Руханият

Сейітқали Қарамендин: Жаяу Мұсаның “ЕР СЕГІЗ” толғауы жайында.

Сейітқали Ыдырысұлы Қарамендин 1913 жылы, 10 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысыАбай ауданы, Әйтей ауылында өмірге келген. 1997 жылы, 10 маусымда, Алматы қаласында өмірден озған. Ауыз әдебиетін зерттеуші, Абай мұрасын насихаттаушы.

Қазақ халқының аса көрнекті суырыпсалма ақын-жырау, әнші-композиторларының бірі – ЖаяуМұса 1835, яғни қой жылы наурыз айында қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Ақкелін шоқысы деген жерде Байжан есімді шаруаның семьясында дүниеге келіп, 1929 жылы күзде сол Баянауыл ауданындағы “Жайма” совхозына қарасты Ақшоқы деген мекенде ұзақ жасап, ауырып қайтыс болған. Сүйегі сол жерде жерленген. Жаяу Мұсадан артында қалған ұрпақ бар.

Мұсаны әкесі Байжан алты жасында ауыл молдасы Сақыпкерей әншіге оқуға берген 1841-1844 жылдары Мұса ауылдың шағын медреседе Сақыпкерейден оқып, хадимше сауат ашқан.

Мұса тоғыз жасқа келгенде, оны қызылжарлық (петропавловскілік) Көшебе керей Итемір Барлыбайұлы мырзаның саудасын жүргізіп жүрген немере ағасы Шымыр Тайжанұлы алып кетіп, Қызылжардағы медресеге оқуға береді. Мұса ол медреседе атақты Сегіз сері ақынның ағасы имам Көрпеш жырау Баһрамұлынан екі жыл дәріс алып, араб, парсы, шағатай тілдерін және орыс балаларымен бірге жүріп орысша тіл үйренеді. Қызылжар базарында Сегіз сері тобының өнерін көріп, тамашалаған жас бала Мұса солардай сал-сері, өнерпаз болуды да армандайды. Шымыр имам Көрпеш ақынның ризашылығын алып, немере інісі Мұсаны сол Қызылжар шаһарындағы екі басқыштық орыс мектебіне (екі кластық приходская школаға) оқуға береді. Мұса орыс мектебінде 1846-1848 жылдары оқып, оны үздік бағамен бітіреді. Онан кейін Шымыр Тайжанұлы інісі Мұсаны қызылжарлық Керей Итемір мырза Барлыбайұлының көмегімен Омбыдағы Азия мектебіне оқуға орналастырады. Мұса Байжанұлы Азия мектебінде 1848-1852 жылдар арасында төрт жыл оқып, оны өте жақсы бітіріп шығады.

Омбыдағы Азия мектебін тәмам еткен соң, Мұса Қызылжардағы немере ағасы Шымыр керуеншіге қайтаоралады. Онда аз күн жатып демалған ақын Байжанұлы ұлық болудан гөрі өнер иесі болуды ұнататынын ағасы Шымырға ашық айтады. Шымыр інісінің ол ойына қарсы болмайды. Ақыры Мұса ағасынан рұқсат алып, өнер жолына түсуді мақұл көріп, сол Қызылжар өңіріндегі “Гүлтөбе-Маманай” деген жерді мекен ететін әскербасы сардар, суырыпсалма ақын әрі әнші, күйші, композигор, әйғілі шежіреші, атақты мерген, түйе палуан, сал-серілер тобының басшысы, халықбатыры Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақовқа (1818-1854) баруға аттанады.

Өзін арнаулы түрде іздеп келіп, сәлем берген жас әнші-ақын Мұса Байжанұлын (1835-1929) Сегіз сері сардар жақсы қарсы алып, қадірлі мейман етіп, өзінің сал-серілер тобына кіші шәкірт етіп қабылдайды. Ақмола (Қараөткел) өңіріндегі Орта жүз Қуандық Арғынының Темеш елінен келгенбала ақын Жоламан әнші Тәттібайұлы (1835-1922 ж.ж.) мен Мұса Байжанұлыекеуі Сегіз серінің ең жас шәкірттері болған екен.

Мұса Қызылжарда ән салып, домбыра тартуды бала кезінде Сейітжан сал Көрпешұлынан үйренсе, Сегіз сері тобында болған шағында қобыз, сыбызғы, скрипка, сырнай (гармон) тартуды жақсы меңгереді.

1852-1954 жылдары Сегіз сері ұйымдастырған сал-серілер тобында жас шәкірт болған Мұса өзінің ән-күй аспаптарындаойнау шеберлігін, әншілік, күйшілік, ақындық өнерлерін дамытумен қатар, аңшылықты, мергендікті, құсбегі-саятшылдықты, атбегілікті, ат ойынының шебері болуды жақсы меңгеріп шыққан.

1854, яғни, барыс жылы тамыз айының аяғында белгілі өнерпаз Сегіз сері ауырып, өз жайлауы – қазіргіСолтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданындағы Докучаев атындағы совхоздың Дос бөлімшесі орналасқан жердегі Дос көлінің жағасында қайтыс болғанда, ұстазы Шақшақов ақынға арнап, оның 45 (қырық бес) шәкірті, қырық бес жоқтау өлең шығарған. Сол көп жоқтау өлеңнің бірін Мұса Байжанұлы шығарыпты. Бір өкініштісі, жас ақын Мұса өзінің ардагер ұстазы Сегіз серіге арнап шығарған сол көркем туындысы бізге келіп жетпеген.

Мұса әнші Сегіз серінің асы өткенше сол ұстазының ауылында болып, асқа елмен бірге қатысып, Баһрамұлына арнап үлкен жыр шығарады. Бірақ біздің дәуірімізге оныңол дастаны да келіп жетпеген.

1855 жылы жазда Сегіз серінің асы Хан жайлауда өткен соң, Мұса Керей елімен, Шақшақов сардардың өнерпаздар төбымен қоштасып, олардың ризашылығын алып, өзінің туған өлкесіне, туған еліне оралады. Ол өзінің аса қадірліұстазы Сегіз сері жыраудың хисса-дастандарын, ән-күйлерін, жұмбақтарын, шешендік сөздерін Кереку, Баян аймақтарын мекендейтін өз жұртының ауылдарын аралап жүріп, ала жаздай насихаттап, елге таратқан. Бірақ сол шақта аяқ астынан ақын Мұса өз еліндегі шонжарлармен жер үшін дауласып, қуғынға ұшырайды.

Ол патша әкімдері мен жергілікті үстем тап өкілдерінің қуғынына ұшырар алдында өздерінің кемеңгер ұстазы Сегіз сері батырды еске алып, “Ер Сегіз” атты толғау шығарады. Биыл атақты әнші-композитор Жаяу Мұсаның туғанына 155 жыл толды. Сондықтан Байжанұлының “Ер Сегіз” атты әнмен айтылатын өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Жігіттер, өнер қусаң,

Сегізгеұқса,

Шәкірті ем Сегіз сері атым Мұса.

Қазақтың ел қорғаны мақтаныш қой,

Үш жүзде Ер Сегіздей көп ұл туса.

 

 

Бөлеген күйге Сегіз ой мен қырды,

Төгетін жиындарда асқақ жырды.

Омбыда Мүкәрама сұлуға арнап,

Шығарған алғашқы әні “Назқоңырды”.

 

Әулеті Сегіз шыққан шын асыл тек,

Орынсыз еш пендені көрмеген жек.

Баянда бір апама құрбылықпен,

Шығарған тамаша әннің бірі – “Ақбет”.

 

Сал Сегіз әуес болған нақ Құндызға,

Көз салган әр елдегі шын жұлдызға.

Шығарған “Қыз сипаты”, “Ғайни” әнін,

Еркесі Ысық жұрты Ғайни қызға.

 

Сардар еді Сегіз сері тура сөзді,

Ер еді аса көркем, иман жүзді.

Жолығып Үшбурылда Патшайымға,

Арнаған әсем әнін – “Қаракөзді”.

 

Сал Сегіз өзге ақыннан болған басым,

Шығарды Мақпалға арнап “Гауһартасын”.

Ән салып, күй шығарып, дастан жырлап,

Әр жердің тамсандырған көрі-жасын.

 

Сегіздің алдын көрген талай ақын,

Ұстазым берді оларға дұрыс ақыл.

Бәрін де туысқандай баурап алды,

Деген жоқ мынау алыс, мынау жақын.

 

Қайтпаған жаудан оның жас жүрегі,

Талмаған сан майданда ақ білегі.

Таралған қолтаңбамен Кіші жүзде,

Сегіздің “Айман-Шолпан”, “Қыз Жібегі”.

 

Сегізде толып жатыр тамаша әндер,

“Әйкен-ай”, “Жылы ой”, “Қарғаш”,“Бес қарагер”,

“Шолпан қыз”, “Дайдидау” мен “Боз қараған”,

Бәрі де ол шығарған ғажап әндер.

 

Сегіздің жұрт сүйсінген әндеріне,

Жатады “Ақбұлақ” пен “Дүние-ай” терме,

Бұлардан ешқашан да кем түспейді,

«Туған жер», «Ғұмыр» дейтін өлеңі де.

 

Ер Сегіз басшы болған қалың қолға,

Ел малын айырарда жаудан жолда.

Сүйсініп жорықтарда мінер атқа,

Шығарған бір жақсы әні – «Құла жорға».

 

Ақындық көрінгенге қона алмайды,

Кез келген келістіріп ән салмайды.

Кейбіреу мен пәленмін десе дағы,

Бәрібір Ер Сегізбен тең болмайды.

 

Бозбала әнге салсаң Сегіздей сал,

Үнемі разы болсын жас пенен шал.

Олжасын ғаріптерге үлестіріп,

Ұстазым жинамаған дүние-мал.

 

Батыр еді жырау Сегіз салтанатты,

Ақ жарқын, ашық мінез, инабатты.

Жырлаған топ ішінде ер шабытпен,

Жайылды бір хиссасы «Еділ» атты.

 

Таралды ол шығарған – “Қобыланды”,

Дастанын жақсы деп жұрт бағалады.

Халықтан тірісінде алғыс алып,

Үш жүзді палуан Сегіз аралады.

 

Хиссасы Сегіз сері тарап елге,

Түгелдей жария болды көп елдерге.

Сал Сегіз толғау,өлең-жырларында,

Беріпті үлкен баға өткендерге.

 

Үш бірдей дастанында тоқталыпты,

Қыпшақта Қойлыбайдай әулиеге.

Ер Сегіз Қойлы-екеңді қадір тұтып,

Түнепті көрегеннің бейітіне.

 

Қолданған алтын, күміс, қола, мысты,

Өткізген қолөнермен ылғи қысты.

Өзінің Ордасында мен барған жыл,

Шығарған «Едіге» мен «Алпамысты».

 

Ерекше көп өнердің арқасында,

Сегіздің домалады тасы өрге.

Айналды туған халық марқасына,

Барша жұрт сый көрсетіп кемеңгерге.

 

Қасына өнерлінің бәрін жиды,

Әр елден алып жүрді тарту-сыйды.

Шығарды “Алмас қылыш”, “Жорық”, “Тұлпар”,

“Көк найза”, “Дабыл”, «Садақ» дейтін күйді.

 

Ер сегіз әнге енгізер әсем мәнер,

Тектен тек шыға қоймас асыл әндер.

Халайық ықыласпен балқып тыңдар,

Ол сабаз болғаннан соң жырға шебер.

 

Тойтарған мерген Сегіз елдің жауын,

Бітірген аз сөзбенен жұрттың дауын.

Арналған Зуһра атты келіншекке,

Өзінің бір ғажап ән “Тік шырқауын”.

 

Сегізбен заманында жолдас болыпты,

Кіші жүз Исатай мен Махамбет ер.

Жиналған туы астына ұстазымның,

Құсбегі, атбегі, аңшы, көп жауынгер.

 

Екі жыл сал Сегізге шәкірт болдым,

Саналып ең кішісі қалың қолдың.

Сегізге барар кезде сезіп едім,

Өнерге ашыларын даңғыл жолдың.

 

Үйреніп ұстазымнан “Гауһартасты”,

Мен дағы әнге ұйыттым кәрі-жасты.

Шығарып “Гауһартастай” әннің гүлін,

Сегіздің басқа ақыннан әруағы асты.

 

Өнерге жолды ашып бастап алдым,

Басыма домбырамды жастап алдым.

Жаттап ап Сегіз сері хиссаларын,

Құбылтып неше түрлі әнге салдым.

 

Сүйсінді ел ұстазымның жырын тыңдап,

Батырдың “Мақпал”, “Қалқаш” әнін құндап.

Ән-күйін шәкірттерге үйретуші еді,

Сал Сегіз көрген емес сөзін бұлдап.

 

Жүрегі емес оның жаудан тайған,

Әр жерде халқын қорғап, ашқан майдан.

Сарбазға келген жасты қабылдады,

Деместен мынау Алшық Қоңырат, Найман.

 

Дайрабай күйші менен Көрпе,Тоқжан,

Жаманқұл, Мергенбай мен Шәрке,Біржан.

Бәйеке, Құлтума мен Жәмшібай, Нұркей,

Бағаналы Балтекей,Қоңырат, Мырзан.

 

Тезекбай, Кемпірбай мен Қуат, Жапар –

Бәрі де сал Сегізде шәкірт болған.

Найманда Төртуылдан Мырзаш әнші,

Басқа да шәкірті көп өнер қуған.

 

Мырзан, Мырзаш, Дайрабай үшеуінен,

Өзгесі суырыпсалма ақын еді.

Бір жігіт шырық бұзып көрген емес,

Айтқаны Құсбегі Сегіз мақұл еді.

 

Сегіздің жүзі әдемі, бойы биік,

Пайдасы барша жұртқа жүрген тиіп.

Сымбатты болса дағы түсі суық,

Айбарын көріп дұшпан тартқан күйік.

 

Ер болды заманында тым айбатты,

Өзінің қатарында бек қайратты.

Көп жасты жаттықтырып, козін ашып,

Өнерлі сарбаз етіп, гүл жайнатты.

 

Ұғып ап ақын Сегіз айтқандарың,

Көшіріп жаттап алдым дастандарын.

Әнін сап, күйін тартып, жырын шырқап,

Қатардан әңгіме еттім асқандарын.

 

Шырқадым Сегіз сері “Көкем-айын”,

“Ерден көк”, “Алқоңыр” мен “Сәулем-айын”,

“Бозшұбар”, “Қызға сәлем” әнін айттым,

Несіне сауық құрмай қорғалайын.

 

Сегізден үлгі-өнеге ап артты өнерім,

Мен ондай көрген емен жыр шеберін.

Әр ауылда әншіге жазып бердім,

Ұстазымның тамаша ән-өлеңін.

 

Біздерге үлкен міндет көпті бұру,

Мақсұтым жақсылармен мәжіліс құру.

Тағы да менің баппен шырқайтыным,

Сегіздің ғажап әні “Кісем сұлу”.

 

Сегізді ұстазым деп бата да алдым,

Ұнатып тілек тілеп айтқандарын.

Елге әкеліп, халыққа кең тараттым,

Ән-күйін, насихат жыр-дастандарын.

 

Саятшы әкем Байжан, Мұса атым,

Жыр еттім өнерпаздың хикаятын.

Ішінде Малғозының мен Толыбай,

Арғында Сүйіндіктен асыл затым.

 

Осында бір айта кететін мәселе төмендегіше. Мысалы: Жаяу Мұса өзінің“Ер Сегіз” атты толғауында Сегіз серінің“Едіге”, “Алпамыс”, “Қобыланды”, “Қыз Жібек” дастандарын жырлап шығарғанын айтады. Мұнан аталмыш хиссаларды тек Сегіз сері ғана жырлап, басқа ақындар олардың басқа нұсқаларын шығармаған деген ой тумауы керек. Көп вариантты “Алпамыс”“Едіге”, “Қобыланды” жырларының бір-бір нұсқаларын Сегіз сері Шақшақов жырау да өзінше шығарған деп ұғынуымыз қажет. Сол сияқты “Қыз Жібек” жырының бас жағында келетін мына сөзінен-ақ толық аңғарамыз:

 

Бұрын аңыз болса да,

Жыр маржаны – “Қыз Жібек”,

Алғаш рет хисса боп,

Бүгін менен тараған.

 

Ал, осы күні халық дастаны деп авторы Сегіз серіге қимай жүрген “Айман-Шолпан” жырының Сегіз сері шығарған вариантынан басқа нұсқасы жоқ екені де оқырман қауымға белгілі. 1979 жылы “Ғылым” баспасынан жарық көрген өзінің “Дастаннан драмаға” атты әдеби-зерттеу еңбегінде филология ғылымдарының кандидаты Есенкелді Жақыпов “Айман-Шолпан” дастанын Сегіз сері шығарғандығын дәлелдеп жазды.

Сол сияқты композитор Жаяу Мұса Байжанұлының “Ер Сегіз” атты толғауының ішінде өз ұстазы Сегіз серінің “Қаракөз”, “Сәулем-ай” атты әндерін шығарғандығын да айтып өтеді. Бұдан біз тағы да “Қаракөз”, “Сәулем-ай” әндерінің барлық нұсқаларын Сегіз сері шығарған деп ұғынбауымыз керек. Сегіз сері “Қаракөз”, “Сәулем-ай” деген әндердің алғашқы түрлерін ғана шығарғандығын түсінуіміз қажет. Себебі, Сегіз серіден көп кейін өмір сүрген композиторлар да өздерінің шығарған кейбір әндеріне “Қаракөз”, “Сәулем-ай” деп ат қойғаны жұртшылыққа мәлім болған іс. Әрине, “Сегіз сері” атты төл туындысына әйгілі әнші-композитор, ақын Жаяу Мұсаның өзінің ардақты ұстазы Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақовтың (1818-1854 ж.ж.) ерлігі мен өнеріне, шығармаларына кеңірек тоқталғандығы байқалып тұр.

Осы Жаяу Мұсаның “Ер Сегіз” атты өлеңін Семей қаласының тұрғындары: Қасқырбайұлы Елубай, Исабайұлы Нұраман, Матайұлы Жұмағалилардың (ертеректе Көкбай медресесінде оқығандар) арап әріптерімен жазылған дәптерінен 1990 жылы жазда мен жазып алдым. Елубай Қасқырбайұлы Жаяу Мұсаны көрдім деп отыратын,осы көркем туындыны композитордың өзінен жазып алған екен.

Сонымен қатар, Үржар ауданы Бестерек селосының тұрғыны шежіреші Тазабек Сәметұлы Таусынқожин ақсақал Жаяу Мұсаның “Ер сегіз” өлеңін аздап айтып, әңгімелеп отыратын (1989 жылы дүние салды). Сол Семей облысының Мақаншы ауданы Жарбұлақ совхозының тұрғыны Қабдуәли Әзімданұлы өзі әнші, домбырашы Жаяу Мұсаның “Ақ сиса, қызыл сиса”, “Сәулем-ай” әнін, Сегіз серінің басқа өлеңдерін сан рет естігенін айтып, нағыз халық азаматы деп мақтанып жүрді (1985 жылы дүние салды).

 

Сейітқали ҚАРАМЕНДИН,

Әдеби және тарихи деректердібаспаға әзірлеген.

Алматы,‘‘Шалқар ” газеті, желтоқсан, 1989 ж.

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*