Жаңалықтар

Жүніс қажы Рақисопыұлы өмірден озды

Белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлұтайдың әкесі Жүніс қажы Рақисопыұлының қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына көңіл айтамыз. Қазақтың “қаралы көшін” басынан өткерген қазына қарттың жатқан жары жәнатта топырағы торқа болсын!

Марқұм ақсақал туралы аз-кем ақпаратты Мұртаза мырзаның фейсуктегі мына жазбаларынан біле аласыздар.

 Бауырлар, достар! Бүгін мен үшін азалы да қазалы күн, тек мен емес Жәнтекейдің Тайлақ атасынан тараған бір қауым ел жасы үлкен қариясынан айылырып отыр, Қазақ халқы көпті көрген, Алтайдан Анадолыға жаяу барған, қырғын мен қиыншылықты бір кісідей көрген ақсақалынан айырылып отыр…

Әкем Жүніс қажы Рақисопыұлы 93-жасқа қараған шағында бүгін тәңертең Анкарада өмірден озды. Соңғы төрт жыл бойы төсек тартып, ауыр науқас болғанымен, әкетайым сабырға салып, өзінің өнегелі өсиеттерін айтып келіп еді, дегенмен дәм таусылды, Алладан бұйрық келді! Асқар тауым шағылғандай, бәйтерегім құлағандай күй кешіп отырмын. Өмірге шыр етіп көз ашқалы бері осы әкетайымнан естуші ем қазақтың бұрынғы көшпелі өмірін, тарихын, салт-дәстүрін… Баркөлдің Саршоқысын, Бисан көлін, Моридың құмын, Шонжының Дабанқуын, Құмылдың күнгейін, Буыршынның Шұңқырын, Қызылтас пен Қызылқайыңын… Ағаларымен бірге қалай аңға барғанын, Қобданың базарына мал айдағандарын, Гансу жерін қалай кешкендерін, қазақтың 1937-1941 жылдардағы қаралы көшін, Тибетте марқұм болған әкесі мен ағаларын қалай жерлегенін, Пәкістанда өткен оншақты жылдарын… Ақыт қажының өлеңдерін жатқа оқитын еді, өзі де өлең жырлар жазып, өмірде көрген-тергенін аманат етіп қалдырып кетті. Қазақстанға шешеммен бірге төрт мәрте келіп, жарты жылдан тұрып, Алматы мен басқа да аймақтарды аралап, туыстарды көріп, әбден разы болған еді. Өлеңдері мен мақалалары «Алматы ақшамы», «Заман Қазақстан», «Жұлдыз» журналы қатарлы басылымдарда жарияланды, қазақ радиосын өзі тауып барып, сұхбат беріп кетіпті жарықтық бір келгенінде, Түркияда да бірталай деректі фильмдерде кейіпкер ретінде сұхбаттары берілді, зерттеушілер мен тіл мамандары келіп әкемнен көп дүниелерді жазып алатұғын…

Әкем мен үшін бұрынғы тарихпен біздерді жалғастырып жатқан алтын көпір іспетті еді, тамыры тереңде жатқан бәйтерек еді… Біраздан жаназаға аттанамын, ертең Анкарада мәңгілік мекеніне шығарып саламыз, сіздер де дұғада болыңыздар бауырлар, жаның жәннатта болсын асыл Әкем менің! Жарқын бейнең, ғибратты өмірің, айтқан насихат сөздерің әрқашан да жадымда болады…

Теги: , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*