Ақын Талапбек АЗАНБАЙ 1965 жылы ҚХР-ның Шыңжаң,Алтай аймағы Алақақ өңірінде дүниеге келген. Жоғары білім институтын бітірген. 2004 жылы ата жұртына көшіп келіп қазіргі кезде Алматы обылысының Ескелді ауданында тұрады.
Белгілі ақын Талапбек Өнерханұлы АЗАНБАЙ 1990 жылдан бастап әдебиетке арласып «Алтын тау салтанаты», «Қыран меруерті» атты жыр алманахтарына және ШҰАР көлеміндегі түрлі басылымдарда көптеген өлең толғау, баллада және поэмалары жарық көрді. Жазба ақындар мұшәйрасының жүлдегері. Алтай Аймақтық жазушылар қоғамының мүшесі.
Қазақстан республикасында шығатын «Таңжарық» жорналы, «Шалқар» ,«Жетісу» және «Жас қазақ үні» газеттерінде өлеңдері жарық көріп оқырман қауымның жақсы ықыласына бөленген. Ақынның қаламынан шыққан «Баһадүр Ботақара» , «Аққаптал», «Қарагер» дастандары, «Бабалармен сырласу», «Далалықтың дауысы» қатарлы Лирикалық поэмаларының орыны бөлек. «Қазақ мәдениетінің қайраткері» медалының, «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісі медалының, «Қазақстан авторлар қоғамы » медалының, Халықаралық «Таңжарық» әдеби силығы медалының иегері.Жәнеде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» Энциклопедиясы еніп 1-дәрежелі Дипломмен мараппатталды. Қазақстан Авторлар Қоғамының және Халқаралық «Таңжарық» зерттеу қоғамының мүшесі. «ЖҮРЕКТЕН МЫҢ БІР ТІЛ ҚАТЫП» атты жыр жинақтың авторы.
АҚ ОРДАМ
( Лирикалық поэма)
Ақын тілім ал жырла асқақ үнді,
Жырдан менің мүлкім жоқ басқа құнды.
Алтын бесік, Ақ ордам, Астанам деп,
Жазайын бір төгілтіп дастанымды.
Болмаса да ашылып сырың ғалам,
Деп тілеймін сақтасын тілімді аман.
Жұрттың сөзін айтатын өз тілімен,
Ақын деген білмесең пірің болам.
Қызыл-жасыл дүние-ай мың құбылған,
Жетіп сенің түбіңді кім ұғынған.
Ана отаным өзіңді жырлап өтем,
Өлең дейтін түскенше жыр тұғырдан.
Асқақ қалам, Астанам, ғажап менің,
Көрінісіңді көз тартар жасапты елім.
Жалғасы деп түбі бір түркілердің ,
Әлем білді атыңды қазақ сенің.
Жүрегі боп жұмыр жер айбынды елдің,
Тартып ішке тұрсың ба айдың демін.
Орналасып Азия құрлығына,
Өр рухтың өміршең жәйдің шебін.
Кешегіден бүгінгі күнім неткен,
Арайланып, маужырап нұрын төккен.
Азат елім бостандық шырқап әнін,
Қайта келді бақ құсым қырын кеткен.
Шүкіршілік Аллаға, Жасағанға,
Деп тілеймін Тәңірден дос аман ба?
Ұлы жиын, күнде той, шат-мереке,
Алтын бесік аттаған босағамда.
Жаратылыс әлемнің тұрағы ма?
Жауап тапай деген бір сұрағыңа.
Сені қуып дүние шауып келем,
Тұлпар жырдың мініп ап пырағына.
Күй құлағын өз еркім қалай бұрау,
Алтын діңгек салынған сарай мынау.
Аман болса әз халқым жырлап өтер,
Мақтанышпен марқайып талай жырау.
Егеменді ел болдық ел тілеген,
Көк байрағым аспанда желбіреген.
Тәуелсіздік қашанда ұлтым үшін,
Таңғажайып жазылған сен бір өлең.
Тәуелсіздік ұлы күш қуатымда,
Мендік шалқыр сен десе жыр атыла.
Аман болса ана отан, атамекен,
Ұлтын әр кез жеткізер мұратына.
Ақын жазар өлеңді ар атымен,
Жүректегі тек ғана санатым сен.
Күн астынан желпініп ұшқан қыран,
Тіліп көкті, жаяды қанатын кең.
Кірсе кеше санаға сары уайым,
Менің міне елім деп жаным дайын.
Атқа қонған үш жүздің басын қосып,
Жауға шауып хан батырАбылайым.
Толған кезде толықсып кемеліңе,
Шек келтірме Тәңірдің береріне.
Бір Алладан кейінгі пір тұтар тек –
Сен ғанасың, әз халқым, сенерімде.
Жығылсаңда ұлт үшін сан жыраға,
Рухыңды тік көтер қалжырама!
Дұшпандармен күресіп боздақтардың,
Басы кеткен қарасаң қанжығада.
Өр намысын берместен жатқа балаң,
Ұлағатты ұлтым деп атқа қонам.
Келген маған анамның ақ сүтімен,
Сонау өткен тектілік сақ бабадан.
Алтын бесік, Астанам, асыл айым,
Қайтып сенен сырымды жасырайын.
Жүрегімнің соққан әр лүпіліде,
Деп өзіңе тұрғандай бас ұрайын.
Төгіліп жыр ән қылып айтар менің.
Сезім сел боп ағылса қайтер едім.
Астанамың символы иықтасып,
Таласып тұр аспанмен бәйтерегің.
Ғасыр аунап жыл өтсе алмағайып,
Деме бізге өз орның барма лайық.
Ұлы Астанам, ақ ордам, ақ бесігім,
Сары арқаға салынған таңғажайып.
Мына өмірдің өзіңнен зарыңды ұқтым,
Шындықты айтар шырқырап арым құттың.
Ұя салған басына бәйтеректің,
Көз жасыма селдеткен самұрықтың.
Найзағайлы күркірер дауыл үнем,
Күн туса егер ғаламға ауыр кілең.
Зәрін шашар басына бәйтеректің,
Өрмелеген айдаһар бауырымен.
Кешегі күн ой салар санаға тым,
Елге қарап жаймаған алақанын.
Келеді ұшып сағынып самұрық құс,
Шаранадан шайқаған балапанын.
Деме, ағайын, өткеннің зарын төктің,
Құлағына жеткізіп әнін көптің.
Алғаш құрған емес пе ақ ордасы ,
Қазақ болып Керей мен Жәнібектің.
Көрсең дағы көкесін басынғанның,
Дұшпандардың дес бермей басын алдың.
Ескі жолы Есімнің шырақ болып,
Қасқа жолын бойладық Қасым ханның.
Кей сәтте өмір бұза алмай тас қамалын,
Жанарымды еріксіз жасқа малдым.
Жыраулатып жыр жазып ақын отыр,
Жинайтын жоқ дүние басқа малым.
Байтақ елім, бақ қонған тұғыр далам,
Еңбегіңді дейсің бе сіңір маған .
Жемқорлармен жалғасып жең ішінен,
Ауыл үйдің моншағын кім ұрлаған.
Қоғам сенің көнеміз қай бабыңа,
Кейде ілесіп кетеміз айтағыңа.
Жаратушы сабыр бер жасағаным,
Пендешілік адамның сайтанына.
Артық болып бірің ай, бірің күннен,
Тусаңда егер ашылар сырың бірден.
Бұлда қалған дүние Сүлейменнен,
Он сегіз мың ғаламның тілін білген.
Айтқаныңды десекте ұғар мынау,
Сөзім болса кешір жұрт тым ауырлау.
Абылайға кім білсін жол көрсеткен,
Кем боп жүрме бізге де Бұқар жырау.
Шешілмеген туса да сұрақ көптен,
Құбылмалы дүние-ай, бірақ, неткен.
Қайран жұртым, қазағым, деп Абай да,
Күңіреніп, күрсініп жылап кеткен.
Кешір жазған тұрса егер бағам жетпей,
Малшынған тер келемін жағам кеппей.
Сұрап ханнан әділдік олда кетті,
Батыр ұлың марқасқа Махамбеттей.
Айтылса егер халыққа дұрыс бағаң,
Өміршеңдік өзіңнен тыныс табам.
Еңбек етіп ерінбей ұрпақтарың,
Ұлағатты ұлтым деп ту ұстаған.
Тарихқа қарасаң қырын кеткен,
Жазылмаған әлі көп сырың неткен.
Шұбырынды Алқакөл сұламада,
Қырып елді қынадай жырынды еткен.
Бауырың бүтін болса егер басың аман,
Кіл тарихын жазады ғасыр бабам.
Ат басындай жат елдің алтыныннан,
Қымбат бүгін бір түйір тасың маған.
Пана тұтар демеңдер аға кімді,
Ақыл айтар жөнім жоқ дана сынды.
Аңсап келіп ал бүгін атажұртқа,
Бастым жалпақ тек, міне, табанымды.
Айтар билік төреші арым маған,
Ақын жазса жеткізер зарын қалам.
Жанын қимас ұлты үшін ана тілдің,
Уызында еміп бір жарымаған.
Кеше бойға сіңіріп жат ғұмырын,
Өзімшілдік өңмеңдеп шапты бұрын.
Ана отаным өміршең алтын бесік,
Мені биік көтерген бақ тұғырым.
Патшаң әділ болса егер пана тұтқан,
Жүрек көзі ашылар, сана жұттан.
Ел бірлігін шайқалтар іште жүрген ,
Бізді Тәңір сақтасын ала құрттан.
Қолдап бізді Тәңірім, Пірім көктен,
Шабыт мініп ақындар жырын төккен.
Сақ, ғұн, үйсін, қаңлымен түркілер боп,
Заманында бабалар дүрілдеткен.
Көріп тепкі өмірдің ауыр сынын,
Ұйтқып соққан дес бермей дауыл тыным.
Қазақ болдық арда емген аруақты,
Ұша жүре жетілткен қауырсынын.
Бола бермек қашанда биік тағың,
Жүрегіңе жылт берсе сыйып сағым.
Берекелі бізді еш жау алмайды,
Егер тұрса айрандай ұйып бағың.
Толқыр жүрек кей сәтте сыздап ішің,
Сеңді жарып сескенбей бұзғаны үшін.
Қиын екен бәрінен көре алмастық ,
Қызыл иті ұлыса қызғаныштың.
Күндестік кеп оранып ақ тонына ,
Түссе билік білінбей жат қолына.
Қайран жұртым, бұл әлем құбылмалы,
Шыға келер айналып бақ сорыңа.
Отаншылдық басталар от басынан,
Табылсаңда кіл жақсы топ қасынан.
Қолда барды қанағат етпей халқым,
Осы кейде мен неге жоққа асығам.
Қызықтырар дүние-ай елден мықтым,
Жамандықты, жақсыны сенен ұқтым.
Кеттік пе, аға, білмеймін ар-ұятсыз ,
Түсіп бүгін артынан пенделіктің.
Қара лашық тіксе жұрт қосын қырға,
Жөнсіз жолды, ағайын, жосын қылма?
Қатысы жоқ басқамен ғазиз басың
Кіріптар боп қалады тосын сынға.
Тәуелсіздік тәуетер жасыл бағым,
Бақшасына жинаған асылдарын.
Шашбауыңды көтерер бір ұлыңмын,
Мен өзіңнің, ал, бүгін қасыңдамын.
Жанып жүрек, лапылдап алып ұштың,
Жыры кернеп бір әлди сағыныштың.
Кенеземді кептіріп бір хиқмет ,
Ентігімді баса алмай қанып іштім.
Болар асқақ ақ ордам талайыңа ән,
Игі жақсы кетпейтін маңайыңнан.
Мың артықсың Мысырдың шаһарымен,
Салған аппақ АҚШ тың сарайыннан.
Менің мәңгі ел ордам бақ бесігім,
Әйгіленіп әлемге жатты есімің.
Төрден орын қашанда патшамызға,
Әділеттің айтатын ақ кесімін.
Күй құлағын өз еркім қалай бұрау,
Алтын діңгек салынған сарай мынау.
Аман болса әз халқым жырлап өтер,
Мақтанышпен марқайып талай жырау!!!
Соңы