Ала таңмен Атыраудан аттанған пойыз тағы да қайыстай созылып күнге маңдай төсеген. Перронда әркiмнiң жүгiн көтерiсiп жанын баққан жарлы-жақыбайлардың сұлбасы селдiреп барып жоғалды. Мамырдың майда желiне кеуде керген дала далиып жатыр. Селеулi қыр, селкем-селкем көкорай. Аумағы тай шаптырым сор ақжарғақтанып сонадайдан қалып барады. Мiгiрсiз дөңгелектер күшiне мiнген.
Тар дәлiзде иықтасқан жолаушылардың жүрiсi сирептi. Купелерiне жайғасып алған-дағы. Итiнiп-тартынған тамбурда терезеге тесiлiп тұрмын. Темекi түтiнi қолқамды қабады. Құтпан айғырдай тепловоз азынаған. Қарсы беттен жолаушылар пойызы өтiп жатты. Дабырласқан үш бозбала кеп қатар түзедi.
– Ағай, әлi тұрсыз ба? – дедi тамбурға шыққан жолсерiк жiгiт. Сұлық жанарын мағынасыз бағжаңдатады.
– Иә.
– Жол болсын?
– Алматыға.
– Селтиiп сендер қайдан шықтыңдар? – деп жүзiн жастарға бұрып әкеттi.
– Билеттерiң бар ма? Қай купедесiңдер?
– Шалқарға дейiн…
– Билет жоқ…
– Сiзбен келiсермiз деп.
– Ой, өңшең… Тәртiп қатал. Қазiр түсiрiп тастаймын!
– Ағай…
– Ағаламай кет. Давай, қайқай!
Жолсерiк жiгiт маған қарап, осыным қалай дегендей, тағы да жанарын мағынасыз бағжаңдатты.
– Обал ғой. Баратын жерлерiне жетiп қалсын.
– Тек сiздi сыйлағаннан, – деп тосқаны табылғандай сылқ ете түссiн. – Жүрiңдер менiң купеме. Бұғып жата қалыңдар. Тексерушi көп. Тәртiп қатал.
Iле мен де вагонға ендiм. Тымырсық ауа тынысыңды тарылтады. Қолаңса мен арзан әтiр исi жайлап алыпты. Купеде екi әйел отыр. Бiр бойжеткен тiкесiнен тұр. Сәлемiме қыз iлтипат танытты. Келiншектер бас изесiп тынды. Қызу әңгiмелерiн бұзып жiбергендеймiн.
– Алдап кеткен жоқ па?
Он саусағына алтын жүзiктi санап тұрып салған сұңғақ келген сары келiншек қызға шалқалай қарады.
– Ым, қалай десем екен…
Тiзе бүкпеген қыздың алма жүзi алаулап, аш белi солқылдады.
– Подругаңды айтамыз. Ақыры негрге байға шықты ма? – деп екiншiсi тақымдады. Көз тоқтатып ем, мойын мен мықын жоқ. Домаланған сұрша жүз. Бас иықта, кеуде құйрықта жатыр. Мына әңгiме құлағыма жағып бара жатса да самарқау кейiп танытып, екiншi қатардағы өз орныма өрмеледiм. Басымды жұмсақ көпшiкке салып, байқатпай төменге көз жүгiртемiн. Екi келiншектiң ындыны құрып тұр, ақ жайманы матрасқа асықпай төсеп жатқан қызды көздерiмен iшiп-жейдi.
– Жас жiгiт. Өзi шымқай қара да емес. Көкшiл, – дейдi қыз жайымен. Соны айтқанда аш белi солқылдап кетедi. – “Күндiз жанына жолауға қорқам. Түнде таба алмай қалам”, – дейтiн.
– Бiр төсекте жатып таба алмай жүр ме? Ой, Құдай-ай, – деп он саусағына алтын жүзiктi санап тұрып салған сұңғақ бойлы сары келiншек әжептәуiр шаршап қалды.
– Ақыры күйеуге шықты.
– Әй, жарайсың! – дедi мойын мен мықыннан ұяттысы. Соны айтқанда басы иықтан, кеудесi құйрықтан бөлiнiп қозғалып кеттi. – Тисе болды да. Негрдiң өзiне сол керек!
– Қазiр қайда тұрады?
– Айтсаңшы тез. Сағыздай созып өлтiрiп болдың-ау.
– Анголада.
– Күйеубала бай шығар?
Қыз төсегiн салып болған. Жайымен бұрылып маған назар тiктедi. Өтiрiк ұйықтаған боп көзiмдi кiлгiртемiн. Терең тыныс аламын. Бас жағымда дөңгелектер даусы дiрдектейдi.
– Қой, оны! Несiне қарай қалдың.
– Мана қор ете түскен. Айта бер. Осы күнгi еркек сөз түсiнетiн бе едi?
– Әкесi бұрынғы тайпа көсемi екен. Қазiр мынау деген министр.
– Ойы-бай, не дейд?
– Бiздiң қыздың аузының салымын қарашы!
Қыздың алма жүзi алаулап қолына айпатын алды. Жарқырап тұрған әйнектiң бетiне сұқ саусағын ойнатып-ойнатып, ақыры керек суретiн тапты-ау деймiн, емiнiп отырған қос келiншектiң ортасына тоса бердi.
– Ойы-бай, мыналардың бәрi көкпеңбек қой, – деп сұңғақ бойлы сарының даусы әнтек шығып кеттi.
– Құда-құдағиды айтам.
– Бола берсiн. Қызымыздың орталарында отырысын қарашы. Үлде мен бүлдеге оранып.
– Қап, мына тәуелсiздiктiң кеш келгенiн карашы. Бiз де бәлем…
– Соны айтам. Бетiмiздiң әрi қашпай тұрғанда…
Тәуелсiздiкке өкпелеген қос келiншек өкiнiштерiн ойша ұластыртып тым-тырыс қалды. Қыз айпатын құшақтап, жоғары қабатқа еңсе тiктедi. “Жылдамдатып Алматыға жетсем. Тау бөктерiндегi демалыс үйiнде тыныс алсам. Жүйкелетiп бiткен шығармамды жазып аяқтасам, шiркiн…” деген үмiттiң жетегiнде қалғи бастадым.
– Ағай әлi оянбапты. – Купе есiгiнен жолсерiк жiгiт сығалады. Сұлық жанарын мағынасыз бағжаңдатады. Төменгi қатарда қарама-қарсы отырғандар елеңдесiп қалды.
– Кiм едi өзi?
– Тыныш. Жазғыш адам.
– Арызқой десеңшi!
– Әй, бәсе. Жатысы жаман.
– Жо-жоқ, казитке мақала, сын жазады, – деп жолсерiк ендi сыбырға көштi.
– Тiлi удай ащы. Тиген жерiн күйдiредi. Шәй қойып берейiн дегем. Әлгiнде бiр немдi көрiп қалған. Пәле шықпаса… Жас жiгiттер екен. Жалынған соң қайтейiн.
Керiлiп-созылып дәлiзге шықтым. Қаңсық иiс қолқаңды қабады. Басым зеңiдi. Алдан бес-алты үйлi разъезд көрiндi. Көлеңкеде бiр кемпiр ұршық созады. Қаннен-қаперсiз. Екi-үш бала доп қуалайды. Немересi шығар. Үй төбесiнде қара қарға отыр. Қанатын қаусырып алыпты. Мұң иектедi. Аузыма ащы дәм келдi.
Пойыз да екпiнiн тежей бердi. Алдан Қандыағаштың үйлерi қарауытты. Перронда халық сеңдей соғылысады. Құда мен құдағиды шығарып саламыз дескен үркердей топтың екпiнi алабөтен. Тек ұшарға қанат жоқ. Танаурап тұр. Құдасы сақалын сауған жасамыс. Ал, құдағиы жас, бетiнiң қызылы қашпапты.
– Жүгiр, дүңгiршекке! Әкел әлгiнi!
– Аянатын не бар!
– Давай, құй! Мұндайда iшпегенде, қай кезде iшемiз?! – десiп жатты. Қызара бөрткен толық бәйбiше қолды-аяққа тұрмайтын жеңiлтек бiр әндi шырқай жөнелген. Екi-үш құтырынған келiншек құданы ортаға алды. Би басталды. Жұлқынып, өз-өздерiмен жағаласып жатыр. Топтың iшiнен құданың сақалы жалт етiп жоғалады. Құдағи ортада бөксесiн былқылдатып, ырғап қана тұр. Көзiндегi сиқыр өшiп-жанады. Ерке тотайдың қай қылығын бағарсың. Құда шатқаяқтай бастағанда пойыз да жылжып кеп берсiн. Купедегi әңгiме қайта оянған екен.
– “Оралыңның барында” деген сол. Несiн аяйын. Бес жылға ауып барады. Кездескенiмiзге, – десiн мойын мен мықыннан ұятты домаланған келiншек. – Бұ жолы “Алатау” санаториясында күтедi. Аунап-қунап…
– Әйелi бар ма?
– Бiр салдақы дейд. Балаларын қимайды. Әйтпесе…
– Жiгiттiң сұлтаны десеңшi.
– Ах! – Әңгiме иесiнiң аузынан шыққан отты леп купе iшiн түгел шарпыды. Қол созым жерде жатқан бойжеткен де дөңбекшiп сала бердi. – Бiтеу адам құсамай өзiң де сырыңды айтсаңшы. Жол қысқарсын, құрбым.
Сұңғақ сары келiншек тәттiлеп жымиып алды. Он алтын жүзiк төбесiнде ойнап барып, шөмеле шашты сипалап өттi.
– Басымыз бос. Жiгiт-желең аз ба?
– Нешеу дедiң?
– Бар ғой, шүкiр. Әсiресе Мырзаның жөнi бөлек. Мұнай компаниясында iстейдi.
– Шевронда ма? – Домаланған келiншектiң даусы жарықшақтанып шықты.
– Сонда.
– Әйелi бар ма?
– Бiр салдақы дейд. Екi ұлы ересек. Жай ма? Тiптi тергеп бiттiң ғой?
– Мырза – менiң байым. Ах, жезөкше, көрсетейiн саған! – Мойын мен мықыннан ұятты келiншек отырған орнынан қарғып тұрсын. Тiптi бойы ұзарып кеттi. Ұмтылып шөмеле шаштан шеңгелдей бүрсiн. Әлгiнде ауыз жаласып отырған құрбысы қапы қалды.
– Правам бар. Басым бос. Ойнап-күлем.
– Ойраныңды шығарайын! Оңбаған! Жұрттың байын сауып дәнiккен екенсiң!
– Сен де…
– Менiмен теңескiң келе ме? Мә, саған!
Бойжеткен шошып шыр-шыр етедi. Араша берер емес. Кесе ұшты, шаш жұлынды, бет тырналды. От пен судың ортасынан ғазиз басымды әзер деп дәлiзге алып шықтым. Тағы да терезеге телмiрдiм. Мұнай өндiретiн алқаптан өтiп барамыз. Қаптаған качалкалар. Бiрi – батысқа, бiрi – шығысқа қарап бас шұлғиды. Мiгiр жоқ. Өзегiмдi беймәлiм өкiнiш кернедi. Сыртыма теппегенмен iшiм қалтырады. “Қайда бара жатырмыз?” деймiн күбiрлеп. Тепловоз арқырайды. Вагондар қосаяқ жолды қуалаудан танар емес…
Жаныма кең танау, сұйық мұрт жiгiт кеп тұрған. Сұйық шашын желкеден бұрым ғып байлапты. Сағымдай бұлдырап қашқан даладан көз айырмай ыңылдайды. Көзiн ойнатып мойнын былқылдатады.
– Тыңдаңызшы, – дедi сонан кейiн маған жүзiн бұрып.
– Елiмiздiң тәуелсiздiгiне арнап ән шығардым. Конкурсқа алып бара жатырмын. Өзiме сұмдық ұнайды.
– Ал, iнiм, шырқа!
– “Сүйем сенi, сенi ғана…”
– Махаббат жайлы таптырмайтын ән екен.
– Түсiнбейсiз. Ата-бабамыз ақ бiлектiң күшiмен, ақ найзаның ұшымен қорғаған тәуелсiздiгiмiздi сүймеу мүмкiн бе?
– Сүйе қойыңдар. Тәттi сөз тiлiмiздi уылтып бiткен…
– Ым, келш, ым…
Жасамыс құда оңаша купеде оқыранады.
– Сақалыңды алып таста дедiм. Мұрт аздық ете ме?
– Балалардан ұят та.
– Жас қатын алу ұят емес!
– Қойш, ым, келш, ым…
Пойыз Арал қаласына аз-кем аяқ суытып аттанды.
Вагонға әлгiнде мiнген қария:
– Қайран теңiз, балығың кетiп бақаң қалды. Бошалаған түйедей бiз де бездiк. Кеше гөр, – деп терезеге жармасады.
– Аралды айтып тұрсыз ба?
– Сол ғой, балам. Ырысы алысқа шашыраған аймақ едi. Қайықты ерттеп мiнiп, ауды жайып сап… Несiн айтасың… Ақ балық, сазаны мен қаязын қайырып. Ендi кеп теңiз табаны сорға айналған. Жел лүп етсе ақ тұзды аспанға атып жатыр.
Қария кемсең қағып сырт айнала бердi.
– “Сүйем сенi, сенi ғана…”. Болашақ композитор бұрымын селкiлдетедi. Қараңғылық етегiн жая купеге кiрдiм. Маза қашқан. Жүйке жұқарған. Көңiл кiрлеген. Тек тыныштығын берсе деп тiледiм. Соны сезгендей терiс қарап жатқан Мырзаның әйелi сөйлеп қоя берсiн:
– Басы таз. Қарны қабақтай. Бұты талтақ. Сөйтiп жүрiп қатынға қырындауын иттiң! Осыдан қайтып келейiн!
– Тазы несi? – Сұңғақ бойлы сары сұңқыл қақты. – Менiң Мырзам шашын шалқасынан қайырған. Сүйрiктей. Ол аз десең, Солтүстiктiң қарағайындай.
– Не дейд? – деп домаланып жатқан келiншек берi аунап түстi. Даусы жұмсарды.
– Рас дейм.
– Фотосы бар ма, көрсетшi!
Он саусақтағы алтын жүзiк жалтылдап, қол телефонын дөңгелетiп жiбердi.
– Мiне!
– Ойы-бай, мынау менiкi емес. Кешiр, құрбым!
Бас салып құшақтасып, сiлекей алысып жатты.
– Әй, қыз, тұр орныңнан! – деп қуаныштан бойы ұзарып кеткен домаланған келiншек ұшып-қонды. – Қазiр коньяк ашамын. Қазы тураймын. Тұр дейм, жуамыз. Екi апаңа қызмет ет. Үйрене бер…
Қызылордадан сыпырылып түсiп қалдым. Алматыға асықпай самолетпен ұшармын…
Пойыз жұлдызқұрт құсап қою түнге сiңе бердi. Әр терезеден күйiнiшi мен сүйiнiшi аралас бiр-бiр тағдыр сығалайды.
…Жанымның жетiм қоңыраулары сыңғырлап жатты.
Рахымжан ОТАРБАЕВ