Семейде ұлтымыздың көрнекті тарихи тұлғасы Ақтамберді жыраудың сауыты табылды. Бүгін жергілікті өлкетану мұражайында барша жұртқа батырдың киімі көрсетілді.
Тот басқан көне сауытты батыр, жырау әрі би болған Ақтамберді Сарыұлының ұрпақтары бертінге дейін сақтап келген.
1920-шы жылдары Қытайға үдере көшкен оларды қызылдар өкшелей қуғанда бабадан қалған қастерлі бұйым ұшті-күйлі жоғалады.
Кейін коммунистердің қолына түсіп, большевиктер оны белгісіз дүние ретінде мұражайға тапсырыпты.
Содан бері талай жыл бойы шаң басып, музейде жатқан. Көне жәдігерді көзі көрген ақсақалдар, сауытты бірден танып, Ақтамбердікі екенін айтқан. Тоз-тозы шыққан сауыттың салмағы 10 келіге жуықтайды.
Кей жерлері жыртылып та қалған. Енді батырдың жарағын мамандар арнайы зерттеп, қай кездері жасалғанын анықтағалы жатыр.
Бекен Теміров: Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры
«Аягөз тұрғындарының, ақсақалдардың сөзін шындыққа қабылдаймыз. Бұл сауыт сақталғалы бірталай уақыт өткені көрініп тұр. Біз енді оған ол кісінің куәлігіне қарсы айтатын негізіміз жоқ. Сондықтан сол кісінікі болар деп есептейміз»
ult.kz