Некен-саяқ атшыларды қоспағанда, үй толы жанның бірсыпырасы өз ойына өзі күпті болып отырғандар. Төрдің қақ басында көзі биттеп бір шал отыр. Ақ жағасы қушық жауырынын түгел жауып алыпты. Оның оң жағында күміс кісесі оң жамбасын бір-ақ алып, өз қарынын өзі көтере алмай енттіккен божбан шұбар көлбеп жатыр. Сол жағында ақтөбе тымағының төбесі шошайып нығызсыған селдір сақалды отыр. Оның аяғын ала ақ шытын қаптай тартқан ұзын мойынның басы қылтияды. Божбан шұбардың ар жағына тап – тапал, тістенгген бір кемиек сары орналасыпты. Осылардың қарсысында оқалы тонын жамылып алған, кестелі шалбары бар, құйма тақиялы, сұлу мұрт жастау біреу отыр…
Бұл отырғандарды исі Жәнтекейдің игі жақсыларының түгел тобы деуге болмайтындай. Өйткені, мұнда тізгін ұстап тұрған мөр иелерінен бірде-біреуінің төбесі көрінбейді. Есінеу көп, ентігу аз. Тәрізі, әлжуаз топтың әлсіз жиыны болса керек. Қойдан қоңыр Жәдік нәсілі болса бір сәрі; аптығын қанжығасына байлана жүретін «Шақабай» ұрандыға мына момындық жараспай-ақ тұр.
Осы топтың осылай тұнжырауына да белгілі себеп бар: желкеге түсіп тұрған салмақ ертең түтін басына шашылар болса, қатыңқы қабақ оңай-ақ жадырар еді. Айналып келіп өздеріне түссе, атай көрмеңіз, “Сар ноқтаның” шығынынан да ауыр болмақ. Оның үстіне даугері Олжеке төренің өзі болса оңай тие ме? Осыған араша болар жәнтекейдің иесі Көкен мен Топан ұрқынан бірде-біреуінің төбесі көрінсе нетер еді?!
Дәрменсіз жиынның жүрегін мүжіп жатқан түйін осында. Тіс жармастан сыздап отырған топтың ішінен ең әуелі тіл қатқан, екі көзін жұма сөйлейтін, есік жақтағы келте танау біреу болды.
– Неге тоқтағанын білген жан бар ма екен осы? – деді ол өзіне төнгелі тұрған қауіпті мөлшерлегісі келіп. Осыны сезген сұлу мұрт, құйма тақиялы жымың етіп қойып:
– Көп емес, бір мың бес жүз өгіз, – дегенде жаңағы келте танау күрсініп қалды да, төрдегі күйгелек шұбар:
– Жауыр желке қашанғы төзіп, қайсысына шыдар? Тәйір-ай осы! – деп жуан қарнын зорға қозғап жүгініп алды.
– “Қоқан мата – қозылы қойдың” заманы емес еді ғой бұл. Өре қойса тік тұратын қытай жібегі болса не керек. Орыс бөзінің осы құнға ие болғанын құлақ естіп, көз көрмеген екен, – деді тағы біреуі.
– Осыдан кейін-ақ төрде отырғандардың бәрі қозғалақтап, тереңде жатқан өкпе-наздың жиегін сетінете бастады.
– Әбілпейіз “Бала сатамын” деп қай алашқа қашан жар салып еді. “Көктен туған айым болсын” деп Көгедайды алып келген өзіміз ғой. Бүгінгі күнде шекемізге біткен шор-шор алтын осы шығар. Оған несін кейістейміз.
– Құдайдан үш мүйіз сұраған керей жоқ еді. Бір мүйіздің регені де жетер еді-ау. Көгедайдың мойынына қосақ, көтіне тіркеу қылып Жабағы мен Сәменді қай құдай берді осы бізге, – деп бағанағы божбан шыбар онан әрі күйіп кетті.
– Тек! – деді сұлу мұрт, өзгелерді тағы да қыл-қыттап: – осы үшеуінің анасы Тұмар найманның Ақтайлақ биіне түсін жорытқанда “Көгедайың миуалы ағаштың басында отырса, бақ осыған үйірілер, Жабағың мен Сәменің ағаштың түбінде отырса – соның саясында күн көрерме екен” дегені бар емес пе? Сол Сәменнің нәсілі Ожеке төренің бүгінгі күнде күн көріп жатқан саясын несін қызғаныш етеміз?
– Саясында күн көргеннің көрсеткені мынау болса, құтпанның гөй-гөйі артыңда жатыр деші, – деді күміс шақшасын сартылдатып қағып жіберген ұзын мойын.
– Ей, ағайын, – деді нығызсыған ақтөбе тымақты, – қу қотырдың қышуы қаңқу сөзбен қанар болса, Көгедай заманынан бері қарай қасып келе жатқанымыз жоқ па? Қыр аспайтын желбуаз кеңірдек неге керек?! Шыныменен-ақ белдескің келе ме өзі? Сонда сиғызып айтар дауың, жығып алар дәлелің бар ма? Бар десең, қамшыңды кімге ұстатасың, кәне соны ақылдас. Болмаса, “шайнамалап едім” деп жағыңды, “жұтпап едім” деп өңешіңді көлденең тарта бермей, “Алдияр тақсыр! Қылша мойным – талша де” де төренің кеңірдегін тығында.
– Ақсақал дұрыс айтады, – деді әлгі ұзын мойын кеңірдегін созып-созып қойып, – екінің бірі: үндемедің – үйе берді, көне бердің көбейе берді,енді келіп көтере алмай отырған түріміз мынау. “Жағаласпайды екен,жапсыра берсем жараса береді екен” дейтін көрінеді. Бұл төремен қамшыны көлденең тастап сөйлесетін кез жетті. “Ел тауқыметін мен көтерейін” дейтін азамат жоқ па жәнтекей әулетінде? Талайы бар. Бірақ, мынадан шошиды: “маңдайымның төбелі осы” деп біреуді алдыға шығарасың, ертең оның аяғы тайып кетер күн болса, маңайынан біреуің табылмайсың. Осыған шыдаймысың, әлеумет, кісісін мен табайын.
– Кісісін мен табайын дегенмен, – деді кемиек сары, шайнай сөйлеп, – байқаса да болады. Несие десе, тегін бергендей көретін қазақпыз ғой, шынын айтқанда, сол боқтан осы отырғандарымыздың бәріміздің де қолымыз құр емес. Бөгелетін осындай жайымыз болған соң бөгеліп отырған шығармыз, шырақ!
– Міне, шашылған тарыдай бытырай жөнеліп, – деді әлгі ұзын мойын, – өлетін жеріміз осы емес пе, ауыз жиып болғанша аяқтың астынан шыға келмеді ме?
– Әй! – деп дүрсе қоя берді божбан шыбар жаңағы кемиек сарыға, – сен сияқты Ожекеге қыз беріп, көпіртіп қалың мал айдап алып отырған ешкім жоқ мұнда. Төренің тобын көбейткің келсе, шығып кет арадан!
– Әттең, өзімен ерін арқалап жүрген күні сөйлесер ме еді! Осыдан кейін-ақ екіленген кеңірдектер сөз кезегін тоспай жыңғылдың жалынындай бірін-бірі үрлеп гулей бастады. Оң жақтағы қайқыбас төсекте екі танауына екі жұдырық сиып кеткендей, дембелше келген қызыл сары жас жігіт шалжиып жатқан болатын. Осы араға келгенде ол дереу басын көтеріп алды.
– Бәсе, бағанадан тосқаным осы тентек мінездеріңіз еді, айналайын нағашылар-ай! Сәндеріңіз енді келісті. Мына айғайларыңызға төресінен тартып төбетіне дейін құлдық ұрар-ау, – деп қайта қисая кетті.
– “Жиен ел болмайды”, жаман жәдік жанымай отыр, – деді сұлу мұрт. Шымшитын бармақтың екеу болғанына қуанғандай. Өздерін «Кең қолтық керейміз» деп атаған Абақ әулеті Қалбада жатып көсілген аяғын өр Алтайдан бір-ақ жиятын бір дәуірінде, еріккеннің ермегі үшін бе, әлде заманның қажеті үшін бе? «Біз түгілі шүймеледей көп шүршітің, ормандай көп орысың пір тұтқан Шыңғыстың нәсілі ғой» деп Әбілпейізден төре қылмақшы боып бала сұрай барса, көп некенің біреуі Тұмар дейтін тоқалын үш ұлымен бір-ақ бере салыпты. Осы үшеуінің үлкені Көгедайды Ежаханға дейін сүйреп апарып көктас алып берген де сол керей екен. Ал, қалған екі ұлы Жабағы мен Сәменді кең жаралған екі қолтығына қыса салып жүре беріпті. Қанша дегенмен текті атаның тұқымы, Сәменнен туған Қожамжар жылы қолтықта қолаңса иіскеп жата бергісі келмей, айдарлы төбеге бір-ақ секіріп шыға кетіпті. Жаңағы сұлу мұрт пен божбан шыбардың меңзап отырғаны осы аңыз болатын. Жілік майы үзіліп көрмеген ақсүйектің томпайта жүретін қыры да көп болмай ма. Осы Қожамжар «Шақырып алған бұлтың Мен боламын» деп, кейде түнеріп, кейде күркіреп, жеті жебесінің екі қырын кезек көрсетіп, осы отырғандарды ығыр қылып болған. Аруақ сыйлады ма, ақырғанынан именді ме, әйтеуір, Қожамжар деген есімін былш еткізіп айта салуды лайық көрмеген қауым оны «Тентек төре» немесе «Ожеке» деп атап алған. Осы Ожеке төрелігін, тентектігін, Ожекелігін, діндарлығын місе тұтпай, оның үстіне “Пайғамбар ұнатқан кәсіп еді” деп саудагерлікті қосып алып, “Тіріңе бөз, өліңе кебін тауып беріп отырған да Мен” дейтінді шығарды. Өз жерінде базары жоқ орыстың бөзін Ақпатшаның өз қолынан алғандай-ақ тоғанақтап әкеледі де тобымен үлестіре салады. Ожекеңнің несие дәптеріне тірі біреудің есімі түспейді, баяғыда өлген Сәменбеттің он бір ұлы, Шүйіншәлінің көп шөбересі…. Ылғи осылар жазылады. Қарындашын шекесіне қыстырған ноғайдың не жазып, не қойып жатқанын көріп тұрған жәнтекей жоқ. Сөйтіп, айдарлы-айдарлы рулардың есімі ғана жазылған Ожекеңнің несие дәптері айдан-ай, жылдан-жыл аттап жалғасады жа жатады. «Ойбай-ау, Дуанаға өзім апарып өткізген жабағы жүн мен соғым терісін әлгі сары ноғайын ұмытып кеткен бе?» деп дау сабағысы келгендерге өтірігі мен өсімі көлденең түседі де, аузын аштырмайды. Ожекең шот соғып тұрған сары ноғайы сексен төрт тасты олай бір аунатып, былай бір аунатыпты да: «Жәнтекей баласының жылдар бойы жалғасып келе жатқан несиесі бір мың қой, бес жүз өгіз болды» деп қорытындыны бір-ақ шығарыпты. Ожекеңнің сарала шабармандары ала жаздай осы үшін тартыншақ байлардың артына түсіп ығыр қылып болған. Дүмпуден қорыққан тоғышар жандар бүгін ылажсыздан бір жерге жиналып отыр. Мұны біреуден өндіріп бере ме, әлде өздері төлей ме, қазанына қаспақ қатқан осы отырған көптің өздері шешуге тиісті. Атқа мініп тізгін ұстап жүргендердің бірде-біреуінің төбе көрсетпейтін себебі де сонда. Егер олар бой көрсетсе болды, жауапкершілік солардың мойнына түседі де, шаңырақ басына шығуына тура келеді. Ондай болғанда, ертең түтінге түсетін қазан аламанның қара шығыны бар, оған мынау келіп киліксе, би ұрандарының бөтегісі құмқата болды деген сөз. Алты қант үлкен ақ үйдегі мал біткеніне мәз мынау дәрменсіз топтың басына іс түскенде, кейде тұнжарып, кейде ісіп-кеуіп шығар жол таба алмай, жар сүзіп отырған жайы осы болатын.
– Айырылатын тамырдың қылығы ғой мынау! – Аяққа отыртпай кетпесе болғаны! – Иә, бәсе, шыдамаса жарылып кетсін! Таңертеңнен бері ойға күпті жандар түс әлетінде осылайша осқыра бастағанда, киіз үйдің есігі кең ашылып, алдыменен едәуір мелжемді бір мұрынның қарасы көрінді. Сонан соң түкті шүберектен түрме етек тікше бөрік киген, теріс қаусырынған ұзын шапаны бар, мойынына сақтян сөмке асқан бір адам кірді. Табалдырықтан екі аттап қаққан қызықтай тіп-тік тұра қалған етті-жеңсіз арық адамды бөркі мен шапаны онан әрі ұзын, онан әрі сып-сида қылып көрсетіп тұр. Кең-мол дүниенің шетінен пішіп алып добалап жасай салғандай дөп-дөңес ұқсаусыз имек мұрны тоқпақтай мұртының үстіне мініп алыпты. Қырып алар қызылы жоқ қушық шекеден ыра төмен құлдилай жөнелген қалақшадай ұзын жағы бас-аяғын аямай тонап-келтелеп қана қойған иектегі қоңырқай сақалға келіп бір-ақ тоқтапты. Ол кіргенде төрдегі көзі биттеп қусап отырған шалдан басқа жұрт жапа-тармағай орындарынан тұрды. Жеке қомақты қылып отырып, шариғатты сәлемдерін берісті. Бірақ, бөгде мейман ешкімнің де сәлемін алмастан, биік қабағының астында жатқан шегір көзімен түрегеп тұрғандарды айнала бір шолып өтті. Сонан соң жып-жылтыр калошын шешті де жұп-жұмсақ мәсісімен сып-сып басып, төрге барып жүігінп отыра қалды. Тосын өзгеріс. Үйдің іші тым-тырыс. Сәлден кейін сұлу мұрт «нағып отырсыңдар» дегендей қазан жақтағы жігіттерге иек қақты. Ес-ақылын енді ғана жиғандай болған азаматтар қошеметтің дастарқанын жайып, тегене, тостағанын көтеріп әбігер күйге түсті. Сыздаған ноғай , қабақ баққан қазақ….
Аңдысқан бейненің әлі де қалпы бұзылмай отыр еді. Бір кезде бөгде адам тостағанның шетін бір тістеді де қайтадан жерге қойып:
– Қойшы, бірадалар, – деді, – өзім келуге мәжбүр болдым. Мал таяр болғандүр, айдайтын қайтатын шығармын! Үн жоқ. Сары ноғайдың мұрты жыбырлап кетті:
– Әй, қазақ, әй, қазақ! Аларда «баракаллаға тілдерің бек жақсы келіп еді, енді берерде шеттеріңнен кача , сендерге біткен есіл иуз!».
– Тақсыр, байбатша,-деді бағанағы көзі биттеп отырған шал сәлден кейін,- Кейитін жөніңіз бар, сізді ренжітіп алғанына қысылып отыр ғой, мына халқыңыз, құтылудың қамын ақылдасып жатыр. Азырақ мүрдет беріп, дәт қылыңыз! Ғұбайдолланың мұрыны ғана емес, енді үлкен мұрнының жұқа желбезегі де желбірей бастады.
– Ай, ай,сахара жабайылары! Мешітке кіріп жүз мәрте қасам ішсеңдер де сендердің тәубаларыңа сенуге болмайды!
– Астапыралла, көкте Құдай әділ болса, бәрін бір, шыбықпен айдамас,- деді кемиек сары. Жеке үшін күнәлі қауымның ішінде өзі жоқ екенін аңғартқысы келіп.
– Күнәларыңды күнде өлшеп, жазып-сызып отыратын кәраман, кәтиман мен емес, маған мәлім болғаны төрт аяқтылар тобына жататындарың ғана. Мынау қырғы пәрмен, осының ішінен екі адам қашан мал жинап болғанша Ожекеңнің қолында аманат болып тұрады. Магар, уақыт тағы созыла тұрған болса, ол адамдарыңның қайда баратынын тасауыр қылу қиын. Мен сендерге соны ашып айтып қоюға қақылымын; қазақтың иегінің астында алты ай малтайтын ақ патшаның адамы жоқ,- дап сары ноғай үлкен дүмге бір-ақ апарып тіреді.
– О, байпатша! – деді таңертеңнен бері қамшылаумен отырған сұлу мұрт аузына аз да болса тағы да сөз салғысы келіп, – осының ішінде бас шайқап отырған ешкім жоқ екенін өзіңіз де біліп отырсыз, жан аларда әзірйіл де бірер себепті алдымен даярлайды екен. Мына жұрт қалай жығылып, қалай өлгенін біліп қалғысы келіп отыр. Мына сөзді естігенде сары ноғай кенеттен күрең ноғай болып өзгере қалды да, дірілдей жөнелді. Ол мойынындағы сөмкесін асығыс қолына алып, ішінен қатты мұқабалы қалың дәптерді жалма-жан сурып алып:
– Міне ендеше, әзірейілдің жан алатын дәптер! Өтірік екен деңдерші кәне! Мата сатқан қашқардың есекті сартынан дәндеп алған жабайылар! – деп дәптерді сұлу мұрттың алдына тастай салды. Үйдің іші жым-жырт. Сұлу мұрт айтарын айтса да өзіне бір жанды ілестіре алмағанына опық жеп, алқымына келген ашуды жұтқыншақтан бері асырмай қайта жұтты да тығылып отырып қалды. Бүгінгі топтың жастауы да, пысықшасы да осы еді. Бірақ оның қарағанына өте қойған ешкім болмады. Осы әлсіздікті байқаған Ғұбайдолла онан әрі қалшылдап: – Ей, бәдәуилар, бәріңнің айтарың осы ма? – деді. Таңертеңнен бері төсекте шалжиып жатқан дембелше сары жігіт өзге елдің үркердей болғанымен жұмысы жоқ, сол шалжиған бойында жатқан болатын. Ол терісіне сыймай кеткендей ұшып тұрды да түкірігін шашыратып: – Осы болса не істеуші едің? – деп мықынын таянып тұра қалды. Отырғандар шатынап тұрған салпыауыз жәдікке жалт қарасты. Одан төрге қарап еді, жаңағы күрең ноғай енді көгеріп барады екен. Ол ішкі омырау қалтасынан қол дорбаға салынған бірдеңені алып шықты. Аузын асығыс ашты да, дорбаны жоғары көтеріп ұстады, сонан соң:
– Керей, тұқымыңды маржан шашып құртамын, – деді де қалтаның түбінен ұстап тұрып, құлаштай сілкіп қалды. Бұршақтан аз кішірек көк маржан төрден есікке дейін суси жөнелгенде абыржыған жұрттың көзі бақшиып кетті. Алақұйын Ғұбайдолла ашуын бір басып алғандай енді ызбарлана сөйледі:
– Ей, жабайылар, сендерге осы керек! Жанағы төгілген маржанға он екі керей түгел жиналсаң құның жете ме? Сендер тонаушысыңдар! Сендер енді маған тұқымыңның тұқымына дейін қарыздарсыңдар. Ертең Ақпатшаға арыз осылай жазылады. Ол ұлы мәртебелі тақсыр өз боданының мүддесін қай мәкәнда болса да қорғайды, – деді. Үйдегілер үстеріне аспан құлағандай екпеттей қалып, шашылған маржанды тере бастады. Әр-әр жерден аянышты, жалынышты үндер шығады.
– Сап-сап, ашуыңды тый, байеке!
– Дәт тақсыр, дәт!
– Маржан осы үйден ешқайда шығып кеткен жоқ. Қазір-ақ түгелімен дорбаңызға түседі!
– Кемшілік бізден, кешпек сізден, құлдығымыз бар, ақ патшаның қаhарына тап қыла көрме! Сары ноғай жалынышты үн шыққан сайын шалқақтап, орнынан тұрмақшы болып еді, бағанағы сазарып тұрған қазанбас жәдік оны иығынан баса қалды. Ноғай бұлқынып көріп еді, салпыауыз сары сол қолымен жағасынан қысып тұрып, оң қолымен сөмкесін жұлып алды. Сөйтті де, еңбектегендерді баса көктеп есіктен ыти жөнелді. Ғұбайдолла оқ тигендей сылқ ете түсті. Сол-ақ екен үй-іші аласапыран болды да қалды.
– Ойбай-ау! Құрыдық-ау, ойбай! – Құртты-ау, қу жәдік! Түбімізге жетті-ау, ойбай! – Аттаныңдар! Құтқармаңдар кұңгерді! – десіп үй толы жанның бірсыпырасы жапырылып далаға шықты. Бірнешеуі шала өлген сары ноғайдың әуресімен үйде қалды. Далаға жүгіре шыққандар жаңағы салыпауыз сарының, байдың жаратып отырған құласымен қапталдата тартып бара жатқанын бір-ақ көрді. Он шақты жігіт сойыл-шоқпар дайындап, таңдап ат мініп болғанша қашқын көз көрім жерге кетті. Жау іші жалам, қуғыншылар да оның артынан қиқу салып, аттарын төпеп қоя берді.
***
Тайлақ түйедей шалқұйрық, жалдас қарақасқа аттың үстінде еңгезердей біреу аңқасы кең бір саймен өрлеп келеді. Үзеңгісі аттың тізесімен жалғасып келе жатқанына қарағанда, өзіне лайық жылқы тауып міне алмаған мүсәпір екен дегендейсің. Басында жаба салма далбай, көк күпісінің етегін шүкірге бояған саржарғақ шалбарының ішіне бөксере тығыпты да, кіселі жалпақ күміс белбеуін ту сыртынан буып алыпты. Омырауы нейбетке ашық. Баулықтап таққан жұмыртқадай шарбақ түймелер өз алдына салбырап тұр. Кеудесінің түгі бітік сақалымен тұтасып алған. Аса мол ат жақты жүзіне біткен кесек мұрыны бір айбынның айғайдай оқшау тұр. Түксиген биік қабақтың арасындағы қобылардың қатпары тұғыр шеңгелденген қыран құстың тұяғына ұқсайды. Бауын желкеден іліп алдына асқан қорамсақ, мінер жақ тақымға қысқан қаратамақ найзамен қақтығыспай көлбеңкіреп бөлек тұр. Сол қолдың қарына ілген қазанның қақпағындай қалқан күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Мінер жақтағы келте қылыштың бауы, арқадағы садақтың адырнасы…… Осының бәрі жалаңаш кеудеге батыра сызған айқыш-ұшқыш сызықтай көрінеді. Ердің артына жай бөктеріншек бөктеріпті де алдына кіреукесін байлапты. Қара қасқа ат шалып оттап, жай аяңдап келеді. Үстіндегі тұлғасы кесек өзгеше пенде тізгінді бос ұстап, таутекенің мүйізіне саптаған сегіз таспа бұзау тісті қамшысын бүлдіргесінен қолына іліп алған бойы әлдеқандай қиялдың соңында салбырап бара жатыр. Бір кезде ат алдындағы жағына қарап құлағын тіге қалды. Көбеш те тізгінін ірке тартып, қамшысын қысып ұстады да алақандай көзімен ат құлақ тіккен жаққа қарай сұстана қарады. Көз ұшындағы тіремеден салт атты біреу құлап келеді екен. Көбеш асықпай түймелерін бекітіп, далбайының буын мықтап байлады да, найзасын қолына алды. Сонсоң ширақы аяңмен алған бетіне тұра тартты. Қарсысындағы адам таяй бергенде қара қасқа ат дағдысы бойынша жолдың өр жағына шығып , екі жағына кезек қырындап тұра қалды. Терге малшынған жайдақ атты адам жақын келгенде Көбешті тани қойып, атынан қарғып түсті, сонсоң сәлем берді де қол қусырып тағзым етті. – Жауға жауырыныңды беріп келе жатқан жоқсың ба, ынжық!? Іліп тастайын ба, осы!- деді Көбеш, күрілдеген қоңыр үнмен. – Батыр, қуып келе жатқан жауымның кім екенін көрерсіз қазір, ноғайға құрбандыққа бергенше, өз қолыңмен бауыздай сал, қаным адал кетсін. – Қазаннан ноғай ауып келіп пе, қай дүрбелең бұл?
– Батыр, жәнтекейдің жанын алқымына әкелуге жалғыз ноғай да жетеді екен, егер екеу болса, ендігі ауылыңыздың тарпы қалмайтын еді.
– Е, білдім – деді Көбеш, жас жігіт алдында сәл қысылғандай болып,
– дәуде болса Қожамжардың асыранды сарысы шығар?
– Дәл.
– Сен тұра қашатындай не қылды ол?
– “Керей, тұқымынды маржан шашып құртамын” деп бір уыс моншағын шашын жіберіп еді, еліңіздің игі жақсылары екпеттеп соны теріп жатыр, менің шамам ноғайдың сөмкесін тартып алып, тұра қашқанға ғана келді. Мені ажалынының қаралағы қылып ноғайға ұстап беру үшін қуып келе жатқандар да өз бауырларыңыз. Көбештің өңі қуқылдай қалды.
– Сен мұны қайда апармақсың?
– Дәл сізге. – Қайдан таппақ едің?
– Марғау асып кетсеңіз де таппақшы едім.
– Әй, сен кімсің өзің? – деді Көбеш, бетіне лезімге қан жүгіре қалып.
– Атам – жәдік, атым – Далай, сіздің ауылға жиен болам.
– Е, жәдік те ұлға жариын деген бе, қалай, – деді де, найзасының ұшымен “атыңа мін” дегендей ишарат қылды. Сонсоң қара қасқа атты шоқырақтата жөнелді. Аздан соң тіремедегі ашкезеңнің үстіне елеуреген аттылар шыға-шыға келді. Көбеш көлденең келіп тұра қалып, садағын мойынынан жұлып алды да, шірене толғап тартып қалды. Зулай жөнелген сұр жебе кезеңдегілердің үстінен ысқырып өте шығып, төбе құйқаларын шымыр еткізді. Сонан соң Көбеш бар дауысымен үзеңгінің үстінде тұрып:
– Қозғалмаңдар! – деп айғайлағанда аспан түр ете түскендей болды да төбедегілер ұйлыға қалды. Көбеш шауып жандарына жетіп келіп: – Өңшең жетесіз мұңдарлар! Сендерді туғанда шешелерің жеген қайран қалжа, – деп ақырып жіберді. Қуғыншылар мысықтай жымып, аттарынан түсті. Көбеш те атынан түсіп, барлық сайманын сыпырып тастап, дәрет сындырды. Қайта келіп, жаяулардың біріне ердің алдыңғы жағын нұсқады. Ол қанжығадағы сауытты шешіп алды да әзер көтеріп алдына әкелді. Алды бітеу, тар көзді кіреукені етегінен киіп еді, жеңі шынтақтан келді де, етегі қуықтың басына дейін барды. Дулығасы бөлек екен, далбайдың үстінен баса кигенде арты желкені, алды шұрқылтайды дәп-дәл басты. Сонан соң жаяулардың қолындағы қаруларын бәз-баяғысынша асып алып, лып етіп атқа қонды.
Жәнтекейдің базарқұл руынан шыққан, төрт мүшелді аттап болған осы Көбеш, керейдің ел амандайтын әйгілі батыры. Алтайдың ең биік қорымды құждарының тамағына таяп барып жайлайтын керей, жайлаудан қайтарда басы артық жылқыны қар қалыңдағанша деп ұлы тауларға тастап кетеді. Қар жауып, асулар бекігенше азулы батырлар атпал азаматтармен бірге осы жылқының ішінде болуы керек. Әйтпесе аңдып отырған арғы беттің дөрбіттері елеген қағып айдай жөнеледі. Көбештің жылдағы әдеті бойынша осы міндетін өтеп келе жатқан беті болатын. Бес қаруын түгел асып жүрген себебі де осыдан. Көбеш Қожамжар сырын ішегінің қырындысына дейін біледі. Оның өзгені құлым деп есептейтін төресіген кеудесіне көптен тісі қайраулы болатын. Мынау сары ноғайын айтақтатып салып отырған менменсіген қылығы ішіне тіпті сыймай кетті. Қазір не істейтінін ойлап та үлгерді. Сөйтіп, атына қонған Көбеш қасында тұрғандарға:. – Жүріңдер – деп әмір етті де, қара қасқа аттын басын ірікпей қоя берді.
Келсе, ауыл әбігер. Тоғышар байлардың ұнжырғасы түсіп біткен. Ақ отаудың керегесі жайылып, ақсарбастың терісі сыпырылып болыпты. Сөйтсе, Ғұбайдолланы анау ақсарбастың өкпесімен қағып, мынау ақ отауға енгізбекші екен. Көбешті көрген ел не істерін білмей орын-орындарында қатты да қалды. Өйткені, Көбештің түгі сыртына шығып, өңі жалғанды жалмап жіберетіндей тым сұрланып алыпты. Ол атынан қарғып түсіп, үйдің қиіз есігін найзасының ұшымен шалқасынан тріп тастады да, ентігіп ішке кірді. Бағанағы кемиек сары мамық жастықта шалшасынан жатқан Ғұбайдолланың аузына қалақтап су тамызып отыр екен. Көбеш алдымен соған тиісті. Оны желкесінен қысып, тікесінен тік тұрғызды.
– Біткен тегін, шыққан тесігін ұмытқан Қожамжардың құлы, қазір сиынған әулиеңмен қосып, қара жерге шегедей қағамын, – дем ақырып қалғанда, тілсіз жатқан Ғұбайдолла атлас көрпені бетіне қарай тарта берді. Көбеш көрпені найзамен түйреп лақтырып жібергенде қатты қымсынған байбатшаның шегір көзі жапалақтың көзіндей ашылып-жұмылып кетті. Найзаны от басына кірш еткізіп қадай салған Көбештің қолы енді қылыштың сабына барды. Дірілбеп тұрған келтелеу болат қылыш қынабынан сылдырап шыға келді де, Ғұбайдолланың кеудесінде бір ойнап барып, тына қалды.
– Ей, айлалы байбатша, сен қазір жабайылардың арасындасың. Ақ патшаңмен енді кезігуің екіталай. Айтатын сәлеміңді дайындай бер, өз аузыммен жеткіземін, – деді де үйден шықты. Ғұбайдолланы үйде жалғыз қалдырды да, есікті Далайға күзеттіріп қойды. Көбеш сонан соң бағанағы қуғыншыларға бірден күрек алдырды да, сырмақ бойындай жерді қылышшының ұшымер сызып:
– Ғұбайдолланың көрі дәл осы жерден қазылады. Сүт пісірімде дайын болсын,- деді. Өзі біреу әкелген үлкен шара қымызды салқ еткізіп тастай салды да, сол жерге жамбастап жатып алды. Жаңағы маржан теруші қиялға күпті жандар, қысқа ғана уақыттың ішінде көз алдарынан өткен екі түрлі құбылыстың салмағын өлшей алмай мүсәпір қияпатта тұр. Бұлар малшыларының, малайларының басқа да жарлы-жақпайлардың алдында өте ажарлы еді, енді болса сол жарлылардан да жасқаншақ xалде. Анау түйе қайырып келген шал Көбешке “сен” деп амандасып, жанына барып отырып алды. Жаңағы қымыз әкеліп берген де сол. Ол бағана мыналар екпеттеп маржан теріп жатқанда ернін шығарып кеткен. Шыныменен сол құрлы болмағаны ма? Оған кейістеудер не өнеді? Сөйтіп, бұлар “барайық, қанша дегенмен шын иеміз осы ғой, жаттың үстінен шағынайық, тіпті мойнымыздағы қыл тұзақты қиып жібермесіне кім кепіл” деп өзара күбірлесіп алып, кібіртіктей басып Көбештің қасына келісті. Айтты-айтпады бұлар “қорлығы өтті” деп шағынды.
Бірақ, бұлар не себепті қорлық тартатындығының анық себебін түсінген жоқ. Тек Көбештің салауаты алдында бағанағыдан басқаша бір тіршілікте тұрғанын ғана сезбі. Осы кезде Ғұбайдолла есік алдында тұрған Далайға:
– Иә, батыр маған не істемекші? – деп ішкі жақтан ақырын ғана сыбырлады. Далай:
– Батыр сізді көрмеу үшін көріңізді қаздырып жатыр. Сенбесеңіз көріңіз,-деп есікті түріп ашып тастады. Ғұбайдолла бұрқылдап жатқан топырақты көріп:
– Сүбыхан алла , сүбыхан алла! Қарауға шыдамаймын, жабыңыз есігіңізді, жабыңыз,-деп ары қарап кетті. Далай:
– Шыдасаңыз да, шыдамасаңыз да, бір шәй қайнатымнан кейін, «сахара жабайылары» сізді өз қолдарымен көме бастағанын көресіз, бірнеше күрек топырақ үстіңізді басқаннан кейін аржағында не болғанын ұқпай қаласыз. Еншалла сөйтіп, несие жию азабынан біржолта құтыласыз, бұл өте жақсы емеспе? Батыр соны ойлап жатыр,-деді де есікті түсіріп жіберді.
– Ғұбайдолланың басынан осыдан кейін қандай қиялдар кешті, ол әзірге бізге мәлім емес. Ал, Далай болса күллі қиянат иесінің әр жігерлі, әрі табансыз болатынын, олардың басында астамшылық пен үрейдің өте тез орын ауыстыратынын жақсы сезді. Кісі бойы ұра дайын болды. Ғұбайдолла оның жанына келтірілді. Көбеш қылышымен нұсқап: – Өз еркіңмен түс, мынаның ішіне!- деп ақырды. Ғұбайдолла биік бойын еңкейтіп, жіп-жіңішке саусақтарымен сақалын сипап тұрып:
– Иә,батыр, мені мына зынданға ташылағанша жанымның һаққы үшін бірер қызмет істеттіріп алуыңызға болмас па екен? -деді.
– Сен өз жеріңде не істейтін адам едің?-деді Көбеш.
– Мен Зайсан көпесі Сағдолла Мырзабаевтың ваклатан (сол кісінің атынан деген ұғымды білдіреді) сауда жүргізіші едім.
– Зайсан қазақтары арасында жылдар бойы сауда жүргізіп келгенмін. Қазақ жұртының барлық жайын жетік білетіндігім үшін Қожамжар төрем көпестен әдейі қалап алған.
– Керейдің тұқымын маржан шашып құртуды саған кім үйретті?
– Бұл Қожамжар төремнің ілтипаты еді.
– Ей, Ғұбайдолла, біздің ауылымызда сендердің алашақтарың жоқ шығар.
– Солай, тақсыр! Біз әр реткі таратқан несиеміздің қисабын өз уағында жауып отырдық. Хұсұсан откен жылғы һұтта таратылған несиеміздің қисабын өткен қыстың соғым, терісі уә биылғы жабағы жүн арқылы пайдасымен жапқан болатынбыз.
– Ал, мынау шы?
– Бұл төрем уә мен екеуіміздің бірлікте құрған мәслихатымыздың нәтижесі.
Көбештің қанжары сыр етіп, қынабына қайта кірді.
– Сендейлерді қазақ «ала аяқ» деп айтады,-деді. Ол сонан соң:
-Мынау сен үшін даярлаған зындан еді. Бірақ, сен зынданға түсуден бұрын жүрегіңді жарып қолыма бердің. Осыныңа бола ғана саған қазір жоғарғы айтқандарыңның барлығын «шашқан маржандай» етіп, тізіп тілхат жазуыңа мүддет беремін.
– Құп, тақсыр!-деген Ғұбайдолла тізесіне қойып жазып болған қағазын тағызым етіп Көбешке ұсынды. Көбеш оны Мөмин хазіреттен сұрғып шыққан Қазыбай моллаға оқытып, тыңдады да:
– Сен орыс патшалығының адамысың. Солай ма?
– Солай.
– Ендеше сен шақырылмаған меймансың. Біз сені қойып, сенің патшаңның әмірі де жүрмейді. Біз мына қағазды Еженханның Алтай жұмысын басқарып тұрған өкіліне жолдаймыз. Ол саған қандай жаза қолданатынын өзі біледі. Оған дейін Алтайдан шығып ешқайда бармайсың. Әзірше жарты азатсың, Анау ұялмас төреңе айта бар: «Мен төренің көзіне шыққан қара сүйелмін, бәрін мен қылдым. Артын ашық ұстаса, Керейдің төл таңбасы төренің жамбасына басылады» деп айтты де,-деді.
Көбеш сонан соң Далайға қарап:
– Андағы сөмкені ішіндегісімен қосып, ана жер ошаққа сал деп бұйырды.
Сақтиян сөмке жер ошақтағы қызған шоққа бырысып, қоңырси бастағанда бағанағы түйеші шал салқылдап күліп алып, насыбайын құшырлана тартып жіберді. Маржан терушілер бір күрсініп алып жымиысты.
Көбеш алақандай көзімен келген ізімен тура қайтып бара жатқан тікше бөрікті, сөмкесіз адамның жауырынына қарасы үзілгенше қарап отырды.