Руханият

Қосыл Омаров: Атасы Серiлердiң Сегiз серi…

Қылышпын қынабынан алынбаған,

Алтынмын таразыға салынбаған.

Ашамайлы Керейдiң ер ұлымын,

Бейне бiр жанған өрттей жалындаған.

 -Сегiз серi.

Қараңғы қазақ көгiне өрмелеп шығып күн болған, жарық жұлдызы болып халқына жол көрсеткен асылдарымыз әр кезде болған ғой. Бiрақ тоталитарлық билеу кезiнде адымымызды Москваға қарап аттайтын жағдайда көпшiлiгiнiң атын атап мақтай да алмадық, мақтана да алмадық. Ендi, бұлт ыдырап, қазақ елiнің күнi туып, тәуелсiздiгiмiздiң таңы атқан кезде ұлыларымызды ұлықтауға жаппай кiрiсуiмiз заңды. Қазақ халқына еңбегi сiңген хан мен сұлтандарымыздың, би мен батырларымыздың, ақын жырауларымыздың бiразына ескерткiш орнатып, шығармаларын бастырып, мерей тойларын өткiзiп, дұға оқытып жатырмыз. Бұл бiздiң ұрпақтың адамдық парызы. Мiне, осындай игiлiктi iстiң үстiнде бүйректен сирақ шығарып, өлi аруақтармен алысуды кәсiп қылған «оқымыстылар» пайда болды. Бұл бiзге, қазақтарға тән. Басқа ел-жұрттар жоқтың өзiн бардай, барды зордай қыламыз деп жанталасып жатса, бiз барымызды жоқ қылуға әуреленемiз. Оған дәлел, Сегiз Серi (Мұхамедқанапия) төңiрегiндегi екi-үш жылдан берi толастамай келе жатқан абройсыз айтыс.

Бiрақ, оқушы қауым, сiздердiң назарларыңызға ұсынылып отырған бұл кiтаптiң мақсаты айтыс емес, туа бiткен таланты мен асқан дарындылығы арқасында бiр жарым ғасыр бойы қазақ халқын ән мен жырға бөлеп келе жатқан сал-серiлердiң атасы Сегiз Серiнiң талас тудырмайтын шығармалары мен өмiрбаянынан мағлұмат беру.

Сегiз Серi Баһрамұлы Шақшақов 1818 жылы Солтүстiк Қазақстан облысының Жамбыл ауданында Гүлтөбе-Маманай деген жерде туған (бүгiнгi Майбалық-Жекекөл ауылдарының арасында). Руы керей, керей iшiнде Көшебе. Белдi атаның ұрпағы. Үш жүзге атағы шыққан Толыбай сыншының 24 баласы болады. Ең кенжесі Қожаберген жырау (әйгiлi «Елiм-айдың» авторы, 1690-1712 ж. Қазақ қолының ордабасы). Ал, сыншының 8-шi баласы – Қарабас тархан. Одан жетi бала туған, үлкенi – Асқап. Асқаптың екi баласының үлкенi – Көшек, Көшектен 12 бала болған – сегiзiншi Шақшақ Сегiз Серiнiң атасы (бұл үзiндi Сегiз Серi шежiресiнен алынды). Сегiз Серi 8 жаста келгенде шешесi Жамал қайтыс болады. Оның қырқы өтiсiмен әкесi Баһрам дүние салады. Бұл 1826 жылы – ит жылы болатын. Сегiз атасы Шақшақ пен әкесiнiң iнiсi Жанат серiнiң тәрбиесiнде болады.

Сегiз Серi жастайынан өнерге үйiр, бiлiмге құштар, зирек болады. Атасы – Шақшақ қазақша-орысша оқуға бередi. Ақын ес бiле, ауылда Мөңке, Бегiм молладан хадимше қат таниды. Содан кейiн келешектi әрiден болжайтын, көзi ашық Шақшақ би немересінің орысша бiлiм алғанын қалайды. Татар арасында патша үкіметінен бой тасалап жүрген Иван Михайлович Прохоров деген сауатты азаматты елге әкелiп отыз шақты баланы, iшiнде Сегiз де бар, орысша оқытады. Сегiз осы Прохоровтан оқығанын есейген соң еске алып, бір өлеңінде:

«Орысша блiм ал деп атам Шақшақ,

Оқытты 4 жылдай ұстаз жалдап», – дегендегi ұстазы осы Иван Михайлович.

Одан кейiн Болатынай, Қызылжар медреселерiнде оқып бiлiмiн тереңдетедi. Қызылжар медресесiнде оқып жүргенде ақын-серi орыс тiлiнен басқа араб, парсы-шағатай, көне түрiк тілдерiн меңгередi, шығыс әдебиетi классиктерiнiң шығармаларымен танысады.

Сегiз Серiнi ақындыққа, әншiлiкке баулыған осы медресе ұстаздары Иманғабит серi мен өз ағасы Көрпеш едi. Бұл екеуi де Бұхараның жоғары дәрежелi медресесiн бiтiрген заманында ғұлама ғалым, екеу де ақын, әншi болған азаматтар екен.

Немересiнен көп үмiт күткен атасы Шақшақ Сегiздi Омбы қаласындағы әскери училищеге оқуға бередi. Училищені бiтiрiп, кiшi офицерлiк мамандық алған Сегiздi патша әкiмдерi жазалаушы отрядқа жолдама бередi. Бiрақ патшаның отаршылдық саясатына қарсы болған Сегiз отрядқа барудан бас тартады. Қаша соғысып, кiшi жүз асып кетедi. Бұл туралы белгiлi ақын Нұржан Наушабаев «Сегiз серi» атты дастанында:

Омбыға бiлiм iздеп Сегiз барған,

Ғылымды меңгеруге талаптанған.

Алты жыл әпесерлiк оқу оқып,

Оны да дер кезiнде тамамдаған.

Қолбашылық оқуды бiтiргенмен,

Патшаның қызметiн атқармаған.

Әпесер патша ағзамға болмаған соң,

Жандарал Ер Сегiздi қудалаған, – деп жазады.

Рас, оның училищеде оқығандығы туралы құжат Омбы архивiнде жоқ. Сегiз Серi туралы ғана емес, сол жылдардың құжаттары 1840 жылғы екi бiрдей апаттан аман қалмаған. Бiрiнде, қалың өртке ұшыраса, екiншi жолы су тасқыны көптеген архив бумаларын құртып жiберген.

«Горчаковке!», «Патша әкiмдерiне», «Қыз сипаты», т.б. шығармаларында, дастанында губернатор қудалады дегенi шындық. Өйткенi, Петр Дмитриевич Горчаковтың 1836 жылы қаңтар айында Батыс Сiбiр генерал-губернаторы болып тағайындалғаны, 1937 жылы губернияның орталығын Омбы қаласына көшiргенi, оның башқұрт халқының және Кенесары Қасымов бастаған ұлтазаттық көтерiлiсiн басуға отряд жiбергенi тарихи шындық.

Ал, Сегiз серiнiң жазалаушы отрядқа бармай, қуғынға ұшырауын, ақын өзiнiң шығармаларында тәптiштеп-ақ жазады. Мысалы, «Горчаковқа» деген өлеңiнде:

Сен айтты деп Горчаков,

Халқымды мен жылатпан…

Бар айыбым Горчаков,

Тiлiңдi сенiң алмадым.

Жазалаушы әскерге,

Сардар болып қалмадым, – дейдi.

Патша үкiметiнiң отаршылық саясатына қарсы болып, озбырлық iстерiне қатысудан бас тартқаны үшiн қудалауға түскен серi губернатордың жендеттерi мен қаша соғысып, кiшi жүз асып кетуiн «Қыз сипаты» дастанында баяндаған.

Ұлықтың егескен соң зорыменен,

Солдаттың соғыспақ боп тобыменен.

Қоштастым аттанарда өлең арнап,

Алты жыл білім алған Омбыменен…

Қадірлі Сарыарқадан таппай тұрақ

Қоштасып туған жерден кеттік жырақ.

Жағалбайлы, жаппасқа аялдамай,

Ырғызға бет түзкдік жылдамырақ.

Өз елінде патша үкіметінен қудалау көрген Сегіз Серінің Кіші жүздің Ысық елінің батыры Қалдыбай аулына келуі, оның жалғыз қызы Ғайни сұлуға ғашық болуы, қыздың қайғылы қазасы жоғарыда айтылған «Қыз сипаты» поэмасында бар. Ақын – сазгердің халық арасына кең тараған Ғайни әнінің де дүниеге келуі осы уақиғаға байланысты.

Кіші жүздің табын елдеріне барғанын, Көтібар, Арыстан батыр ауылдарында мейман болғанын да осы «Қыз сипатында» баяндайды.

Ақын неге кіші жүзге бет алды, оңтүстікке неге кетпеген? – деп сұрақ қоятындар да бар. Оның себебі біреу – Сегіздің атасы Шақшақтың шешесі Ақбота Сырым Датұлының туған апасы. Сарыарқадан сая таппай сенделген саяқтай Серінің кіші жүз түгіл, Кавказ төңірегін аралап, Иран, Афганистан елдеріне баратыны да осы жылдар. Бір таңқаларлығы ақын қай елге барғанын, кімдермен кездескенін, өзі куә болған уақиғалардың бәрін ұқыпты тарихшыдай өлеңдеріне арқау еткен. Сегіздің өлең әндері өзінің ғана емес, өзі өмір сүрген заманның тарихы. Сегіз серінің Кіші жүз елінде Исатай, Махамбеттермен кездесуі ақын өміріндегі үлкен тарихи уақиға болды. ақынның патша үкіметіне деген наразылығы артып, Исатай-Махамбет көтерілісін барынша қолдағанын, тілектес адамдарының бірі болғанын өзінің өлеңдерінде де ашық атады:

Дәм-тұзын қазағымның жүрмін ақтап,

Исатай, Махамбеттің ісін жақтап.

Сегіз сері Исатай-Махамбет көтерілісі жайлы «Исатай-Махамбет», «Ер Исатай» атты дастандарын, Исатайға, Махамбетке арнаған өлеңдерін жазған.

Орта жүздің беделді би, бектерінің араласуымен тек төрт жылдан кейін, 1838 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Сегіз Серіге кешірімділік жасайды, ақын елге оралады.

Еліне келісімен түбі Бағаналы Найман, Елғұн деген байдың қызы Ырысбике сұлуға үйленеді. Бақытты отбасынан 7 ұрпақ өрбіген. Олар: Мұстафа, Мұсабек, Мұсайын, Мұсажан, Мұсахан, Мұсағұл, Есболған деген ұлдары және Бибізада деген қызы болған.

Сегіз Сері Шақшақов 1854 жылы Дос көлінің маңындағы жайлауда қайтыс болады.

Ақын-сазгердің Сегіз сері атануының да сыры бар, «Ол сегіз қырлы, бір сырлы» өнер иесі болған. Біріншіден, туған елінің тағдыры мен болашағына қара бастың қамы мен мүддесін жығып бергені үшін патша үкіметінен қудалау көрген ұлтжанды азамат. Қалған өнерлері де біртөбе; жауырыны жерге тимеген балуан, құйысқаны қанды аңшы, құралайды көзге атқан мерген, бармағынан бал тамған шебер, зергерлігі тағы бар. Домбыраны, қобызды сарнатқан күйші, аспандағы аққумен үн қосқан әнші, өлеңнен өрнек тоқыған арқалы ақын. Оның нәзік махаббат лирикасы, өміршіл кең тынысты этикалық дастан-жырлары ауыз әдебиеті онша дами қоймаған, жазу, сызуы кемдеу қазақ даласының түпкір-түпкіріне ауызша тарап кеткен. Оны өзі де білген, басқалар да айтқан. Мысалы, өзі:

Әйгілі болды жұртқа өнеріміз,

Артып түр жас болсақ та беделіміз.

Жанкүйер дос-жаоандар көп болған соң,

Жайылды елден-елге өнеріміз – десе,

Шәкірттерінің бірі Дәндібайұлы Жаманқұл ақын:

Елу бес әнін Сегіздің,

Елге өзім тараттым.

Жырларынан нәр алып,

Пайдаға ылғи жараттым.

Қырық бес күнін Сегіздің,

Тартып бердім әр жерде.

Қырық қиссасын серінің,

Әнмен айттым әр елде.

Тарап кетті халқына,

Жүзден аса дастаны.

Қаншама бай қазына?! Әрине, әсірелеу де бар шығар, сонда да қазір бүкіл Қазақстанның түпкір-түпкірінен өткен ғасырдың орта кезінен бері жинаған дүниелердің өзі қаншама.

Сегіз сері алдымен – лирик ақын. Тек қана әнін де өзі шығарған махаббат тақырыбына арналған өлеңдері отыздан асады, оның ішінде: «Гауһар тас», «Қарғаш», «Ақбұлақ», «Әйкен-ай», «Қаракөз», «Ғайни», «Назқоңыр», «Жылы-ой», т.б. Алланың берген зор талантын қызғанған біреулер Сегіз серің Дон-Жуан ба, жүрген жерінде қыздарға ғашық бола береді деген уәжді алға тартады. Өзі сал-сері болса, суырып салма ақын, жезтаңдай әнші болса, жақсыны көрмек үшін дегендей сұлу қыз, көркем келіншектерді көргенде неге бұғып қалады. Шабытты сезім аятады, ақын нәзік жанды өте сезімтал келеді. Сондықтан сирек кездесетін сұлулықты, әдемілікті асыл, нәзік сөздермен өрнектеп, әдемі, сазды әнмен түйіндесе несі айып. Сегіз сері сол сұлулардың бәрімен төсектес болды ма деген арам ойдан аулақ болған жөн.

Біз жоғарыда Сегіз серінің азаматтығы туралы айтып кеткен едік. Шындығында, ақын көп өлеңдерінде, дастандарында, толғауларында туған еліне, Отанына деген ыстық сезімін білдіріп отырады. «Қашқын келбеті», «Қыз сипаты» дастандарында, «Жорықта», «Туған ел» т.б. өлең-термелерінде.

Еліңді сүюмен бірге халқыңа адал қызмет қыл, ел шетіне жау келсе, ата салтымен атқа мін, Отаныңды қорға деп ерлікке шақыратын өлең жолдары көп кездеседі:

Халқына азат көрсеткен,

Жауға аттанбай ер болмас.

Ат қойып қарсы дұшпанға,

Қамалға шаппау жөн болмас.

«Ай жарығы таң болмас».

Ақын елді, жастарды ерлікке ғана емес, ынтымақтастыққа, бірлікке шақырады.

Бөлінбе қазақ жік-жікке,

Бөлінсең қазақ жік-жікке

Шіл боғындай бытырап,

Шыға алмассың биікке.

Не жетсін жұртым бірлікке

Мән берген жөн ерлікке

Өнер қуып кәсіп ет,

Салына бермей өрлікке.

«Бірлік, өнер, кәсіп»

Мысалы: «Туған еліме» деген өлеңінде:

…Туған ел ыстық болдың мұнша неге,

Білмеймін осылай ма әр пендеге.

Ойымнан жатсам тұрсам бір кетпейсің,

Көңіліме қағылыпсың болып шеге.

Ал, Сегіздің бүгінгі күні тапшы болып бара жатқан адамгершілік, имандылық қасиеттерімізді насихаттау, жастарға ақыл-кеңес беру мақсатында жазылған шығармалары да аз емес. «Не пайда?» деген толғауында:

Жауынгер жігіт сол болар,

Қамалдан тізгін тартпаса.

Талапты жігіт сол болар,

Міндетін елге артпаса.

Адал жанның белгісі,

Сыртқа сырды шашпаса.

Сабырлы жанның белгісі,

Шарадан асып таспаса.

 

«Не пайда?»

Иілмей тас болғаннан сынған артық,

Басыңа пәле келсе тынған артық.

Мінгенше жамандар мен алтын таққа,

Ерлермен бірге түскен заңдан артық.

«Нақыл сөздері»

Сегіз Серінің өмірі мен шығармашылығы терең зерттелді деп айта алмаймыз. Дегенмен, ол жайында оң пікір айтушылар: Ғабит Мүсірепов («Ұлпан» повесінде, Қойын дәптерінде), Әлкей Марғұлан («Әнді ерттеп, күйді мінген кемеңгерлер»), Тұрсынбек Кәкішев, Мырзабек Дүйсенов, М.Жармұхаммедов тағы басқа әдебиетші-ғалымдар, әдебиет зерттеушілері екі жүздей зерттеу мақалаларын жазды. Сонымен қатар, Сегіз сері туралы арнайы екі әдеби зерттеу еңбегі жарық көрді (Т.Сүлейменов. «Сегіз сері», «Өнер» баспасы – 1991 жыл; Н.Әбуталиев «Сегіз сері», «Жалын» баспасы – 1991 жыл).

Бұның барлығы үлкен игілікті істің бет ашары ғана, Сегіздің шығармалары, әсіресе дастан, қиссалары арнайы зерттеуді қажет етеді.

Заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпанында» мынадай жолдар бар: «Ақын Шәрке сал, Соқыр Тоғжан ақын, Нияз сері, Сапарғали ақын тағы 3-4 жаңа перілер. Бәрі де атақтының атақтасы Сегіз сері ақынның мұрагелері. Бұл елде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» жырларын Сегіз серінікі деп санайды. Сегіз сері өз жанынан шығарған ба, ол арасы дүдәмал. Ал «Қарғаш», «Гауһар тас», «Әйкен-ай» әндерін Сегіз сері шығарғанын тіпті дауға салмайды, түгел мойындап қойған. (Ғ.Мүсірепов, «Ұлпан», 1975 ж. 164 бет). Сегіз сері болған ба, болмаған адам ба деп күдектенушілерге енді қандай дәлел керек. 1500 жылдығын өткен жылы атап өткен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасының бір нұсқасын Сегі сері жазғанына тіпті де дау жоқ. «Қазақтікі» деген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының 20 шақты нұсқасы болғанын «Қазақ қауымы» деген еңбегінде Сәбит Мұқанов та жазған (С.Мұқанов, «Қазақ қауымы», 1995 ж. 148 бет).

Сегіз серінің тарихи тұлға екенін, аса дарынды әнші екенін куәләндыратын оның талантты шәкірттері. Сегіз қайтыс болғанда 40 ақын қайғырып, қоштасу өлең-жырларын арнаған екен.

Оның ішінде халқын әнге бөлеген Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Нұржан Наушабаев, Шөже, Орынбай, Арыстанбай, т.б. ақын, сал-серілер бар. Атақты Біржан сал:

«Жалғанда мұратына кімдер жеткен,

Көп жақсы менен бұрын талайы өткен.

Адамның асылдары сондай болар,

Дүниеден Сегіз сері, Нияз да өткен.

Ұстазым Сегіз сері, Нияз сері,

Олардан үлгі алған мен Біржан сері» – деп жазса,

(Біржан сал «Теміртас»)

Нұржан Наушабаев: «Сегіз сері» атты дастанында:

Ұрпаққа жақсы дәстүр бастап кеткен,

Артына өшпес жырлар тастап кеткен.

Үш жүзге батырлықпен аты әйгілі,

Керейде Сегіз сері болып өткен, – деп жазған.

Сегіз серінің сазгерлігі, әншілігі, күйшілігі туралы әңгіме бөлек. Әндері сұрапталып, нотаға түсіп, жеке кітапша түрінде басылып шықса, құба құп.

Оқушы қауым, жұртшылықты мазалайтын тағы бір сауалға тоқтала кеткенді жөн көрдік. Қазақша, орысша сауаты мол Сегіз сері бабамыз өлеңдерін ауызша ғана айтып, жазба түрінде қалдырмаған ба деп сұрақ қоятындар бар. Біздің пікірімізше, ішінде өнерлі жастардың тобы-ақыны да, әншісі де, балуаны да, ұлттық спорт шеберлері де, әзілкештері де бар сал-серілер ауыл-ауылды аралап, елге өз өнерлерін көрсетіп, әнге бөлеп жүргенде шығармаларын жазып отыруға жағдай іздемесе керек. Дегенмен, Сегіз серінің артында қағазға түскен мол дүниесі қалғанын көне көз қариялардан естігеніміз бар.

Тіпті бертін, 1998 жылы Сегіздің мұрасын зерттеп жүрген 5-6 адамнан құралған топ Жамбыл, Тимирязев ауданын аралағанымыз бар. Сонда, Айымжан ауылында Сегіз серінің төртінші ұрпағы Шайхули ақсақалмен кездескен болатынбыз.

Ол кісінің айтуы бойынша Сегіздің қолжазба еңбектері, қобызы, домбырасына дейін 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін сол Қабаң үйінде сақталыпты. 1922 жылы сәуір айында қызылдарға ат бердің деп ақтар ауылды өртеген екен, үймен бірге үш сәби: Мендіқожа, Мендіхан, Мендібай да, Сегіздің қолжазбасы мен ән-күй аспаптары да бірге өртеніп кеткен көрінеді. Бұл қайғылы уақиғаны ауылдың ақсақалдары қазір де айтып отырады.

Сонымен қазақ даласында бай мұраларымыз, асыл қазналарымызды сақтаудың бірден бір сенімді ауыз екі түрі ғой. Осыны ескеріп, облыс әкімшілігінің қолдауымен е-елден, жер-жерден өлеңге құштар, өнерге үйір деген адамдардың жүрегінде жатталып, жадында сақталып қалған Сегіз сері (Мұхамедқанафия) Шақшақовтың шығармаларын тірнектеп жинай бастадық. Ұлттық Ғылым Академиясындағы (М.Әуезов атындағы әдебиет институтында) қорда сақтаулы материалдармен салыстырып, Сегіздің талассыз өзінікі деген дүниелерді сұраптап, түсініктеме жазып халыққа ұсынып отырмыз. Сегіз серінің бұл екі томдық шығармалар жинағы бітеліп қалған бір бұлақтың көзі ашылғандай, ұлттық рухымызды биіктеуге қызмет етер деген үміттеміз.

Сусындаңдар, ағайын!

Теги: ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*