Ақын, жазушы Қажыбек Төтекин атамыздың рухына арналып сөйленген сөз.
Қабырғалы ақын, зерделі жазушы ҚАЖЫБЕК ТӨТЕКИН 1940 жылдың бірінші желтоқсанында ҚХР – дың Толы ауданында дүниеге келген. 1958 – 1998 ж. ж. дейін ауылдық, аудандық мәдениет мекемесінің бастығы сияқты қоғамдық қызмет міндеттерін табаны күректей 40 жыл істеп, ел алқауына бөленіп зеинеттке шыққан. Әдебиеттегі жасампаздығын 1958 жылғы “Шұғыла” журналының 7 санында жарияланған “Ұлы жоспар” деген өлеңімен бастаған. Мерзімдік басылымдарда топтама жырлары жарық көруден тыс, “Дөңгеленген дүние”, “Сақабаның сатиралары”, “Серуен сезімдер”, “Жаным, саған айтайын”, “Бойтұмар”, “Бықияның соты”, “Дарымаған қарғыс” қатарлы ондаған өлең, әңгіме, повестер жинағы және өлеңмен жазылған романы, кино сценариі жарық көрді. Есімі қытай “Мемлекеттік әдебиет – көркемөнер саласындағы әйгілі адамдар сөздігіне”, “XX – ғасыр қытай қазақ жазушылары сөздігіне” енді. Әлем Халықтары Жазушылары Одағының, Халықаралық “Таңжарық Зерттеу” Қоғамдық қорының, Шынжаң Жазушылары Одағының мүшесі. ҚР Мәдениет министрлігі жағынан берілген “Тәуелсіздіктің 30 жылдығы” және “Таңжарық әдеби сыйлығы” төсбелгілерінің иегері. 2002 жылы тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударған.
Қашанда халықпен етене, ақылгөй, дана көкрегімен, мейірім, жанашырлығымен, басшылық міндетіндегі шеберлігімен дараланып, сараланып өтті. “Мәдениет зор төңкерісі” дейтін зұлымат заманда “бай баласы” делініп, бір кісідей жәбір көріп, рухани күйзелістерге түсті. Бірақ, туа біткен қайсарлығы алға сүйреді. “Ала көл асығынан келмеді”. Қара нардай маң – маң басып төзімділік танытты, ақталды, қырандай тұғырына қайта қонақтап түледі. Тұтас өміріндегі аптап пен қақасындарға ақып – парасатымен, қажыр – қайратымен қасқара жауап берді.
Қазақ руханиятына кемелді әрі кесек үлестер қосты. Қаламгердің әңгіме, романы өмірдің айнасындай жарқырап, тартымды оқиғалармен сомдалып, жұтынған тілдермен кестеленсе, жырлары жүректерге ұялады. Едіге, Еркөкше сияқты сүйкімді, қағылез немерелеріне дейін тақылдап жаттап алды. Ершімді, ойнақы, тілге жеңіл 30 ға тарта өлеңі сазгерлер жағынан музыка ауылына ұзатылып, екі елде бірдей шырқалуда. Соңғы жылдары жазған өлең романы – “Дарымаған қарғыс” әлеуметтік желілерде көп тарап, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Қылдан таймай Алла алдына кінадан пак, таза баруды, ұрпақтарына үлгі, өнеге болуды көздеген абызымыз Құдай қосқан қосағы, ақын, педагог Мейірбан Құрманбек қызымен бірге ұлы Исламға бет бұрып, намазын қаза қылмаған.
Қолынан қаламы бір сәт те түспеген аңғарлы ақын ауру төсегінде арпалысып жатса да, қол телефоны арқылы құнды естеліктер мен отты жырларын дамылсыз жазып, WhatsApp топтарына тоқтаусыз жүктеумен болды. Оның жанкештілігіне таңданған барша қаламдастары алғыстарын жаудырды. Олар жоқтау жырларын да тоқтатқан жоқ.
Қоғамға үлестерін қосып жатқан төрт ұл, үш қызынан жеті немере, бес шөбере көрген бақытты қарт, қадірлі әке, айтулы ақын ҚАЖЫБЕК ТӨТЕКИН үстіміздегі 2021 жылдың 16 тамызында емдеу өнім бермей 81 жасында паниден бақиға аттанды. Қара орман халқына, аяулы жарына, Тілек, Гүлшін қатарлы ұрпақтарына том – том еңбектері қалды. Сөйтіп, ақынның екінші рухани өмірі басталды.
ХОШ БОЛ
Қуанып “тәуір” десе дүрілдедік,
Жалынды жырларынан түңілмедік.
Бізді алдап кеткен екен сұрқай ажал,
Қапы қалып, күйзелдік, күңірендік!
Бақыл бол, абыз ақын, ардагерім,
Аламанда бұрлықпас қаракерім!
Өксітіп суық хабар, өкіндірді,
Даңхыңды жырлап өтсем жарар едім?!
Хош болғын, бәйтерегім, мәуелі едің!
Арманшыл ғажап жан боп әуеледің.
Отанның топырағы тартқан екен,
Дербестігін алған соң тәуелді елің.
Қажаға, торқа болсын топырағың!
Рухыңа Құран арнап отырамын.
Жаннаттан тыңдай берші жоқтауымды,
Өзің жайлы бір кітап толтырамын!