«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры шеттегі қазақтарды атажұртына келуге үгіттеп, оралған ағайынның жаңа ортаға бейімделуіне көмектеседі. Бұл туралы кеше Астанада өткен «Ел қорғаған Ер Жәнібек» атты халықаралық ақындар айтысы кезінде «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Жеңіс Түркия BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.
«Біздің қордың негізгі мақсаты – шетелден келген туысқандардың Қазақстанға сіңуіне көмектесу, оларды жаңа ортаға бейімдеу»,-деген Жеңіс Түркия Жәнібек батырдың 300 жылдығын кең көлемді тойлау арқылы шетте жүрген қазаққа өз ата-бабасының тәуелсіз Қазақстанда ұлықталып жатқанын көрсетіп, олардың тарихи отанына деген махаббатын асыру екенін жеткізді.
«Өз ата-бабасының» деген сөзіміздің де мәні бөлек. Қазақ елі енді танып, біліп жатқан баһадүр Жәнібек Бердәулетұлының ұрпақтары негізінен шетелдерде қалып қойған. Ер Жәнібек есімінің егеменді елімізге кешірек жетуінің себебін сұрағанымызда қоғам басшысы былайша түсіндірді: «Бір жағынан, тарихи тұрғыдан алғанда егемендігімізді алып, етек-жеңімізді жинағанымызға да көп болған жоқ. Тарихымызды жаңа бастап танып жатырмыз. Ал негізгі себебі, Ер Жәнібектің елі шетелде қоныстанып қалды. Батыр ұрпақтары Қытайда, Моңғолияда қалып қана қоймай, Еуропа елдеріне де тарап кеткен»,-деді ол.
Ал, биыл дүбірлетіп тойланып жатқан қазақ батырының 300 жылдығы да осы қордың тікелей ұйымдастырылуымен жүзеге асып жатыр екен.
«Біз ең алдымен Ер Жәнібектің 300 жылдығына орай қор жанынан тарихшылар мен ғалымдардан құрам тапқан арнайы жұмыс комиссиясын құрған болатынбыз. 29 қаңтарда өткен баспасөз конференциясы кезінде мерейтойға қатысты барлық іс-шараларды жоспарлап, бекіттік. Ақпан айында Алматыда Қытайдағы белгілі ақын, композитор, талантты журналист Серік Әбілдің шығармашылық кеші өтті. Абай атындағы мемлекеттік университетте «Үш жүздің батырына 300 жыл» атты тағылымды кездесу өтіп, мамыр айында Алматыда үлкен концерт ұйымдастырылды, ас берілді. ШҚО-да ер бабамызға арнап алып ескерткіш орнаттық. Маусым айының басында Берлинде өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы бағдарламасына да батыр бабамызға арналған іс-шаралар қамтылған болатын. Маусымға жоспарлаған айтысымыз өтіп жатқанына өзіңіз де куә болып отырсыз. Бұдан өзге 19 маусым күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми-практикалық конференция өтіп, Қоянды ауылында ас беріледі. 21-22 маусым күндері батырдың сүйегі жатқан Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында ат шаптырып, ас бермекпіз. Сондай-ақ, жас қаламгерлердің прозалық шығармаларына бәйге жариялап отырмыз. Қыркүйек айындағы ШҚО-ның «Шығыс шынарлары» Ер Жәнібектің рухына арналмақ. Осылайша жыл бойы жалғасатын іс-шараны желтоқсанда қорытындылаймыз деп отырмыз»,-дейді Жеңіс Түркия.
Айта кетейік, Жеңіс Түркия Қытайдың тумасы. Пекиндегі Ауыл шаруашылығы университетін тәмамдаған экономист. 1992 жылы Алматыға оқу мақсатымен келіп, атажұртында тұрақтап қалған қандасымыз бұл күнде кәсіпкерлікпен айналысады. Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығына арналған шараларға демеуші болып жүргендердің бірі де осы жомарт азамат екенін айта кеткен артық болмас.
Майгүл СҰЛТАН,
Суретті түсірген: Ғабит МАДАЛИЕВ