Шежіре

Сөйтсе де Оспан батыр КЕРЕЙ болады

2009 және 2016 жылдың күзінде «Орталық Қазақстан» газетінде Монғолиядан келген, Ақадыр кентінде тұратын, арғын ішіндегі Тоқа молқы ағайындардың айтуымен жазылған «Оспан батыр тоқа молқы болады» деген мағынада мақалалар басылды. Осы мәселеге байланысты мен барлық жұмыстарымды жиып қойып, біраз зерттеу жүргіздім. Абай атамыз­дың сөзін лайықтап айтсақ тарихқа «…әркімнің-ақ бар таласы», сондықтан шындық үшін, тарихтың келесі ұрпаққа бұрмаланбай жетуі үшін Оспан батырдың шыққан тегі бойынша өз пікірімді мен де білдіруді жөн көрдім.

Қолдан тарих жасау әлмисақтан белгілі жағдай. Қытай императорлары өзінен бұрынғы династиялардың тарихын қайталап өзіне ыңғайлап жазғызғаны, сол сияқты орыс патшаларының да жылнамаларды жинаттырып алып түзеттіріп, қайта жазғызып отырғаны тарихи шындық. Осы үрдіс бұл күнде де белең алып тұр, мәселен орыс ғалымдары болашақтағы келер ұрпақтың санасына сіңіру үшін белсенді түрде кітаптар шығарып, интернетті қисынсыз мақалалармен толтырып жатыр және анау-мынау жазармандар емес, іштерінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының академигі Анатолий Тимофеевич Фоменко сияқты белгілі ғалымдар бар. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы көп уақыттан бері осы кісінің және жақтастарының «тарихи» кітаптарын басып шығарып келеді. Кітаптары көпшілік жұрттың қолына түсе бермейтін болғандықтан, «Комсомольская правда» сияқты газет беттеріне де «тарихи шындық» пікірлерімен шыққан кездері болды. Осы кезде интернетте де белсенділік танытуда. Академиктің толық атын ютубқа жазып іздеу салсаңыздар, тыңдап, көріп қарық боласыздар. Бұл кісінің пікірін, ұлы орыс шовинизмі ауруына шалдыққан орыстың ғалымдары белсенді түрде қолдайды және дәріптейді.

Тек, Ресейдің кәсіби тарихшылары мен филолог ғалымдары айтқандарын мойындамай келеді.

Ютубтан «Что прикрыли Татаро-Монгольским игом», «Не китайская Китайская стена», «Вся правда о великой китайской стене» деп жазып, іздеу салсаңыздар өте көп бейнемақалалар шығады. Айтатындары Русьта Татар-Монғол басқыншылығы болмаған екен, ұзындығы 6400 шақырым, биіктігі 7 метр, ені 3 метрлік «Ұлы қытай қорғанын» қытайлар емес, славян нәсілді ұлттар салған көрінеді. Орта ғасырда және одан бұрын дүние жүзінің барлық елдерінде славян тілін жұрт түсінетін болған екен, т.с.с тұжырымдар тықпаланады. Бірақ, Колумбтың кемелері Үндістанды іздеп, Америка құрлығына келіп тірелгенде, кемелерден түскендердің, алдарынан шыққан жергілікті халықтың өкілдеріне Үндістанға келген екенбіз деп, славян тілінде емес, түрік тілінде тіл қатқаны және оны түсінбегенде «мыналар түрік тілін тү­сінбеді ғой» деп таң қалғандары тарихтан белгілі.

Енді тақырыбымызға оралайық. Менің туып өскен жерім бұрынғы Семей облысының Ақсуат өңірі, Тарбағатай тауының теріскей бөктері. Тарбағатай тауын «Жеті кезең» немесе «Көтел асулары» деген, басқаша да атауы бар, асулардан асып өткенде, таудың түстік бетіне, Үржар жаққа шығасыз. Одан ары Мақаншының, Бақтыдағы Қытаймен шекаралық бекетіне қол созым жер.

1932 жылғы ашаршылық кезінде біздің елдің көп жұрты осы жолмен Қытай асқан. Сол жұрттың алғашқы легі, 23 жылдан кейін, 1955 жылы елге қайтып оралды. Осы Найман ағайындар Керей Оспан батыр туралы аңызға бергісіз көп әңгімелер айтып келді, ол кезде мен 9 жаста едім.

Қазаққа қатты қысым көрсетіп, жерін, малын тартып алып, кісісін абақтыға қамап, атып, асып қорлық көрсеткен Қытайдың Гоминдан үкіметімен өткен ғасырдың 30-40 жылдары азаттық үшін соғысқан Алтай керейлерінің ерліктерін тамсана айтқан әңгімелері есімде. 1940 жылдан көтеріліс басшысы болған Оспан батыр шапса қылыш өтпеген, атса оқ дарымаған ертегінің батырлары сияқты екен. Соғысқа ерлерімен бірге әйелдері де, қыздары да қатысып құралайды көзге атқан мергендіктерімен танылыпты. Оспан батырдың 8 «полковнигі» немесе 8 «комиссары» деп аталған 8 қолбасшыларының біреуі, ұзақ жасап Түрік елінде 1986 жылы қайтыс болған Нұрғожай батыр өз естелігінде «қолға түскен оқтың үштен бірін мылтық атуды білмейтіндерге мылтық атып үйретуге жұмсап отырдық» депті (Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр. http://shaqabai.kz/?p=227).

Алтайдың құз жартастарына бекіген елмен қытайлар соғысқа «айырплан қосып», төмендегі жұртқа оқ сеуіп келе жатқанда ұзын қыл арқанды үлкендігі үйдей тасқа байлап, жартастың үстінен бұғалық лақтырып самолетті құлатқан кездері де болыпты. Оспанды қолда ұстап, айтқанына көндіру үшін қытай да, «совет» жағы да сый-сияпат жасап, орден, медаль тапсырайық деп келгенде «мен теңге мен сөлкебай тағатын қыз-қырқын емеспін» деп алмаған екен. Қытайдың қызыл армиясы 1951 жылы Оспанды ұстап, атып тастаған көрінеді. Осы аянышты әңгімелердің бәрінде де Оспан батыр керей болатын.

2009 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде басылған Дәулетқали Асауов пен Серғазы Қабылдаұлының «Аспан асты елінде ат ойнатқан Оспан батыр» (http://kerey.kz/?p=5741) мақаласынан кейін ешкім қарсы пікір айтқан жоқ депті Құрметбек бауырымыз. Бұл жұрттың мақаладағы айтылған жәйтті мойындағаны емес деп ойлаймын, «әй, айта береді» деген қазақы бейқамдық.

2016 жылы облыстық газетімізде шыққан «Оспан батыр Тоқа Молқы болады» (http://abai.kz/post/view?id=12400) атты мақалада, Оспан батырдың немере інісімін деп отырған, Құрметбек мынандай шежіре кестесін келтіріпті «Тоқа Молқыдан – Есқұл, Байжігіт, Көкбөрі, Әуезқұл туады. Осы Әуезқұлдан төртеу тарайды – Айтуған, Жантуған, Бөлтек, Таймас. Айтуғаннан – Дәкіл, Қали, Сіләм туады. Қалидан менің атам – Зарқын, Сіләмнан – Оспан тарайды. Зарқыннан менің әкем – Әбілқасым туады. Ал Оспаннан жеті ұл, жеті қыз тарайды». Нақты тұжырым, бірақ 3 аттап Тоқа Молқыдан Сіләм атасына жетіп келеді. Осы жері сенімсіздік туғызады, әйтпесе Құрманбектің Оспан батырдың немере інісі болуына ешқандай қарсылығым жоқ. Бір рудың шежіресінде тұтас бір тармаққа бас болып тұрған атаның арты мұндай селдір болмаса керек.

Ертеректе Тоқаның екі ақсақалының шежіре тарқатып отырғанына куә болып едім. Ол кісілер, пәленше атамыздың тұсында Тоқалар Бұқар мен Самарқанның төңірегін жайлаған деп отырды. Бұл, Арғын Тоқа елі ертеден келе жатқан көне рудың бірі деген сөз және ең бері болғанда «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманынан бұрын болған жәйт. Себебі, бұрын Сарыарқаға жазғы жайлауға ғана шығатын қазақ елі, осы босқыншылықтан кейін ғана қыс қыстап, жаз жайлайтын болған. Сондықтан да, тамыры тереңде жатқан Тоқа Молқының бір атасы Айтуғанға Оспаннан екі аттап жеткізетін шежіре кестесі адам сенгісіз таяз, Оспаннан Айтуғанға дейін ары кетсе 60-70 жыл ғана болып тұр. Мүлдем қисынсыз.

2008 жылы «Қарағанды полиграфиясы» баспасынан «Қарпық және қожа шежіресі» атты кітап шықты, авторлары Ж.Бикенов, Ж.Жәкенов, Т.Исабек. Алдыңғы автор Жарылқасын Бикеновті жақсы танимын, қаламыздың айтулы азаматы. Сол жылы Қарағандыда тұрғаныма 36 жыл болғандықтан, Арғын атамыздың Тоқа ұрпақтарымен араласып жолдас, дос, қызметтес болып жүрдік. Тоқа елінің қан­дай іргелі ел екенін, қазақтың арғы бергі замандарынд­ағы тарихына, өнер-біліміне мол үлес қосқан үлкен ру екенін толық танып білдік. Сондықтан, шежіре кітапты баспадан шығысымен Жәкеңнен сұратып алып едім. Қазір сол кітап стөлімде тұр. Рас, Тоқаның ішінде Молқы атасы, одан тарайтын Айтуған тармағы да бар екені шежіре кітапта көрсетілген.

Ал, енді, Оспан батыр туралы осы уақытқа дейін шыққан, телегей теңіз көп кітаптар мен зерттеулердің бәрінде батыр Абақ керейдің Молқы тармағынан тарайтын Айтуған атасының ұрпағы екені нақты жазылған және толық шежіресі мен жұбайларының аттары, олардан туған ұл-қыздары түгел санамалап аталған. Бұл шежірелерді жазған авторлар, біз сияқты бер жақта отырып әркімнің айтқанынан құрастырып жазушылар емес. Қытай жағында және Монғолияның Қытаймен шекаралас аймақтарында туып өскен, кім туралы жазса да, нені жазса да көзі көрген адамдардың куәлігіне сүйеніп жазған азаматтар.

Мәселен, Қытай жағында туып өскен Баях­мет Жұмабайұлы деген ағайын 2007 жылы Абақ керейдің Молқы руының шежіресін Үрімші қаласында 500 данамен арап әліп-биінде кітап етіп бастырып шығарыпты. Осы кітапты маған, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында Қазақ университетінің математика-механика факультетінде бірге оқыған, шежіреші досым Найман Мүсәйіп Қыдырханұлы Сыдықов тауып, Оспан батырдың шежіресін Молқыдан бастап тікелей ұрпақтарына дейін төтелей іріктеп қазақ әліп-биіне аударып, жазып жіберіп еді. Сол шежіре былай дейді.

Абақ Керей Молқыдан – Қожанқұл; Қожанқұлдан – Тағанақ; Тағанақтан – Арық, Беген; Арықтан – Машан (батыр), Малғабар, Солпы (Отау); Машаннан – Жанжігіт, Айтуған, Дәулеткелді, Бітей, Байжігіт (Жапақ); Айтуғаннан – Қожакелді, Ордакелді, Қангелді, Қамыс, Бегалы; Бегалыдан – Еділ, Еміл, Құдакелді (Ізекең), Байсал, Төлес; Төлестен – Райымбет, Сәйеке; Райымбеттен – Райыс, Бибай, Іркес, Тіркес, Омарқан, Жұмарқан, Абдықұмар; Райыстан – Ісләм, Тоқажан, Қыдырқан; Ісләмнан – Ос­пан, Дәлелқан; Оспаннан – Зиа, Шердиман, Ниғметолла, Нәби, Рахметолла, Ойдолла, Кәри, Амақ; Шердиманнан – Мұсыратбек, Ақанбек, Самат, Мүбина, Қарбиа; Ақаттан (Ақанбек болар) – Қуаныш; Мұсыратбектен – Мәулетбек, Нәрлен; Ниғметолладан – Әсетбек, Мүнира, Үпат, Үмиа; Әсетбектен – Панар, Қадыр, Кәусар, Қаниа; Нәбиден – Мақан, Мақат, Болат, Нұрлан, Жақаш, Сабир; Мақаннан – Өркенбек, Иманбек, Салтанат, Қымбат; Мақаттан-Миғат, Уғидат, Иақұп, Сәниа; Болаттан – Сәулет, Самал; Нұрланнан – Парасат; Рахметолладан – Шаттық, Есболат; Амақтан – Әсенбек, Әкімбек, Кәкімбек, Кәзімбек, Нәзигүл.

Бұдан басқа, Монғолия қазақтарының белгілі шежірешісі, Шынай Рахметоллаұлының 1997 жылы Өлгий «Баспагер» деген баспадан қазақ әліп-биімен басылып шыққан «Монғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» деген кітабы бар. Керейдің құрамындағы руларды таратып келіп, Молқылардың шежіресіне тоқталғанда кітаптың 141-бетінде Молқының ұраны Машан, Батыры И.Оспан, ақыны Ақыт қажы деп санамалап жазып, 142-бетінде Молқыдан бастап таратып, Исламнан – Оспан, Оспаннан – Шердиман, Нығметолла, Нәби, Шердиманнан – Мүсірәт деп қысқа қайырыпты. Бұл жерде негізгі мәселе, Монғолиядан шыққан кітаптың да, Оспанның Керей Молқы екендігін куәландырып тұрғандығы.

Жәди Шәкенұлы деген автордың «Оспан және оның ұрпақтары» деген еңбегі бар екен, сол мақалаға сілтеме жасаған «Оспан батыр» атты мақалада, интернеттегі сілтемесі https://www.tarbie.kz/30173, мынандай мәліметтер беріпті:

«Оспан батыр Ісламұлы (1899-1951 ж.) ұлт азаттағы үшін басын бәйгеге тіккен әйгілі батыр. Оның еңбегі Шығыс Түркістан аталатын Алтай, Іле, Тарбағатайды қамтыған байтақ даланы жат табанынан қорғаумен ғана бейнеленіп қалмастан, солтүстік Қытайдың Алтай өңірінен шетел шапқыншыларынан сақтап қалғанымен де көрінеді.

Оспан ілгерінді – кейінді үш әйел алған адам. Бірінші әйелі – Нұрқызар Жарымбетқызынын үш қыз; алты ұл туған. Ұлдарының аты Зия, Шердиман, Ниғыметолла, Ойдолла, Нәби, Кәри. Қыздары – Зағила, Кәбила, Пәнси.

Екінші әйелі Мемей Белдемшеқызынан үш қыз – Қабиба, Қатипа, Замбила.

Үшіншісі, жеңгедей алған әйелі Баян Ыстайқызынан бір ұл – Әмақ, бір қыз – Мүниба – екі бала болған.

Батырдың балаларынан Зия 1941 жылы тамызда Қуүйдің Шолақсайында оққа ұшып өлген, ұрпақ жоқ. Екінші әйелі Мемей мен үш ұл, бес қызы – 9 жан 1942 жылы ақпанда Шыңшысай үкіметінің Бұрбыжап басқарған әскерлерімен соғыста қолға түсіп, алғашында Сарысүмбе қаласында (қазіргі Алтай қаласы), 1943 жылы мамырдан бастап Көктоғай қалашығында «мырза қамақта» отырады. 1944 жылы мамырда Оспан қолының бір реткі қатты соққысына ұшыраған Гомиданның Көктоғай қалашығындағы жендеттері қала тұрғындарынан 40 бейкүнә адамды қырғанда, Оспанның 18 жастағы қызы Кәбила мен 14 жастағы ұлы Ойдолланы Мемейдің көзінше кескілеп өлтірді. 11 жастағы ұлы Кәри мен алды 12 жасқа, арты 8 жасқа келген үш қызын құдыққа тірі тастап өлтіреді. Мемей өлуге айналғанда өзін өзенге лақтырып, қашып құтылады.

Қалған үш ұл – Шердиман, Ниғыметолла, Нәби 1941 жылдан бастап негізінен әкесі Оспанмен бірге болады. 1951 жылы Оспан Гансу өлкесінің Хайзы деген жерінде Қытай әскерлерінің қолына түскенде, қашып шығып, Шыңжаңға келіп, байырғы бауырластарын тауып, Алтай, Боғда аралығында қарулы күресті жалғастырады. 1952 жылы әкесінің сүйегін алу шартына орай қару тапсырып, бағынуға мәжбүр болады. Шердиман 1952 жылдың қазанынан 1959 жылға дейін Алтай әкімшілік мекемесінде мал шаруашылығы бөлімінде, 1959 жылдан 1967 жылдың қаңтарында қайтадан қолға алынғанға дейін, Іле облыстық саяси кеңесте істейді. 1970 жылы 30 сәуірде бақилық болады.

Шердиманнан үш ұл мен екі қыз қалған. Үлкен ұлы-Мүсірат Іле облыстық астық мекемесінде аудармашы, екінші ұлы Асхат-Іле жүн тоқыма фабрикасында жұмысшы, үшінші ұлы Сәмет-Іле педагогикалық институтында оқытушы болып жұмыс істейді. Қыздары-Мүбина, Қарбия. Олар қазір Қытайдың Құлжа қаласында тұрады. Оспанның Ниғметолласы 1972 жылы науқастан қайтыс болады. Онда бір ұл, үш қыз болған. Ұлы Әсет-Көктоғайдың Күрті ауылы Өндірқара қыстағында тұрады.

Қыздары-Мүнира, Үмия, Үпат. Әсеттен екі ұл екі қыз. Ұлдары- Панарбек, Қадыр. Қыздары-Қания, Кәусар.

Нәбиден алты ұл, бір қыз болып, үлкен ұлы Махан Көкторғайдың қыстағында, екінші ұлы Махат та Ертіс қыстағында, үшіншісі Болат та Ертіс қыстағында, төртіншісі Нұрлан-Көктоғай аудандық халық сотында тергеуші болып істейді. Бесінші ұлы Жақаш та Ертіс қыстағын­да тұрады, алтыншы ұлы Өркенбек 2002 жылы Қазақстанға біржолата оралған, ҚР азаматы, қазір Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауй атындағы ХҚТУ-нің студенті, Оспан батыр атындағы халықаралық қайырымдылық қорының президенті. Маханнан Иматбек-бір ұл, Салтанат, Қымбат-екі қыз. Махаттан Михат, Ұһидат, Яхұп- – ш ұл, бір қыз – Сәмия. Болаттан екі қыз – Сәулет, Самал. Нұрланнан бір ұл-Парасат, Жақаштан бір ұл-Бердәулет, қызы-Сәбира.

Нәби Оспанұлы 2000 жылы қайтыс болды. Бір қызығы оның қайтыс болғандығын туыстарының хабарлауынан бұрын «Азаттық» радиосынан сол күні естіген халық жаназаға жиналды. Жергілікті сақшы және қауіпсіздік органдары жаназаға жиналған мыңнан астам халыққа абыржи қарап, оларды дереу бақылауға алды.

Оспан ұлдарынан қазіргі тірі отырғаны Әмақ, ол қазір Көктоғай ауданының Күрті қыстағында тұрады. Әмақтан төрт ұл, бір қыз. Ұлдары-Әсенжан, Әкімбек, Кәкімбек, Кәзімбек. Қызы-Нәзигүл.Оспанның ұлдарының ішіндегі үлкені мен әке тағдырына қатысты оқиғаларыды көп білетін адамның бірі үлкен ұлы Шердиман болса, бірі Нәби еді. Ал, сол Шердиман қудаланып 1973 жылы Құлжа түрмесінде қайтыс болса, Нәби 2002 жылы дүниеден өтеді».

Көрсетілген тәрбие сайтындағы https://www.tarbie.kz/30173 мақаласында «Оспан батыр Шыңжаң өлкесі, Алтай Аймағы, Көктоғай ауданының адамы. Руы керей ішінде машан, молқы» деп жазылыпты.

Бұл жерде автордың жазғандарына еш өзгеріс енгізген жоқпын және кісі аттарында сәл-пәл өзгертіп жазғанын да қалдырдым, себебі оқырман алдыңғы жазылған кісі аттарын тани алады. Екінші айтарым, Өркенбек бұл күнде Түркістандағы Яссауй атындағы Қазақ-Түрік университетін тәмамдап, Алматыда тұрады екен. Осы мақаланы даярлау кезінде іздестіріп таба алмадым, ағайындар «Өркенбек қазір кәсіпкер, оңтүстік Кореяда жүр», деп мәлімет берді. Интернетте Өркенбек ұлды болды деген де мәлімет жүр, бірақ баланың аты жазылмаған. Үшінші, Өркенбек жұрт айтып жүргендей Оспан батырдың немересі емес, Баяхмет Жұмабайұлы­ның шежіресінде көрсетілгеніндей шө­бересі көрінеді. Мұны маған алғаш айтқан Арыстан Тосын ағамыз болатын. Мүмкін, қазақы дәстүрмен Нәби атасының бауырында, баласы болып өскен болар. Төртінші, мақалада Нәби атамыздың қайтыс болған жылы екі түрлі жазылыпты, бұл шаруа мен үшін маңызды болмағандықтан және дұрысын білмегендіктен, ештеңені өзгертпедім. Себебі, Оспан батырдың негізгі зерттеушілері, дұрыс датаны өздері нақтылайтын болар деп ойладым.

«Дәстүр» атты Ұлттық-этнография­лық журналда «Оспанның өмірбаянына қатысты кейбір деректер» атты мақала бар (http://dasturkb.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=606:ospanny-mirbayanyna-atysty-kejbir-erekter&catid=81&Itemid=690), сонда да «…Әкесі Ислам қазақтардың үш жүзінің орта жүзіне жататын Керей тайпасының бір тармағы Молқы деген руының Айтуған атасынан тарайды» деп атап көрсеткен. Бұл мақаланың авторлары Х.Бат-Очирын Болд, Х.Бат-Очирын Туяа. Көріп отырсыздар, бұлар монғол ұлтының азаматтары. Мақалада Оспан батырды саяси ұстанымы анық емес, білімсіз надан адам етіп көрсетуге тырысқан.

Оспан батыр туралы Қытай Халық Республикасының баспаларынан шыққан кітаптар мен мақалалардың авторлары да, цензураның қыспағымен, батырды «компартияның тәрбиесіне көн­беді», «банды болды», «Өкінішке орай оның өзінікін жөнге санайтын мінезі ауқымды жағдайды меңгере білмеген кербақпалығы салдарынан жеңімпаз армиямызға қарсы оқ атып, өзін гоминдаң қуыршақ қалдық күштерінің қойнына атты. Америка сынды шапқыншы елдердің желіктіруімен коммунистік партияның көп реткі бағыну насихатына құлақ аспай, қарсы оқ атқандықтан құдіретті армиямыздың тегеурінінде жеңіліске ұшырып, өз түбіне өзі жеткен банды атаманына айналды» деген сияқты сөздер жазуға мәжбүр болғандықтары көрінеді.

Жазушы Дүкен Мәсімхан ұлының «Оспан батыр» атты көлемді мақаласы бар (http://masimkhanuly.kz/?p=2796). Осы мақалада Шығыс Түркістандағы көтерілістің саяси, әлеуметтік себептері баяндалады, бірақ бізге керегі Батырдың шығу тегі туралы мына куәлік мәліметі «Шыққан тегі Орта жүздің керей (абақ) тайпасынан тарайтын Молқы деген рудан».

2007 жылы Алматының «Арда» баспасынан шыққан «Оспан батыр. Деректі зерттеу» деген кітап бар, құрастырушылары Жәди Шәкенұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Өркенбек Нәбиұлы. Бұл кітапқа әртүрлі авторлардың Оспан батыр туралы мақалалары кірген. Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры Тұрсынхан Зәкенұлының «Оспан батыр» атты мақаласында «Оспан батыр 1899 жылы ақпан айында Шығыс Түркістанның Алтай аймағы, Көктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде дүниеге келді. Ата жөні Абақ керейдің Молқы руының Айтуған әулетінен тарайды» деген тұжырым бар. Дәл осындай куәлік кітаптың ішіндегі басқа мақалаларда да жүр. Жалпы, бұл кітапта Оспан батырдың өмір жолына қатысты құнды мақалалар баршылық. Түгендеп жатпаймын. Кітапханаларда бар көрінеді.

Өткен, 2016 жылдың маусым айында «Аңыз адам» журналының №11(143) шығарылымы «Қытайдағы ұлт азаттық көтерілістің басшысы Оспан батыр» тақырыбына арналып басылыпты. Оспан батырға арналған бірінші интервьюда Өркенбек Нәбиұлы бабасын «Орта жүздің Керей руынан» деп айтыпты. Қалың оқырман қауымға бұл журналдың беретін нақты мәліметтері мол. Журналға үн қосқан Түрік ғалымы, өзіміздің бауырымыз, Әбдіуақап Қара мен Жәди Шәкенұлын атар едім. Жалпы, Жәди Шәкенұлының Қытай қазақтарының тарихына арналған шығармасы болсын, Оспан батыр­ға арнап жазған мақалалары мен айтқандары болсын аса дәйекті, мағыналы дүниелер.

Енді Уикипедиядағы «Молқы» туралы мәліметті келтірейін (https://kk.wikipedia.org/wiki/). «Молқы-қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Орта жүз құрамындағы керей тайпасының Абақ керей тармағынан таратылады. Керейдің мол руы. Алтай тауының моңғолдық және қытайлық бөлігінде қоныстанған. Ұраны-Машан, таңбасы-абақ. Қазақтың азаткер батыры, «алтын аңызы» Оспан Исламұлы осы рудан шыққан».

Арғын Тоқаның ішіндегі Молқы атасы туралы Уикипедияда мәлімет жоқ, бұл енді басқа әңгіме.

Қазақтың классик жазушысы Мұқтар Мағауинның 2011 жылы Алматыда шыққан «Шыңғысхан және оның заманы» атты 4 томдық «Деректі тарихи хикая» кітабының «Туған жер» атты 1-томының 313-бетінде Керей елінің көне заманнан бастап бүгінгі күнге дейін созылған тарихын баяндаған тарауында, Оспан батырдың Керей екендігі жазылған. Мұқтар ағамыздың көзі жетіп, көңілі сенбесе бұл мәліметті кітабына қоспас еді.

Стамбұл қаласында 2008 жылы басылып шыққан Yusuf Ziya Arpacik деген автордың “Osman Batur” атты кітабында батыр «қазақ түркілерінің ішінде орта жүздегі Керей Молқы» деп жазылған.Тура осындай куәлік 2011 жылы Стамбулдың «Doğu Türkistan Göçmenler Derneği» баспасынан шыққан «On yilga siğan efsanevi ömur» (Он жылға сиған аңыз өмір) деген кітапта да бар, авторы Dr.Ömer KUL. Тіпті, Оспан батырдың шежіресі, біздегіше тізбектеліп берілмеген, сызба түрінде келтіріліпті. 1988 жылы Швецияның Упсала қаласында Linda Benson мен Ingvar Svanberg-тердің редакторлығымен құрастырылған “The Kazaks of China Essays on an Ethnic Minority” (Қытайдың этникалық азшылықтағы қазақтары туралы эсселер) атты жинақта Линда Бенсонның “Osman Batur: The Kazak’s Golden Legend” (Оспан батыр, Қазақтың алтын аңызы) атты мақаласында да батырды Қазақтың Молқы керейі деп жазыпты.

Соңғы үш кітаптың тиісті беттерін, суретке түсіріп, Түркиядан Әбдіуақап Қара бауырымыз интернет арқылы поштамен жіберді.

Осымен, баспа бетінде басылған, интернет ресурстарында келтірілген Оспан батырдың Абақ керей Молқы екенін айғақтайтын мақалаларды санамалауды тоқтатамын. Іздегенге мұндай материалдар өте көп кездеседі.

Аталмыш тақырыпқа материал жинап, зерттеп толғанып жүрген күндерімнің бірінде, 2017 жылдың қаңтар айының 24-і күні, тағдыр мені Алматыда Арыстан Тосын атты Оспан батырдың туған жиенімен жолықтырды. Дастарқан басына құда деп ардақтап әкеліп отырғызған үлкен кісіні бір жерден көрген сияқты едім, бірақ жыға танымадым. «Ағайды танисың ба» деген үй иесінің сұрағына, «түсі таныс, бірақ есіме түсіре алмай отырмын» деп жауап бердім. Сөйтсем, анау бір жылы, Астана күнінде Ресейдің президенті Д.Медведев пен біздің Елбасымыз Н.Назарбаевтың алдында «Қара жорға» биін Ханшатырдың алдындағы үлкен алаңда билеген ағамыз екен және ағайдың, бірер жылдың мұғдарында, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың бірінде Елбасымыздың Англияға алғаш ресми сапармен барған кезінде Батыс Берлиннен Лондонға іздеп барып жолыққаны туралы айтқан әңгімесін телевизордан көріп, тыңдаған едім. Осы кісі Арыстан Тосын екен. Таныса келе, Керейдің ноқта ағасы, Ителі болып шықты, жасы 79-да. Алматы қаласына жалғас Райымбек ауылында, Сүйінбай көшесінің бойында, өзі салған, атасы Зуха батыр атындағы мешіттің жанында тұрады екен. Сөйлесе келе Арыстан ағамыздың анасы Зәфирә Оспан батырдың әкесі Сләмнің қарындасы болып шықты. Оспанның мүлдем кішкентай кезінде шешесі қайтыс болыпты да, Зәфирә апайы алып кетіп бағып өсіріп, ер жетіп жасөспірім жігіт болған шағында «ары қарай, өз ағайындарың, Молқының ішінде өсуің керек, әйтпесе жат болып кетесің» деп туыстарына апарып қосыпты. Көзі тірі куә деген осы. Қазіргі күні Қытайда Оспанның өз кіндігінен туған бір ғана баласы-Әмақ қалды. Соғыста өлмей аман шыққандарының қалғанының күні жетіп қайтты деді. Жас жеткіншек Оспанды атасы Зуха батырдың қанша рет, қалай сынағанын, не деп бата бергенін айтып берді. Бұл әңгімелерді жинаған материалдарымның ішінен кезіктіріп оқығанмын, бірақ кейбір жазбаларда Зуха батырдың орнына Бөке батыр деп жаңсақ жазғандар да болып шықты. Әбдіуақап Қараның жазуы бойынша, Бөке батыр 1904 жылы, Оспан бар-жоғы 5 жаста болған кезде, қайтыс болып-Оспанды сынайтын да, бата беретін де, соғыс өнерін Оспанға үйрететін де мүмкіндігі болмаған көрінеді.

Оспан батырды ұйғырлар да өздеріне ыңғайлап, біздікі деп тіршілік жасап жатқан көрінеді. Бұл, Жарқын Жеті деген азаматтың «Оспан батырды ұйғырлар ұрлап алмақшы» (http://shyn.kz/article/view?id=352) деген мақаласында айтылады. Мұның артында Шығыс Түркістандағы азаттық үшін күресті, негізінен қазақтар емес, ұйғырлар жүргізді деп айтқысы келетін үлкен саясат жатыр.

Бұл күндері Алтайдың Көктоғай ауданының Күрті қыстағында тұратын, өздерінің ата-тек шежіресін толық білетін, Оспан батырдың көзі тірі туған ұлы Әмақ атамыз тұрғанда және Алматыда тұрып жатқан шөбересі Өркенбек «Орта жүздің Керей руынанбыз» деп айтып отырғанда, «Оспан батырдың туған жиенімін» деген Арыстан Тосын ағамыз барда, қазақ пен қытайдан басқа қаншама мемлекеттердің кітаптары мен журналдары, интернеттегі жарияланымдар «Оспан батыр Керей молқы» деп куәлік беріп отырғанда-басқалардың Батырды «Керей емес, Арғын деуі» күлкілі жағыдай ғана емес, өте өкінішті, шындыққа көпе-көрінеу қиянат нәрсе деп ойлаймын.

Ал, Оспан батырды Арғын тоқаның ішіндегі Молқы жасағаннан Керей кедейленіп қалмайды, бірақ Арғын да байымайды. Батырды Арғыннан қызғанды дейтін, мен Керей емеспін.

Төрехан Майбас айтқандай «Ел ортақ, жер ортақ, батыр ортақ». Ертеңгі ұрпаққа тарихты бұрмаламай жеткізу бүгінгінің парызы, шындық қашанда қымбат.

Байқасаңыздар мақаланың өн бойында, 2016 жылдың күзінде облыстық газетімізде шыққан, «Оспан батыр Тоқа Молқы болады» деген мақаланың авторы Төрехан Майбастың аты бір ретте аталып, ешқандай сын ескертпе жасалмады. Себебі, «Орталық Қазақстан» газеті мен мақала авторы бейтараптық принцип ұстап, оқырманға «ерекше жаңалыққа претензиясы бар» мәліметті жеткізуші ғана. Қалғанын оқырман өзі екшеп, талдау жасайды. Төрехан Майбас менің өте сыйлайтын, әрбір жазғанын күтіп жүріп оқитын авторым. Журналист, жазушы, этнограф, Қаракесектің Керней атасының шежіресін түзіп қалыптастырған шежіреші, «Көкбөрі Керней» деп әлденеше кітап жазған тарихшы-ғұлама ғалым. Осындай білікті азамат газетке ұсынылған мәліметтің шикілігін білмеді емес, білгеніне кәміл сенімдімін. Мақалаға оқырман көңіл аударатындай етіп жазды, соның нәтижесінде көп уақытымызды бөліп, қаншама материал жинап еңбектенуге тура келді. Өкінбеймін, өзім үшін бірталай білім жинадым, енді сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Керекті кітап, мақалаларды жинауға көмектескен, арап әліп-биінде жазылған мақалаларды кирилицаға аударып жазып берген және осы тақырыпқа кітап, мақала жазған ағайындардың телефондары мен электронды почталарының мекен-жайларын тауып беріп, ақыл кеңестерін қосқан түркиялық ғылым докторы, этникалық қазақ, Әбдіуақап Қараға және керекулік шежіреші Мүсәйіп Сыдықовқа, М.Әуезов атындағы әдебиет-өнер институтының бөлім меңгерушісі Серікқазы Қорабаевқа, Қарағанды экономика университетінің доценті Самат Бітімханға алғысымды білдіремін.

Есмағанбет СМАЙЫЛОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Қарағанды қаласы.

Дереккөз: ortalyq.kz

Теги:

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*