Алтай аңызы

Нұрғажат Қапақұлы: САҒЫНЫШЫМ — СЕНСІҢ, МӘҢГІ ТУҒАН ЖЕР

Біздің ұзақ уақыттан бері мекендеп келе жатқан атақонысымыз — асқар Алтайдың Шіңгіл ауданына қарасты Шағанғол ауылдық округіндегі Қарағанды атты шағын қыстақ. Өзім мал шаруашылығымен айналысқандықтан, көктеу, төлдеу, қыстау — барлығы бір жерде орналасқан. Отар көшіп, мал соңында жүргенім жоқ. Тек сол қыстаудан екі көшіп, орта жайлауымыз — Мұқырсала деген жерге төрт түлік малмен бір айдай уақыт отырамыз. Содан кейін Алтайдың асқар жоны — Үшкөл, Шыбаркөл, Ортакөл, Шеткөл деп аталатын, атына сай көрікті жайлаудың орталығы — Ортакөлді жайлаймыз.

Қасиетті асқар Алтайым, көрікті қос Шіңгілім! Сұлубайдай батыр, Қайысбайдай балуан туған, дарқан даласынан тектілік дарыған, өр мінезді ел өсірген алтын қарсақ — киелі Қос Шіңгіл талай ақтаңкер ақынның тіліне тиек болып келесің.

Бәйге атындай бауырынан жараған,
Нармантыға Бәйтік күн сап қараған.
Шіңгіл, Үшкөл — қайсы ғана арудың
Теңгесі екен шашбауына қадаған…

— деп жырлаған Алтайдың ақиық ақыны Мағаз Разданұлы туған жерді, батыр елді, жер тарихын, ел тарихын жырлап, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра етіп қалдырды.

Қасиетті, қайран Алтай! Сені сағынғаныма тура жиырма бір жыл өтіпті-ау… Алтайдың асыл топырағынан жаралған жаужүрек елдің ерліктерін жазушы Шайсұлтан Қызырұлының “Дабыл” романы, Бәтірқан Құсбегиннің “Зуқа батыр” романдары арқау еткен. Онда Алтай халқының ашылып-шашылған сыры жатыр. “Ағажай, Алтайдай жер қайда?” — деп халық жүрегінен жарып шыққан зар заманның зарлы әні бүгінгі ұрпақтың аузымен әлі де айтылып келеді.

“Ата-анадан айырылған — тұл жетім, туған жерден айырылған — мәңгі жетім”, — дейді қазақ даналығы.

Үшкөл Моңғолиямен шектесіп жатқан жер. Екі елдің арасындағы Алтай тауының күнгейі мен теріскейі екі елдің еншісіне тиген. Асқар шыңы бұлтпен құшақтасып, табиғаты ерекше. Төсінен аққан бұлақтары жиналып, айдыны шалқар көлге айналады. Ортасын тау жоталары бөліп тұрады. Жағасы көкорай шалғынмен көмкерілген, көл бетінде жыл құстары ұшып-қонып, асыр салып жүреді. Мұндай сұлу табиғатты көрген жанның көзі тоймайды.

Айғыр үйір жылқы, табын-табын сиырлар көк шалғында қара құрымдай жатады. Ортакөл мен Шеткөлден асқан су заңғар тау қойнауындағы жартастардан құлап, тау шатқалымен ағып, ақ өркеш толқындарымен сазға түсіп жатады. Екі жағы — қия беткей қарағайлы орманмен көмкерілген. Сайраған құстардың үні құлақтың құрышын қандырады. Алаңқайда бұғы-марал, қоңыр аңдар қойдай өріп жүреді. Қарақат, тобылғы, шие, сарна деп аталатын жеміс-жидектер көздің жауын алады.

Батысы Мертікем мен Жандылықпен қосылып, түбінен балығы көрініп тұратын мөлдір өзен — қос Шіңгілдің суы болып ағады. Шыбаркөл алқабы кең де шұрайлы, шөбі шүйгін жасыл кілемдей жайқалып жатады. Көл жағасындағы тақырда шөп өспейтін қасиет бар — мал майланып, жайылып тойып шығатын жер. Сол Шыбаркөлден аққан су шығысқа қарай Қабырға саз, Қарабалшық, Кертіке, Тоғасбай болып қосылып, Шағанғол өзені болып ағады.

Міне, осы Үшкөлге жер қайысқан малымен екі ауылдың малшылары жайлайды. Ақ боз қазақ үйлері әр көлдің жиегінде тізіліп отырады. Осы көркем жайлауда қандай қызықтар өтпеді десеңші! Балалық шақтың бал дәурені — тай үйретіп, күні бойы жарысып ойнап, кешке дейін қыдырып, көзді уқалап ұйықтап кететін уайымсыз күндер. Жас шақтың жарқын сәттері осы жерде өтті емес пе?

Қазақ үйдің іргесінен аңқыған жайлаудың таза ауасы қандай рахат еді десеңші! Бие байлаған үйлердің көрінісі де бір керемет! Таңнан тұрып, айғыр үйірін шұрқыратып айдап келіп, биебаудың басына иіріп, құлындарын ноқталап байлағандағы көрініс — көз тоймайтындай. Саумалды бір аптадай сауып, қымыз әбден ашыған соң арнайы жігіттерді жұмсап, ауылдың ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарын шақырып, бата тілеп, ақсарбас қой сойып, етін жеп, қымыз ішіп, көк шалғында аунап, жаздың ұзақ күнінде бесін ауа тарасатын.

Дарқан даладай кең пейілді қандай қасиетті жандар еді! Келін түсіру, қыз ұзату, сүндет той жасап, дүркіретіп бәйге шаптырып, ақындар айтысын өткізіп, балуандар күрестіріп, қыз қуар ұйымдастырып, ұлан-асыр думан осы Үшкөлдің еншісінде өтетін.

Шіңгілдің Үшкөл жайлауының Шыбаркөлінің қақ төрінде орналасқан, тарихта Тұғырылханның жұрты немесе бейіті деп халық аңыз етіп айтып жүрген үлкен тастан үйілген қорым төбе бар. Жергілікті жұрт оны «Мықтың үйі» деп те атайды. Бұл жерге бүгінге дейін ешкімнің қол тигізуіне рұқсат жоқ, үкіметтің қорғауында тұрған бір тылсым тарихи орын.

Кіндік қан тамған туған жер өте ыстық қой. Ата-бабамыз шыр етіп дүние есігін ашқан сәби келген кезде кіндігін кесіп, шүберекке (матамен) орап, жеті күннен кейін сол кіндік етін қара жерге көмген. Бұл – ежелгі ырым. Осы ырымның астарында үлкен тәрбиелік, ғылыми мағына жатыр: «Туған жерді сүй, туған жерді қадірле, туған жер – сенің кіндігің кесілген қасиетті топырақ» деген. Сол себептен де туған жер үшін, елі үшін, діні мен тілі үшін қасық қаны қалғанша жауға бермеген халқымыздың туған жерге деген махаббаты сол кіндікпен бірге бекиді екен ғой.

Қасиетіңнен айналайын, асқар Алтайым, қос Шіңгілім, туған елім! Сенен бейбіт күнде бөлініп кетем деп үш ұйықтасам ойламаппын. 2004 жылдың тамыз айының ортасында, Орта Көл жайлауында тыныш отырған елдің ішінен жалғыз мен, жайлауға азық-түлік апарған үлкен жүк көлігіне тоқталып, жүкті тиеп, екінші қызым Мадина (сол кезде жеті жаста), үлкен ұлым Тілек (төрт жаста) үшеуміз жолдасым Күләшпен бірге ойдағы қыстауға көшіп кеттік. Кенже інім Нұрмұхамбет екеуіміз бос түйені жетектеп, қалған жылқы, сиыр, қойды айдап көштік.

Уақтасыз уақытта көшу ұнамады ма, мал да көңілсіз болды. Әйтеуір сабалап жүріп әрең ілгері басты. Бұл – елден бөлініп, бейсауат жалғыз көштің арманы мен мақсаты – Атамекен Қазақстанға көшуіміздің алғашқы қадамы еді. Көшуден бір апта бұрын жайлау көршілерімізбен қоштасу шайын беріп, ауыл ақсақалдары, ақ жаулықты аналар, құрбы-құрдастар бәрі жиналып, ақ ниет, ақ тілектерін білдіріп жатты.

Ауыл үлкендері: «Көшің байсалды болсын, барған жерің – Қазақ елі, баянды болсын» десе, кейбірі: «Ел-жұртты тастап қайда барасың, не бар онда? Туған жерің осы емес пе?» деп қимастықпен айтты. Иә, аяулы ел-жұртым, менің ойым – ұрпағым сол Қазақ елінде өсіп-өнсе екен. Келешекте бұл елдің болашағы бұлыңғырлау көрінеді. Сол үшін тәуекелге бел байладым дедім.

«Дұрыс, дұрыс, Алла бұйырса, біз де көшеміз, соңыңнан барамыз. Бізге де жұрт алып бересің ғой» деп, ел жігерлендіріп жатты. Сол сөздерге сүйеніп, әлде бір күш біткендей жігерленіп, көңілім көтеріліп еді. Бірақ, малымды шығарып, жұртым қош айтысып жатқанда, көңілім құлазып, жүрегім қобалжып, күш-жігерім әлсіреп кетті. «Бөлінгенді бөрі жейді» демеп пе еді ата-бабамыз? Іштей қатты қиналдым. Жанымды жегідей жеді.

Малды айдап келе жатып, ойдың теңізіне батып барам. Қасымдағы інім Нұрмұхамбет ештеңеден хабары жоқ, айғайлап, әндетіп, малды қуалап келеді. Бала күнімнен мал бағып, асыр салып өскен сар жайлауым, көк бетегелі тауларым, қой жайылатын терең шатқалды бойлай біткен ну қарағай орманым – бәрі көз алдымда. Көзге оттай басылатын заңғар шоқылар, қалықтап ұшқан құстар, аяқ астымнан пыр етіп ұшқан торғайлар – бәрі-бәрі: «Соңғы рет есті, соңғы рет көр» дегендей, жүрегімді езеді.

Інім екеуіміз араға бір қонып, ертесі кешкісін қыстауға жеттік. Әкем мен шешем басқа балалармен жан тыныштығы үшін сол өзен бойында жайлап қалған еді. Қыстауға келіп, ойдағы қырдағы жұртпен басымыз қосылып, әр әңгімеден бір шалып отырып, ата-анама төр жайлаудан көшіп кеткенімді айтып, сырласып отырдық.

«Қазақстанға көшеміз» деген – айтуға оңай. Бірақ, шын мәнінде туған елді, туған жерді тастап көшу – өте қиын екен. Екі күн мал айдап шаршағаным жоқ, өмір бойы бірге көшіп-қонып жүрген ел-жұртымнан айырылып бара жатқанымды ойлап, көз алдыма елестете де алмадым. «Жылғада айырылған жылында қосылмайды» деуші еді. Бала күнімнен бірге ойнап-күлген құрбы-құрдастарым, сырлас тауларым мен тастарым, ну орман, төрт түлік малым жайылған бетегелі жайлауым – бәрі есіме түсіп, өзегімді өртеді.

Сөзімді аяқтай алмай қос жанарымнан тырсылдап аққан жасқа ерік бердім.

– Ой, балам… – деп бастады сөзін әкем.

– Иә, әке… – деп оның жүзіне қарадым. Маған бірге мұңайып отырмасын дегендей көрінді.

– Жоқ, керісінше, сөзі әсерлі болды. *«Мына заман – бейбіт заман ғой. Жау жоқ, жар жоқ. Бейбіт күнде өз еркімізбен ата-бабамыз қорғап кеткен ата жұртымызға барамыз. Ешқандай уайымдаудың қажеті жоқ. Елдің алды көшіп барып жатыр емес пе? Шешінген судан тайынбайды. Бөтен ел, бөтен жер болса да, мықтылық керек, балам. Анау қалған малдарды да бағалап сатып, алаңсыз бол. Кезінде Шың Шысай деген зұлым саясаткерге шыдай алмаған Алтайдың елі Гоминдаң өкіметімен соғысып, болмаған соң Гималайды асып, Үндістан, Пәкістан арқылы Түркияға барып қоныстанды емес пе? Қазір сол ел өсіп-өніп, бай-қуатты тұрып жатыр. Оның қасында мына тұрған Қазақстан – ата жұрт. Оған көшу қиын ба? Сөз емес!» – деп әкемнің сөзінің аяғы қатқылдана түсті.

Әкем өзі де балаға қатал кісі болатын.

– Біз де артыңнан айналмай барамыз ғой. Жолхат толығымен біте салысымен, – деді анам да аналық мейірімімен.

Иә, ең әуелі ата-ананың мейірімі мен құдіретті сөзі ғана балаға өлшеусіз күш пен жігер береді ғой. Сол тамыз айынан бастап, қыркүйек айының соңына дейін бар мал-мүлкімді сатып та үлгердім. Малдың да бағасы аса қымбат емес еді, әйтеуір бір бұйырған баласына саттық. Жерді жалға бермесең, басқаша сата алмайсың – ол мемлекеттің меншігінде. Тек мал шаруашылығына елу жылға тоқтаммен берілетін заңмен бекітілген.
Сол өзіміздің өніп-өскен, құтты қонысымыз – баспанамызды да ұзақ жыл жақсы араласып, аралас-құралас болып кеткен Шәбес Әбілқайыр ұлына тоқтаммен бердік. Көшкенше өзіміз сол жерде отыра тұрамыз деп келістік.

Төрт көзіміз түгел – ағайын-туыс, ел-жұрттың басын қосып, “баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас” деп көшу тойымызды жасап, ауылдың абыз қариялары мен ақ жаулықты әжелерінің ақ ниетімен, ақ батасын алып, “әумин” деп қол жайып, бет сипағанда, қиялыма қанат біткендей болдым.

Қараша айының алғашқы күні Қазақстан шекарасына дейін апарып тастайтын жүк көлігі таңертең ерте келіп, үйдің алдына тоқтады. Жүк басына шығарып салуға жақын-жанашырдың бәрі жиналған. Жүздерінен қуаныш емес, қайта қимастық пен жабырқау байқалып тұр – айтпаса да белгілі. Бұрыннан буынып-түйінген жүктің бәрін машинаға тиеп те үлгердік.

– Қош, ағайын-туысым, жақын-жанашырым, ақ пейілді дарқан ел-жұртым! – деп барлығына амандық тілеп, қош айтыстық. Бұл – үлкен қимастықтың сеңіне соғылған сәт еді. Бейбіт күнде қимас жандардан айырылып бара жатқаның қандай ауыр, қабырғаң қайысып, ет-жүрегің езіліп, бір-біріне қимай тоғысқан жанардан төгілген жас біз жүріп кеткенше тоқтамай, бәріміздің қарамыз үзілгенше қол бұлғап қала берді.

Қайран туған өлкем, қандай ыстық едің! Кіндік кесіп, кәрімді жуған жерім – айналайын алтын бесігім! Сенде өсіп-өндім. Тұғырым болған туған өлкем, сен де аман бол!

Ата жұртым шақырды – Қазақ деген елім бар, ұлан-ғайыр жері бар, ғасырлар бойы қан төккен ата-бабамның жұрты бар. Қасық қаны қалғанша қазақ даласын қорғаған батырлардың тұлпарының ізі қалған мәңгілік елге – Қазақ еліне көш басын осылай бұрған едім.

АҒАШ БАСЫНА ҚОНҒАН БІР ТҮН

ШҚО, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылына Қытайдан көшіп келіп қоныстанғанымызға да көп бола қойған жоқ. 2005 жылдың мамыр айының алғашқы күндерінің бірі еді. Құдайдың құтты күні – демалыстан басқа күндері қара сөмкемізді асынып алып Өскемен қаласы, қала берсе Ұлан аудандарына шапқылап бітпейтін бір құжаттардың соңында салпақтаумен жүреміз, жаяу. Әйтеуір ауылдан такси және бір кішкентай автобус жүреді, сонымен бөлініп-жарылып отырып қалаға жетіп аламыз да, күні бойы сол бітпейтін құжаттың соңында көрінген мекеменің есігін тоздырып, ұрынып-жығылып, кешкісін ауылға қайтамыз.

Ол кезде көп отбасы Қытайдан көшіп келе бермеген. Қаладан күні бойы жүргенде санаулы ғана оралман көрмесең, тіпті көрмейсің де. Қазақ еліне келіп көрпеге түсеміз деп жүрсек, жарытып қазақ тілінде сөйлемейді екен. Бірдеңе айтып сөйлесейін десең, иықтарын көтеріп, басын шайқайды, ой, «тауба» дейсің де жүре бересің. Жалпы, Өскемен қаласында орыс өте көп болғандықтан, «орыстанып кеткеміз» деп те айтады өздері.

Сол кезде Өскемен қаласында бізден бұрын, ертерек көшіп келген екен – Додай Тұрсынқанұлы деген ағамыз. Сол қалада тұрады. Кезінде Алтай аймақтық балуандар мектебінің тәрбиешісі болып, балуан тәрбиелеген, алып қара көштің иесі, Алтай халқына танымал тұлға. Сол кезде көшіп келген оралмандарға арқа тірек болды, жөн сілтеп, ақыл көрсетіп, көбінесе бітпеген құжаттарды сол кісі арқылы бітіріп алатынбыз.

Арамызда Тынымқан, Алғабек те ғана бір ескі сары «Мәсквич» орыс машинасы бар, ара-тұра сонымен барып-қайтамыз.

Бір күні кешкісін қаладан ауылға Алғабекпен қайтатын болып, көші-қон мекемесінің алдынан енді шыққалы тұрсақ, Қарқын Қасымбек деген жігіт қыз баласын ертіп жетіп келді де, «Ой, мен де сендермен кетіп қалайын» дегені бар ма! Күн кеш боп барады, таксидің бәрі кетіп қалған шығар деп. Ол кезде қол телефон деген нәрсе атымен жоқ, хабарласып біле салатын. Тек үй телефоны ғана болмаса.

— Бір адам артық болса, жолда жол сақшылары тоқтатып, іште арыз түсіріп жібереді ғой, өзіміз әрең жүргенде, – деді Алғабек Қарқынға.

— Ой, бірдеңе ғып амалдап кетіп қалайық, таксидің бәрі кетіп қалған шығар, – деп, Қарқын қазақы амалын көлденең тартып, тұрып алды.

Далада қалатын емес, амал қарастыру керек бәріміз. Қаладан шығып алғанша, біріміз көше автобусына отырып, ауылға шыға беріс ең соңғы аялдамадан тосып, ары қарай қысылысып кетіп қаламыз деп келісіп алдық та:

— Жігіттер, онда тұрмаңдар, қайсыларың автобуспен бара бересіңдер, күн боса кеш боп барады, – деп, машинасына отырып жатқан Алғабек. Беген екеумізге «сен бар» деп ешкім айта алған жоқ. Негізінде Қарқын баласын бізге отырғызып жіберіп, өзі автобуспен кете беретін адам. Әлде үлкендігін бұлдап тұр ма, қасында тұрған Мұқиятқа бұрылып:

— Сен бара бер автобуспен, соңғы аялдамадан түсіп қалып тосып отыра тұрсаң, біз де айналмай-ақ артыңнан бара қаламыз, – деп еді.

Мұқият қипақтап, жалғыз жүруге батылы бармай, «Өзің бар» деуге ауызы бармай, еріксіз:

— Жарайды, – деді де, – Ол жерге қандай автобус жүреді, апарып отырғызып жіберіңдер, – деді.

Ішімізде жуасы – сол Мұқият болатын.

Ой, сол отыз үшінші автобус әрбір аялдамаға тоқтап отырып, ең соңғы — ауылға шығатын жердегі аялдамадан түсіп қалдым да, сендерді тосып отырдым. Артымнан іле-шала келеміз деген сендерден хабар жоқ. «Келіп қалар» деген оймен отыра бердім. Тіпті ақшам сөніп бара жатқан сайын көңілім ала-құла болып, бойымды үрей билеп, тағатым таусылып барады. Екі көзім сендер жаққа қараудан талып кетті.

Жан-жақтан автобус тосқан кісілер де бірінен соң бірі келіп, автобусқа мініп кетіп жатыр. Отырған сайын қайдағы бір өңдері суық адамдар менің бөтен адам екенімді біліп қойғандай, маңайымды торуылдап, кісі аяғы саябырласа, жанымды алатын жәбірейілдей көріне бастады. Жапанда жалғыз қалғандаймын. Келесі автобус келсе, кері қайтудан басқа амалым қалмады. Бойымда жан да қалмай, үрей басып тұрғанда қалаға қайтатын автобус қарсы бағыттағы аялдамаға келіп тоқтай бергенде, мен де екі-ақ аттап жүгіріп барып автобусқа кіріп кеттім.

Жүгіріп келе жатқан автобус терезесінен жолдың қарсы бетіне қарап келем, көше шамдары күндізгідей жарық, бәрі айпарадай көрініп келе жатыр. Көз алмай жолға қарап келем, әлі де үмітім үзілмей. Ертістің көпіріне таяп қалғанда сендердің жапа-тармағай, жанұшыра бірдеңені жөндеп жатқандарыңды көріп қуанып кеттім де, автобус жүргізушісіне:

— Осы жерден түсіріп кетіңіз, – дедім қазақшалап.

Орыс шопыр маған ежірейе қарап:

— Нет остановка, дурак! – деді де, қараған жоқ, айдаған қалпы Ертіс көпірінен өтіп, «Речной» аялдамасына бірақ келіп тоқтады.

Автобустан түсіп, қайта артқа жанұшырып жүгіріп келем. Арасы екі шақырымдай шамамен. Жан-дәрменім қалмаған, әбден сендерге таяп қалдым-ау дегенде, сендер машинеге сатыр-сұтыр отырып, жүріп кеттіңдер. Жан даусым шығып:

— Тоқта, ей, тоқта! – деп айғай салдым.

Естіген жан болмады. Машинаның артқы қызыл шамы қып-қызыл болып жанып бара жатып, көзден ғайып болды. Жүресінен отыра кетіп, дәрменім құрып, жылағанда несін айтасың! «Әй, Құдайдың қаңғыртқаны-ай…» деп, ғаріпшілік басыма түсіп, жол жиегінен әрең тұрдым. Әбден қарным ашып, таңдайым кеуіп, шөлден өліп қалуға шақ қалдым.

Осылай ғаріпшілік бойымды билеп тұрған кезде, бірнеше машина өтіп бара жатып, кідіріп тоқтап, қайтадан жүріп кетті. Ойға неше түрлі жаман ойлар орала берді. «Мыналар қайта айналып кеп өлтіріп кетуі де ғажап емес. Қалтамдағы ақшамды біреу түйсігімен сезсе, біткен жерім осы емес пе?» – деп ойлағанда, жер бетінен ешқандай пана таба алатындай болмадым.

Осындай жан арпалысында тұрған кезде, кенет бір ой сап ете түсті: «Теректің басына шығып кетсем, таң атқанша ешкім де көрмейді ғой. Ағаштың басында адам отыр деп адам баласы ойламайды», – дедім де, жол шетінде тұрған жамбас жағыма жақын қалың теректің жуандау біреуіне жабысып, жоғары өрмелей жөнелдім. Өрлеп барып, сымбаттылау бір жуан бұтағына мініп, жайғасып алдым.

Жер бетінен көрінбейтіндей биікте отырғанымда, жан алғыш жәбірейілден құтылғандай болдым. Теректің саясы – шыбын жаныма сая болғандай сезілді. Қарным ашып, шөлдеп, жабысқақ таңдайыма теректің жас жапырағын жұлып алып, аузыма салып сорсам, қышқыл дәмі балдай сезіліп, таңдайымды суландырып, кеуіп қалған кенеземе септігі тигендей болды.

Сол теректің басында отырып, таңды атырдым. Әбден жарық түсіп, жердегі қауіп-қатер басылғандай көрінген уақытта ғана теректен түсіп, жол жиегімен Ертіс көпіріне қарай безіп келем. Көпірден өтіп, өзім түскен автобус аялдамасының қасындағы 24 сағат ашық азық-түлік дүкеніне кірдім. Қазіргі «Речной» вокзал маңында. Кірсем, бір ақсақал қазақтың шалы нан алып тұр екен.

Шөлдегенім соншалық, сатушыдан Сарыағашты алып, аласапыран боп жұтып жатырмын. Әлгі ақсақал шал:

— Әкеңнің аузы! Алғаш таң атқанша ішкен ғой арақты! – деп, нанын алып шығып кетті.

Мен де ішіп бітірдім де, тағы бір Сарыағаш пен бір домалақ қара нан алып, ақшасын төледім де, келе жатқан бойым осы, – деді Мұқият.

Ой, сені біз таң атқанша көше кезіп, қарамаған жеріміз қалмады ғой. Тіпті Өскеменнің сақшылары:

— Оншақты машинамен бір сағатта тауып келеміз, – деп уәде беріп, таппай кеткенде, «әй, бұл тірі емес шығар» деп түңіліп кеттік. Олар қараса – жердің бетінен қарап жүр. Теректің басына шығып кеткен адамды қайдан таппақ?!

Сонда ішек-сілеміз қатып күліп:

— Әй, қулығыңа құрық бойламайтын қу Жайлаусың ғой, ә! – деп мәз болып жатырмын.

Ұруы (Жайлау) – осы әңгімені кейін Қытайдағы қазақтар естіп:

— Мұқиятты неге теректің басына түнетіп жүрсіңдер? – дегенде, әңгімелеп айтып берген едім.

2025 жыл, 23 наурыз

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*