“Қазақстан” ұлттық арнасы
Халқымызда ел есінде қалған Жәнібек есімді ерлер көп. Солардың бірі – Хан Абылай тұсындағы батырлар заманында туған Ер Жәнібек. Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте айрықша батырлығымен, шешендігімен, мәмілегерлігімен аты шыққан – Жәнібек Бердәулетұлы.
Ер Жәнібектің ерлігі жайлы ел аузында аңыз аз емес. Бірақ тәуелсіздік жылдарында оның аты өзі тұстас батырлармен салыстырғанда, аз насихатталды. Басты себептерінің бірі – ұрпақтарының, жалпы Керей руының шет елдерге тарап кетуі. Ал батыр туралы мына фильмді қытай қазақтары түсірген. Бұдан бөлек, батырдың өрлігін, шешендігінен сыр шертетін бірнеше кітап та шығарған.
«Қазақтың тағдыры, болашағы үшін жанын түйіп күрескен, тарихтағы халықтың жүрегінде қалған бір ұлы тұлға. Жәнібек батыр тек батыр ғана емес, ол қара қылды қақ жарған әділ би болған. Ол кісінің шешендік сөздері өз алдына бір төбе. Мен Ер Жәнібек туралы тарихи роман жаздым»,-дейді ҚХР халық жазушысы – Шәмiс ҚҰМАРҰЛЫ.
Бүгін бас қосқан ғалымдар мен бизнес саласының өкілдері 300 жылдық мерей тойды кең ауқымда атап өту мақсатында атқарылатын шаралармен бөлісті. Шығармашылық, халықаралық- ғылыми конференция өткізу сынды жұмыстар Алматыда басталып, айтыс, бәйге, күрес сияқты мерекелік шаралар Өскемен, Шымкент облыстарында жалғаспақ. Сондай-ақ, Қытайдың Гансу провинциясы мен Монғолияның Баян-Өлгей аймағында да сауын айтылып, тойланбақ.
«Бұл жалпы ұлттық шара»,-дейді Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары – Талғат МАМАШЕВ.
Оқулықтарына батыр туралы мәлімет енгізу, мектепті ер Жәнібектің атымен атау, Алматы, Астана сынды үлкен қалаларға ескерткіш орнату сынды атқарылар шаралар аз емес. Халықтың қалауымен Алматының Алатау ауданында көшенің аты берілген еді, кезінде. Шенділер оны да көп көріп, көшенің атын өзгертіп тастаған.
Батырдың зираты Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында жатыр. Жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 2006 жылы Ортабұлақ ауылына кесене ескерткіш орнатылған еді. Кезінде ел шетіне қорған болған өзі жатқан аймақтан бері орталыққа қарай өзге дүниелер жасалмапты. Ал биыл жыл бойы бірнеше мемлекетте өтетін дүбірлі тойды әзірге тек жеке кәсіпкерлер ғана қаржыландырып отыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Тоқмолда Құсайынов, «Алматы» телеарнасы
“Жетінші” арна
Ер Жәнібек батырдың туғанына – 300 жыл
Қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы күресінде ерлігімен, шешендігімен аты аңызға айналған батыр Ер Жәнібек Бердәулетұлының туғанына биыл 300 жыл толады. Ойға көсем, тілге шешен батырдың мерейтойын өткізу үшін ұйымдастырушылар үкімет пен кәсіпкерлерден көмек сұрайды. Елімізде Ер Жәнібектің құрметіне қоғамдық патриоттық шаралар мен ғылыми-танымдық конференциялар ұйымдастырылмақ. Шетелде тұратын қандастарымыз да жоңғар шапқыншылығы кезінде Абылайдың ақ туын ұстаған әруақты батырға арнап, мәдени шаралар өткізуге ұсыныс білдіріпті. Алайда, елде батырдың ерлігін насихаттайтын мәдени шаралар өткізуге қаржының аздығы қолбайлау болып отыр екен. Зиялы қауым үкіметтен көмек сұрап, хат жолдаған екен.
ТАЛҒАТ МАМАШ, ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАЛҚА ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
– Егер мектептерде, жоғары оқу орындарында танымдық жиын жүргізсек, білім министрі қатысқаны абзал. Радои-телеарналардан беру үшін мәдениет министрі қатысса, осы ұсыныстарымызды жібергенбіз. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Бұл баспасөз конференция қозғау сала ма деген ойымыз. Қалталы ағайындарға жүрегі қазақ деп соғатын жігіттерге де құлаққағыс.
Ер Жәнібек батыр 1714-жылы Ор өзені бойында туылған. “Оның кейбір жорықтардағы ерліктері есімі ұқсас болғандықтан Шақшақ Жәнібекке меншіктеліп кеткен”, – дейді мамандар. Ол жайында деректер жүйеленіп, әлі зерттелмеген. Қаһарман қолбасының 300 жылдық мерейтойы Ер Жәнібек даңқын асқақтатып, тың деректерді ақтаруға мүмкіндік бaр еді,-дейді ұйымдастырушылар.
Жазира Бегалы
Алматы
ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ
Ер Жәнібек батырдың 300 жылдығы тойланады
Ер Жәнібек батырдың туғанына келесі жыл 300 жыл толады. Осыған орай Т.Асылұлымен болған кездесуге «Ер Жәнібек қорының» президенті, медицина ғылымының докторы Мақсұт Темірбаев аталмыш шараны өткізуге қатысты ұсыныс жасап, Қауымдастық тарапынан қолдау тапты.
Әзірлеген: “Ер Жәнібек” қоғамдық қоры сайты қызметі