Шежіре

Бүркітбай батырдың жау қолына түсуі

Ер жаңылып қолға түседі

Құс жаңылып торға түседі

 

 

Дүркіреп Өр Алтайдан ел көшті ғой

Қадірі қайран жердің енді өтті ғой

Боғдаға қу медиен көшіп барып

Зарлатып көздің жасын көлдетті ғой

Өр Алтай Бәйтік, Қаптық

                                   Қобда басың

Бұлдырап қалды-ау шіркін

                                     тау мен тасың

Алтайым алтын бесік ең

Кір жуып кіндік кесілген

Осы жер «әкең кесіп кіндігіңді»

Ұл-қызды бағып өсірген

Бандылар бұзып шырықты

Айырылдық талай есілден

Қайғыға толы шер қалды

Зарлаған жетім-жесірден

 

Өткен 1930-1960 жылдар аралығындағы  атадан ұл, анадан қыз айырылып қан кешкен дәуірде Алтай-Қобда қазақтары ауыр қуғынға ұшырағанда, ел жері, ұлты үшін шыбын жанын жас өмірін құрбан еткен боздақтар қаншама. Әредік болса да соларды еске алып тағзым етейік. Өткенді еске алу әркімге борыш. Бозторғай қой үстіне ұялаған, заманның бақытты ұрпақтарымыз. Сол бір естен кетпес сұрапыл дәуірде қанша адамның көзі жойылды. Бұған кім кінәлі. Өткен дәуір… Коммунистік режим… Сталин, Мао Цзе дун, Шанхай Ши… Әрине, айтпаса да түсінікті.

        *           *           *           *

Көбешұлы Асылбек 1883 жылы Қобда бетінде 1920 жылы Қобда бетінде шеруші Қ.Қылаң, 1928 жыл Көктоғай Бесқұдықта ителі Сәбитұлы Зуқа батыр, 1931 жылы Шіңгілде базарқұл Сіргебайұлы Жантайлақ, 1932 жылы Шіңгілдің Арал деген жерінде тасбике Жамысбайұлы Әліп, 1947 жылы Үрімжіде төре Шәріпхан Көгедаев, 1949 жылы ұшақ апаты сылтауымен генерал Сүкірбайұлы Дәлелхан, 1951 жылы 23-сәуірде Ханамбал тауының Мақа деген жерінде молқы Сіләмұлы Оспан батырды ұстап барлығының көзін жойған. Кейбірінің басын алып, халық бұқараны аяусыз қырғындаған керітартпа гоминдан басшылары Ви Жанго, Ма бупаң, жауыз жаналғыш Мадарың, Шың Шисайлар бейуаз халықтың қан қарызынан аспады. 1938 жылы Қырғыз-қазақ, моңғол құрылтайы деген сылтаумен ұсақ ұлттардан 600-дей бұқараны апарып, түрмеледі. Осы жолы Бұқат бейс, қарақас Қалел тәйжі, үлкен баласы Рахаттар да ұсталды.

        *           *           *           *

1939 жылы желтоқсан айының 24-ші жұма күн. Көктоғай Шәкуртіде Керім деген сатқын сақшы 20-дай жауды ертіп келіп, ғұлама ақын Ақыт қажыны ұстады. Сондағы Ақыт қажыға жүктеген жаласы «Ақыт халықты мешітке жинап, гоминдан үкіметіне қарсы үгіт таратты» делінген. Ақытты құтқарып қалмақ болып Бүркітбай, Баянбай, Есімхан, Ақыттың баласы Қазездер бастаған 60-тай адам артынан қуып, мұздай қаруланған жаудан алып қала алмапты. Өкінішті жері, халықтың қолында қамшыдан басқа қару болмаған. Сатқын, сақшы Керім келер жолы Бүркітбай мен Есімханды ұстатуды назарына алып кетеді… 1938 жылы Баркөлде қазақтан 18 мықтыны ұстады. Бұл жолы жаудың әскеріне қол-аяққа сатқын Жанымхан қажы, Әнуар, Жомарттар араласты. Ұсталғандар ішінде меркіт Қасым батыр, Кенжебек айдағанда Бұлғыннан үркіп келген ауылдардың ерекше мықтылары Қаржау – тасбике руынан, Ібірәлі, Рамазан, Қобда түрмесінен босаған Шәмши Сасықұлы да болды. Соңынан Шәмши мен Қасым батыр екеуі түрменің сақшысын өлтіріп қашып шығып Тибетке өтіп кеткен. 1939 жылы Шіңгілден тағы жеті адамды ұстады. Бұларға таққан қылмысы «шақырғанда келмеді, мылтық жинағанда жасырды» депті. Бұлар базарқұл үкірдайы Мұрындықұлы Байқадам, жақын туысы Сәйекеұлы Сагсайбай, жастабан Аянбалаұлы Жақсыбай, төрт молқының Құл атасынан Байбосынұлы Баянбай үкірдай, Жеңсікбайұлы Бөкейхан залың, Серікбайұлы Матай, Татбасұлы Дөнен залыңдар екен. Бұның барлығы Сарсүмбе түрмесінде қинаумен өлтірілген. Мұрындықұлы Байқадам үкірдай аса денелі, жүректі қайсар адам екен. Түрме сақшыларына екі айдай қарсыласып, ауыр қинаумен көз жұмған соң сақшы мекеме бастығы балалары Жанғазы, Байғазы, Наққажыларды шақыртып әкеп, әкесінің сүйегін беріп, ауырып өлді деп алдамалап шығарған. Қыс айы, қар өте мол жауып мүрдені Шіңгілге алып жүре алмай Шүптідегі құдасы назар қарақас Мұхаметжан бидің ауылынан шығарып жерлепті. Бүркітбай осы ауыл азаматы болғандықтан Байқадам үкірдайды жерлеу рәсіміне қатысып, жерлескен. Сүйек шығарда осы ауылдың келіні, Байқадам ауылының қызының жоқтауы:

Аспанда ұшқан лашын

Лашын жаяр құлашын

Қинауда өлген атам-ай

Айтатын кім бар кінәсін

Есіктің алды жар ма екен

Жағалай біткен тал ма екен

Жан алғыш жендет, жауызды

Жазалар жандар бар ма екен

Шынарда шынар, шынардай

Шынарда бір күн сынардай

Көз жасын елдің көретін

Халықтан бір ұл шығарма-ай

Бұл жоқтау Бүркітбайға ерекше ой туғызып, жаудан кек алуды ұрандағандай сезілді. Арада бір апта өте сатқын сақшы Керім, сақшы бастығы Шүй Ирлиңді 11 сақшысымен бастап Бүркітбай мен Есімханды ұстамақ болып, Есімхан ауылына келіп қонды. Бүркітбай мен Есімхан ауыл азаматтарын шебер ұйымдастырып 11 сақшыны алдап ұстап, қырып тастап қаруын қолға түсірді де, сатқын Керімді тірі байлап алып «Ақыт қажының кегін алыңыз» деп Ақыттың кемпірі Үкіжанға апарған екен. Үкіжан апамыз «Бір Керіммен Ақыттың орны толмас. Әй, енді шалым тірі оралады деп сенбеймін.

Астыма мінген қан жирен

Қосағымкетті-ау шын сүйген

Бұл бір күн сірә ұмытылмас

Ай айналып, күн күйген.. деп еңіреп отыра кеткен соң, Керімді Есімхандар ағашқа таңып өлтіріпті.

        *           *           *           *

Жаулардың екінші бір тобын сатқын Сарноғай бастап қарақас Ақтеке би мен Қалел тәйжінің кіші ұлы Сайыпты ұстамаққа барыпты. Сайып Сарноғайдың өзін атқа сүйреп өлтіріп, жанындағы екі әскерді бауыздап, үш мылтықтың көзін жойыпты. Гоминдан жаулары Сартоғайды басып алып, халық жағдайы ауырлаған соң Бүркітбай, Сұлубай, Есімхан, Рысхан, Сайып, Мұхаметжан би, Ақтеке би бастаған молқы, қарақас азаматтары атқа қонып жаудан алған 15-тей мылтығы бар Хайрханның Шаған дарасында бекініп жатқан Оспан, Келес, Сүлеймендерге қосылады. Оспан жаудың Құжыртыда бағып отырған 500 әскер атын қуып алып, жаяу қалған жауға түн жамыла шабуылдауды бұйырып, Бүркітбайды жылқы қуып әкелуге жұмсайды. Бүркітбай жанына Үркінбайды ертіп, жау казармасына сұраушы, қайыршы кейпінде кіріп, бір күн қонғанда жау әскерлері оларға еті үйір болып өлең айтқызып, би билетіп мазақ етеді. Бүркітбай:

Алтай тауы тарам-тарам

Жүрек тастан жаралған

Осы жолы атыңды алсақ

Екемізде жоқ арман- деп әндетіп, үйір бола бастаған соң, жылқы күзетіп тұрған екі әскерге барып, олар жерге отырған кезде бас салып алқымдап, бауыздап өлтіріп, жылқыны Оспанға қуып барыпты. Оспан дереу сол түнде жау ештеңе біле қоймаған сәтті пайдаланып казармаға  басып, жауға тұтқиылдан тиіп, жаяу жаудың ойранын шығарып қырып халықты жау қолынан алып шығады. Жаза берсек Оспан мен Бүркітбайдың ерлігі шексіз, таусылмайды да. Біз  бұл жолы Батыр Бүркітбайдың қазасынан шолу жасаймыз.

        *           *           *           *

1937-1943 жылға дейін қаптаған жаулармен  қаймықпай айқасып ат үстін қыстап-жайлап ерен ерлігімен өткір тілімен қан жұтқан халқы үшін шыбын жанын от пен суға салып танылған қайсар батыр Бүркітбайға «Оспан батыр ең сенімді деп көріп төменгі Алтайдың Шірік шиде отырған тасбике, есіркеп ауылдарына барып, бізге қосылсын, халық боп қол біріктіріп, жауға қарсы тұрып, елді жерді қоғайық» деген үгіт келісімге баруға жұмсапты. Бүркітбай аттанарда немере ағасы Мұхаметжан би «Қазір ел арасында жаудың тыңшылары өте молайды, сақ бол» деп өз ұлы Зейнел бастаған 12 адамды ертіп шығарып салады. Бұл орайды мүлт жібермей, жасырын бақылап тыңдап, ұққан Мұғалім тыңшы, тізгін ұшымен Сарсүмбедегі сақшы мекемесіне хабарлапты. Толық мәлімет алып ұққан сақшы мекемесінің жаулары тыңшы санын қосып Бүркітбайдың артынан аттандырып, болған жағдайды жиі хабарлап тұруын бұйырды. Шірік шиге машинамен шыққан сатқын тыңшылар Бүркітбайдан бұрын барып «мал ұрлап, жылқы қууға Оспан әскер жіберді» деп құлақтандырып тастапты. Бұл ауылдың көп малын алдында гоминдан жаулары қуып алғанда “Оспандар алды, олар халықтың жауы, өкіметке қарсы тонаушылар» деп үгіт жүргізіп қойған екен. Ойында ешбір арам ниет жоқ Бүркітбай өз тобын бастап Шірік шиге ілініп, шөпте жүрген төрт адамға жолығып, солардың жанына бірге қоныпты. Түнде біреуі тұрып сытылып шығып ауылға хабарлаған екен. Сонда қонып жатқан тыңшылар дереу елді жинатып 100-ден астам адаммен барып ұйықтап жатқан азаматтарды ұстап байлатып тастап, Сарсүмбеге қолға түсті деген хабарды жеткізіпті. Бүркітбай тобынан Зейнел мен Құсыман дайын тұрған атына мініп үлгеріп қашып құтылады да, Оспанға хабарлапты. Жалпақта жатқан Оспан, Сұлубай бастаған 50 әскер жіберіп Бүрктібайларды құтқаруға жібереді. Сұлубай тобы Шірікши ауыл басыларымен ұрланған жылқыны алмасақ та орнын берейік. Біз халыққа қару жұмсамаймыз, жау емеспіз. Бүркітбайды босатып беруге келісімге келіскен орайда сатқын тыңшылар арасына түсіп екі жақты жаңжалға айналдырады. Осы орайды пайдаланған гоминдан Оспан тобына төбеден самолетпен, жерден атты әскермен оқ атып шегіндіріп, халықты халық өзі ұстасын деп тыңшылар арқылы Шірік ши ауыл басы адамдарына Бүркітбайды өкімет әскеріне табыс етуін бұйырған соң тасбике ауыл адамдары Сарсүмбеге алып жүрді. Жаудың мақсаты халықты халыққа қарсы қою еді.

Шірік шиден Сарсүмбеге дейін қол-аяғы байлаулы Бүркітбай қызыл тілін сайратып отырған екен. Жол бойы ауыл адамдары еріп тыңдаған соң, сатқын сақшыБүркітбайға «тіліңді тарт» деп бұйырады. Сонда Бүркітбай батыр:

Бұл әнімді ел тыңдасын, сен тыңда

Тіл кеспек жоқ бұл қазақтың

                                        салтында

Ертең кешке кіргізіп ап түрмеңе

Содан кейін алқымдасаң алқымда. Сен сатқын әнімді неге шектейсің, халықты неге қуасың- деп жалғасты зарлай беріпті:

Жан екенсің бейшора аласатқан

Асыранды ит пе едің құдай атқан

Мұсылманның баласын байлап беріп

Сұр жыланға дін менен арын сатқан

Жолдас болдым алты жыл

                                   Оспан батыр

Бүркітбайдың байлаулы

                                қолы жатыр

Басқа түскен бұл кезең заманақыр

Қара суы түрменің балдай татыр

Ой, ғайша-ай

Көзімді ойып алғандай

Жаным қатты қысылған

Жауға ұстап бердің-ау

Әттең шіркін туысқан

Бүркітбай ату майданы алдына дейін зарлаумен 1943 жылы жау қолынан атылды. Қарақас назар атасы ұрпағы әнші Батыр Тұяқұлы Бүркітбайдың өзі өлсе де әні мәңгі өлмейді.

Қарқара құстың қайтқаны

Сүреңсіз күздің болғаны

Тілдердің жоқтау айтқаны

Жазмышты күннің толғаны!

 

Манарбек Мұғыражұлы, Моңғолия мәдениетінің озат қызметкері, Журналистер одағының мүшесі

kaznews.mn

Теги: , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*