Әбдірахман Әріпұлының рухына арнаймын.
- автор
Жыл (2021ж.) жерден ауыр болды! Әлемді жайлаған дерт қазақ елінің қарапайым халқынан тыс, бет жүздігі болған қаймақтарынан, саңлақ қаламгерлерінен, өнер жұлдыздарынан, ғалымдарынан, ұстаздарынан, өнерлі, өнегелі адамдарынан біразын қырқай жалмады. Сәуір айының өзінде Қ. Жүмәділов, Е. Қасенғали, Е. Раушан сынды әдебиет пен өнер жанбоздарын жұтып тынды. Бұлардың қатарында болғанмен, ол дерттен тыс кеткен қазақ поэзиясының қара нары Ж. Бөдеш те бар. Ел болып еңіредік. Басылымдар жариялауға әзер үлгеріп жатты. Әлеуметтік желілер күңірене шулап, қаламгерлер қазалы жырлары мен еңіреген естеліктерін қарша боратты. Қабырғам сөгіле қайғырдым. Сол сүреңсіз сәуірде өткен төрт боздаққа “Жылады аспан”, Ж. Бөдеш ағама “Жәркен – аңыз” (ӘХЖО – ның “Жәркен жырау” байқауында “АЛТЫН ҚАЛАМ” арнайы дипломына ие болған поэма), “Қамбасы құлап қара өлең…”(толғау, Н. Қызайбай ән жазып, өзі орындаған), “Құлазу” деген жоқтаутарымды арт – артынан егіле жаздым. Олардан ес жиа бере, Қ. Мұқандай иманды да өнегелі азаматымыздан аяқ асты айырылып, өкініш өзегімізді кемірді. Оған да Құранымды бағыштап, “Бақыл бол” атты өлеңімді желілерге жүктеген едім. 81 жастың табалдырығын енді аттадым – ау деген Қ. Төтекиндей сыйлас, сырлас, қадірлі қабырғалы қаламгер мен оның өкшесін басып келе жатқан А. Нүсіптей ақылман ақынға ажал құрық салғанда, күйзеліспен мақала, эсселерімді арнадым. Ауыр күрсініп, қара жер тояттаған шығар – ау деп тыныстап, жасымызды сүртіп жатқанымызда, араны ашыла өңмеңдеген ажал өмірін өнер әлеміне арнаған, намыстың туын желбіреткен жаны жайсаң, өжет те өршіл азаматымыз – Әбдірахман Әріпұлынан ердің жасы елуді аралай бергенде, қапияда жер сипатты. Енді оның сайрап жарқын іздерінен эссе жазудай қасіретті арқалаудамын! Алла халқымызды күйзелтпесінші!
Ол арғы беттің (Қытай елі) қара орман қазағы мол, найза шыңдары күн сүйген алып Еренқабырға тауларын жастанған, шыбық шаншыса бәйтерек көктеп, түгін тартса май шығатын, “сулары еркек қойдың сорпасындай” әлем халқын тамсандырған гүл Күнесте кірі жуылып, кіндігі кесілген, таңдайына өлең ұялаған Шылбы ақынның шөбересі, жан дүниесін өненер киесі кернеген, ежелгі сал – серілердің бүгінгі тұяғы еді. Жалындаған жас шағында Шінжаң қазына институтын үздік тамамдап, Күнес аудандық халық істері мекемесінің білдей бухгалтері болды. Кәсібін дөңгелете жүріп, жаны сүйетін сазгерлігін ұштап, домбырамен шығандата ән салуды қағыс қалдырмады. Бабасының және Таңжарық сияқты әйгілі ақындардың жыр – толғауларын нашына келтіре шырқап, ұлылар мұрасын жалғастырушыға айналды. Сөйтіп, жұрттың рухани шөлін қандырып, алғысқа бөленіп жүрді. Туған еліне аз уақытта сіңірген адал еңбегі, бұйынтақтығы, елгезектігі, сыйласымдылығы, лаулаған жалыны оның тұнып тұрған қырларын аша бастаған – ды…
Оның сол бір арманшыл зейін – зердесі ақыры тарихи отанына алып ұшті. Жылы орын, көл – көсір тұрмыс, беделді қызымет, дайын еңбек ақы, әлпештеген орта, рахатты өмірді отаншылдықпен, ерлікпен қиып тастады. Қазақ елінде бәрі дайын тұрмағанын да жақсы білетін. Ол елдің сұлтаны болмаса да, осы елдің ұлтаны болуға разы еді. Айтарға болмаса қыруар қиындықтарға да дүп келді. Намысын қайрап, жігерін жани түсті. Сетерлеген ұл мен қызы да қалауы бойынша елдегі өнер саласынан оқыды. Аяулы жары ұрпақтарын өнегемен тәрбиелей жүріп, кедергілерді қайсарлықпен еңсерді және сал – сері жарының жасампаздығын қабақ шытпай қолдап – қуаттады…
Жат ел, жат жерге ірге көмген соң да Әбең мүгедектігіне бола арланып, тартынақтап, “ал балық, аузыма сал балық!” деп шалқалап жатпады. “Елге келсем елімше, суға келсем белімше” деп, Аяқ киім жамаудай ешкім елемейтін, елесе де қолдарынан келмейтін жіңішке кәсіпті нәсіп етті. “Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды” дегендей туыс – туғандарының қарасап – қайырылысқандары бір басқа ғой. Әкімдіктен көмек, елден теңге сұрап телмеңдемеді. Ол кәсібіне байланып қалмастан, орайды жібермей бойындағы талантын да түлете түсті. Елдің рухани жаңғыруына әншілігімен, сазгерлігімен үн – түнсіз, ақысыз үлес қоса берді. Әлеуметтік желілердің озық информациялық ерекшеліктерінен толық пайдаланды. Жаңалық жаратуға жан құштарлығы оны үнемі ойландырумен болды.
Күнесте айды аспанға шығара дүрілдеткенмен, бұл жақтың суық бауыр тасасында жүрген Н. Нұрасбаев, Д. Әлиасқарұлы қатарлы ақын достары мен бауырларына бір бас қосқанда: “‘Талантқа тағзым’ деген бір әдебиет пен өнер тобын құрып, тасада жүрген талантты ұл – қыздардың шығармаларын жария етіп, рухани орта қалыптастырсақ, бұған қалай қарайсыңдар?” деген көшелі, тың ойын ортаға тастады. Достары дүр етіп бірден қолдай кетті және бұл жұмысқа белсене ат салысты.
Құрылғалы 4 жыл болған бұл топ қазір кемелденіп, қанатын еркін жайған, ел – жұртқа танылған, айдарынан жел ескен, әжап тәуір өрелі, өміршең қосынына айналып үлгерді. Ол жасы үлкен ақылмандардан жасақтаған “Ақылдастар алқасы” топтың болашақ бағыт, бағдарлары мен күнделік, апталық атқарылатын программаларына қымбат пікірлері мен ұсыныстарын үнемі ұсынып, “Бір өлеңнің додасы”, “Шығармашылық кеш” сияқты айдарларды атқаруға көмектесіп, авторлардың жеке шығармашылық кештерін өткізіп тұруына пәрменді дем берісті. Жастардан ұйыстырылған белсенділер де даралық ерекшеліктерін, дарындарын аямады. Топтың тәртіп – ережелерін талқыдан өткізіп, жұрттың атқаруына ұсынды. Ортаға толассыз түсетін шығармаларға сындарлы сыни көзқарастар айта алатын адамдарды жұмылдырып, қузап, жастардың өлеңдері және әндеріндегі ерекшеліктері мен олқылықтарын көрсететін орай жаратып отырды. Нәтижеде шығармаларға тамаша талдаулар да жасалды. Қазақ елінің және шетелдің озық шығармалары да үлгі етілді. Құлшына ізденудің, үйренудің мүмкіндігі жасалды. Мұндай ақысыз шаруаны өз міндеттеріндей көріп, ынталана үстілеріне алғандар ақыл – парасаттарын жұмсады. Бұл жағында мен де қарап қалмадым. Ә. Тәуекел, С. Сейтқамыза, М. Тоқтаубай, Ш. Қали, Б. Жылқыбек, Н. Шәріпқазы т.б. атай кеткен де жөн. Алуан тақырыптардғы өлеңдерді жағымды да сезімді дауыспен мәнерлеп оқып, көптің жүрегіне жылы жеткізуде, жеке авторлар кешін бастан – аяқ салиқалы жүргізуде уақыттарын сарқып, бар өнерін жұмсған Ж. Боранбай, Р. Ақан, А. Нұрдыбек, М. Калап, Ә.Тоқтархан сияқты қарындастар мен інішектерге алғыстан өзге айтарымыз жоқ! Мұндай күрделі де қатпарлы жұмысқа шынайы күйінген жандардың өскелең қасиеттерін Әбең де тамыршыдай дәп басып бағалай білді. Өзі әр автордың шығармасын ерінбей – жалықпай шолып шығып, сәт сайын “бәрекелді!” айтудан, шабыттандырудан жалыққан емес. “Жігітке жеті өнер де аз” дегендей топта өткізіліп жатқан іс – шараларды дер кезінде басқа желілерге, facebookке, сайыттарға жүктеуді өзгелердің қолы тимегенде өзі жазып жіберіп отырды. Біртіндеп тәп – тәуір эсселер, таныстырамлар жазудың қыр – сырын да жақсы меңгере бастады. Қысқасы, “Талантқа тағзым” бір мектептің жүгін арқалады десек артық та емес.Тасадағы талантты жастардың жасампаздығын дәріптеуден, әспеттеуден, танытудан талмайтын, жалықпайтын ол, осы йгілікті істің қасқарып басында тұрды…
Дүниенің төрт бұрышынан келген қандастарды негіз еткен бұл саналы да ынтымақты ортаның береке – бірлігін, бір үйлі жандардай шүйіркелесуін ол баса дәріптегендіктен, ішінара түсініспестіктерден басқа ұлығаусар селкеу шықпады. Мүшелер ішінде жақындары өмірден озғандарға, туыстары арғы бетте, өзі бұл елде қатты ауырып, өмірі қатарде қалған жандарға, өрттен шаңырағы ортасына түсіп, қыс ішінде барар жер, басар таулары қалмай күйзелгендерге, жеке авторлар кітаптарының тұсаукесерлерін, той – томалақтарын өткізгенде, Әбеңнің бастамасымен “көп түкірсе көл болар” дегендей сауап жолында шамаша жылу атау, шашуларын шашудай ұлттық асыл дәстүр айтарлықтай сәулеленді. Бірде Әбеңнің ұлы ауырып емханаға түскенде, телефоны жоғалғанда мүшелер өздігінен ұйысып дер кезінде қол үшін берді. Бұл да оның өзі бастаған ізгі ниеттен туындаған мейірімдердің көрінісі. Думанды бас қосулар тәрізді жіңішке әрі елеулі шаруалардың тігісін жатқызып, гүлін құлпыртатын күйімшаң ханым Л. Игісін артынан ерген сіңлілері мен бауырларын айрандай ұйытып жұмылдыратыны Әбеңнің және барша мүшелердің жанын сүйіндіретін. Ол рухани жаңғыр бағдарламары аясында жасап жатқан ұжымдық жұмысының бір мазмұны ретінде аңдатпасын күні бұрын өзі жариялап, осы топтағы он неше автордың шығармашылық кештерін өткізуге талай орай тудырды. Сол салтанатты шараларды ақын, жазушы, жұрналист, аудармашы, түркі халықтары әдеби сыйлығының иегері, ҚР жазушылар одағы мен журналистер одағының мүшесі Д. Байтұрсынұлы қарым – қаблетін сарқып, жоғары деңгейде жүргізіп отырды. Мұның да Әбеңнің абыройын асруда, топты елге танытуда орасан түртлік рөль атқарғандығы көптің есінде.
Ол мүйіздері қарағайдай ақын, жазушыларды, ғалымдарды, ел арасынан көзге түскен сазгер, әнші, күйші, дикторларды бір ортаға шоғырландыра алды. Қазақ елінің рухани көгінде өздеріне тән қазақы бояуы қанық әуендерімен сәуле шашқан бұл жұлдыздар құс жолындай белдеуленіп көзге түсті. Олар – әуелі Алланың құдіретімен, сосын егемендіктің арқасында елге оралған қандастар. Алды арғы беттегі аласапыранға толы1960 – жылдарың дүлей дауылдары қарсаңында қадалған ине жасуынан өте жүріп әзер оралғандар. Айталық, есімдерін жұрт жүрегінде сақтап, сағыныш жырларын тебірене жаттаған исі қазаққа танымал, халықаралық “Алаш” сыйлығының, ҚР “Құрмет иесі” төсбелгісінің иегері, даңқайыр дарабоз ақын Ж. Бөдеш пен майталман тарихшы, жазушы, сазгер, әнші, тарих ғылымдарының кандидаты Ә. Дәулетқандай отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын, тасқайнат, жансебіл ағалар еді. Соңғы лек “екі тау қосылмаса да, екі ел қосылған”, “елге ел, етекке жең қосылған” мамыра жай, майда қоңыр бақыт самалы ескен 1991 жылдан кейін көштерін тарихи отанына тірегендер. Әр шептің сол білгірлері мен мамандары қазақ елінің енді – енді түлей бастаған экономикасына, құрдымға кетуге шақ қалған тіл, дін, діл сияқты қазақтық, Исламдық мәдениетіне, жетімсіреген әлеуметтік саласына өз пәрмендерімен нәр берісіп, қан жүгіртті деуімізге толық негіз бар. Солардың ішінен суырылып шыққан талант иелерінің бірі – мархұм Ә. Әріпұлы. Ал, оның әдебиет пен өнер сынды үлкен екі саладан тоқайласқан ауқымды топ мүшелерін жіпке тізгеніміз әрине шарт емес. Тек олардың жер жарған аламандағы дүбірін тыңдап, алдағы мәрелердегі мәртебелерін көруге нәсіп етсін!
Бір күні Әбең Whatsapp желімізге салған “Үкілім” деген өлеңімді сазгерлік талғамымен ұнатып қалса керек. “Ән жазсам бола ма?” деген уәжін айтты. Құптадым. Талабы бойынша қайырма да жаздым. Көп ұзамай домбырамен шырқап жіберді. Әні бірден ұнады. Халықтық сарыны бар, ойнақыға жуық, сағыныш сазы да бар, эстрадалық әндерге де бейім, жеңіл, жалынды әуен боп сезілді.
– Боке аға, өлең елең еткізсе, ырғалып – жырғалып, тоғыз ай көтеріп, толғатқандай жүрмеймін. Құйылып келіп қалған әуенді “сап” беріп ұстап қалам. Ары қарай толықтырам, жетілдірем, басқа әндерге ұқсап қалмауын қадағалаймын. Мына өлеңіңізге де солай қиналмай ырғақ түсті, – деді шабытты сезіммен.
2018 жылдың соңғы кезі. Бір күні ол хабарласып:
– Алматының “Алтын орда” базарынан қосымша кілт жасауды үйренгелі келдім, – деді телефонда.
Мекен – жайымды айтып, үйге шақырдым. Тұңғыш дидарласып, ұзақ жыл көріспей кетіп, сарғая сағынысқан туысты көргендей арқа – жарқа қауыштық. Қытайдың Күйтің қаласындағы “Іле халық баспасынан” жолаушылап келген ежелгі тату көршім, баспагер, сыйлас аға А. Әбікәрім мен жары Икен жеңгеміз және жаңа көршілеріміз үйде болатын. Әбеңді оларға жеткізе таныстырдым. Әбең інішек шабытына мініп, өз үйінде шалқығандай ерекше көтеріңкі көңіл- күймен добыраны бебеулете асқақ андерін еркін шырқады. Отырысымыз кіші – кірім тойдай болды. Менің сөзіме жазған жаңа әні – “Үкілімді” тамылжыта тартып, хошаметке бөленді. Ертеңінде аттанбақ болғанда Гүлзира әпекесі алмасына қарамай шапандығын жанына салды. Біздің сыйластығымыз, қыймастығымыз, ортақтастығымыз осылай өрбіді. Ол Алматыға келген сайын үйімізге келіп туған інімдей аунап – қунап сырласып кететін.
Арада бір жыл аунады. Оны тойға шақырдым:
– Үстіміздегі 2019 – жылдың 28 – қазан күні Алматыдағы “Esperanza” деген түріктер ашқан қымбат рестранда “Зерде” (монография) мен “Тек” (тарихи роман) деген кітаптарымның тұсаукесері мен 60 жасқа толған мерейімді тойламақпын. Сол думанды ортада “Үкілімді” және “Күнеске сағынышты” (сөзі: Х. Әлештікі) шырқа! – дедім тосын сый болсын деп.
– Бұл қуанышыңызды елден естіп, шақырар деп өзімде ойлап отырғам, дәл төбемнен түстіңіз. Әнді әнші, сазгер Т. Кешубай бауырымызға орындатам. Қалта жұқа, аранжировкасын өзіңіз төлесеңіз құба – құп болар еді.
– Жарайды!
Ақысын төледім. Т. Кешубай інішегіміз тойда “Үкілім” әнін жағымды да жаттық, әуезді даусымен тамылжыта шығандатып, тойшы қауымның ыстық ықыласына кенелді. Текстен үзінді:
Мұңайып кейде неге түнересің?
Түнерсең де еріксіз түске енесің.
Күндей күлсең, шуақтай төгілесің,
Таранғанда тотыдай түрленесің.
Қайырма:
Келші, жаным, үкілім,
Гүлін ашып күлкінің!
Көңілімді тасыттың,
Бір көруге асықпын!
Кезегі келгенде Әбең сүйікті әні – “Күнеске сағынышты” риясыз дарқан көңілімен, жалынды жігерімен, асқақ рухпен асқақтатты, шарықтатты. “Әнді сүйсең, Әбеңше сүй!” дегізердей еді! Ол сорғалата құйқылжытқан валист ырғағына тәнті болған жұрт, байыз таппай валистке дөңгелеп кетті…
Ол үнемі телефон шалатын. Whatsapp желісінде ұзақ – ұзақ сөйлесетінбіз. Көбінде “Талантқа тағзым” тобының күнделік, апталық программаларын қайткенде жұрт жалықпайтындай түрлендіріп отырамыз? Арнаулы сайыт ашсақ, оған қаржы кетеді екен, оны көтере аламыз ба? Өзіңіз айтқандай тобымызды қоғамдық ұйымға айналдырсақ, оның болашағы қалай болмақ? Қолға алған кітапқа қандай ат қойсақ болар? Өмір сүрудің жолдары, ұрпақтардың болашағы т.б. тақырыптар болатын. Телефондарымыздың қуаты таусылса, зарияткалап қойып жалғастыратынбыз. Ол тасадағы талантты ұл – қыздардың шығармашылық қадамдарын шыңдаумен бірге болашағына да көп бас қатыратын – ды. Бір күні әңгімеміз әзіл – қалжыңға ауысқанда, ішек – сілесі қатқанша күліп алды да:
– Дәл осы тақырыпта дереу өлең жазыңызшы! – деп өтінді асып – сасып.
Біз ұзақ жасау жайлы әзілдескен едік. Музыкаға беріле әуестенген адам ұзақ жасайды екен, әсіресе дирижорлар. Солардың бірі өзіңсің дегем. Ол меннен қанша жасқа баратынымды тақымдап сұрады. Ойланбастан мыналарды айттым: Алпысқа келдім, көп емес, енді алпыс жасаймын, 120 жас ғана. Сол кезде тағы бір мерей тойымды сен бас боп өткіз және маған арнап тамаша ән шырқа! Н. Нұрасбаев күркіретіп өлең оқысын. С. Солтанкелдин таңдайы тақылдап тамада болсын. Г. Слам балдыз келін ретінде майысып қымыз құйсын! “Талантқа тағзымдағы” барша қауым дүркіресе келіп тойыма қатыссын. Біз бірге отырайық қаужаңдасып! Бұл – Алладан бұйрықсыз өрбіген қиял, қызық фантастика, образды әңгіме… Қудай ағарған сақал – шашымыз желпілдесе де, тісіміз түсіп, беліміз аспанға шықса да мерей той тойлап жатқан баршамыздың думанды бейнеміз оның сол сәт көз алдына елестеген болса керек, күлкіден ес жия алмады…
– Жарайды, түннің бір уағы болды. Тәңертең қолыңа тиіп қалар?!
Қалжың толас тапса да ұйқым келмеді. “Бұйырса…” деген атпен жыр жолдары орағытты. Қағазға түсіре бастадым…
Бір Алладан жүз жирма жас тіледім,
Иә, жеттім, аттың басын тіредім.
Әбдірахман, сен де барсаң өкшелеп,
Бір ән салшы, мен жайллы көп білерің!
Қаужаңдасып мерей тойда отырсақ,
Жараспай ма, бұйырғанда сол бір шақ?!
Балдыз Гүлнәр қымыз құйса, Салтанат,
Тамада бол, емес едің ұрыншақ!
Нұрдынбек те босқа қарап жатпасын,
Сонда оқитын жырын жазып жаттасын!
Ортамызды шөберелер толтырсын,
Біз бақыттың қаққан кезде қақпасын!
Шөпшектерді санай алмай қалайық,
Мейірімді тек солардан табайық!
Сақалымыз белуарға түссе де,
“Қаражорға” биін билеп алайық!
07.03.2020 ж.
Ол ұйымдастырған “Ақылдастар алқасында” жұрт тілегімен кітап шығару талқысы талай мәрте қызған. Бұл арман “Талантқа тағзымның” бір жылдығы қарсаңындағы арқа – жарқа бас қосудың алдында ортаға түскен. “Таң ұзарса, түс көбейеді” деп, кітап жыры табан екі жылға жалғасып, аш ішектей созылды. Созылған сайын Әбеңнен ұйқы қашып, шиыршық атты. Біраз азаматтар мен азаматшалар күйінішпен редакторлығына есе қосты. Корректорлығын Т. Кешубай мен М. Бекжан, техникалық редакторлығын Қ. Рысқалиева мен С. Отарбаева қараған бұл екі кітапты мүшелердің қалтасын ойлаған мен және Л. Игісін мен М. Нәсіпхан бауыр үшеуіміз қымбатқа ұрындырмайық деп соңғы есепте мықтап атқа қондық. Сөйтіп, мен “Тек” тарихи романымды шығарған Махмұт інішектің “Үш қиян” баспасынан “Көсеге” деген атпен 1- және 2- кітапты арзан, сапалы шығарттыық. Кітапқа ат қою да талқыға аз түспеді. Соңында күйіп – пысып жүрген жұмысымызға сырттай болса да ортақтасып отыратын отбасымның отанасы – Гүлзира Айымқызының қойған “Көсеге” аты көпке бірден ұнай кетті. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіне негізделгенде де бұл атаудың алдағы көсегеміздің көгеруіне тән үлкен мән – мағанаға ие екеніне толық көз жеткіздік.
Сонымен, Әбеңнің ортаға тастаған ұсынысы қолдау тауып, үстіміздегі жылдың (2021ж.)18 – наурыз күні Алматыдағы “Атамекен” рестранында “Көсегенің” тұсаукесері дабыралы өтті. Бұл тойды Д. Байтұрсынұлы жүргізіп, елеулі нәтижеге жеткен топтың беделін асқақтатты. Қортынды сипатты келелі сөздерін де лек – легімен ағытты. Ж. Бөдеш пен Қ.Төтекин мархұмдар мен Ә. Дәулетхан ақсақал тойдың төрінде отырып ақ баталарын арнады. Ақын Қ. Құлмұхаммед Әбеңе оюлы тымағы мен келіскен кестелі шапанын жауып хошамет көрсетті. Мен бұл тойдың жалпы барысын қысқа да нұсқа жазып, Республикалык жанұялық басылым – “Игілік” журналының 2021жылғы 03санына (182) басуына ықпал еттім.
Осы ортадан қанаттанып ұшқандар қоғамдық одақтар мен қауымдастықтарда өз дарындарын әйгілеуде. Айталық, Р. Ахан ӘХЖО – ның бас хатшысы болып, Г. Айтақынқызы президент болғанша бұрынғы төрағасы мархұм Қ. Дүйсен – Парменнің ісін жалғастырып, одақты басқарды. Әлем елдеріндегі қаламгерлерімен рухани байлансты дамытты. Ол Ж. Бөдешті ӘХЖО – ның тең төрағаларының мақұлдауымен Қ. Д. Пармен атындағы Түркі халықтары қаламгерлеріне ерекше арнаған Халықаралық “Поэтикалық шеберлігі” төсбелгісін алуына себепші болғанын мақтаныш етті. Қ. Төтекин мен Ә,Әріпұлын одақ жағынан “Елеулі есім” төсбелгілерінің иесі еткен еңбегіне қабағат қуанды. Ол тағы “Талантқа тағзым” тобындағы талант иелерінің сол одаққа және одақ жанынан ашылған Халықаралық жас жазушылар және өнер шеберлері ассоциациясына мүше болуға бірден – бір мұрындық болған жалынды қыз. Ә. Әріпұлы мен ақын Қ. Ахмердің идеиясын негіз еткен Р. Ахан, одақ атынан ән жинағын шығаруды да қолына алды. Топтағы мүшелер Халықаралық Таңжарық зерттеу қоғамдық қорына, Түркі әлемі жазушылар одағына, ҚР авторлар қоғамына да мүше бола бастады. Снымен бірге осы одақтар мен қоғамдар аясында шығып жатқан “Ғаламшар әдебиеті”, “Игілік” “Таңжарық” сынды журналдарға да сүбелі туындыларын жариялау мүмкіндіктеріне ие болуда.
Сөйтіп, “Талантқа тағзым” тобы қоғамдық ұйым ретінде арнаулы тіркелмегенімен, сол ұйымдарға толымды мүшелер дайындап берді. Әбең Топтың “Көсеге” деген сайытын ашқызып, біраз мүшелердің туындыларын, ән, күйлерін, сын мақалаларын шығарды. Ән ұранын қалқытуға да көп құлшыныс жасады. Ән ұраны үшін ортада бәсекеге түскен қыруар әндерді саралау үшін, білікті мамандарды әділқазылыққа шақырды. Мамандар соңғы есепте Н. Шәмербайқызының “Таланттылар ордасы” деген өлеңіне жазылған Д. Керімханның әнін жеңімпаз деп тапты. Ән “Керқұлан тобының” орындауында сәтті жария болды. Демек, Әбең осындай ұшан – теңіз рухани еңбектерді тындыруға бар ынта – пейілімен кірісті.
Қ. Төтекин “Талантқа тағзым” мүшелерінің жасы үлкен марқасқасы, абыз ақыны. Ол кісінің қара шаңырағынан Әбең, әнші, сазгер М. Сарыбасов, А. Кәсімбай т.б. игі жандар бар барлығымыз бір жылдың алдында құтты қонағы болып, сауық – сайран құрғамыз. Ақсақалға Әбеңнің құрметі ерекше болатын. Ол дүние салып, көп ұзамай Әбең телефон шалды. Сәлем соңында:
– Нұр – Сұлтаннан бүгін келдім, бір жеке шаруаларымды ыңғайлайын деп. Ертең Қажағаң мархұмның үйіне ертерек барып Құран оқсам деймін. Жеңгеміз үйінде болар ма екен? Ұғысып бересіз бе? – деді асығыстау жітірмелетіп.
Меруан жеңгеміз қалаға барып келетінін, сағат 11 мөлшерінде үйінде күтетінін айтты. Оған жеткіздім. Сол беті Әбеңнен хабар келмеді. Біздің үйге келуге де шоласы тимеді. “Алматыдан бір ауызды ұй сатып алғам, енді оны қайта сатып, Нұр – Сұлтаннан үй алам” деген жоспарларын айтатын. Сол шаруаларымен жүр – ау деп ойладым. Ақын І. Тойшыбай ағаның бір тойында жүрген суретін ғана көрдім… Сол – ақ екен, сұмаң қағып суық хабар да жетіп келді!
Ә. Әріпұлы саналы ғұмырын қазақ руханиатына арнаған, қажырлы да қарапайым әнші – сазгер. Қаршадайынан құйма құлақ боп өскен ол бабасы Шылбы Көбекұлының “Өмір сыры” деген өлеңін домбырасына қосып шырқап, “әнші бала” атанды. Атанып ғана қалған жоқ, сол өлеңдегі мына бір шумақты бойтұмардай жадында сақтап, өміріне бағдар шам етті:
“Өзіңді өзің күзет шамаң барда,
Тағы да үйір болма жамандарға!
Еңбегің, еткен ісің селге кетер,
Наданмен жолдас болсаң, амал бар ма?!”. Сондықтан да ол әр қашан адаспады. Музыкаға болған адал махаббатын әйгіледі. Қажырлы ізденістер жасады. Артына кем дегенде 100 ге тарта ән мұрасын қалдырды. Ол жйсаң мен қасқаларға, даналарға, зиялы қауымға жаны жақын үйірсек, сырлас, мұңдас болды. 90 жасқа таяған әкесінің күй тартатын, ән салатын өнеріне еліктеуден тыс, оның Ислам дінін жақсы меңгерген ғұламалығынан да мол мөралдық ілімдер сіңірген, ел көзіне көп көрсете бермгенімен. Бірде оның бір неше сүрелерді қосып оқыған Құранына таңданым бар. Кәдімгі кәсіптік имамдардың сарынды махамынан кем соқпады мәнері мен әуезділігі! Асқар тау әкесінің күйлерін реттетіп, қазақ радиосының алтын қорына енгізудей арманын үнемі айтып жүретін. Даналықтың сипаттарын бойына сіңірген, жұлымыр да жінтікті азаматтың өнеріне тәнті болған ҚР авторлар қоғамы, Әлем халықтары жазушылары одағы, Түркі әлемі жазушылар одағы оған есіктерін айқара ашты. Респубыликалық жанұялық басылым – “Игілік жұрналы” ұжымы журналдың 15 жылдығына орай баспадан шығарған “Қазақ қоғамының қайраткері” деген энциклопедиялык кітапына өмірбаяны мен нұрлы дидарын ашқан суретін енгізілді. ӘХЖО жағынан кеудесіне “Елеулі есім” төсбелгісі жарқырап қадалды.
Өтіп ек қалжыңдасып, қарқылдасып,
Бұлттан шыққан күндей боп жарқылдасып.
Өкпе – назды бүкпесіз айтысып ап,
Отырушы ек көңілдің мауқын басып.
Әнің қалды – “Күнеске сағынышың”,
Жанар таудай лауладың, жалын ішің.
Жүз жирмада тойымды сен басқармай,
Жараспайды – ау басқаға жалынышым?!
Қымбат сендік арттағы мұраларың,
Қалды іздерің бақ әрі бұралаңың.
Рухани өмірің басталды енді,
Қалам алмай мен қалай тұра аламын?!
Жігеріңді, тайсалмас ұраныңды,
Орындауға жастарым тұр әніңді.
Бейістен күнде нұрың шалқи берсін,
Өзіңе бағыштаймын Құранымды!
Бақыл бол, ардақты інішегім! Өмірің балта сабындай келте болса да, халқыңның рухани әлеміне өшпес қолтаңба қалдырдың. Жарқ еткен жасын жан едің. Жаның жаннатта, топырағың торқа болсын!
Болат Құрманғажыұлы Әкежан,
Ақын, жазушы, журналист,
Халықаралық Б. Майлин атындағы әдеби
Әдеби сыйлықтың.
11.10.2021 ж.