Бұл роман қазақ оқырмандарына толық нұсқасында 2010 жылдың соңында ұсынылды. 2011 жылы Қазақстан Жазушылар одағында арнайы таныстырылымы өтіп, Қабдеш Жұмаділов бастаған жазушылар әділ бағасын ауызша бергенмен, содан бергі уақытта әдебиетші қауым тым-тырыс
Әрине, бар-жоғы 1 мың данамен жеке қаржыға шыққан кітапты Қазақстанның алыс түкпірінің бәріне тарады деуге келмес. Әйтсе де осыған дейін бір әдебиетші құдайшылық сөз айтар деп күттік. Шындығында, мұндай романның байқалмауы, елеусіз қалуы тіпті мүмкін емес.
Сөз – Жақсылық Самитұлының «Қаһарлы Алтай» трилогиясы жайлы.1989 жылы Қытайда жазыла бастап, 2001 жылы қазақ жерінде соңғы нүктесі қойылған трилогияның алғашқы нұсқалары 1996-2000 жылдары елімізде «Сергелдең» атауымен басылған болатын. Жақсылық Самитұлының өзі арғы бетте әбден танылған, мойындалған, 1985 жылы «Атамекен» кітабы үшін ҚХР мемлекеттік сыйлығын алған жазушы болса да, Қазақстанда қоңыртөбел тіршілік кешті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде қарапайым оқытушы болды. Елге көштің алды болып, 1993 жылы келді. «Жас Алаш» газетінде жүргенімізде Жәкең редакцияға келіп, шағын әңгімесін қалдырып тұрып, жай ғана «Жақсылық Самитұлы деген ағаларың боламын» дегенде, ешқайсымыз елп ете қоймағанбыз. Білсек, сөйтер ме едік?
«Қаһарлы Алтайды» құныға оқи жүріп, сол кездегі білместігімізге әлі қысыламын…
«Қаһарлы Алтай» – өткен ғасырдың 40-50 жылдары Шығыс Түркістанда өткен ұлт-азаттық қозғалыс кезіндегі қазақ өмірін бүге-шігесіне дейін ақтарған туынды. Бұл тақырып Ж.Самитұлының өмірлік мұраты болғанын түсіну қиын емес. Өйткені, трилогияны жарияламас бұрын, нақтырақ айтқанда, жазылып жатқанда, жазушы өзінің Оспан батыр туралы зерттеулерін бірнеше газетке, Оспан батыр туралы жинаққа шығарды. Алтай қазақтарының арасында Оспан батыр туралы көзқарас «нағыз батыр» және «банды Оспан» болып, әлі күнге таразының екі басына қатар қойылып айтылатындықтан, Ж.Самитұлы оған тарихшы-жазушы ретінде адал бағасын беруге ғұмырын арнағандай. Трилогияның «Бозмұнар» атты алғашқы кітабында жазушы сол кездегі тарихи жағдайларға кең шолу жасайды. Оқиғаның басталу барысын, ел ішіндегі оған алғашқы реакцияны, «қарсылық қайдан шықты?» деген мәселені өте дәл, нанымды суреттейді. «Бозмұнарды» бастап кеп жібергеніңізде, қазақ сөз өнерінің барлық қыры мен қалпы, байлығы мен қазынасы алдыңыздан шығады. Жазушы дәл осы кітапқа барлық білігі мен тәжірибесін сарқа пайдаланғанын ұғасыз. Қазақтың сөз өнері саф қалпында, бұзылмаған, кетілмеген болмысымен сізді беттен – бетке, парақтан параққа жетелеп отырады. Алғашқы кітапта Есімқан мен Ырысқанның дағдарған елді бастаудағы біліктілігі, жұмылдыра алатын жанкештілігі шебер суреттеледі. Жазушы әр кейіпкерді өз атымен, жер атауларын сол қалпында пайдаланған. 15 жылдық еңбектің жемісі «Қаһарлы Алтайдың» әрбір парағында тарих болып сөйлеп, тағдыр болып үн қатып жатыр. Шынын айтқанда, «Қаһарлы Алтай» – қазақ әдебиетіне келіп қосылған қазына.
Мұнда романның барлық талабы тамаша сақталған, тіпті өзінше байытылған. Жазушы оқырманды оқиғалар арқылы жетелеп отырып, тағдырларға қайырылып соғатын тұстары керемет. Романды оқып біткенше, әлеуметтік желілерде жақын достарыма абзац-абзац күйінде үзінділер жіберіп, сүйсініп отырғанымды қалай ұмытайын…
«Қаһарлы Алтай» трилогиясында оқырманды әрқайсысы кемі 600 беттік үш кітапта жетелеп отыратын соқталы-соқталы кейіпкелер «бандасы» бар. Осы «банда» оқырманды отқа да, суға да салады. Осы «банда» өздері «жанасып» кеткен басқа кейіпкерлердің адамдық (иттік, пендешілік, халықтық) болмысын жайып салады, ең бастысы, әрқайсысы Шығыс Түркістан қозғалысының өздерінің қатысынсыз мәнсіз, дерексіз, дәйексіз болатынына сендіре алады.
Әуелгі таң қалдырар бейне – Көнекбай образы. Жақсылық Самитұлы Көнекбай бейнесі арқылы қазақтың ғажайып мінездері бір адамның бойына тоғысып, қайталанбас тұлға бола алатынын көрсеткен. Бір қарасаңыз, Көнекбай – мақтансүйгіш, бір қарасаңыз – шендінің аузын баққыш, енді бір қарасаңыз – бәйбішесі Қатшамен ым-жымды қабақтан түсінетін сұңғыла, ең бастысы, ел басына күн туғанда, Көнекбай – ер! Жақаң бұл кейіпкерді сүйсіне отырып жазған, махаббатпен жазған. Табиғатынан мақтансүйгіш Көкең тіпті пулеметті шетке алып кетіп, шұқылап-шұқылап отырып тілін біліп алады. Онысын жұртқа және қалай жеткізеді десеңізші! Шындығында, ел ішінде осындай мақтаны мен әрекеті жымдаса қалатын адамдар бар. Былайғы жұрт оның сыртынан гу-гу сөз айтқанмен, сыналған жерде соған ұйый қалады. Көнекбай – сондай адам. Өзі перзент сүймесе де, ол барлық баланы жақсы көреді, барша жұртқа тілеулес. Шәмсия ақтүтек боранда дүниеге сәби әкелгенде Көнекбай жүрегі жарыла қуанатын тұс қандай! Сәбидің жан берген сәтінде Көнекбаймен қоса сіздің де жан-дүниеңіз опырылып түседі. Көнекбаймен бірге сіздің де бар үмітіңіз түгесілгендей жетімсірейсіз. Трилогия басталған сәттен сізді қазақ әлеміне саяхатқа бастаған Көнекбай қарт туынды соңында да сізбен күліп қоштасады. Ол өлімді де күліп қарсы алады! Ер ғой! Үрімжі абақтысында Оспанның жандайшаптары ретінде қатар атылатын топтың ортасында маңдайына мылтық кезеліп тұрғанда да Көнекбай мақтануын қоймайды. Есіл азамат! Жазушы Көнекбай образы арқылы кешегі мен бүгінгіні байланыстырып, дәнекер болып жүретін ақжүрек қазақ азаматының бейнесін жоқтайды.
Сосынғы кейіпкерлер «бандасының» сүйектісі – Зияқан. Кез келген қоғамда халықтың тілеуіне қарсы жұмыс істейтін, сонысын өмірлік мұрат көретін, өзінің тура жолда жүргеніне қатты сенетін, ақыр соңында айдалада жалғыз ұлып қалғанда ғана бармақ тістейтін адамдар бар. Зияқан өзінің домбаз, қопал жаратылысымен жұртты ықтыра алатынын біледі. Сол үшін қолындағы түкке тұрмайтын билігін шексіз жұмсауға бар. Оны ешкім сыйламайды, бірақ қорқады. Қорқау Зияқан тіпті ашыналықты да қорқытып жасайды. Мұндай адамдардың жүрегінде жылу, сезім, махаббат болуы мүмкін емес. Олар өздеріне берілген жалқы мүмкіндікке иттей жармасады, тістеп айырылғысы келмейді. Жазушы Зияқанды аямайды, бірақ сіз аяйсыз. Өзіңнің өзегіңе, негізіңе түкірген, қарсы шапқан өмір – зая! Зияқан өмірі сондай. Өзі төбесіне көтерген генерал әскерлері ауылын тып-типыл етіп кеткендегі Зияқанның жағдайына жаныңыз түршігеді. Қарындасы жынданып кеткен, әке басынан соққы алып ол жатыр. Жазушы Зияқанның әкесі Айдардың аузына салатын сөз қандай: «Ондай сәтте қызың бір басқа, ал келінің ата намысың сияқты болып көрінеді екен кісіге», – дейді ақсақал… Бәрібір Зияқан қанша жанталасқанмен, қаны өзге халық оны бауырына тартқан жоқ. Әйелі Жамалдың тік тұрған күйі жан тапсырғанын, бауырындағы баласын да оқ тесіп өткенін оқу қандай аянышты…
Асқабыл деген бір кейіпкер бар. Өмірге не үшін келгенін білмейді. Бұл кейіпкер де романның салмағын керемет арттырып тұр. Қазақ «құйысқанға қыстырылып» дегенді жақсы көргеннен айтпайды. Асқабылдар «құйысқанға қыстырылып» та жетістірмейді. Барынан жоғы жақсы. Десе де дәл сондай жандар өздерінің олпы-солпылығымен, жігерсіздігімен, иттігімен талай адамның тағдырына таңба салады, өмірінің быт-шытын шығарады. Шәмсиядай аяулы жанның тырнағының сынығын да Асқабылға қимай отырасыз. Алайда, амал не, ұйғарым солай, түптеп келгенде – тағдыр солай. Шәмсия Асқабылға ырқынан тыс қосылған, ырқынан тыс өмір сүруге мәжбүр. Ал сол аяулы Шәмсияны иеленіп кету үшін Қоңқай Асқабылды буындыратын тұс тым ащы, бірақ бәрібір Асқабылға жаныңыз ашымайды. Шәмсияны Қоңқайға да қимайсыз. Жазушы сізді от пен суға қатар салады. Босбелбеу Асқабыл автоматты дұрыс ұстай алмай, бүтін бір отбасын қырып салатын сәт ше?
Кейіпкерлер ішінде Шәмсия тағдырының тым ауыр болғаны қапаландырады. «Бір адам бақытты болуы керек болса, тап сол адам Шәмсия еді» деп ойланасыз. Шәмсия – қорғансыз қазақ аруының бейнесі. Асқабыл-Жексен-Қазине-Қоңқай линиясы арқылы Шәмсия образы биіктей түседі. Бұл кейіпкерді сіз де сүйіп қаласыз. Оның махаббаты да, сүюі де, жек көруі де шынайы. Шәмсия Жексенді сүйе тұрып, оның бәйбішесі Қазиненің адамшылығынан үміттенеді. Соңында қылышқа тілгіленіп қалған Шәмсияның денесін «көріп», сіздің де жаныңыз тілгіленеді. Жазушы Шәмсия, Айжан, Гүлзада, Мәлипа, Баян образдары арқылы ел басына күн туған сәтте алдымен әйел тағдыры ойыншыққа айналатынын меңзейді. Айжанмен бірге жүдейсіз, Гүлзадамен бірге жынданасыз, Жамалмен бірге атыласыз, Мәлипамен бірге тұтқынға түсесіз, Баянмен бірге дұрыс жол таңдайсыз. Осы образдар қашаннан-ақ қазақ әйелдерінің тағдыры оңай болмағанын, олардың езіліп-жаншылғанын, ары аяусыз шашылғанын қапысыз аңғартады.
Романдағы Оспан бейнесі тым асқақ. Бұл образды ашу үшін жазушы Оспан айналасындағы кейіпкерлерді биіктете түседі. Оспанның аңыз-адам дәрежесіне көтерілу жолындағы әрбір әрекетін кең пайыммен, мол парасатпен талдайды. Қарапайым қазақы ортада өскен Оспан заман ыңғайына қарай қапысыз мерген, дарынды қолбасшы, сұңғыла саясаткер, білікті дипломат бола алды. Оспанның Дәлелқан полковникпен ара қатынасын жазушы өте нәзік суреттейді. Шындығында, Дәлелқан Сүгірбаевтың тағдыры қарама-қайшылықты. Оның Оспан бастаған көтерілісшілермен ымыраға келген тұстары да, кетіскен тұстары да бар. Жақсылық Самитұлы оқырман назарына бұл деректердің бәрін түпкілікті зерттеп барып ұсынғанын байқау қиын емес. Өйткені, трилогияның өн бойында тарихи оқиғаларды нақты уақытын көрсете отырып талдау үлгісі сәтті пайдаланылған.
Жазушы сол тұстағы моңғол, қытай өмірін де түпкілікті зерттеген. Шыңжаң өңірін билеген Шың Сысайдың ел басқару тәсілдері, өзін жарты құдай бейнесінде көрсете білу қабілеті, жазалаудағы қатыгездігі жантүршігерлік оқиғалармен астастырыла, нанымды сипатталған. Оспан батырдың моңғол генералы Чойболсанмен кездесіп, келіссөз жүргізетін тұстарында да жазушы қаламы бөгелмейді, қайта әр сөйлеммен сыр ашып, оқырманға таныс емес оқиғаларға сәуле түсіреді.
«Қаһарлы Алтай» – халқымыздың ащы тағдырының бір шежіресі. Роман соңында сіз әрбір кейіпкермен қимай қоштасасыз. Жазушы бұл туындысында жазу өнеріне тән барлық машықты сәтті пайдаланған. Бір қарағанда, тақырыбы ауыр, тылсымы көп болып көрінгенмен, романның тілі сізді еркін жетелеп отырады. Шынын айтқанда, осы қазынаның он жылға жуық уақыт оқырманға толық ұсынылмай қалғаны да ойландырады.
Мүмкін, осы тақырыпты толық игеріп біткен соң, жазушы өзінің өмірлік миссиясын да тәмамдаған болар. Алдағы уақытта «Қаһарлы Алтай» қазақ оқырманына кеңінен таныстырылуы қажет. Трилогияда қазақ тағдыры жатыр, көркем тарих жатыр.
«Қаһарлы Алтайды» оқи отырып, қазақтың соншалық қорғансыз, соншалық аяулы халық екенін танисыз. Жазушы соны мойындатады. Бұл халық басынан неше нәубет кешсе де, ғасырлармен бірге мәңгі жасай беретінін аңғартады.
Есей Жеңісұлы
“Айқын”