Әлқиса
Десек те бір ризық келмес тегін,
Алар жылдан еншім бар сенде менің.
Түсіп қалған Азанбай түкіргенде,
Туған соңғы аузынан кенжесі едім.
Атын атап әкені «аға» дедім,
Бұл дәстүрді біледі саналы елім.
Немересін басатын бауырына,
Өткен бабам не деген дана менің.
Бір ауылда ерке өстім желік қуып,
Тай да міндім, шыбықты серік қылып.
Айтушы еді әңгіме атам менің,
Ұрпақтарға шежіре беріп тұнық.
Бала күнім еді ол кез ойынға бай,
Қайырғанмын ауылдың қойын талай.
Анасы жоқ десе де сыртымнан ел,
Жетімдікке келгенмін мойындамай.
Сусындап тек бабамның мұрасынан,
Туғанымды түсіндім кіл асылдан.
Жәнтекейдің тарапбыз Сүйіншіәлі,
Ботақара, Тыныбек, Нұрасынан.
Ел бастаған арғы атам болған батыр,
Істеді іс келмейтін қолдан батыл.
Әйгілі ақын Төлебай, Шәуі жырау,
Тар қыспақта тапқан ет толғамды ақыл.
Дейміз кейде адамның киесі не?
Тартады екен малы да иесіне.
Ел біледі мырза өткен Шәкубайды,
Бүркіт тұрмақ, түлкі алған түйесі де.
Бастар кеңес деп атам тебіреніп,
Тыңдап құлақ кететін көңіл еріп.
Бір-біріне сөз бермей қариялар,
Аңыз қылып айтатын небір ерлік.
Өмір кейде көрсетсе жалған сырын,
Дей алмаймын күндестік ар жамылдың.
Бастан шауып Ақанның Құлагерін,
Кісендеп ең, Қасқасын Марғабылдың.
Дүл – дараздық қашанда даудан сақтан,
Деп бабамыз қансырап ауған аттан.
Сексен жаста Қабанбай қырықтағы
Қу бас атпен серттесіп жауға шапқан.
Баулып заман ерлерді алып еттің,
Қайтарылмай қалған жоқ кәрі кектің.
Алып шыққан жауынан Абылайды,
Көк дөнені емес пе, Жәнібектің.
Қалған дәстүр болса да өнеге елдің,
Кейде еріңді арқалап «төреге ердің».
Кісенеп кеп өлгенін Қыз Жібекке,
Ақ боз аты естірткен Төлегеннің.
Жатқан тарих ашылмай бай ғұмырың,
Қиялға әкеп қондырған ай тұғырын.
Алты күнде алты айлық жолды басқан,
Қобыланның кім білмейді Тайбұрылын?
Өткен өмір есіне ап арлан күнін,
Осы ма бір, дүние – ай, жалғандығың?
– Деп тоқтады күрсініп қариялар,
Ер қанаты жел жетпес бар ма бүгін?
Таясада сексенге төзімді анық,
Абыз қарт деп тыңдайтын сөзін халық.
Бір әңгіме бастады атам менің,
Батқан күнге телміре көзін салып.
«Туған мекен Алақақ өскен жерім,
Самал желі сағым боп ескен керім.
Ертіс, Сауыр қыстаулық, Арал жайлау,
Жаз бен күзде шұбырып көшкен елім.
Орта жайлау Шойғаты дара басың,
Білмесе оны бүгінгі балаға сын.
Асау өзен Сұмдайрық, Таусылмастың,
Жолы күдір, жан – жағы жалама шың.
Торғайты мен Көлдіайрық, Сақы биік,
Қом – Қанасқа батысы жатыр тиіп,
Шәкубайдың дарасы менмұңдалап,
Мақтанышпен қарайды басын иіп.
Осы өлкеде бабамның ізі қалған,
Тағдырыңды тәлкі етіп, мұжып арман.
Қиял құрғыр әкеліп өткеніңді,
Бүгін, міне, көрсеткен тізіп алдан.
Жалғыз екен әкеміз атадан бір,
Жақсы тілек қалдырмай батадан құр.
Жылжақсы деп үлкендер қойыпты атын,
Жолын кеспей өтсін деп қатал тағдыр.
Үйленіпті той жасап, жігіт болып,
Қалған артта өткен күн күдік торып.
Көтеріпті он сегіз құрсақ шешем,
Арманына жалғанар үміт қонып.
Шешем аты – Мақтасын, арым куә,
Адам екен адуын, қарымды да.
Үлкен – кіші сыйлапты, ауыл біткен,
Өжет, өткір болған соң, алымды да.
Тағдыр салса басыңа бар ма амалың?
Көтересің қиындық, жалған зарын.
Ағам Тұрар екеуміз аман қалып,
Жер жұтыпты шетінен қалғандарын.
Тілеп әкем тілеуін екеуміздің,
Таң атыпты сарғайып неше күздің.
Уақыт, өмір білінбей өтіп жатты,
Өзінде боп өз дерті шешеміздің.
Ел етекке түскенде қалың қардан,
Сайға сыймай мал жатыр сағымдалған.
Төркініне келеді шешем барып,
Мені атының мінгізіп алдына алған.
Өткен өмір болса да, тегің қорған,
Шықпас жанның кедейлік емін қолдан.
Бір топ адам жүр екен жинап тары,
Теріп масақ, қырман сап, егін орған.
Бұрды солай шешеміз аттың басын,
Алла бізді ағайын жат қылмасын.
«Балуан қайным кепсен бер» – деп сұрадьы
Атын атап әзілдеп нақ тұлғасын.
Жуан сары деп күлді – «Жеңгем керім,
Болды осы ма жел айдап келген жерің?
Мені жықсаң таңдап ал тұрған баудан,
Әйтпесе алар хақың жоқ сенде менің.»
Алдынан ап қоя сап мені жерге,
«Атың мәлім болса да тегінде елге.
Бір қатыннан жығылсаң бағың қайтып,
Жүректегі ұшпай ма сенім желге?»
Деді шешем, «Байқа, енді!» күліп тұнық,
Саған солай тұрғаным сырды ұқтырып.
«Күресейік, қой енді» – деп өзіне,
Жігіт тартты жеңгесін жұлқып түрып.
Сол-ақ болды екеуі түсті айқасып,
Тұрды тіреп аз ғана күш байқасып.
Қырқай шалып лақтырып мінді үстіне,
Кеудесіне жігіттің ұстай басып.
«Мені қалай жеңгем – ау, жықтың, жаным?
Түйдің бе сен белбеуге жұрттың арын?
Талай тойда күресіп асықша атқам,
Менмендеген жігіттің мықтыларын.
Бүгін болды жеңеше сырың анық,
Деп тілеймін білмесін мұны халық».
Баулап қойған тарыны ат үстінен,
Жүріп кетті шешеміз іліп алып.
Жаз да шықты, қытымыр қыс та өтіп,
Оңтүстіктен қаз келді, құс та жетіп.
Той болат деп шілдеде Жәдік жақта,
Даңқы жатты, алыс жер тысқа кетіп.
Жиналған ел той бүгін балуан салып,
Атын қосқан бәйгеге алуан халық.
Той басқартқан Жәдік жақ үлкендерге,
Өткен талай бұрынғы дауды аңғарып.
Сұрап қарттар елінің жайын бірден,
Шалқып көңіл, шаттықтан айым күлген.
Қыз – жігіттер әзілмен әңгіме айтып,
Балалар жүр жабағы тайын мінген.
Түйе балуан деп міне алып шықты,
Көрсетіп бір Жәдік жақ анық мықты.
Жәнтекейден ортаға ешкім шықпай,
Даңқы мәлім атынан танып ықты.
Жәнтекей жақ тұрды да ақылдасып,
Балуанының тамырын жатыр басып.
Жер көтерер жығылсаң күрес енді,
Қандай кезде көрмеген батыр жасып.
Жиналған жұрт деп жатыр түгел келіп,
Жүйрік тұрмас кермеде шідерленіп.
Болу керек қашан да ер жігітте,
Қайтпас қайрат, қажырлы жігір-ерлік.
Алтын жереге көмілген жатпасын деп,
Бір сыр айтам дәм-тұзы атпасын тек.
Жылжақсының әйелі жығып кеткен,
Өткен күзде егеспен Мақтасын кеп.
– Деді біреу ортадан шығып алға,
Бұған елдің айтатын сыны бар ма?
Алып кел – деп бұйырды ақсақалдар,
Күш – қуат бер біздерге Ұлық Алла!
Салт – дәстүрді үйренген жыр бесіктен,
Сәлем бере ибамен кірді есіктен.
Керей тымақ кигізді, шалбар әкеп,
– Деді қарғам мұндайда кім кешіккен?
Терең шатқал құласаң артың жар – деп,
Дауыл соқса қымтанып алдын ал тек.
Ақ боз атпен шауып кеп тастай салды,
Жатқан жалғыз балуанның алдына әкеп.
Емес мынау бал ашып ұтар ойын,
Көрініп тұр нәзіктік, жұқа бойың.
Ұстай алды менсінбей белбеуден кеп,
Жуан қара, шой желке, бұқа мойын.
Кетті екеуі күресіп, алысып бір,
Енді өздерің дегендей танысып біл.
Жамбасқа алып көтеріп ұрды жерге,
Білек қалды ұйыған қарысып құр.
Көрсетті де қарымын қалған сайлап,
Шешті бауын тымақтың алған байлап.
Қарт артына мінгізіп өрлей шапты,
Ақ боз атпен ұрандап, Шақабайлап!
Тымақ ұшып алдыға кетті түсіп,
Қаншалықты болса да епті, пысық.
Білінді әйел екені көрініп шаш,
Ер болып бір жасанған текті бұзып.
Заман қандай болса да құбылмалы,
Бес күн жалған – ертең жоқ, бүгін бары.
Жиналған ел айғайлап, шулап кетті,
Қатын екен – деп, әне, жығылғаны.
Ұрпақ білсе жүректің ұғып үнін,
Нұрын төгер қашанда ұлық күнің.
Той тарады басқа емес мерейі өсіп,
Жәнтекейдің балуаны жығып бүгін.
Той
Қарагерді суарып тұнық көлден,
Шауып келем құйғытып сырғып белден.
Біздің үйге түскенде келін болып,
Бұл жеңгемнің аты еді мініп келген.
Күткендей бір дейді атам егіз демін,
Жеңгем түскен кезде мен сегізде едім.
Жануар-ай өзіңмен даң құрдас ем,
Бүгін сені әйтпесе неге іздедім.
Қызқуарда,жарыста алдын бермей,
Шабушы едің тұрсада бабың келмей.
Құтқарып ең меніде қарақшыдан,
Жұлдызша аққан құйғытып сағым желдей.
Адамға АЛЛА ақылмен берген сезім,
Қояр биік сондықтан елден өзін.
Көрші ауылда той болып соған бардық,
Он сегізге меніңде келген кезім.
Шұлғып басып қарагер астымдағы,
Желгенде ойып шашырар тастың бәрі.
Өткенімді ойласам желік қуған,
Жастық шіркін кімдерді мас қылмады.
Қыз-бозбала,кәрі-жас тойға келген,
Шұрқырасып көрісіп ойдағы елмен.
Балуан салып, қыз қуып, бәйге қосқан,
Бұл ұлтымның дәстүрі бойға берген.
Алдыға әкеп көрсетті бәйге аттарын,
Жазды түгел тізімдеп жай – жапсарын.
Болды қырық санаса кілең жүйрік,
Сүмбілдейғып қатырған айлап бәрін.
Болама деп бір қызық нағыз бүгін,
Көңілінде тұр жұрттың жалғыз ұғым.
Тықыршиды жануар астымдағы,
Топты көріп шайнап бір ауыздығын.
Тарпып жерді,пысқырып кісінейді,
Бағаламай тұрмызба күшін мейлі.
Қос құлағын қайшылап ием неге,
Мені бүгін дегендей түсінбейді.
Мені ортаға жігттер алып бәрі,
Атты мақтап айтудан жалықпады.
Қостырды әкеп бәйгеге шабады деп,
Жануардың тұрма екен жанып бағы.
Он жастағы мінгізіп бір баланы,
Келер жолды көрсетті,қыр-даланы.
Айдаушылар әкетті жинап алып,
Өткен күннен осындай сыр қалады.
Бізге өмірден дейсіңбе сұрау барма?
Әділдікпен қояды сынауды Алла.
Кеткен жақтан шаң шықты бәйге аттары,
Екінтіден еңкейіп күн ауғанда.
Умақ –шумақ, будақтап шығарып шаң,
Шапқанда ат айғаймен үн қарлыққан.
Келе жатыр алдыда Қарагерім,
Тымбай шауып алғашқы бір қалыптан.
Даяғашшы ұстады тосып алдан,
Шет қалмайды қашанда досы бар жан.
Оң аяғын алдыңғы сылти басты,
Қан шығып тұр шашасын осып алған.
Бәйгені алып кедейдің аты бүгін,
Қуанышпен той-тойлап жатыр құрбым.
Қоят сипап үлкенде маңдайымнан,
Бұлда сенің қайтпайтын батылдығың.
Ойласақта бұл аттың биыл қамын,
Татар адам ырыздық бұйырғанын.
Соймақ болдық соғымға Қарагерді,
Сегізіне келгенде жиырманың.
Көкжиектен шыққанда таласа күн,
Түседі еске байырғы бала шағың.
Сәлем беріп екі адам үйге кірді,
Ортасы еді суытқан қарашаның.
Кейін қалар шегініп талпынбаған,
Жалғап кеткен ұрпаққа салтын бабам.
Қайтпексіңдер қара атты деп сұрады,
Енді алпысты қария алқымдаған.
Төре табақ қонаққа асын беріп,
Сөйледі ағам бұрыла қасын керіп.
- Соймақ едік соғымға, басқа мін жоқ,
Қартайған соң жануар жасы келіп.
Бір айналып алды артын көрген заман,
Деді Тәңір түйсікті берген маған.
Қарагерді мен алам деп сұрады,
Қонақ болып үйіме келген адам.
Көріп тұрсың көзіңдей қимай неден,
Аман болсам өзіңді сыйлай келем.
Соғымыңа соятын төрт еркек қой,
Жаздай жейтін төрт ағаш бидай берем.
Келістікбізжетелепалыпкетті,
Кісілік бар болған соң анық текті.
Біз білмейміз қария жануарды,
Бапсыз жүйрік екенін танып жетті.
Ел жайлауға келген кез, егес тынып,
Жаспен кәрі отырған кеңес құрып.
Қобдада үлкен өтетін ас бар екен,
Соған атты әкетті деп естідік.
Ас
Қолда барлар демейді не істейін,
Алдыда ор, тұрсада еңіс бейім.
Ел шулатқан бір байдың асы болды,
Күнгейімен Алтайдың теріскейін.
Қобда дейді Алтайдың арғы бетін,
Аралас жоқ ағайын қалдың жетім.
Қойнауынан май тамған шұрайлы өлке,
Қайырмайтын қазағым малдың шетін.
Астыңатыншығарарөресанап,
Тартқан елге жорғамен төре табақ.
Алтай,Еренқабырға,Тарбағатай,
Сауын айтқан керейге он екі абақ.
Тігілген үй қаз-қатар шағаладай,
Таңдай қаққан төбеденжағалап ай.
Көз тоймайтын қарасаң сұлулығын,
Қайтып бүгін кетесің бағаламай.
Асырам деп өзінің сәнін елден,
Дүниенің боқшылық әнін ерген.
Артқа тастап айлық жол бұл дүрмекке,
Игі жақсы адамның бәрі келген.
Абыз,шешен бар мұнда ақылдыда,
Есерсоқ жүр сөз бермей жақынына.
Шалқайып бір қарайды сал-серілер,
Жорға-жүйрік болғансоң тақымында.
Бөлек ауыл тігілген қараша үй,
Қазан асып көрсеткен тамаша сый.
Көздің жауын алады гүл-бәйшешек,
Көмкерілген көк кілем дала шағи
Белгілеген жыл бұрын,айын,күнін,
Енді тоқтар қаралы уайым бүгін.
Қазан асты жер-ошақ қоңырсытып,
Басталған ас көрсетіп дайындығын.
Бәйге берді жерошақ үш күн бұрын,
Таң сәріден тамсантып қыр бұлбұлын.
Келе жатқан бабаның салт-дәстүрі,
Бізге жеткен мұра боп бұл бір ұғым.
Сауын айтқан айдап ел сыйлық-малын,
Орындады екі етпей бұйрықтарын,
Алып келді жайлауға қоя берген,
Тұлдап,күзеп аттының құйрық-жалын.
Иіп жауды сіркіреп күз желіні,
Түсірердей аспанннан жүз періні.
Аттың мойнын құшақтап жоқтау айтып,
Бәйбішесі жылады қыз-келіні.
Жылаған жұрт тоқтатты жасын парлап,
Енді марқұм тұлпарын қасына алмақ.
Дұға жасап молдалар оқып құран,
Мінген аты сойылды асына арнап.
Ел көрмейтін иенде жайлап қалып,
Жүйріктерін қатырған байлап анық.
Жібереді деп жатты түнемеден,
Бір күн бұрын аттарды айдап барып.
Кім тұрады мұндайда төзім тауып,
Шулаған ел естіртпес сөзіңді ауық.
Кей жүйріктің көрінет көзі ғана,
Кестеленген әкелген кежім жауып.
Сәйгүліктер кермеде белін жазып,
Тықыршиды тұрған сол жерін қазып.
Оқтаудай боп жаралған кілең жүйрік,
Тізгініңе байланған елің, халық.
Иесі атты шығарып қыр басына,
Медет тілеп Алладан тұр қасында.
Өн бойында бір ет жоқ кесімі артық,
Қарагердің қарасаң тұлғасында.
Қалай болар жер ұзақ қарағанда,
Деп үлкендер ой салат әр адамға.
Шаппақ болды үш жүз ат сығайланған,
Осы үлкен қосылып аламанға.
Айтылмай сөз сыншылар жағымды анық,
Үміт оты көрінбес сағымдалып.
Бәйге аттарын әкетті бір күн бұрын,
Қай жүйріктің тұр екен бағы жанып.
Бәйгетөбе
Ақ кірседе самайға қылау шалып,
Елдің жайын бұл жігіт тұр аңғарып.
Қолын ұстап ақ туын Жәнібектің,
Шапты бәйге төбеге ұран салып.
Қара ормандай қалың ел, қара қорым,
Тау жаңғырып үнімен барады оның.
Өз руын бастаған серкелер бар,
Тиген әрбір төбеден алады орын.
Болмас бұдан қазаққа асқан бақыт,
Бата берген абыздар астан тартып.
Балуан салып, қыз қуып,тартып көкпар,
Көк серкені ерлер жүр аспанға атып.
Келсе бірі өзіне сеніп бастан,
Жұрдай қылып беделін төгіп қашқан.
Балуандарын кей ру ноқталап ап,
Алып шықты майданға көбік шашқан.
Кей тентектің қайтарып бетін бірден,
Қайғырса бай қуанып жетім күлген.
Келе жатыр шаң шықты, бәйге аттары,
Ауған кезде күн қиып екінтіден.
Өре тұра ұрандап кетті халық,
Атын атап бұрынғы текті танып.
Бәйге аттарын ұстайтын даяғашшы,
Қаз-қатар боп тізілген жетті барып.
Көз бұлдырап көрінет алыстан бір,
Тай мініп бұл бала емес жарысқан құр.
Мен танысам деп қоят сенің атың,
Бір-біріне күш беріп таныс-тамыр.
Тақым қысқан шабандоз қызуы артып,
Жазған деме ақынның сызуы артық.
Қарагер ат мүйістен шығып алға,
Топқа қарай ағызды түзу тартып.
Келді түйсік білмеймін сезім нендей,
Бүйірден кеп болмайын сөз ілгендей.
Жылап кетті кемсеңдеп көріп атын,
Өз көзіне қария өзі сенбей.
Ұзақ қалған артында балаша құр,
Шауып үш ат келеді таласа бір.
Таяғанда көмбеге екінші боп,
Суырлып шықты әне ала-шағыр.
Тұрсада жұрт үй толы бермей есік,
Алла бізге сыйлады көлдей несіп.
Қалың топты көргенде қарагер ат,
Зулап шықты жебедей,желдей есіп.
Байқап көріп тұрғанын жазықта ауыл,
Жолбарыстай атылды жазып бауыр.
Ойып тасты артына лақтырады,
Жерді бүріп соққандай қазып дауыл.
Аш күзендей бүгіліп,бүктетіле,
Солқылдады шапқанда жер түтіле.
Жалғыз келет алдына қара салмай,
Үміт қосып пай-пайлап үмітіңе.
Намыс үшін бір елдің жаратылған,
Жануар-ай шаптыңба ар атынан.
Омыраулы,шоқтықты,айбынды асқақ,
Менмұндалап көрінет дара тұлғаң.
Қолда тұрмас қашанда асыл үнем,
Құрдас бүгін болсаңда ғасырыңмен.
Кеткен ұшып алдыңғы екі тұяқ,
Келген шауып қан-қызыл асығымен.
Жеткен аңыз қашанда құнды мұраң,
Көкіректен күй болып туды бір ән.
Жанасалай ұстады шауып келіп,
Даяғашшы қара аттың сулығынан.
Шулаған ел жан-жақтан тақым қысып,
Қосты өлеңге әндетіп ақын пысық.
Жануар -ай деп қартар жылап тұрып,
Шабандозға ұстатты атын түсіп.
Суырлып шыққанда бел-мойнақтан,
Бұл қалай деп көрермен елді ойлатқан.
Көзбен көрген шабысын жарықтықтың,
Туған екен деп жатыр пері ойнақтан.
Қартайғанда болсада бір күші кем?
Алды бәйге үш тоғыз жылқысымен.
Бет түзеді Алтайдың күн бетіне,
Бірге қайтқан аққудай жыл құсымен.
Саусағымен сипап қарт қасын сүртіп,
Аңдып қозғап аяғын басып ілбіп.
Қанжығада байланған аттың басы,
Жүріп кетті көзіне жасын іркіп.
Түйін
Қусаң жетпес дүние қызық деген,
Алар бақыт білмейсің үзіп неден.
Аралаған жетпісті шешеміз бар,
Кем-бағалғып кедейлік мұжып жеген.
Жүрген байды жағалап,сыймен санай,
Жыртық аузы кедейдің күйген талай.
Жылқысы бар айдаған төрт-бес адам,
Қарсы беттен бұрылды үйге қарай.
Көңілің бай болсада өзің кедей,
Кім алады мұндайда сөзіңді елей.
Бұлар кім деп қарадық қарсы бетке,
Қиял құрғыр адамға төзім бермей.
Жылқыны айдап қария жолмен қыспақ,
Айғайлады дөненді бол деп ұстап.
Біздің үйді көрсетіп жатты бірі,
Анау тұрған дегендей қолмен нұсқап.
Кей ағайын жат болып кетет неден,
Сөзден тайып бабалар екі етпеген.
ҚарияныңҚарагер дөнені бар,
Қосағында тайпалтып жетектеген.
Басып түсер болсада мысы батпан,
Айтып елге көрмеген ісін мақтан.
Жетектеген дөненді белдеуге әкеп,
Әлгі ақсақал байлады түсіп аттан.
Ұлың батыр болғанда қызың қорған,
Айырмасын пәк Алла түзу жолдан.
Қарагерді әкеткен өткен күзде,
Сол кісі екен таныдық біздің қолдан.
Көз қызарып,ісініп сан жылаған,
Жолда соғып қажытқан,қалжыраған.
Аттың басын Азанбай іл биікке,
Деп ұсынды шешіп ап қанжығадан.
Төмендетіп ешкімді санамайтын,
Өнеге елден,тектілік алар айбын.
Екі адамның жетпейтін құшағыда,
Ілдік биік басына қарағайдың.
Құйрығынан ұстап әр арман ненің,
Толтыра алмай жүргенде қалған кемін.
Жануар-ай жылқының тұлпар екен,
Бір шабар деп жарықтық алған едім.
Қарт ағамыз күрсінді тоқтай қалып,
Екі көзі қып-қызыл шоқтай жанып.
Жас кезінде білмедім жануар деп,
Жүріп кетті тұрған бір топты айналып.
Сыйлады үміт қарагер кеше бізге,
Ұшып желге кетпеді есемізде,
Көзіндей көр атыңның мініп жүр деп,
Тастап кетті дөненді шешемізге.
Ақын деген Қарагер атым барда,
Ұлы қамқор қолдай гөр затымды Алла.
Бәйгетөбе бұлдырап көрінеді,
Шауып келем құйғытып тартып алға!!
Соңы
(Алматы обылысы, Ескелді ауданы, Матай Байысов ауылы)