Руханият

Жеңіс Түркия. Тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосып, өркендеуі жолында еңбек ету біз үшін үлкен жетістік

 Жеңіс аға, өзіңіз басқарып отырған «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры күні ертең үшінші рет халықаралық деңгейдегі үлкен спорт додасын өткізуге дайындалуда. Алдымен осы шара жайлы тоқталып өтсеңіз?
– Өткен жылы «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры тәуелсіздіктің 25 жылдығына және осыған тұспа-тұс келген Зуқа батыр Сәбитұлының 150 жылдық мерейтойына орай Алматыда «Ер Жәнібек кубогы» үшін шағын футболдан халықаралық турнир өткізген болатын. Биыл да сол игі шараны қайта жалғастырсақ деп қызу дайындалып жатырмыз. Үшінші рет өткелі отырған халықаралық турнирді көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың 90 жылдығына арнамақпыз. Бұйырса турниерге әлемнің әр түкпірінен және еліміздің облыстарынан 24 команда қатысайын деп отыр.

2005 жылы Ер Жәнібек бабамызға арнап Алматы қаласында үлкен ғылыми конференция өткізілді. Сол конференцияда алғаш Тұрсынбек ағамыздың арнайы ұсынысымен 2006 жылы«Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры құрылды. Сол күннен бастап қорға қатысты іс-шаралардың барлығының басы қасында Тұрсінбек ағамыздың өзі бас-көз болып отырды. Ол кезде қор мүшелерінің «уайымы» да аз болатын. Сол кезден-ақ қордың болашағын ойлаған ағамыз шеттен келген біздерді қорды басқаруға өзі баулыды. Көптеген сапарларында шашбауын көтеріп қасында жүрдік. Бізге ел көрсетті. Жер көрсетті. Сол түстік облыстарда орналасқан бауырларымызбен танысып табысуымызға себепші болды. Соның нәтижесінде ағамыз дүниеден өткен соң өзі өсиет етіп бастаған істі әрі қарай жалғастырып кету қиынға соққан жоқ. Бұның сыртында қазақ руханиятына, ұлт әдебиетіне сіңірген еңбегін оқырман қауым жақсы біледі. Ғұмыр бойы халқына қалтқысыз еңбек етті. Сондықтан да осы жолғы турнирді ағамыздың 90 жылдығына арнамақпыз.

– Жалпы, туринрдің негізгі мақсаты не? Спорт бәсекесіне қатысуға шетелдегі қандастарымыздың қызығушылығы қалай болды?
– Бізге, қазақ баласына ең керегі береке-бірлік. Тәуелсіз ұлттың ұрпағы ынтымақты, бір ниетті болса алға өркендей бермек. Шарамызды спорттық бағытқа арнау арқылы салауатты өмір салтын сақтауды нысана еттік. Ең бастысы, біз осы жарысқа шетелдегі қазақ жастарын шақыру арқылы олардың атажұртына келіп, Қазақстан сынды тәуелсіз елінің тыныс-тіршілігін сезініп, мұндағы ел-жұртының ықыласын білуін мақсат тұттық. Сол арқылы жастарымызға ұлтын сүйетін, тәуелсіз еліне шын құрметпен қарайтын, бағалайтын, Отаны үшін барын арнайтын сезім бағыштап, оны күшейтуге титтей де болса үлес қосу. Бүгінде Еуропа мемлекеттерінде өмір сүріп жатқан қандастарымыз көп. Олар жыл сайын өз күштеріне сүйеніп, талаптанып, Еуропа қазақтарының Кіші құрылтайын өткізіп тұрады. Мәселен, өткен жылы құрылтай Германияның Келнь қаласында болды. Ондағы мақсат жиналып алып той тойлау, доп қуалау емес, өзге елде тұрып, солардың ықпалына ұшырап жатқан ұрпағын бір-бірімен таныстырып, жақын қылу, ата тегін, туысын, қанын ұмыттырмау. Тілін, мәдениетін, дәстүрін жаңғырту, есіне салу. Бұндай игі дәстүрлері үшін ондағы қандастарымызға рахмет айтамыз. Біздің де ойымыз осы. Ондағы жастарды қазақ жұртына тартып, қара шаңырақ Қазақстанмен жақын таныстыру. Алдағы уақытта жастарымыздың өз еліне оралуына себіміз тисе – біз үшін үлкен мерей.

Өткен жылғы және биылғы шараға шетелде тұратын қандастарымыз оң ықылас танытты. Қызығушылықтары жоғары. «Ер Жәнібек кубогы» үшін биыл екінші рет жарыс өткізіліп отыр. Бұйырса, алда әлі көп елдерден команда келеді деп сенеміз. Болашақа шараның ауқымын тіпті кеңейте түссек деген ой бар.

–  «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қоры ұлт руханиятын көтеруде, тарихын түгендеп, мәдениетін байытуда үлкен игі істер атқарғанын білеміз. Мәселен, 2014 жылы Ер Жәнібек бабамыздың 300 жылдық мерейтойы да жоғары деңгейде аталып өтті. Қандастарымыз шоғырланған көптеген шет мемлекеттерде тойланды. Сол арқылы халықтың рухы көтеріліп, өткеніне деген құрметі, өзара сенім-бірлігі нығая түсті. Рұқсат болса, Қордың атқарған шаралары және алда істеуге тиісті жұмыстарынан оқырманға ақпарат бере кетсеңіз?
– «Ер Жәнібек» қоры құрылған аз уақыттан бері хал-қадерінше еңбектеніп келеді. Қор атқарған істердің бәрін тізіп отыру ыңғайсыз болар. Десе де, оқырманға мәлімет үшін айта кетейін. 2015 жылы танымал жазушы «Қаһарлы Алтай» трилогиясының авторы Жақсылық Сәмитұлының 75 жылдығына орай жазушыны еске алу кешін өткізуге ат салыстық. Конференциядағы ғылыми баяндамаларын жинақ етіп шығардық. Сонымен қоса Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай алаштанушы, ғалым Сұлтан Хан Аққұлының «Әлихан Бөкейхан» атты кітабының үш тілде жарық көруіне демеушілік жасадық. Оның алдында Қытайдағы жас қазақ ақындарының таңдаулы жырларын топтастырып «Сексеуілдің шоғы» атты кітап шығардық. Аталған жинақ оқырман тарапынан жақсы бағаланды. Кітаптың алғы сөзін белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай жазып, жылы пікірін білдірді. Сондай-ақ, Зуқа батырдың 150 жылдық мерейтойына орай тағдырлы жазушы, қаһарман қаламгер деуге лайық Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романын қайта бастырып, оқырманға жетуіне жақыннан жәрдем бердік. 2017 жылы рухани астанамыз Түркістанда белгілі дін қайраткері Халифа Алтайдың 100 жылдығын Яассауи атындағы университетпен бірлесіп көлемді шаралар өткіздік. Сондай-ақ, көрнекті ақын Омарғазы Айтанұлының «Құстар қайғысы» жыр жинағын және белгілі Мұстафатанушы ғалым Бақыт Сыдықованың «Түркістан мили бірлігі» атты құнды құжат, тың деректер топтастырлған ғылыми еңбегінің жарық көруіне қол ұшын бердік. Бұл Қор мұрындық болған көп жұмыстың бір бөлігі ғана. Бұйырса ары қарай уақыт талабы, қоғам қажетіне сай қолымыздан келгенше жұмыс істеуге ниеттіміз. Шеттегі қандастарымыздың елге оралуына, отанға ат басын бұрған ағайынның қазақ мемлекетіне сіңіп, елі үшін қызмет етуіне барымызды саламыз. Тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосып, өркендеуі жолында еңбек ету біз үшін үлкен жетістік.

– Қорға қолдау көрсетіп, атқарылып жатқан жұмыстарға ниеттестік таныту жағы қалай?
– Әрине, қоғамдық қор болған соң мүмкіндігімізге қарай өз қаражатымызға сүйенуге тура келеді. Ал, жұмыс барысында Дүние жүзі қазақтар қауымдастығы, Алматы және Астана қаласы мен облыс әкімдіктері, өзге де мемлекеттік мекемелер, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Жазушылар одағы, тағы басқа ұйымдар бастамаларымызға ниеттестік танытып, қолдау көрсетіп келеді. Мысалы осы жолғы турнирге қара шаңырақ ҚазҰУ қолдау көрсетіп, футбол алаңын беріп отыр.  Осы орайда аталған ұйым, мекеме басшыларына алғысымыз зор екенін білдірмекпін. Сондай-ақ, Қор бастамасымен қолға алынып жатқан істерді қолдаған ниеттес азаматтарға, зиялы қауым өкілдеріне, өнер қайраткерлеріне, БАҚ өкілдеріне, Қор төңірегінде қызмет атқарып жүрген жастарға, арттан еріп келе жатқан іні-қарындастарымызға рахмет айтқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңіз ілгері баса берсін!

Сұхбаттасқан Мұрат Алмасбекұлы

Теги: , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*