Қытайдағы қазақтар Шыңжаң провинциясына қарасты Іле Қазақ автономиялы облысына (Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарын қамтиды), Санжы дүнген автономиялы облысына, Құмыл аймағына, Бұратала моңғол автономиялы облысына, Үрімжі қаласына, жалпы алғанда, солтүстік және шығыс Шыңжаңға жиі қоныстанған. Бұдан бөлек Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданында, Чиңхай өлкесінің Хайши аймағында және Бейжің қаласында да қандастарымыз көптеп тұрады.
Қытайдағы қазақтардың саны 1949 жылы 443 мың 655 болса, 1979 жылы 847 мың 997-ге жеткен. 1982 жылы қазақтың саны 907 мың 583, 1985 жылы 964 мың болған. Бұл көрсеткіш 1990 жылға келгенде 1 миллион 100 мыңды көрсетсе, 1998 жылы қандастарымыздың саны 1 миллион 350 мың болды. Қытайдың 2012 жылғы халық санағына қарағанда қазір Қытай қазақтарының жалпы саны – 1 миллион 460 мың адам.
2010 жылғы Қытайдың 6-реткі халық санағына сәйкес Шыңжаңдағы қазақтардың қоныстану жағдайы мынадай:
Іле қазақ автономиялы облысында (Іле, Тарбағатай, Алтай аймағын қамтығанда) қазақтардың саны – 1 139 293 адам. Ал Іле облысына тікелей қарасты аудан, қалаларда 561 549 қазақ тұрады. Атап айтқанда:
- Құлжа қаласы – 20 214,
- Күйтің қаласы – 5319,
- Құлжа ауданы – 47 102,
- Нылқы ауданы – 77 752,
- Күнес ауданы – 13 7712,
- Тоғызтарау ауданы – 51 670,
- Текес ауданы – 70 172,
- Қорғас ауданы – 33 665,
- Моңғолкүре ауданы – 80 510,
- Чапчал сібе автономиялы ауданында – 37 433 қазақ тұрады.
Тарбағатай аймағында – 249 143 қандасымыз өмір сүруде. Яғни:
- Шәуешек қаласы – 24 879,
- Толы ауданы – 65 078,
- Дөрбілжін ауданы – 70 728,
- Шағантоғай ауданы – 16 868,
- Шиху қаласы – 21 943,
- Сауан ауданы – 35 080,
- Қобықсары моңғол автономиялы ауданында – 14 558 қандасымыз бар.
Алтай аймағында – 328 610 қазақ қоныстанған.
- Алтай қаласы – 74 399,
- Шіңгіл ауданы – 46 101,
- Көктоғай ауданы – 65 405,
- Жеменей ауданы – 24 383,
- Бурылтоғай ауданы – 28 672,
- Қаба ауданы – 50 036,
- Буыршын ауданы – 39 614
Үрімжі қаласында (Үрімжі ауданындағы 22 579 қазақты қамтығанда) – 63 275 қазақ өмір сүреді.
Санжы дүнген автономиялы облысында 132 582 қандасымыз тұрады.
- Санжы қаласы – 18557,
- Фукаң қаласы – 13 668,
- Шонжы ауданы – 24 061,
- Жемсары ауданы – 10 766,
- Құтыби ауданы – 24 467,
- Манас ауданы – 18 638,
- Мори қазақ автономиялы ауданы – 22 425.
Бұратала моңғол автономиялы облысында – 44 664
- Бұратала қаласы – 18 636,
- Жың ауданы – 13 021,
- Арасан ауданы – 13 007
Құмыл аймағында жалпы 49663:
- Құмыл қаласы – 11 245,
- Аратүрік ауданы – 4012,
- Баркөл қазақ автономиялы ауданы – 34 406,
Байынғолин моңғол автономиялы облысында – 1197,
Тұрпан аймағында – 270,
Ақсу аймағында – 190,
Қызылсу қырғыз автономиялы облысында – 126,
Қашқар аймағында – 230,
Хотан аймағында – 82.
Бұл статистикалық мәліметтерге Гансу өлкесінің Ақсай Қазақ Автономиялы Ауданындағы 3000-нан аса қазақ пен Бейжің қаласында тұратын қандастарымыз қамтылмаған.
Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін қазақ ұлты Қытай коммунистік партиясының басшылығында басқа ұлттар сияқты ұлттық териториялық автономия болды. Яғни 1954 жылы 27 қарашада Іле қазақ автономиялы облысы құрылып, жаңа құрылған үкімет Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарын басқарды және Бұратала моңғол автономиялы облысын уақытша басқаратын болды. 1954 жылы 17 шілдеде Мори қазақ автономиялы ауданы, 1954 жылы 30 қыркүйекте Баркөл қазақ автономиялы ауданы, 1954 жылы 27 сәуірде Гансу өлкесінде Ақсай қазақ автономиялы ауданы құрылды.