Руханият

Амантай Әлханұлы:Тарихи тұлға Ұзынмылтық (Құтымбет)

Орта жүз – Керей – Абақ – Шеруші – Күнтуғаннан  тараған атаның бірі – Ұзынмылтық (Құтымбет). Алаштан Қазақ тарады, кейін ғасырлар қойнауындағы тарихи әр кезеңде өсіп-өнген жүздеген  рулар негізінде  Үш Жүзден қазақ халқы қалыптасты.

Жүз-рулар одағының аумақтық ірі бірлестігі. Жүздің басты сипаты туыстық, кәсіптік, әдет-ғұрыптық, басқару негізіндегі қарым-қатынастар жиынтығы  болып табылады.

Қазақ қоғамы аталық, рулық, тайпалық, жүздік жүйемен құрылып, қалыптасқан. Ру-қауымдастықтың кіші сатысы. «У ішсең руыңмен»дейді. «Жеті атаға толыстық, жеке ел болыстық»деп рудың атын қояды, жерін белгілейді. Алайда ең бастысы рудың мүддесін ойлап, сөзін сөйлетін, тентегін тезге салып, тектісін жебейтін – биі, руды бағатын – байы, қорғайтын – батыры болу керек.Онсыз ру құрылмайды. Құтымбет рудың биі де, батыры да болды. Байдың да, тектінің де, тентектінің де бабын тауып, басын біріктірді.

Құтымбет  бабамыз шамамен 1653-1750  жылдары өмір сүрген. Бабамыздың  азан шақырып қойған аты – Құтымбет, Ұзынмылтық –лақап аты. Қазақ халқының  салт-дәстүрінде адамға құрмет көрсетуге қатысты көптеген әдеп, әдет-ғұрыптар бар. Соның бірі – ат  тергеу. Ат тергеу – біздің  халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргенділік, кішіпейілдік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер, келіндер  атасының, қайнаға, қайнысының, қайын сіңлісінің,  жалпы жасы үлкен кісілердің атын атамай, өзінше лайықты ат қойып, құрметтеген.

Құтымбет – бабамыздың  мойынына асынған ұзын шиты мылтығын меңзеп келіндері «Ұзынмылтық» атандырып жіберген екен.

Қазақта «жігітке жеті өнер де аздық етеді» деген тәмсіл бар.Ұзынмылтық(Құтымбет) – тау тұлғалы, еңсегей бойлы, алып күштің иесі болған. Арда еміп, бұла өскен  екі құлынды екі қолтығына қыса салып, көтеріп кете береді екен. Бес-алты жігіт бірігіп, орнынан қозғалта алмаған  дәу тасты, екі қолымен кеудесіне тірей  көтеріп, әудем жерге дейін  еш қиналмай  апарып қояды екен.

Құрық тимеген бесті асаудың жалына жармаса кетіп, тырп еткізбей басып тұрып, жал, құйрығынан  ұстап, ноқта жүгенсіз, жайдақ мініп, тулай мөңкіген екпініне шыдас беріп, жуасытады екен.

Ұзынмылтықпен күш сынасқан дәу тұлғалы, тегеуірінді, алып күштің атасы  бірде-бір  жігіт  бабамызды жеңе алмаған екен деген аңыз-әңгімелер ел аузында ғасырлардан бері  айтылып келеді. Ұзынмылтық (Құтымбет) – кесек тұлғалы, қол бастаған жау жүрек батыр. 70-ке толған жасында асқақ рухы, қайтпас қайсарлығы, жойқын  тегеуіріні, әдіс-айла,  жігер-қайратының арқасында жаудың  арны қатты, тегеуіріні мықты, тұлғалы  батырын жеңген екен.

Ұзынмылтық (Құтымбет)  – ақыл парасатымен елдің басын құраған, аузы дуалы би болған. Ел ішілік, ру аралық дау-жанжалдарда Құтымбет айтқан мәмілеге жұрт тоқтаған деседі.

Ұзынмылтық (Құтымбет) аңшылық өнерінің қыр-сырын жеттік меңгерген кәнігі аңшылығымен ел аузында қалған адам. Қолында қыран бүркіті, қасында алғыр тазыларын ертіп саятшылық құрған.

Қазақ: «Бүркітші үстіңді бүтіндейді, қыбыңды қандырады, қақпаншы қарныңды тойғызады, тұзақшы аш қалдырмайды» деп аңшылықты тіршіліктің бір тұтқасы ретінде қараған.

Бабамыз аңшылыққа  арқан,  атқы – өзінен-өзі  атылатын садаққа ұқсас құрал, азулы аңдарды соғып алу үшін қолданылатын дырау қамшы, жемтұзақ-түйір-түйір етті тізіп, бүркітке жұтқызып ұстайтын құрал, қыл тұзақ-құстарды ұстайтын жылқының құйырығынан жасалған, сым тұзақ-суыр аулауға арналған, тор – аң, құсты ұстап алуға арналған, ширатылған жіптерден жасалған құрал, шоқпар – азулы аңдарды (қасқыр,түлкі) соғып алуға арналған құрал, қақпанның түрлерін өзі жасап, қолданған – шебер  ұста болған.

Ұзынмылтықтың батыр ұрпақтары

Бабамыз өмір сүрген жылдар әз-Тәуке хан(1680-1715),  Қайып хан (1716-1718), Сәмеке хан(1719-1734), Әбілмәмбет (1734-1771) билік құрған жылдармен  тұспа-тұс келеді.

Ұзынмылтық  бабамыз Тәуке хан ел билеген «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш, берекелі, бейбіт заманда да өзінің мақсаты биік, мұраты асыл, едік істе ерен, мәмілегер тұлға екендігін дәлелдеді.

Бабамыз  Қайып хан, Сәмеке хан, Әбілмәмбет хандар билік құрған тұстағы алма-ғайып заманда да қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күресінің алғы шебінде, тар жол, таяғақ кешуден өткен, үлкенді-кішілі ондаған жорықтарға  қатысып, ерлігімен танылған, ержүрек қолбасшы.  Жасы ұлғайған шағында өзінің бай тәжірибесіне сүйене отырып,  жоңғар жасақтарымен болған ірі-ірі  шайқастарда  соғыс амалдары мен сан түрлі  айла-тәсілдеріді шебер қолдана білген шебер стратег.

Құтымбет – еңсегей  бойлы, алып тұлғалы, жойқын күш пен тегеуірін, жүрек пен білек, айла мен амал,  ақыл мен сабыр, ұстамдылық пен қайсарлық, адамгершілік пен кісіліктің биік  мұрат, мақсаттарын ту еткен, дүйім жұртқа танымал, бірегей тұлға.

Көне тарихтың қойнауынан сыр тартып, нақты деректер ұсынып жүрген Солтан Тәукейұлы, Әділ Семейхандар  Ұзынмылтық 97 жасында өмірден өткені туралы өз еңбекерінде жазған, батырдың жан серігі болған тобылғы торы аты 32 жасқа келіп өлгенде Құтымбет атының басын құшып, егіліп жылаған екен деген көне көз қариялар айтқан аңыз-әңгімелерді келтіреді.

Ұзынмылтық – Бейімбет,  Қожамқұл деген екі атадан тарайтынын білесіздер.

Бейімбеттен Байтайлақ, Ақапан, Арыстан, Айтқұл, Сетен, Елтоқ,  Тоқберді, Елшібай, Тоқпан, Байқонды, Байшора, Мырзабай  12 атадан тарайды. Қожамқұлдан Игілік, Бәни, Өтеқұл, Көтембай, Сарымырза 5 атадан  тарайды. Бейімбет  бабамыз 1673-1747 жылдары өмір сүрген, ат үстінен түспеген күрескер  сарбаз,  жоңғар шапқыншылығы тұсында ерлігімен танылған батырлардың – бірі.

Бейімбетұлы Байтайлақ батыр «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» заманындағы яғни 1723-1756 жылға дейін созылған Жоңғар шапқыншыларына  қарсы соғыстың  басынан аяғына дейін қатысып, ерлік, даңқы күллі қазаққа мағұлым болған көрнекті батырлардың бірі, тарихи тау тұлға.

Ол өңірлік соғыста және қазақ күші топтасқан 1728-1730 жылдардағы Аңырықай шайқасында, Бұлант, Шідерті, Текелі шайқастарында негізгі батырлардың бірі болып, бірде-бір жойқын шайқастардан қалмаған, ондаған жекпе жек, атойдың жеңімпазы, қара күштің алыбы, жау-жүрек батыл, айбатты, жүзбасы, мыңбасы болып әскер басқаруда айбынымен, ақылымен, алғырлығымен дараланғандықтан халқы мойындап, Шеруші руының ұранына айналған аруақты батыр, ұлы тұлға.

Байтайлақ ер Жәнібектің сенімді серігі, тәлімгер ұстазы, ақылшысы болған, ол тұстағы Керей батырларының рухына, қайратына тәнті болған Төле бидің «қазақ болсаң керей бол,  бар алашқа мерей бол» деген тәмсілі ел аузында қалған.

Байтайлақ шебер мәмілегер, ол ел аралық қарым-қатынасқа да  араласып, Жоңғар мен Қазақ хандығы арасындағы дипломатиялық келісім, кездесулерге де мұрындық болған. Кейінірек орыс-қазақ елдік деңгейдегі маңызды істерге араласып өзінің шебер дипломат, мәмілегерлігімен танылған еларалық  деңгейдегі тұлға.

Байтайлақтың туған, қайтыс болған жылдарына байланысты  екі нұсқа бар, біріншісі 1695 жылы туып 1743 жылы 48 жасында, екінші 1703 жылы туып, 1781 жылы, 78 жасында қайтыс болды деген.

«Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» бағдарламасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы  тарих және этнология иституты және Павлодар  мемлекеттік педагогикалық  университетінің бастамасымен 2018 жарық көрген,  30-ға жуық белгілі ғалымдардың қатысуымен  жазылған  «XVIII ғасырдың екінші жартысындағы  Орта жүздің батырларымен сұлтандары» атты  тарихи құжаттар жинағында Омбы облысындағы  тарихи мұрағат және Оренбург  облысындағы мемлекеттік мұрағаттан табылған Орта жүздің сұлтаны  Сұлтанмәметтің өмірі мен ісі туралы нақты тарихи деректер жазылған. Кітапқа кірген құжаттар  1752-1788 жылдарды қамтиды.

Жинақта  Сұлтанмәмет ханға 1760 жылы  27-қазанда Сибирь әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор фон Веймарнның жазған хатында былай делінген: «Аса құрметті, Сұлтанмәмет сұлтан, сіздің маған жолдаған хатыңызды өзіңіздің  сенімді, танымал  адамдарыңыз  Размәмбет мырза,  Тазбатыр, Байтайлақ батыр, Барақ батырлардан қабылдап алдым».

Хатта Ертіс бекінісі маңында тұратын бағынышты адамдарға, тұтқындарға, аттарға орын, мал жайлымына жер беру және қалмақ барымташыларын ұстау, жазалау туралы жазылған.

Мінеки, осы тарихи нақты деректер Байтайлақ батыр 1760 жылдары тірі жүргендігін және оңың  1743 жылы қайтыс болған  дейтіндердің  болжамның тарихи негізсіздігіне нақты дәлел бола алады. Демек Байтайлақ Солтүстікте Батыр төбеде жерленген деген әншейін бос әңгіме болып отыр.

Байтайлақтың үлкен ұлы-Шұбаш батыр жастайынан жауымен айқасып, ешкімге  алдырмаған ержүрек батыр, Керейдің ханы Әбілпейізұлы Көгедайдың қасындағы бесінші орынға отырып, Шерушінің төбе биі болған, танымал-тұлға. 1790 жылы Пекинге Көгедай төремен бірге Шұбаш батыр да барғаны тарихтан белгілі. Бұл сапарда екі ел арасындағы елшілік қызметі үшін Көгедай гүң атағын алса, Байтайлақтың ұлы Шұбаш батыр амбы дәрежесiн алып қайтады.

Атасы, баласы, немересі, шөбересі бірдей батыр болған, өрлік пен ерліктің жаршысы, асқақ рух пен қайтпас қайсарлықтың сабақтастығы баба ұрпақтарына ғана емес күллі Қазақ мақтан тұтуға тұратын ерекше жағдай  десек артық айтқандық болмас, сірә!

Бабамыз Тарбағатай төсінде жатыр

Белгілі тарихшы Мұқанов Марат Сәбитұлы  өзінің «Орта жүз қазақтарының этникалық құрамы мен таралуы туралы» еңбегінде Орта жүз тайпалары мен руларының орналасу аймақтарын тарихи кезеңдердің әр бөлігіндегі жағырапиясын анықтап береді. «Қазақ жерінің тарихы» атты еңбегінде толықтай әрі нақтылай жазады: «Орта жүз Тарбағатай қыраттары жүйесінің оңтүстігінен бастап Балқаш көлі, Сарысу өзенінің бас жағы, шығыста – оңтүстік Алтайдан бастап Сауыр жотасын және Зайсан қазаншұңқырын қамтып, Ертіс алқабының оңтүстік жағалаулары арқылы өтті. Орта жүзді Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей және Уақ тайпалары құрады. Орта жүздің қыстаулары желден жақсы қорғалған, шұрайлы жерлер еді. Суы мол Ертіс, Есіл және басқа өзендер, Зайсан, Марқакөл көлдері, Көкшетау көл жүйелері, жазық далалар мен тау бөктерлеріндегі жайылымдықтар түгел дерлік Орта жүздің иелігінде болды» деп түйіндейді. Мұқанов Марат Керей мен Найманның  мекені негізінен шығыс өңірі болғандығын нақты деректермен дәлелдеп берген.

XV-XVI ғасырда Керейлер, соның ішінде Құтымбет ұрпақтары  қазіргі Қазақстанның  шығыс өңірінде мекендеп тұрғандығы тарихтан белгілі. Оның нақты  бір дәлелі – Ұзынмылтықтың  зираты Шығыс Қазақстанның облысының Тарбағатай ауданы Қабанбай аулының  Тәуке бөлімшесінен табылып отырғандығы.

Осы өңірдің әрбір тұрғына  Ұзынмылтық зиратын біледі, зиратты тұспалдап бағыт-бағдар сілтеп жатқанын көзбен көрдік.

Тарбағатай Ақсуат  өңірінен  тек Құтымбет ғана емес Бейімбет, Байтайлақ  және бабамыздан тараған,  Шерушінің  басқа аталардың  да зираттары табылып отыр, бұл деректер  1912-1915 жылдары орыс ғылымдарының сызған карталарында нақты көрсетілген.

Қабдолда ақсақал (руы Найман, Байжігіт Қаракерейдің ұрпағы) ата бабаларының  ғасырлар бойы мекендеген  құтмекені   Тарбағатай, Қабанбай өңірінде  тұраған, Ұзынмылтықтың жиеншары. Әкесі  Нұрқасын, ұлы атасы Ыдырыш, 3-атасы Мырзахан, 4-атасы Моты, Мотының бәйбішесі  Ұзынмылтықтың қызы  аты-Балдай,  үш жұртына ардақты, ел ұйтқысы    бола білгендіктен қайын жұрты Балдай ана деп құрмет тұтқан.

Мырзахан атамыз ескіше оқыған, өте сауатты, талантты, оқымысты кісі болған. Қол жазбалары бүгінгі күнге дейін сақталған, ұрпақтарының қолында. Атамыз қажылық сапарға барып жүріп, қайтыс болып,  қасиетті Мекке топырағынан мәңгілік тұрақ тапқан екен.

Қабдолда ақсақал өткен жылы  97-ге қараған жасында өмірден өтті, жаны жайсаң, үлкен жүректі жан еді. Ұзынмылтықтың ұрпақтары табылды деп қатты қуанып, бабамыз жайлы  құнды деректер айтып еді. Марқұмнның жатқан жері жәннәт болсын!

Ұзынмылтық  қайтыс болғаннан кейін  Қожамқұл ұрпақтары Қазақ жерінің оңтүстігі Талдықорған өңіріне  қоныс аударған екен. Осы орайда бір атаның екі баласы бір-бірінен неге бөліне көшті  екен деген заңды сұрақ туындайды. Оның басты себебі – Қазақ даласына  жойқын күшпен жасалған Жоңғар шапқыншылығының салдары екендігі белгілі. Атадан еншісін алып өз қонысын сайлап, жеке отау құрған  ұрпақ ел басына күн туған қиын-қыстау сәттерде  екі бөлініп қалғандығы айдан анық. Бұл басты себеп. Әрбір оқиғаның салдары да болады. Құтымбет қайтыс болғаннан  кейін Бейімбет пен Қожамқұл  әкесінің ұзынмылтығына таласып,  мылтыққа мұрагер бола алмаған Қожамқұл өкпе арқалап оңтүстікке көшіп кеткен екен деген аңыз-әңгіме де айтылады. Бұл да шындыққа жанаспайды. Көнекөз  қарияларымыздың аузынан ұзын шиті мылтық  жыл сайын  екі атаның шаңырағына кезек алмасып отырады екен дегенді естігеніміз тағы бар. Сонымен Қожамқұл ұрпақтары  Қазақстанның оңтүстігі қазіргі Талдықорғанның Күреңбел өңіріне қоныс тепкен. Қожамқұлдан 5 ата тарайды, үшеуі батыр болған деседі. Жоңғар шапқыншылығы тұсында қанды қырғына ұшырып, басынан қилы-қилы тағдыр кешкен Қожамқұл ата ұрпақтары  кейін бай, құлақ ұрпағы ретінде  қылышышан қан тамған  Кеңес Үкіметінің қудалауына түсіп, қатты қысым көген тұста арғы бетке Алтайға өтсе де Қазақстанға шекаралас Іле, Қорғас аумағына жақын жерлерді мекен етіп тұрған екен. Ол жақтада қиын-қыстау уақытты басынан өткеріп, кейін 1960 жылдары атамекеніне қайта  оралып, бүгін де Талдықорғанның Кербұлақ ауданы Күреңбел аулында тұрып жатыр.

Ұзынмылтықтан тараған ұрпақтар байырғы атамекені  шығыс өңірінен  Жоңғар шапқыншылығы заманында, кейін Қызыл империя-Кеңес Үкіметінің тепкісіне шыдас бере алмай Алтайға өтіп кеткен руластарымыздың бір бөлігі Қытайдың басқыншы саясатының салдарынан 1840 жылдары Алтайдан ауа көшіп, Қобда бетіне  қоныстанды. Сол бір қилы-қилы заманда үш елдің шекара аумағынан топырақ бұйырған  ондаған текті аталарымыздың зираттары жатыр.

Бүгін де Бейімбет бабамыздан тараған ұрпақтар Монғол Елінің Баян-Өлгий, Қобда және ішкері аймақтарында, Қытайдың Алтай өңірінде, атамекені Қазақстанда, алыс-жақын шет елдерде тұрады.

Монғол Елінің Қобда бетінде тұрған және Монғолиядан  1992 жылдардан кейін тарихи Отанына көшіп келген қазақтардың  шамаман 1000-ға жуық  отбасы, 6000-ға  жуық жан саны бар. Қытайда руластарымыздың саны көбірек ал Күреңбелдегі руластарымыз саны  аздау екендігі белгілі. Олардың да шежіресі жазылған, сол бойынша  отбасы, жан санын шамамен шығаруға болар еді, бұл әзірге мүмкін болмады. Дегенмен  төрткүл дүниедегі ұзынмылтық ұрпақтары  5-6 мың түтінді, 25-30 мың жан санын құрайды деп долбарлауға болатын сияқты, бұл жалпылама сан,  алайда өлі мен тірінің ара салмағын дөп басып айту мүмкін емес.

Қалай десекте  рухты, батыр бабамыздан тараған ұрпақ бүгіндер дүйім жұртқа айналған үлкен қауым екендігі айдан анық.

Алла қаласа таяу арада  баба  ұрпақтары  Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылында жатқан Ұзынмылтықтың  зиратын көтеріп, кесене тұрғызуды ниет етіп отырмыз. Бұл іске  аудан, ауыл әкімшіліктері ресми түрде  ықтияр, келісімдерін беріп, қолдау көрсетіп  отыр. Бабалар рухы-ел рухы!

Тарихшы:  Амантай Әлханұлы

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*