Білім

Болат Құрманғажыұлы Әкежан:   ЖАЗБА  АЙТЫСТЫҢ  ЖАЛЫНЫ

Ұшан – теңіз халық ауыз әдебиеті арасынан даралық ерекшеліктері мен түрлерінің тым мол әрі күрделі, қатпарлы, ауқымды, әсерлі жанрдың бірегейі – Айтыс өнері. Оның жанрлық қалыптасуын ғалымдар күні бүгін әлі зерттеп, зерделеп келеді. Дейтұрғанмен алғашқы теориялық бағамдаулар мен анықтауларға негізделгенде, ақындар айтысы – “Тұрмыс – салт айтысы”, “ақындар айтысы” деген екі үлкен салаға жіктеледі екен. Мұндағы “Тұрмыс – салт айтысына” Бәдік; Жар – жар; Қыз бен жігіт қайымдасулары; Төрт түлік мал туралы айтыс; Дидактикалық (тәлім – тәрбие) айтысы қатарлылар жатқызылған. Ал, “Ақындар айтысы” – Жұмбақ айтыс; Ру айтысы; Дін айтысы; Жазба айтыс түрлеріне бөлінетіндігіне көз жеткіземіз.

Айтыс өнері – тыңнан түрен салатын, қиыннан қиыстыратын аса тапқырлық пен ұшқырлықты қажет ететін, жұрт жүрегін едемде баурайтын рухани байлық ретінде халықтық сипаттылығымен ерекшеленеді. Біздің айтпақ болғанымыз қазіргі зымыран замандағы әлеуметтік желілердің алға шығуына орай туындап отырған ақындар айтысының “жазба айтыс” түрлері. Айтыстағы бұл өнеге XIX – ғасырдан етек алған. Сол дәуірдің сауатты ақындары шалғайдан бірі – бірімен хат арқылы айтыса бастаған. Қазақтың айтыс өнері ғасырлар бойы талай кедергілерге душар болып, қанатынан сан қайырылса да, жалғасып, дамып, түрленіп, мазмұнын байытып, өміршеңдігін әйгілеп келеді. Жанақ, Түбек, Орынбай, Шөже, Кемпірбай, Әсет, Күдері, Бұдабай, Мұсабек, Сүйімбай, Жамбыл, Таңжарық Жолдыұлы т. б. айтыстың ақтаңгерлерін бүгінгі жыр сүйер қауым ардақтап келеді. Егемендікке қол жеткізген қазақ еліндегі 30 жылда жұлдыздай жарқырап жарыққа шыққан айтыс шабандоздары, өркен жая бастаған елдің рухына айтыстарымен ғажап шабыт, медет, нәрлі мәйек бергені белгілі. Осы бір баға жетпес құнды мұрамыз болған айтыс өнерін жалғастырып, қанат – құйрығын жетілдіріп келе жатқан азамат ақын Жүрсін Ерман ағаға қазақ халқының алғысы шексіз болар?! Дүниежүзіне тарыдай шашылып кеткен қандастарымыз да осынау төл өнеріміздің өгейсімеуіне, өшіп кетпеуіне күйініп, өркендеуіне еселі үлестерін қосуда. Қытайда қалыптасқан айтыс мектебін қуана – қуана айтуға болады. Ондағы талантты жас ақындар Құрманбек.Зейтінғазыұлы, Жамалқан Қарабатырқызы, Бердіқан Абайұлы, Бүбімәри Жақыпбайқызы сияқты бір туар ақындарын ұстаз тұтты, өшпес өнегелер алды. Бұған бола қанағаттанып қалмаған зиялы қандастарымыз ақындар айтысын биік белестерге көтеру үшін, Күйтің қаласындағы Іле Оқу – Ағарту Институты жанынан айтысты ғылми жұйеге түсіріп, арнаулы пән ретінде сабақ беретін “Ақындар класын” ашты. Одан қыруар жас ақындар жан – жақты білім алып қанаттанды.

Қазіргі әлеуметтік желілерде жүз беріп отырған жас ақындар арасындағы жазба айтыс түрі – заманның дамуына , интернет әлемінің әр салаға көрсеткен ықпалынан туындаған тәсіл. Ақындар айтысын кез келген жерде ұйымдастырудың мүмкіншілігі туыла бермейтінін ескерсек, ақындар дәстүрлі айтыс өнерін осы жаңа тәсілдері арқылы жаңғырта беруге құндылы болған сыңайлы. Жұрттың қолдауына да ие болуда. Бұл – Өнердің тоқырап қалуының алдын алатын ұтымды жолдарың бірі. “Таңжарық әдебиет айдыны”, “Дәстүр жалғастыру”, “Жыр жармеңкесі”, “Талантқа тағзым”, “Дара жол” т.б. whatsapp топтарынадағы жас ақындардан Н. Нұрасбай, С. Солтанкелдин, Б. Құрсақбай, Ж. Башақұлы, М. Теміртасқызы, Қ. Мансұр, Ж. Боранбайқызы, Г. Сламқызы, М. Калап, К. Отарбай, Ж. Әбдіқасымқызы, Б. Талғат. Қ. Зәбіқан, Е. Медетқызы,З. Нұрданбек, Т. Әденұлы, А. Рақымқызы, А. Әбдірасұл, Гүлнәз (фамилиясы табылмады), Н. Бекбосынқызы, Н. Шәмербайқызы, Қ. Ирктқан, А. Жақсылық, Нұрқайрат, Нұрбақыт т.б. ақындар айтыс дәстүрін жалғастырып, сан салалы тақырыптарда қайымдасып, тұщынарлық өнер көрсетіп келді. Кейде қызыа шауып, қолтығы жазылған саңлақтардай арындаған олар, түннің бір уағына дейін шалдықпайтындары бар.

Ақын, “Халықаралық Таңжарық зерттеу қоғамдық қор қоғамының” бастығы, М. Мамытқанның “Таңжарық әдебиет айдыны” тобы мен сазгер, әнші Ә. Әріпұлы мархұм құрған “Талантқа тағзым” тобындағы жалындары көк шарпыған арынды ақын Ж. Боранбайқызы мен К. Отарбайұы ұлтымыз бойынан кездесетін келеңсіз кеспірлер мен қоғамда орын алған ашынышты да жіркенішті кесірлерді, олқылықтырды тілге тиек ете отырып аяусыз түйреген. Ғибыратқа, ізгілікке, ұрпақ болашағын ойлауға күйінішпен шақырған. Олардың образды жыларын Ж. Бөдеш жырауша түйдек – түйдек төккендеріне желпінсек, айтқыштықтарына еріксіз тәнті болдық! Назар салайық!

Жанар Боранбайқызы:

Жырыңның шұбатылып ақ табаны,

Айтсын деп отырмын ғой ақ, қараны.

Ауыр болып кетті ме әріптес – ау,

Бір қыздың ақынсың деп мақтағаны?

 

Қаншама пенделер жүр жүрексіз қап,

Ата – анаға қайырсыз, тілексіз қап?

Солардың пиғылдарын көзің көріп,

Сендегі тұрған жоқ па жүрек сыздап?

 

Көп айттың шын күйініп қыздың мінін,

Мойныма көтердім деп елдің жүгін.

Өзіңдей бетке айтатын әкелер аз,

Көбейгені рас қой ездің бүгін!

Кенжебек Отарбай:

Түсіндің жүрегімнің сыздағанын,

Ауылдан алыстап жүр ұият, талғам.

Кеужыры жырылады мұрнымыздың,

Кей күні жауап таппай сұрақтардан.

 

Ерден сабыр кетпесе, қылық қыздан,

Берекем ыдырамас ұйып тұрған.

Айта – айта арқа жауыр, құлақ тесік,

Қорқа – қорқа қол шолақ, иық сынған.

Айтқандары айнымай бұрынғының,

Жігітке қыз артылған тыныш тұрған.

 

Жаулық қайда әйелге көрік берген?

Көркем мінез, айрылдық көне стилден.

Күйіктің ошағы боп бықсып жатыр,

Қайран кеуде шаттық пен жеңіс керген!

Жалаңбас, жалтыр санның көбейгені,

Қайғылы хабар беред көп істерден.

Жанар Боранбайқызы:

Қорқыныштың жалтыр сан құты болып,

Шүпіректің жүргені ай жұты келіп.

Жирма жылдың алдында, арғы бетте,

Киімге де, арға да бүтін едік.

 

Бәрі ақылды, кімге айтам жол – жосынды?

Тойғаннан соң тойтығың да есірді.

Әпекелер ащы суға марқайса,

Одан туған баласы да кесірлі.

 

Еліктеудің шебері екендігін,

Біліп алды әуелі шетел бүгін!

Мәдениет сол батыстан бастау алып,

Жанды қинап отырмыз бекер бүгін.

Кенжебек Отарбай:

Батыстан бастау алды дегенің бе?

Қорқыныш, биледі үрей ел егіле.

Әр ұлттың асыл дәстүр, салт – санасы,

Қызмет ету керек – ті өз еліне.

Қазағым, жақсылығың жырақ кетіп,

Жабысып жүр жамандық неге бізге?!

Ұятты байлау керек иманменен,

Сабырды қалқан етіп кедергіге!

Әр шаңырақ қолға алса бұл жосынды,

Жетер еді шалдықпай дегеніне.

Ұлдарым ұлттың рухын ту көтерсе,

Кеткеніміз келеді кемеліне.

Еліктеуден жия алсақ есімізді,

Ешкімнің жүгінбейміз көмегіне.

Білегіміз біріксе бір ниетте,

Ешкім мұртын майламас көжемізге.

Әр қазақ жалғызым деп бауыр баспай,

Сайрандар жын – шайтандар төбемізге.

Орнына өзегі жоқ шөп егуде.

Арғымақ пен атанын басқа ұрғандар,

Ескі жұртқа есегін шөгеруде.

Әрекетке харекет қосылмаса,

Ешкімнің ес қатпайды шені еліне.

Кей күні көп қараймын төңкеріп сап,

Су емес у құйылған шелегіме.

Тәспиік тартып, адамдай тәкпір айтқан,

Ұяласын тахуа жыр көмейіңе!

Қаламыңды қару қып, Жанар ақын,

Ел үшін егілесің сен өзің де.

Ұятың мен қажырың, еңбек пен тер,

Бақытыңа бастасын бөленуге!

Арақ жайлі әрине толғанасың,

Адамға тән толғану ол да хақың.

Харам суға тойған соң хайуандар,

Әйелі мен баласын қорламасын!

Ақымақтар қартайған ата – анасын,

Деп бекер қуанбасын “қолғанатым”!

Аяқасты етумен сәбилерді,

Қортықтар ешкімді де қорламасын!

Жанар Боранбайқызы:

Тамам халық тыңдаса бәрін – бәрін,

Айттың батыл Кенжеке, елдің зарын.

Қарбалас боп жүрсең де арагідік,

Жинап – теріп жүріпсің сөздіңі нәрін.

Кілең жаман деп тұрған жеріміз жоқ,

Бір шыбықпен айдардай елдің бәрін.

Осындағы жақсы мен жайсаңдарым,

Салып жүрсін қыйсыққа көздің қырын!

Ауыр жүк бар арқаңда, ақындарым,

Күдірсіз екен деме жолдың бәрін!

Жанымызда еш мұң жоқ, секіреміз,

Тойып тұр ғой үйткені біздің қарын.

Ертеңгі ұрпақ жайлы ойланайық,

Шимайлап, шиырламай жолдың бәрін.

Табиғаттың сезейік долылығын,

Қоқысқа толтырмайық түздың бәрін!

Бақытына халқымды бөлей берер,

Жер анамыз қашанда аман болсын!

Сен де аман бол, ақыным, елім деген,

Ішің тұман болса да, жырың жалын,

Сол тұманнан айықсын ағзаларың!

Мен де аямай бетке айтып өкінішті,

Жөнге салып қойайын қыздың бәрін!

Алмастай өткір өлең иесі К.Отарбайұлының ұлттың, түптеп келгенде қоғамның мінін жеріне жеткізе мінегеніне рахаттанасың. Ұтымдылығына, ұтқырлығына, тереңдігіне еріксіз бәрекелді айтасың! Ж. Боранбайқызының сол әріптесіне қайтарған қарымжысын – ай! Ол “ауыр жүк бар арқаңда, ақындарым” деп, ақындарға ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, жеңісіне жаны семіретін таудан ауыр жүктерінің барлығын ескертсе, “жөнге салып қойайын қыздың бәрін” деп, өзінің де ардақты ана, қазақтың дуалы ауыз ақыны, өзіне ілескен бүлдіршін қыздар мен ибалы сіңлілеріне жөнге саларлықтай тәлімін сіңіріп, ждағатты өнегелерінен үлгі қалдыруды аңғартады. Ұлтқа деген неткен риясыз күйіну мен алаңдау деші! “Өнер алды – қызыл тіл” дейтін тәспірлі ұғым өз құдіретін осынау айтыс өнерінде еркін  өрнектеді. “Сөз тапқанға қолқа жоқ” деген жүйеге, логикаға жығылуды адалдық санайтын қазақ, өлең сөздің мәнеріне ғана емес, өзегіне, мәніне, құнына үңіле білген ғой. Сол дәстүрді осы жазба айтыс ақындарымыздың қаламынан, зердесінен көргендейміз.

“Жыр жармеңкесі” тобындағы Ж.Башақұлы мен М. Теміртасқызының, “Таңжарық әдебиет айдыны” тобындағы ақын Қ. Мансұрұлы мен Ж. Әбдіқасымқызының, Қ. Мансұрұлы мен Е. Медетқызының, сондай – ақ ақын, діндар М. Зұлқұмарұлы мен Қ. Зайноллаұлы құрып, жетекшілік етіп келе жатқан “Дәстүр жалғастыру ” тобындағы А.Әбдірасұлұлы мен Гүлнәздің орынды әзілдеріне көңіл көтерейік!

Жайдар Башақұлы:

Бұл айтыс бәрімізді үзіт қылса,

Шабытым айдынында жүзіп тынса,

Ойлардың қазынасы ортаймайды,

Жырлардың “жармеңкесі” қызып тұрса.

Майданда көрінбесін жалған сыйқың,

Десімен бабалардың қанған ұйқың.

Алпамыстай батырдың еліненсің,

Өзіңсің асылдардан қалған қиқым.

Өмірден ақын өтер сөзін қоймай,

Бұлқынып тасып тұрса сезім сондай,

Жамбыл атам секілді қартайсам да,

Өтер – ау гүл қыздарға көзім тоймай!

Мехнат Теміртасқызы:

Не дейді ей, сері жігіт, жалындасын!

Жан едім ел алдында арым басым.

Шығыстан күн шықты ма, піл шықты ма?

Құдайым, сала көрме сабырға сын!

Алпауыт Алпамыстың қарындасын,

Мен де сол сынға алып көрейінші!

Мұндай сәт біліп тұрмын табылмасын.

Сөз – шырын, пайдалансаң дәмін біліп,

Жігітсің тұратұғұн бәрін біліп.

Жырымның жалынына жылындырып,

Сезімге қояиын ба сабылдырып?

Мазаңды май ішкендей етейін бе,

Маздаған махаббатқа малындырып?

Екі сағат айтыста есіңді алып,

Жирма бестің көктемін сағындырып,

Сонан соң ұйқы бермей қояиын ба,

Айтыстан қашқаныңша әлің құрып?!

Қуаныш Мансұр:

Астанада жүрсің – ау кең көсіле,

Өзіңдей періштені салды есіме.

Орамалы басыңда, көзіңде әйнек,

Кептер тығып алғандай кеудесіне.

Жеңісгүл Әбдіқасымқызы:

Көзің түсіп қалды ма келбетіме?

Өкпелеймін досым – ау мен несіне?!

Әйнекпен бір мен емес, сен де жүрсің,

Көз салмағын сұлудың кеудесіне!

 

Кептер тығып алмадым кеудеме мен,

Жаман оймен адасып сенделме сен!

Әйел заты болған соң қымбат байлық,

Ана сүті бар онда өзің де емген!

Қуаныш Мансұр:

Шырқап келем тірлікте өмір әнін,

Сенің жазған жырыңа тебірендім!

Бейбітшілік құсы ғой кептер деген,

Жырға толған ақынсың омырауың!

Қуаныш Мансұр:

Елікжан, расында елікпісің?

Менің мынау ойымды толық түсін!

Қуып жүрген Елік қыз – елік жырды,

Саған бүгін сұрмерген жолықты шын.

Елікжан Медетқызы:

Кең даланың еркін өскен Елігі едім,

Ат арытып Астанадан келіп едім.

Көре сала сұрмерген бола қапсыз,

Жебе тартып бар ма еді желігерің?

Қуаныш Мансұр:

Өлеңнен тағайыншы өрден бүгін,

Ұстап тұр сені көріп мергендігім.

Сыралғы жан едім ғой дағдыланған,

Қызықсам атып алам нолден бүгін!

Елікжан Медетқызы:

Не дейін ағатайым өзіңізге,

Аңдардан мен түстім бе көзіңізге?

Киелі аңды атпаған атам қазақ,

Таң қалдым “нолден” деген сөзіңізге?

Қуаныш Мансұр:

Cөзіңнің қарап көрем жүйелісін,

Қашан да әзіл жырдың тиегісің.

Қажет үшін мергендер пайдаланған,

Бірақ та атпайды аңның киелісін.

“Нол” деген ол көздеген нысанасы,

Ар жағын айтпасам да біледі ішің.

Елікжан Медетқызы:

Талай аңшы дәті барып ата алмаған,

Рухына бағындырып қатал далам.

Атам десең, кане, атшы, дарымас оқ,

Жер соқтыра жалт беріп кете барам.

Шөлдеп келіп, тамсанып аңшылар да,

Жолда қалған жете алмай қаталаған.

Ұзын сөздің түйіні Елікжанға,

Ешкім  батып мылтығын оқтамаған.

Аманжол Әбдірасұлұлы:

Ал,шыдағын, құдаша, ал шыдағын,

Бақыттың жақтым келіп бал шырағын.

Сені тастап ұйықтауға дәтім бармай,

Айтқаныңа орынды, ал, шыдайын.

Түн ортасы болса да бос қалдырмай,

Демеймін құдашамды қалжырасын!

Жырларыңды аямай төге бергін,

Болсақтағы кемпір – шал қалжырайтын.

Бойдақтардың ұйқысы аз болад деп,

Таң атқанша күтейін, жаз, шырығым!

Гүлнәз:

Мені кемпір дегенің не қылғаның?

Өзіңіз шал екенсіз бүрсеңдеген.

Құда деп әспеттесем соның бәрін,

Әже ғып жоя салдың бір сөзбенен.

Мен әлі тұрмысқа да шықпағанмын,

Кемпір деп обалыма бірақ қалдың.

Көңіліңді көтермесем жықпағанмын,

Әже боп демде қалай тұрақтандым?

Айтыс өнерінің күлдіргісі, қайымдықтың өкшелене , өршелене, елегізе тершіте түсетін бір көңіл ашары – Әзіл – қалжың, қағытпа – оспақ айтысы. Қазақ “баласы атқа шапса, үйде отырып тақымын қысатын”, “сөзге сөз келгенде айпаса, сөздің әкесі өледі” дейтін халық. Сөз құдіреті мен киесін білген, жауға болмаса да сөзге тоқтаған дана жұрт. Өлең сөзден сүрінгендері айып төлесе, айдарынан жел ескен жеңімпаздары ат мініп, шапан жамылып, мерейге бөленген.

Ж. Башақұлы мен М.Теиіртасқызының құла тасқындай жөңкіген асау сезімді айшықты айтысының үзіндісіне куа болдық. Ж. Башақұлының әріптесіне: “Жамбыл атам секілді қартайсам да, өтер ау гүл қыздарға көзім тоймай” деп көктен қызылға қырандай сорғалап төне бастағанына таңданып, қарсы жақ қандай қарымжымен екпінін басар екен деп көз тіктік. “Алпауыт Алпамыстың қарындасымын” деген жалынды ақын М. Теміртасқызы құйылып келе жатқан әріптесінің қанаттарын жойымпаз зымырандарымен пәрменді тойтарыс жасап, десін қайтарғанына сүйіндік. Оның найзағайдай жарқылдаған жыр тармақтары – ақ күпая:

Жырымның жалынына жылындырып,

Сезімге қояиын ба сабылдырып?

Мазаңды май ішкендей етейін бе?

Маздаған махаббатқа малындырып?

Екі сағат айтыста есіңді алып,

Жирма бестің көктемін сағындырып,

Сонан соң ұйқы бермей қояиын ба,

Айтыстан қашқаныңша әлің құрып?!

Жазба әзілдесуден өзіндік өре байқатып жүрген Қ. Мансұрұлы  шашасына шаң жұқтырмайтын әріптесі Ж.Әбдіқасымқызына “орамалы басында, көзінде әйнек, кептер тіғып алғандай кеудесіне” деп суреттеп, тамаша теңеу айтқан еді. Қызқуарда жігітті етектен ала, басына қамшы үйіріп желкелеп келгендей “әйнекпен бір мен емес, сен де жүрсің, көз салмағын слудың кеудесіне” деп, өзінің үнемі әйнекпен жүретіндігін бетіне басса, сұқтануын тойтара түйіп тастағандай болды. Онымен тынар емес:

Кептер тығып алғам жоқ кеудеме мен,

Жаман оймен адасып сенделме сен!

Әйел заты болған соң қымбат байлық,

Ана сүті бар онда өзің де емген! деп, айды аспанға бірақ шығарды. “Сөз тапқанға қолқа жоқ” деген осы – ақ болар?! Қ. Мансұрұлы бірде Астананың еліктей аруы – Елікжан Медетқызына ақындық мергендігімен ұмтылады. Е. Медетқызы сынды өжет те, жалынды ақын қыз оған орынды әзілмен тұщымды жауабын қайтарып, көңілді көншітті. Ұтқыр ақын А. Әбдірасұлұлы мен бойына дәстүр мен өнеге дарытқан суырып салманың майталманы Гүлнәздің (фамилиясы табылмады) әзілдері де өзіндік өршіл өресін көрсетітті. Той – думандарда әріптестер ара асыра сілтесіп, намыстарына тие айтылған ауыр әзілдерді де ел “ойында өрелгі жоқ” деп кеңдікпен қабылдаған. Ондай шақтарда айтылған өткір әзілдер жұрт арасына тез тараған. Тапқырлық, тілдегі шешендік жоғары бағаланған. Намысқа шыдамаған көрермендер дау шығарып, “сүйекке таңба болды!” деген тұстар да туылатын. Өйткені, “қара тіл – тас жарады, тас жармаса, бас жарады” емес пе?! Бұл үрдістер ертеректегі айтыстардың денінен көрілген. Рудағы әйгілі адамдарды әспеттеу, сол елдің әлпештеген ақыны екенін айту көп орын алатын. Қарсы жағы анау мадақтаған адамдардың олқылықтарын ел алдында жайып салатын тұстар да жиы ұшырайтын…

“Дәстүр жалғастырудағы” ақын Т. Әденұлы мен  А. Рақымқызының, “Талантқа тағзымдағы” ақын М. Калапұлы мен Н. Шәмербайқызының “жұмбақ айтыстарынан” үзінді көрейік!

Тілеубек Әденұлы:

Жатса қайтем көмейде өлең тулап,

Шешуін тап, қояиын саған жұмбақ!

Өлең мен күй екеуі егіз екен,

Жауап бер, қайсысының тарихы ұзақ?

Айнұр Рақымқызы:

Әріптес, ел сүйінді жырларыңа,

Сөзімнің қарап айтшы ыңғайына.

Жауабы дұрыс, иә, қате  болар,

Жауап бере кетейін жұмбағыңа.

Әсілінде күй бұрын шыққан болар,

Тарихтың үңілсем сырларына.

Қурайдан сыбызғыны жасап алып,

Күй тартқан домбыра мен сырнайында.

Тілеубек Әденұлы:

Бұрылсам әріптесім, жұмбағыма,

Шешуі жоқ әлемде сырлар мына,

Осы жайлі қандай деп көзқарасы,

Сынап қойғам жұмбақты сыңайыңа.

Күйді бұрын деп қалай дәлелдейсің?

Сырлы дүние келмейді ән, сырнайыңа.

Айнұр Рақымқызы:

Өмірдің сырлары көп, жауабы жоқ,

Бас қатырдым жауабын табамын деп.

Несіне шешімі жоқ жұмбақ айтып,

Ортада жүктей салдың маған міндет?

Тілеубек Әденұлы:

Әріптес, осы жайлі ойлап па едің,

Күй мен жырдың тереңін бойлап па едің?

Әлем талқы жасауда, ел таба алмай,

Шешуін кім табар деп ойлап келем.

Нұрғай Шәмербайқызы:

Мұрат деген иесің ұлы есімге,

Қашанда ұлы еліңнің жүр есінде!

Біз қазақтың салтында бар дәстүр ғой,

“Қазан шегелеу” дегенді білесің бе?

Мұрат Калапұлы:

Илаhи сөнбесе екен жарығыңыз,

Рза боп мынау барша халықыңыз!

Ақанның құлагері секілденген,

Тұлпарды құлынынан таныдыңыз.

Мені “қазан шегелеумен” сынадың,

Бұлдағы құп жарасқан әзіліңіз.

Ескі достар қонаққа жиналарда,

“Қазанды шегелеу” ғой деп таныңыз.

Қазақпыз қонақ жайлы ежелден – ақ,

Қонағы үзілмеген халықымыз.

Нұрғай Шәмербайқызы:

Шегінбе сен бәйгеден озып тұрып,

Жүрсің ғой сан айтысты көріп, біліп.

Жауабыңа көңілім сәлдеп отыр,

Кетейін мен ендеше толықтырып.

Бұл да бір дәстүр екен қалыстағы,

Бабалар бізге бұрын табыстады.

Қыс ортасы ауған да, күн ұзарып,

Қонаққа бармақ екен таныстары.

“Қазан шегелей келдік” дейді екен ғой,

Қалжыңы мен жарасып қағыстары.

Мұрат Калапұлы:

Бұл Нұкең қызыл тілді безейді екен,

Ол өзі мықты ма екен, егей ме екен?

Қазақтың жаңа жылы келе жатыр,

“Ұйқы ашар” жайлы жеңгем не дейді екен?

Нұрғай Шәмербайқызы:

Бұл Мұрат әріптесім жанымдағы,

Бос сөзге ешқашан да салынбады.

Той – мереке алдында қыз – келіншек,

“Ұйқы ашар” деп тамағын дайындайды.

Жігіттер қатты ұйықтап қалмасын деп,

Арулар қуған үлгі жалғассын көп.

Сезімдерге себепші тамақ екен,

Қазіргілер солай ас арнасын көп!

Айтыс өнеріндегі жұмбақтасу – халық ауыз әдебиетінде көп орын алып келген келелі жанрдың бірі. Қазақ айтысын зеттеген ғалымдардың бірі М. Жармұқамедов: “Ол қашаннан – ақ адамның дүние тануындағы ой – өрісі мен тапқыр қиялының жемісі болып табылады” деген еді. Желідердегі жазба айтыс түрінен осы ақыл – парасатқа құрылатын күрделі жанрға да жолығып жүрміз. Жоғарыда жас ақындарымыздың қайымдасқаны дәл осы тақырыптың мәдениет арнасынан келген жырлар еді.

Т. Әбенұлы әріптесі А. Рақымқызына: “Өлең мен күй екеуі егіз екен, жауап бер, қайсысының тархы ұзақ?” деп ауыр сұрақ тастайды. А. Рақымқызының: “Әсілінде күй бұрын шыққан болар” деген тұспалдап берген жауабына қанағаттанбаған сұрақ қойюшы “күйді бұрын деп қалай дәлелдейсің? Сырлы дүние келмейді ән, сырнайыңа” деп, бұл сұрақтың жауабы әлемде әлі шешілмегенін, сен білеме деп сыңайыңа айта салған едім дейді. Оған өкпелі сыңай байқатқан А. Рақымқызы: “Несіне шешімі жоқ жұмбақ айтып, ортада жүктей салдың маған міндет?” деп, былайғы құнығып отырған оқырмандарын сол сұрақтың жауабын табуға ой тастайды.

Н. Шәмербайқызы әріптесі М. Калапұлына салт – дәстүрді жаңғырту тұрғысынан: “Қазан шегелеу дегенді білесің бе?” деп жұмбақ тастайды. Сонда қарсы жағы: “Ескі достар қонаққа жиналарда, “қазан шегелеу ғой” деп таныңыз” дейді жөпелдемеде.  Асығыстағы жауабын өзі жетілдірген Н. Шәмербайқызы:

“ … Қыс ортасы болғанда, күн ұзарып,

Қонаққа бармақ екен таныстары.

“Қазан шегелей келдік” келдік дейді екен ғой,

Қалжыңы мен жарасып қағыстары” деп, баршаны да қанағаттандырады. М. Калапұлы да әріптесіне: “Ұйқы ашар” жайлы жеңгем не дейді екен?” деп қайтарма жұмбақ ұсынады. Бала жасынан дәстүрді сіңіріп өскен ақын қыз:

“Той – мереке алдында қыз – келіншек,

“Ұйқы ашар” деп тамағын дайындайды.

Жігіттер қатты ұйықтап қалмасын деп,

Арулар қуған үлгі жалғассын көп!

Сезімдерге себепші тамақ екен,

Қазіргілер солай ас арнасын көп!” дейді жұмбақталған қазақ салтының бүгінде жалғасын тапса екен деген үмітін үкілеп.

Жаратылыс пен қазақ өмірінің ғасырлар бойы біте қайнасқан. Осыған орай қалыптасқан тұрмыс тіршілігі мен өмір сүру салтындағы, ұлт ретіндегі ұстанымдарын бейнелейтін, тіпті, қиял қанатындағы асыл армандарын аңғартатын құбылыстарына дейін жыр жұмбақтарымен өріп, өнер, білімге, ақыл – парасатқа жетелейтін бұл жанрды дәріптеу жастар үшін өте қажет деп білеміз.

М.Зұлқұмарұлы мен Ж.Зейнелқанқызының ұрпақтарға дін мен дәстүрді дәріптеу тақырыбындағы айтысынан үзінді оқйық!

Мұстақан Зұлқұмарұлы:

Әуелі ұрпақтарды оқытайық,

Дін, дәстүрді ойына тоқытайық.

Өнегелі қазақтың ұл – қызымыз,

Баулиықшы жалықпай соған лайық!

Жаңагүл Зейнелқанқызы:

Дін, дәстүрді келеді жырлап өткім,

Келмейді алдында ұрпақ айтпай кеткім.

Дін мен дәстүр қазаққа егіз ұғым,

Кейінгіге әріптес, жырлап өткін!

Мұстақан Зұлқұмарұлы:

Жырламасаң сынақтан өте алмайсың,

Мұратқа да ұрпақсыз жете алмайсың.

Дін, дәстүрді бойына сіңірмесең,

Ата – ана боп өмірден өте алмайсың.

Дәріптейік дәстүрге балаларды,

Көтеріп рухани саналарды.

Жаным ашыр өзіңе, аяғым бар,

Сыйла деген шәриғат аналарды.

Жаңагүл Зейнелқанқызы:

Тұрады екен әріптес, жырың тасып,

Жырлағанда кетесің асып – сасып.

Молдалығың емес пе осы сенің,

Қиналғанда кететін жаның ашып?

Мұстақан Зұлқұмарұлы:

Аллаға серік қосып тұрма деген,

Онан соң аналарды сыйла деген.

Қазақтың дәстүрінде бар емес пе,

Аналар мәртебесін жырла деген?!

Жақсы адам дін мен салтты білер деген,

Сол салтпенен жаңылмай жүрер деген.

Оразасы, намазы бар аналар,

Сұрақсыз – ақ жаннатқа кірер деген.

Жаңагүл Зейнелқанқызы:

Өлеңімді халқыма ұсынғанда,

Не бір сөздер айтылар қысылғанда.

“Бес парызың” мойныңда орындайтын,

Парызы боп бекіген мұсылманға.

М. Зұлқұмарұлы мен Ж. Зейнелқанқызының дін мен дәстүр жайлы көтерген тақыптпрында алдымен ұрпақ тәрбиесі өзек етілді. Ата –  бабаларымыз тұтынған ұлы Ислам діні адамзатты адамдыққа, имандылыққа, мәдениетке жеткізетін ғылым. Ол бірлікті, адал еңбекті, қайырымдылықты, қанағаттылықты, өнер мен білімді, парасатты дәріптеумен бірге жамандықтан тыйылудың жолдарын үйретеді. Сондықтан, екі ақынның тақырыбы аса ауқымды. М. Зұлқұмарұлы өзі дін білімін жақсы меңгерген молда екенін әріптесінің өлеңінен аңғардық. Ол: “Әуелі ұрпақтарды оқытайық, дін, дәстүрді ойына тоқытайық” деген келелі парызын ашық айтты. Оны қостаған Ж.Зейнелқанқызы сол жүлгені қаузай келіп, әріптесінің “жаным ашыр өзіңе” деген қалжыңға сүйей күйінуіне, “молдалығың емес пе, осы сенің, қиналғанда кететін жаның ашып” деген астарлы қарымжысын орынды қайтарған. М. Зұлқұмарұлы ары қарай аналарды аялау, мәртебесін жырлаудың дін мен дәстүрде бар екенін тарқатса, енді бір жағынан жақсы аналардың образын жырлайды. Ж. Зейнелқанқызының “бес парызың мойныңда” деп мұсылмандықтың парыздарын ескертуінен жалпы қауымның асыл дінді құрметтеу дейтін ақындық ойларын аңғару қиын емес.

Жазба айтыс – заман талабы. Желілерде тәрбиелік мәні бар, дінді, асыл дәстүрімізді, ұлттық рухымызды, отаншылдықты дәріптейтін дүниелер бар. Дей тұрғанмен алуан тақырыптардағы көзғарастар мен қитұрқы пыйғылдарға, сүреңсіз, имансыз, ұятсыз суреттер мен видоларға да жиы ұшыраймыз. Бұның онсызда кемел таппаған идеиялогиалық тәлім –  тәрбиемізге белгілі жақтардан кері ықпал етуі әбден мүмкін. Ұлтымыздың қымбат қасиеттерін, салт – сана, ғұрп – әдеттерін көбірек нәсихаттау ауадай қажет. Ақындар айтысы сынды ең үлкен тәлімдік, ұлттық рухани қаруымыздан айырылу – мәдениетіміздің күйреуінен дерек береді. Сондықтан, әлеуметтік желілерде жастардың жазба айтыс түріндегі жанрын барынша жолға қою – ұлттық тамырымыздан айырылып қалмауымыздың тағы бір кепілі.

 

                        Болат Құрманғажыұлы Әкежан,

Ақын, жазушы, журналист, Б. Майлин атындағы халықаралық

       әдебй сыйлықтың, Қытай мемлекеттік аз санды ұлттар

                        ақпарат сыйлығының иегері

 

 

 

 

 

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*