Қайтсе жазушы болады? Жазушы болудың қандай шарттары бар?
Ежелден мәлім, бізден бұрынғылар айтқан, айтпаса да анық – бірінші шарт – дарын, – Тәңірінің сыйы, тумыс. Дарын – әуелгі шарт қана емес, басты шарт, керек десеңіз, барлық шарттың оннан тоғыз салмағы осы, туа біткен дарынның үлесінде… Ұлы физик роман жаза алмайды, оның дарыны – нақты ғылымда. Болашақ жазушының дарын күші де сол сияқты – сөз өнерінде ғана.
Осы дарынның, яғни тек жазушыға тән дарынның қандай ерекшелігі бар, қалай танылмақ?.. Жазушы дарыны – ең алдымен мейірбандық, ізгіліктен көрінсе керек, оның мәнісі – алыс, жақын, кез келген адамның уайым, қайғысын, қуаныш, сүйінішін, өткен және бүгінгі ахуал, жағдайын дәл өзіңнің басыңдағыдай қабылдай білу.
Табиғатты – күннің шыққаны мен батқанын, айдың туғаны мен толғанын, даланың жұпар исін, аспанның мөлдір тазалығын, көлдің толқынын, жапырақтың сыбдырын, мұнартқан тауды, қарлы шыңды, жел мен жаңбыр, қар мен боранды жан жүйеңмен сезіну, құрт-құмырсқадан бастап, маңыраған қой, кісінеген жылқы тұрыпты, ызыңдап ұшқан маса, аспанда самғаған құсқа дейінгі аралықтағы тіршілік кебінен тыныс табу, жанды-жансызтабиғаттың сұлулығын танып, түйсіну – бұл да ең мәнді қасиеттердің қатарына жатады.
Ендігі белгі – қиял байлығы: кез келген таныс, бейтаныс кісінің өткен-өтпеген өмірбаянын ойлап табу, кез келген үзік оқиғаның әуелгі бастауы, ақырғы ұштығын шамалау, болған істерді құрау, ажырату, араластырып, қайта жасау – жүйесіз шалықтау емес, өзіндік құрылымы, даму заңдылығы бар мәнді-мәнсіз, бейкүнә, бәлкім, төңіректегі жұрт ұғымымен сыйыса бермейтін, бірақ көпе-көрінеу, ақиқат хикаяларды ойша тоқып, өрнектей алу – шығармашылық қиял дегеніңіз осы.
Адамға жанашырлығы мол, табиғатқа жақын, қиялы бай адамның бәрі жазушы болып кетпейді, бірақ осы үш қасиеттің екеуі емес, біреуінен ғана мақұрым кісіде қаламгерлік қабылет атымен жоқ екендігі күмән туғызбаса керек.
Осы үшеуіне жалғас, болашақ қаламгер үшін аса мәнді тағы бір нышан – жанды-жансыз заттың тек өзіне ғана тән парқын, ерекшелігін байыптау дейміз: Қойшыбай мен Жылқыбайдың айырмасы неде, түр-тұлғасындағы өзгешелік қана емес, тұрмыс-салтындағы, жан жүйесіндегі, білім, танымындағы; бұл екеуінің ортақ белгілері; одан мүлде бөтен кейіптегі Мәңгүртбайдың түйсік-танымы, осы үшеуінің, тағы басқалардың мінез-құлық сыпаты, белгілі бір жағдайдағы іс-әрекетінің мәнісі… тағы басқа толып жатқан кілтипандар; жансызға келсек, шағын ғана бөлменің интерьерінен, ондағы әрқилы тұрмыстық бұйымдардан бастап, Құдайдың кең дүниесіне дейінгі аралықта сансыз нәрсе тұр; соның бәрі тек өзіне ғана тән, ерекше сыпатқа ие, ең аяғы, аспандағы бұлттың өзі әрқилы, Алатау мен Қаратаудың түрі бөтен, қатар тұрған қарағай мен қайың біріне бірі ұқсамайды, керек десеңіз, екі қарағай екі түрлі, екі қайыңның бітісі бөлек; Дала кең, әр бұлақтың, әр төбенің, сай мен жылғаның тек өзіне ғана тән сызығы, сұлбасы бар – соның бәрінің ерекшелігін, өзіне хас сыпатын таныңыз. Жай ғана танымаңыз – есте сақтаңыз.
Осы арада қаламгерлік дарынның, бәсіре, ең басты белгілерінің бірі бой көтереді: сіздің есте сақтағаныңыз – ой емес, сөз емес, сурет! Жай сүлде, жалпы сұлба емес, нақты, жылжымалы әрі жанды сурет: кеше, немесе өткен айда көкте сапырылыса көшкен жалбыр бұлттың көрінісі, былтырғы жаздағы түбіт бұлтты ашық аспан, алдыңғы жылы жайлауға барғандағы қасқа бұлақ, бұлақ басындағы қоңыр үй, желідегі құлын, бағзы бір заманда әжеңнің құрт қайнатқаны, жерошақтағы қазан, астындағы от, құрт бетінде үйірілген, сарғыш көбік пен домбыға көтерілген, шұрқылдап жарылған сансыз көпіршік… Міне, осы ма, басқа ма, әйтеуір бедерлі, жанды суреттерді сол әуелгі көрген қалпында көкейде сақтаған болсаңыз – сізде үмітті бірдеңе бар деген сөз.
Біз дарын табиғаты туралы трактат жазбақ емес едік, алайда, ығыты түскен соң аттап кете алмадық, қапаш-құпашта ойымызға оралған сыпаттар туралы айттық, болашақ қаламгерге тән ерекше қасиет: жылы жүрек, табиғатқа жақындық, қиял байлығы, аңғарымпаздық және сурет зердесі дедік. Қазып тексерген адамға бұдан басқа да белгілер табыла берсе керек. Осының бәрін жиып-теріп келгенде, үлкен бе, кіші ме, дарынның барын айғақтайтын көрнекі, әрі басты нышан – ынтызар құмарлық болса керек. Яғни, талап. Саналы ой, мақсатты ниеттен ғана емес, ішкі қажеттіліктен туындаған, жанның терең түкпірінен жарып шыққан өзгеше серпін – дәт, дегбірге қарамайтын, тұрмыстық, дүниелік істермен санаспайтын, қайткенде де жазсам деген жалғыз-ақ мұратқа байланған физиологиялық құбылыс дер едім.
Енді дарынның жүзеге асуы, кесімді шегіне жетуі үшін қажетті алғышарттар турасында бірер сөз.
Әлбетте, кез келген баланың сәби, өскін, жеткін шақтардан аман-есен өтіп, кәмелетке ілінуі үшін тұрмыс жағдайы түзу болуы керек. Бай болмаса да бар болсын. Ол – өмірдің заңы. Туған шаңырақ құтты, өскен орта игілікті болса ғана пенденің кісілік кейпі өзінің табиғи қалпын табады. Ал дарын, біз сөз етіп отырған болашақ жазушы тіршілігі әдепкіден тәуірірек жағдай тілесе керек.
Ал жазушының өмір жолындағы қиындықтар мен қасырет ақыр түбінде игілікке негіз болады деген байлам – бекер. Бұл – тоғышардың сөзі. Бақытсыз балалық, өмір жолындағы қиындық қосымша тақырып береді деген де жай сөз. Үлкен жазушылардың ешқайсысы ешқашан тақырыптан тарлық көрген емес. Егер бастан өткен зобалаң (мәселен, Достоевскийдің каторгада болуы) кейінгі көркем шығармаға арқау болса, қаламгер қасыреттің өзін кәдеге асырды деген сөз, қасыреттің арқасында қалам тартты деген сөз емес.
Адамзаттың ақыл-ойының даму жолын айқындайтын, көркемдік танымының бағыт-бағдарын белгілейтін, өткен өмірді қалпына келтіріп, бүгінгі өмірді таңбаға түсіріп, замандармен, халықтармен бірге ғұмыр кешетін тірі бейнелер кейіптеп, өз тарапынан жаңа бір әлем жасап шығаратын, халық рухы – әбілхаят нәрімен сусындап, фәниден озған, бақиға бата алған, ескірмейтін, өлмейтін мерейлі шығармаларымен бұ дүниеде мәңгі жасайтын Жазушы болу – айрықша бақыт. Үш дүниенің сырын тоқыған, төрт тарабын түгел таныған Қазақ Жазушысы болу – он есе артық бақыт. Талабы таудай жан балам, көкірегіңде от болса, туған халқыңды жан-жүрегіңмен сүйсең, сенің де ірі жазушы, зор тұлға болып шығарың күмәнсіз. Ірі болмасаң да, ұлы болмасаң да, қадарынша қызмет жасасаң – мұратыңа жеткенің. Ол – сенің адамдығыңа байланысты.
Жазушының адамдық бейнесі – әділдік, адалдық, кісілік деген ұғымдардың жиынтық көрінісі. Қазақ жалпақ тілде «жақсы адам» дейді, «жақсы кісі» дейді. Жақсы адамның бәрі бірдей жазушы болмайды, бұл – жалпылық өлшем, бірақ жақсы жазушының барлығы да жақсы кісі болған. Кісілігі кем жазарман ешқашан да тәуір жазушы дәрежесіне жетіп көрген емес. Өйткені жазу – ең алдымен кісіліктің жемісі.
Қаламгердің азаматтық келбеті – яғни отаншылдық, ұлтшылдық, қаншылдық – бұл да кісілікке жалғас, дарынмен бірге бітетін, өскен орта, алған тәрбие негізінде қалыпқа түсетін қасиет. Онсыз тағы да жазушылық жоқ деп біліңіз. Әсіресе, біз сияқты отар ел жағдайында. Халқын сүймесе, ұлттық намыстан кенде болса, – адамдық қасиеті де жоқ деген сөз, жазушылық қайда, дені түзу кісі есебіне қосу қиын…
Сонымен, жазушы қайдан шығады деген әуелгі сауалымызға қайтып оралдық. Бірінші шарт – дарын дедік. Солтуа біткен дарын жүзеге асуы үшін ең мәнді, ең басты шарт – таудай талаптан серпін алған табанды еңбек.
Жазушылық өнер – оқудан басталады. Сауат ашқан саналы жаста әуелі туған әдебиетін, содан соң әлем әдебиетін тану, тарихтан бұрынғы дәуірдегі «Махабхарата», «Илиададан» тартып, күні кешегі Кавабата мен Хемингуэйге дейінгі аралықтағы адамзат әдебиетін игеріп білу шарт.
Үлкен жазушы болуды өмірлік мұрат санаған талапкерге ең алдымен ұсынарым: Абайдың «Ғақылиясы», Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелері, «Қараш-Қараш» пен «Қилы заман» және «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінің» бірінші кітабы, Гоголь – «Миргород» пен «Петербург повестері», Стендаль – «Қызыл мен қара», «Парм монастірі», Бальзак – «Адамзат комедиясы», уақыт жеткенше,Тургенев – түгел, Толстой – Қапқаз әңгімелері, «Казактар», «Крейцер сонатасы», «Иван Ильичтің өлімі», «Хажы-Мұрат», «Соғыс және бейбітшілік», Достоевский – «Өлі үйден шыққан жазбалар», «Құмарпаз», тағы екі-үш романы, Пастернак – «Доктор Живаго», Кобо Абэ – «Құмдағы әйел», «Бөтеннің түрі» және бұрынғы-соңғы жапон әдебиетінен көзге ілінгеннің бәрін, Мериме, Эдгар По, Мопассан, Мамин-Сибиряк, Чехов, Киплинг, Джек Лондон, Кнут Гамсун, Бунин, Акутагава, Моэм, Набоков, Иво Андрич, Колдуэлл, Хемингуэй, Шаламов әңгімелері, немесе қолға түскен кез келген шығармасы, содан соң… Стефан Цвейг жазған «Бальзак». Тіпті ең әуелі осы кітапты оқыған жөн болар. Тағылымы – бізбен салыстырғанда қолайлы жағдайда, кең заманда өмір сүрген жазушылардың өзінің тағдыры қиын, жолы ауыр болғанын көресіз, ең үлкен дарындардың өзі тынымсыз еңбек арқасында ғана әлденендей нәтижеге жеткенін аңдайсыз.
Баяғыда, студент кезімізде курстас, қаламдас бір досым маған: «Сенде дарын жоқ, сондықтан көп оқисың» деп еді. «Сенде сана жоқ, сондықтан оқу қонбайды» дедім мен. Ол «Қалжыңдап едім» деді. Мен «Шынымды айттым» дедім. «Надан жазарманнан білімді оқырман артық» дедім тоқтай алмай.
Суреткерлік сабағы – классик жазушыларды оқумен ғана шектелмейді. Адамның қимылы, қозғалысы, бет құбылысы, реніш, қайғы, қуаныш, толғаныс, күмән мен қатер, биязылық пен қаталдық, үрей мен шешімталдық, ерлік пен аярлық – ренессанс дәуірінен импрессионизм кезеңіне дейінгі ұлы суретшілердің рәсім мұрасында нақты таңбаланған. Ең аяғы, жақсы пейзаж жасағыңыз келсе, өткен дәуірдегі ұлы суретшілердің қыл қаламмен бейнелеген табиғатын танып білуіңіз керек.
Сезім толқыныстарын үстемелей игеруде музыканың үні айрықша тағылым үйретсе керек. Өз шаңырағымызда Байжігіт, Құрманғазы, Тәттімбет, Сүгір күйлері, Біржан, Ақан, Мұхит, Әсет, Естай әндері ұлттық сезім пернесіне нәр берсе, Еуропа, оның ішінде неміс пен орыстың классикалық музыкасы жан толқынының көкжиегін кеңейте түседі. Ішкі иірім ғана емес, сыртқы түрге де игі әсері айрықша.
Сырлы сезімнің жан жүйеге шымырлап енетін, нәзік, терең толғаныстарға нұсқайтын аса бір үлгілі сабағы –әлемдік классикалық поэзияда жатыр. Әдеби оқудың сыртында тарихи тағылым бар. Халқыңның қасиетін білу үшін әуелі өз тарихыңды білуің керек… Тарихты білмеген, атасын танымаған жазарман Тәңірмен тілдесе алмайды, табаны қара жерден ажырамаған соң, табиғатында қанша қабылетті болса да, өзін кемшін санайды, бүгежектеп тұрады, нәтижесінде, назары төмен, жазары пәс шығады.
Оқу, тоқу, ізденіс бағдарындағы ең бір өзекті арна – тіл төңірегінде болуға керек. Қазіргі әлемдегі ең дамыған жұрттар тілінің өзі біздің түрік текті ана тіліміздей әрі бай, әрі айқын, және осыншалық ұзақ тарих кешуін өткермеген.
Ғасырлар бойы жинақталған, сүзгіге түскен, терең қоймаларда тұнып жатқан халық тілін толығымен байыптау, оның қат-қабат сырын түгел игеріп, өзіндік қасиетіне орай жаңа бір сыпаттарын айқындау және оны түбегейлі кәдеге асыру – бір адамның, тіпті, бір ұрпақтың шамасы жетпейтін құбылыс. Жас қаламгерге айтарымыз – қатып қалған үлгі жоқ, әдебиет тарихындағы соқталы тұлғалардың барлығы да бұрынғы ұлылардың өнегесін бойына сіңіріп, өзіндік таңба арқылы көркемдік жүйе мен қоғамдық ойдың жаңа бір белесіне шыққан.
Көп әрі сапалы жазу үшін, тым болмаса да біршама молға жету үшін осы мақсатта ғана жұмсалатын ұлан-ғайыр уақытың болуы керек. Бірақ онсыз да өлшеулі уақыт жырымдалмай тұрмайды, амалсыз шығындарды қайыспай көтеріп алып, қалған күндерді қаза жібермей пайдалануға үйрену қажет. Ертеңгі аптаны күтіп, бүгінгі сағатты өткізбеу керек. Хош. Сонымен, ертеңге қалдырмай, бүгін жазу керек дедік. Үзіліссіз, тоқтаусыз жазу керек, көп жазу керек дедік. Тағы да аңғарылды: жазушы үшін ең үлкен мұрат – еркін шығармашылық жұмыс. Енді сол жазудың өзіне келейік.
Қырық жыл жазғанда көзімнің анық жеткені – шабыт деген жоқ нәрсе. Шабыт жоқ. Бап бар, машық бар. Машық – қалыпты еңбектің мезгілдік жиынтық көрінісі делік. Бап та сол сияқты. Бірақ бапқа түсудің өзіндік бірталай машақаты бар. Уақыт жөнінен алдың ашық, құлықтық тұрғыда төңірегің тыныш болуы керек. Денің сау, басың тұнық болуы керек. Бөтен-бастақ ой атаулы аласталып, күнделікті тұрмысқа қатысты қам-қарекет мазаламасын. Бар тілек бір-ақ мақсатқа – жазуға аусын. Басқа тіршілік болмасын. Бап дегеніңіз – осы.
Бір күнгі жазудың ең жоғарғы шегі – бес сағат болса керек. Неғұрлым ерте тұрып, жазуға ертерек отырған жөн. Қаламгерлік еңбек артық қуат тілейді. Яғни, жақсы саулықтың, жеткілікті ұйқының үстіне тәуір тамақтану керек деген сөз. Ал «жазуға көмектеседі-міс» көлденең істің бәрі – жаңсақ, құр лақап, жаман әдет, байлаусыз мінезді бүркемелеу ғана.
Әлбетте, күн сайынғы жұмыс мөлшерін төрт жарым-бес сағатқа дейін созбалап отыру шарт емес, орайына қарай, кейде үш-үш жарым сағатпен шектелуі де мүмкін, бірақ уақыт – жазу барысында, табиғи жағдайда кесілгені жөн.
Енді жазудан соң не істеу керек, кешті қалай батырамыз? Ең бастысы – ертең не жазарыңызды, бүгінгі түйіннің қалай шешілерін, тоқырап тұрған тұс қалай жалғасарын, ертең ғана емес, арғы күні, одан арғы аптада анау кілтипанның немен тынарын… ойламау шарт. Өйткені, күні бұрын қызған темір суып кетеді, бүгін жалғап қойған қиял ертеңгі жұмысқа кедергі жасайды. Алайда ертеңгіні ойламау деген сөз – тіркес, сөйлемге, өрнек-иірімге, нақты сурет, нақты оралымға қатысты. Әйтпесе, сауатты прозашы шағын әңгіме ме, көлемді роман ба, кез келген шығармасын бастамас бұрын оның жалпы сұлбасын, негізгі тұрғыларын, немен аяқталарын нақты білуге тиіс.
…Міне, советпен бірге цензурадан да құтылдық, енді қоғамдық құрылым қандай қалыпқа түссе де қызыл фашизм қайта тірілмес, тарынсақ та бұрынғы ауызға тас тығылып, аяққа кісен салынған құлдық заман орнамас, басқасын білмеймін, мың жарым ғасырлық бай тарихы бар қазақ әдебиетінде ұлдар туады, ұлы шығармалар жасалады деп ойлаймын. Ұлылыққа жалғас ірілік бар, ірілікке тіркес кісілік бар – соның қайсысы да әдебиетті көгертеді, алашты өсіреді. Сол, өсетін әдебиеттің болашақ өкілдеріне тағлым ретінде сөйледік, біз көрген, қабыл алған өнегені кейінгілер де кәдеге жаратса дедік.
(«Мен», 173-263 беттерден ықшамдалып алынды. «Атамұра» баспасы, 1999 жыл)