын.
Жазылып жарақаттан сау саламат,
Табанына тас батып тау сағалап.
Атқыштар тобында жүр Досымхан да,
ПТР-ды көтеріп арқалап ап.
Танкісін қиратқанда неше дүркін,
Жау да қашып-пысыпты жан сауғалап.
Украин майданының бір жерінде,
Атыстың қызып жатқан күндерінде.
Қоршауда қалыпты атты бір командир,
Ат ойлап алға шығып жүргенінде.
Командир аяғынан жараланды,
Өзі де, аты да өлмей аман қалды.
Жаңбырша жауған оқтың ортасына,
Құтқаруға ешкім батып бара алмады.
Жолдасын жау қолына тастай алмай,
Досымхан баруға енді даярланды.
Жағалап командир мен атқа жетті,
Өлім өмір арбасқан шақта жетті.
Сүйрелеп сүйемелдеп командирді,
Аман-есен ат тұрған жаққа жетті.
Атты кеп тізгінінен ұстағанда,
Әзірше қолым деді баққа жетті.
Аттың да қазақ білер жайын үнем,
Баптайтын тәрбиелеп тай күнінен.
Екеуі аттың жүрді қалқасында
Тізгінін қосып ұстап айылымен.
Жануар жылқы дейтін жарықтықты,
Қастерлеген қазақтай халық мықты.
Аттың жанын паналап сүйрей жүріп,
Командирді қоршаудан алып шықты.
Бәрін де Досымхан қарт көрдім депті,
Құдай басқа салған соң көндім депті.
«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өлер»
Дейтұғын мақалға да сендім депті.
Әскери аттарды айдап келе жатып,
Қоршауда қалып бірде қойдым депті.
Ат үстінде жарақат алсам дағы,
Оған да қажылықпен төздім депті.
Екі тәулік атысып қаша жүріп,
Ротаға аман есен келдім депті.
Осылай жаудың бетін қайтарыпты,
Көрсетіп тастан қатты қайсарлықты.
Соңғы рет желбіреген Жеңіс туын,
Кенинсберг қаласында қарсы алыпты.
Айтса да үзіп жұлып жеңістерін,
Елімен аман-есен көріскенін.
Әдейі әңгімелеп көп айтпапты
Қан құйлылық әрекетін немістердің.
Ауырар жүрек бәлкім ойлағанда,
Қыршынынан қиылған серіктерін.
Көбінде тілейді екен бір алладан
Бейбіт күннің берсін деп жемістерін.
Соғыс жайлы сыр шерттім өткен күннен,
Дүниені дүрліктіріп сескендірген.
Сол соғыс талайларды қоштастырды,
Мезгілсіз өртке оранып өшкен гүлмен.
Есін жиып көтерді ел еңсесін,
Соғыс қайта келмеске кеткен күннен.
Оралды мадақталып Досымхан да,
Данқты орден, көптеген төс белгімен.
Осылай Досымхан да елге жетті,
Қартайып қазез басы төрге жетті.
Өсіріп бағып-қағып он баланы,
Сынтастың кен орнында еңбек етті.
Қашан да ердің орны бөлек осы,
Ұмытылмас ел қорғаған өнегесі.
Солардан қалған ұрпақ аман болсын,
Ұрпақпен мың жасайсың деген осы.
Ерлігін Досымханның еске алып жүр
Текті ұрпақ Русландай немересі.
Енді алапат соғыстан аулақ болып,
Елімнің кең жайылсын керегесі.
Авторы: Қабиханұлы Нөсерхан
Бозанбай ауылы