Аруағың аунасын
(Терме- толғау)
(Ержәнібек батырдың үш жүз жылдық мерей тойына)
Мақсұтқан Баркөл- Дәлейұлы
Абылай ханның ақ туын,
Жан дауыспен қолдаған.
Ұлы қазақ хандығын,
Нар намыспен қорғаған.
Қайта шапқан Жоңғарға,
Тас бөгет боп орнаған.
Аруағың аунасын,
Ержәнібек- өр бабам!!!
Үш ғасырлық тойыңда,
Ұлы Ертістің бойында.
Үш жүз түгел бас қостық,
Бір қазанға ас қостық.
Жер жүзіне жар салып,
Жеті әлем қарсы алып,
Салтымызбен бабадан,
Дағдымызбен анадан,
Ұлы дүбір- аламан-
Байгемізге ат қостық!
Айы күліп қазақтың,
Аймалап тұр азат күн.
Түні кеткен түріліп,
Тұмшалаған азаптың…
Бұдан шүйгін болмас- ау,
Құштары да ләззәттың,
Бұдан шұлен болмас- ау,
Құшағы да жаннаттың…?!
Ұлы қазақ даласы,
Өзені, сай мен саласы.
Астанадай панасы,
Алматыдай қаласы,
Рухыңа дабыл ұрғандай
Ұрандатып тұрғандай,
Шашу шашты Алатау,
Шабыт қосты Қаратау…
Дей алмаймыз кеш қалдық,
Ерлігіңді еске алдық.
Ержәнібек- ұраным
Өзің мінген пырағың-
Көк дөнендей көсіліп,
Көк өзендей жосылып,
Құс қанатын талдырып,
Құс жолына шарық ұрып,
Жыр нөсерін селдетіп,
Өтеуін бір тербетіп…
Х Х Х
… Сен туғанда, үйіңе,
Сүйіншіңе сүйіне,
Темір сауыт құрсанған,
Жорықтан қайтқан күйінде,
Халқына өзін арнаған,
Тау тұлғалы нар бабам,
Шақшақ Жәнібек қоныпты,
Көркіңе көзі толыпты.
Мендей батыр болсын деп,
Өзінің атын қойыпты.
Көк қасқатай, сарбас қой,
Әкеңіз айтып сойыпты.
Ержетіпсің ереуіл,
Көк дөненге ер салып,
Ел шетіне шығыпсың.
Еңіреулеп жер шалып,
Ертегіден оқыпсың.
Ерлік жырын зер салып,
Көсемдікке барыпсың,
Көк жиекке көз салып,
Шешендікке барыпсың.
Шешіреге көп қанып
Шеңбектесең жас талды,
Тамшылапты су шығып,
Алқымдасаң арланды,
Аһ ұрыпты тұншығып,
Ашулансаң түн- түнек,
Айығыпты күн шығып.
Қайратыңнан қалмақтар,
Қаймығыпты түршігіп…
Абылаймен ақылдас,
Қосқан үш жүз баласын,
Төле бимен мақұлдас,
Ашқан жолдың сарасын,
Айтекемен ауқымдас,
Тапқан билік шарасын-
Қаз дауысты Қазыбек,
Асыл текті нағашың,
Қасына алып өзінің,
Төгіп мейір- сезімін,
Қолыңа беріп жалауын,
Қорғатыпты қамалын…
Ақ бұрқақта көк бұрқақ,
Теңіз тасып, көл бұрқап-
Жоңғар кіріп шығыстан,
Күлге айналды Гүлістан…
Ұран салды Абылай;
Қол қусырып бағынбай,
Жауға қарсы шабамыз,
Жерді тартып аламыз!
Қанжыға да кетпесін,
Өсер ұрпақ, баламыз…!
Ғазауат та осындай,
Тізгін тартып тосылмай,
Қанды кешу жол бастың
Ереуіл елі Егейдің,
Қолын жинап Керейдің,
Қабанбаймен қолдастың.
Шалдыққанда рух болып,
Шалмасына сырық болып,
Бөгенбаймен жалғастың.
Наурызбайша найза атып,
Ер Баянша жайратып,
Жауды қуып, жал астың…
Жауға түскен жасыным,
Жүзі қайтпас асылым.
Жауға шапсам ұраным,
Биік еді мұратың…
Сан батырын Жоңғардың,
Жер қаптыра сұлатқан,
Желкілдеген туларын,
Жерімізден қулатқан.
Жерді жарып атағың,
Ержәнібек атандың…
Елім айлап күйінген,
Ерлігіне сүйінген
Абылай хан мөр беріп,
Өр Алтайдан төр беріп,
Байтақ мекен ырысты,
Қорғатыпты шығысты…
Қорғап қалмай жай ғана,
Құлаш сермеп айға да,
Іргемізді кеңейтің,
Досымызды көбейтің.
Шешендігі- тағылым,
Көсем ойлы алыбым,
Аспанында қазақтың,
Аймаласа азан күн,
Ерлігіңнің жемісі,
Еліміздің жеңісі….!
Үш жүз жылдық тойыңда,
Ұлы Ертістің бойында,
Үш жүз түгел бас қосып,
Бір қазанға ас қосып,
Мәңгілікке қорған- ғып,
Өр тұлғаңды орнаттық.
Болмасам да әлей кім,
Мақсұтқаны Дәлейдің.
Өр Алтайдың өрінен,
Төл елімнің төрінен,
Жыр- термемді арнадым,
Аунасын аруағың,
Уа, сүйікті ардағым!!!
16 қаңтар 2014жыл
Алматы қаласы