Жәркен жырау өмірден өткелі Алтай мен Арқадығы, Тәңір тау мен Оралтаудың ортасындағы барша халқы жоқтап, ақындары жоқтау жырларын селдетіп жатыр. солардың бір парасын бүгін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Жайыр жүрек Жәркен
Жеңісхан Нүсіпұлы
Сен туған жер Жайыр тау,
Мен туған жер Сайыр тау.
Жайыр жүрек Жәркеннен,
Жаратқаным айырды-ау.
Сен өскен жер Қату тау,
Мен өскен жер Алтын тау.
Жете алмай туған еліне,
Жайыр жүрек алқынды-ау.
Сен жүрген жер Алатау,
Мен жүрген жер Алтай тау.
Тасын аңсап Толының,
Жәркен жүрек қартайды-ау.
Ей, Жайыр тау, Жайыр тау,
Халқым үшін қайыр тау.
Қарқара ақын қазасы,
Майлының белін майырды-ау.
Нағыз ақын, нар сенім,
Жайыр жүрек Жәркенім.
Жалқы жырау бақұл бол,
Туған жерің бар сенің.
2021 жыл, 24 сәуір. Қаба.
Жаралы қанат жалғыз құс Жайырға жетті десейші…
Ерлан Жүніс
Жүзіне бір сәт қарасақ, жүзжылдықтарға бойлаушы ек,
Ізіне бір сәт қарасақ, ілкі бір күнді ойлаушы ек,
Шәкіртке дәріс бергендей, тәптіштеп өлең оқыса,
Қайсыбір тұсын сол жырдың қайталап сұрап қоймаушы ек.
Жарты дүниедей жырғалып Жармұхамед өтті десейші,
Жаралы қанат жалғыз құс Жайырға жетті десейші,
Қабаржып тұрған дүниеге қайырыла қарап соңғы рет,
Қасиетті Қаратауымды қалғып бір кетті десейші!..
Қош, Жырау!
Қош, Қария!
Жаны сұлу ақынға бәрі ғашық
Ерғали Назарбекұлы
Айға қарап ұлыған арлан өлең,
Күнге қарап ұлыған арлан өлең,
Алпыс ғасыр жасайтын тарлан өлең,
Бөдештің бөлтірігі жазған өлең!
Сол өлеңмен тұрғандай сарнап әлем!
Жүрегім алабұртып бұлқынғанда,
Көңілге күреңітіп сыр тұнғанда,
Оқып-оқып, сап тауып шіркін жанға,
Менде бір сағыншқа ашыладым,
«Ағатай жанқалтаңда құртың барма»?!
«Қар-мұзы аязымен жуындырған»,
«Бал қызы бұрымымен буындырған».
Кім шегер туған жердің қасыретін,
Сарғайған туып жатса бүгін бір ан;
Жалғасқан «Елім- әй» мен «Ағажайдан»,
Кім сезер қалған зарды бұрынғыдан?!
Жайырдың тасы күміс,тауы жаһұт,
Табысты-ау аруағың арып-ашып.
Қату тау рухыңды құшақтады,
«Тұратын қара желін аңыратып».
Бүгын қай қара көзден жас ақпады,
Жаны сұлу ақынға бәрі ғашық!
Бейнет суын бір ішкен сырласыңнан,
Қалғың келмей замандас, құрдасыңнан.
Өткеріп тастадың да кете бардың,
Қазақтың бар тағдырын бір басыңнан!
Бақұл бол қайран аға дәл озыңдей,
Толағай таланытын кім жасырған?!…
2021-жыл,23-сауыр.
Жайыр мен Жәркен
Ұмтыл Зарыққан
Жайыр, Жайыр дегені,
Жайпаң ғана тау екен.
Жәркен, Жәркен дегені,
Жайсаң жүзді жан екен.
Жайыр дейтін сол таудың,
Сай-саласы кен еді.
Жәркен дейтін бұл таудың,
Қойны-қоншы жыр еді.
Жайыр таудан ескен жел,
Жәркен тауды баураған.
Қайран, қайсар таулар-ай,
Бір-бірінен аумаған.
Жәркен тауды бұлт шалса,
Алатауға сүйенген.
Жайырды жау құрсанса,
Дұспанға дес бермеген.
Желкілдесе інгендей,
Жайыр таудың шудасы.
Жырға толып кетердей,
Жәркен таудың жылғасы.
Жайыр дейтін қарлы тау,
Қарауыл боп шетте тұр.
Жәркен дейтін жарлы тау,
Жасауыл боп шепте жүр.
Жайырр, Жәркен қашаннан,
Ер Тұранның ордасы.
Жыр мен тастан қашалған,
Тәңір ғана жолдасы.
Жайыр, Жәркен көлбеген,
сағыныштай сарқылмас.
Қанша бауыр дегенмен,
тауменен тау қосылмас.
Жайыр таудан ескен жел,
Жәркен тауды баураған.
Қайран, қайсар таулар-ай,
Бір-бірінен аумаған.
ЖЫР ПЕРІШТЕСІ
Әділет АХМЕТҰЛЫ
Жәркен ақын тау еді, тау құлады,
Қайғыдан дос егіліп, жау жылады.
Жайырдың сай-саласы қазаны естіп,
Қарт таудың тас сүйегі саудырады.
Жәркен ұлы дана еді, кетті дана,
Тудырған ұжымақ тау, текті дала.
Артына ұлы ескерткіш салып кетті,
Ескерткіші – сағыныш – от мұнара.
Ғұмыры – өлең өзен жосыла аққан,
Шабыты шағылдан от шашыратқан.
Жәркеннің жыры қайта дәлелдеді,
Адамның жаралғанын Топырақтан.
Аршаның бүріменен арды аластап,
Жантайды ғазиіз басын қарға жастап.
Өнерінің рухы көкті сүйген,
Өлеңінің рухы таудан асқақ.
Жәркентай – сәби еді, шетінеді,
Аялап жабар ептеп бетін елі.
Қаратаудың сөгілді қабырғасы,
Алатаудың етегі сетінеді.
Жәркенжан ұшып кетті, періште еді,
Махамбет, Мағжандармен көріскелі.
Қазақстан дейтұғын ұлы өлкенің,
Оқыстан опырылды кеніш белі.
Қош, қош бол, бала мінез алып кісі,
Адамның өзің едің даңықтысы.
Жалғыздық демалайын деді ме екен,
Келмеді-ау өзен өртін ағытқысы.
Сағынш егіз атау Жәркенменен,
Нар еді аспанды артып, тау теңдеген.
Бір арманын орындап берді Құдай,
Алатауды жастанып өлсем деген.
Кетті бүгін Қазақтың нақ ақыны,
Кетті бүгін Алаштың сара тілі.
Жәркендей ақын туған анасы ұлы,
Жәркендей батыр туған даласы ұлы.
Ұлы, ұлы, бәрі ұлы еш талассыз,
Өтті өмірден айғайсыз, бақталассыз.
Жәркен деген жырауы ер түріктің,
Біз деген жас қауырсын, жас қанатпыз.
Бақұл бол, айналайын, жыр атаны,
Бейіште сағынышың бүр атады.
Алтай мен Атыраудың арасында,
Жәркеннен қалған өлең гүл ашады.
Солай, солай!
Сонбейді жыр ошағы.
Әкемнен айырылғандай – егейімнен,
Бір өксік кетер емес көмейімнен.
Жайырға жолым түссе топырағын
Әкеліп қабіріңе себейін мен!