Тарихта өткен көп Жәнібектер жайында талай айтылды да, жазылды. Жәнібектің руының керей болуына байланысты Керей, Жәнібек хандардыда осы атамызбен қатар қабылдайтындарда бар.
Деседе керей Ер Жәнібек пен арғын Шақшақ Жәнібек жайында бірінің еңбегін біріне телитін түсінбестіктер көп. Әсіресе, керей Ер Жәнібектің ерлік хикаяларының бірталайы шақшақ Жәнібекке жазы-лып жүр.
Бұл жайында «Ақыр Жәнібек» атты роман жазған, Моңғолияның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Моңғолия Жазушылар одағы сыйлығының иегері, жазушы Сұлтан Тәукейұлы былай дейді: – Соңғы кезде Қазақстанның кейбір басы¬лым¬дарында шақшақ Жәнібек пен керей Жәнібекті шатастыру байқалады. Керей Жәнібек Абақ керей ішінде Жәнтекей руынан тарайтын Бердәулеттің ұлы. Оған «Ер Жәнібек» атағын Абылай берген. 1730 жылдан кейінгі Жәнібекке байланысты ерліктің бәрін тархан Жәнібекке күшпен телитіндер кезігіп жүр. Бұл шындыққа, әділдікке жатпайды. Шақшақ Жәнібек 1730 жылдан ағасы қарт Бөгенбаймен бірге қайнағасы Әбіл¬қайырдың соңына еріп, орысқа бодан болу саясатын ең алды-мен қолдаушылардың бірі. Ол 1679 жылы туғаны рас болса, 1730 жылы 51 жасқа келіп шау тартқан кезі. Әрі Орта жүз қолынан бөлініп, Әбілқайыр маңында болған жылдар. Ендеше, 1733, 1735 жылдарғы атышулы шайқастар мен 1740, 1750 жылдардағы қазақ-жоңғардың, 1760, 1770 жылдардағы қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан, қазақ-торғауыт (Еділ қалмағы) соғысындағы Жәнібекке байланысты аңызға айналған ерлік қимылдар керей Бердәулетұлы Ер Жәнібекке тиесі. Бұл пікірлер тархан атамыздың 1700-1730 жылдарға дейінгі қалмақ, жоңғармен шайқасқан соғыстарда көрсеткен ерлігі мен тарихтан алатын орнын төмендетпейді. С.Тәукейұды өзінің ұзақ уақыттық ізденісінің нәтижесі ретінде осындай тұжырымды ойлар білдіреді. Ал керей Жәнібектің еңбектерінің шақшақ Жәнібекке жазы-лып жүргендігі жайында «Ер Жәнібек» романының авторы, ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Шәміс Құмарұлы да ашы-на әңгіме қозғайды: «1993 жылы Алматыда «Отау баспасынан» шыққан «Шақшақ Жәнібек батыр» деген кітапта «Шақшақұлы Ер Жәнібек» деген да-стан берілген. Бұл іс жүзінде керей Ер Жәнібек туралы жазылған төрт дастанның бірінің басы, бірінің ортасы, бірінің аяғы алынып, құрастырылып басылыпты. Дастанның басқы жағындағы яғни «Шақшақ Жәнібек батыр» атты кітапта басылған нұсқасының алдыңғы жағында он жеті жастағы бала Жәнібек қарт батырлар Қабанбай, Бөгенбай, Олжабайларға соңынан қалмай еріп алатындығы жазы-лады. Бұл Ер Жәнібек туралы жазылған жыр формалы дастанының басқы бөлімі. (біздің қолымызда бар). Ойлап көрейік, Қабанбаймен Шақшақ Жәнібектің қайсысы үлкен? Тарихи материалдар Шақшақ Жәнібектің Қабанбайдан үлкен екенін дәлелдейді, ал дастандағы қарт батырлар Қабанбай, Бөгенбай, Олжабайларға Шақшақ Жәнібек он жеті жасында еріп алды деген сөз шындығында өте күлкілі! Он жеті жасында Қабанбай бастаған қарт батырларға еріп жорыққа аттанған керей Ер Жәнібектің ерлік істерін, қайсы рудың қариялары болса да аңыз етіп айта алады. Керей Ер Жәнібекгің жас қүрамы да соған сәйкес келеді. Мұны дәлелдеу тіпті де қажетсіз. Ал «Шақшақ Жәнібек батыр» кітабының 23-бетінде «Қабанбай, Шақшақ Жәнібекті мола бұзуға жіберді» делініп, керей Ер Жәнібек туралы жазылған ақын Көтбай Көшкіншіұлының жазған «Жәнібек ба-тыр» дастанынан үзінді келтірілген. Мақаланың авторы дастанының қайда жазылғаны мен автор кім екенімен титтей де қақысы болмаған. Көп жерін сөзін мейілінше өзгерткен. Бұл жырлар «Шақшақ Жәнібек батыр» деген кітапта Шақшақ Жәнібек туралы жазылған дастан делініп беріліп отыр. Ондағы «Қарт батыр сынар жасты қапелемде», «Жас кезім Қабанбайға еріп жүрген», «Бір күні Қабанбай бар, Жобалай бар», «Қарағым, ерлігіңді сынап едім» деген жолдарға талдау жасайық. Жоғарыда Шақшақ Жәнібектің Қабанбайдан үлкен екенін айттық. Ал, осы үзінді мақаласында кіргізіп отырған автор мақаласының бас жағына Шақшақ Жәнібектің жасын шамасы келгеншше кішірейтіп 1693 жылы туылған деп жазған. Тіпті осы автордың өз сөзімен, өз фактісі бойынша алғанда да, Шақшақ Жәнібек Қабанбаймен шамалас болып шығады. Осы мақаланы жа-зып, осы үзінді Шақшақ Жәнібек туралы жазылған деп көшіріп беріп отырған автор бұл фактілерді байқап көрмеді ме екен? Мына үзіндінің өзінде Қабанбайлар қарт батыр екені, ал Жәнібектің он жеті жастағы бала батыр екені анық айтылып тұрмай ма?! Керей Жәнібектің үш ерлігі – жаңбырлы түнде бейіттің бет ағашын әкелуі, жыланның басын қыршып алуы, шешек шыққанда жазылғанша қол тигізбеуі ұзақ заманнан бері қариялардан жас балаларға дейін жат болып әбден құлақтарына сіңген аңыз ғой. Ол туралы жазылған дастандарды бұрмалаған күңде де, бұрмаланбай тұрған шындық ап-анық көрініп тұрмай ма?… Екі адамның еңбегін біреуіне жазу әсіресе, жоңғар шапқыншыларына ең алдыңғы лекте, теңдессіз жойқын күшімен, алымды ақылдылығымен жауды ойрандаған, ел намысын қыл мойы-нымен көтерген керей Ер Жәнібектің еңбегін Шақшақ Жәнібекке жа-зуды тарихи фактілер мәңгі көтермейді. Ал Шақшақ Жәнібек он жеті жасында Қабанбай, Бөгенбайларға, Абылайға еріп жүрді деген сөз ең кемінде сауатсыздық. Керей Ер Жәнібекке ат қойган қарт Шақшақ Жәнібек керей Жәнібекпен құрдас болып қалмай ма?! Он жеті жасын-да Абылай, Қабанбай, Бөгенбайларға еріп, жоңғар қақпасына дейін келген керей Ер Жәнібек екенін бас ауыртпай-ақ біле беруге болады… «Шақшақ Жәнібек батыр» деген кітапта Бердәулетті Жәнібектен басқа бала көрмеген Ер Жәнібекті Шақшақ Жәнібектің бір түнеуінен туған шата деп көрсетеді (61-бетте). Онымен қоймай Жәнібекті еш қисынсыз Қабанбай батырдың қызынан тудыра қояды. Тарихтағы мұндай рулар ара кемсіту үшін шығарылған әжуаларды матери-ал үшін алтын тапқандай баспасөзде қолдану қандай дәрежедегі мәдениеттілік екенін мынау тоқсаныншы жылдарда біле бермеу тым ұят-ақ. Мұндай масқаралықпен ойдан қиыстырулар тек бұл кітапта ғана емес, тоқсаныншы жылдардан бергі Қазақстан баспаларынан шыққан бірталай кітаптарда белең беріп келеді. Керей Ер Жәнібектің нағашысы Сары үйсін Досымбек, ал шешесі Қадиша. Қадиша қазірге дейін «Шашапаң» атанып тарихтан орын алған. Ел жүрегіне терең ұялаған, аты керей-найманға әйгілі киелі ананың бірі. Мүмкін, мынан-дай келеңсіз масқаралауды ол кісінің аруағы да көтермейтін шығар. Керей Ер Жәнібек өз өмірінде Абьлай, Қабанбай, Бөгенбай үшеуін биік санап, басқа ешкімді өзіне теңгермей өткен. Олай болатыны, қазақты екі ғасыр қан қақсатқан жоңғарлардың көк езу хандарының бірі Галдан Сереннің басын алып, жоңғарларды баса көктеп, ең алды-мен шығысқа елін көшіріп келуі Жәнібектің өлшеусіз жойқын күштің, терең ақылдың иесі екенін танытпай қоймайды. Ер Жәнібек Бердәулетұлы туралы ел аузынан жиналған дастандардың біздің қолымызға жеткені қазірше жеті дастан, мұның төртеуінің авторы анық. Қалғаны халық арасынан алынған, авторы белгісіз. Осы дастандардың көбінде Ер Жәнібек батырдың алғашында уақ Бармақ батырдың қосынында болғаны, оның тәрбиесін алғаны ай-тылады. Әрине, ол тұста уақ пен керей бір қос болып, бір тұрғаны та-рихи деректерде тіпті анық. Керей Ер Жәнібек үш жүзге аты әйгілі ба-тыр болумен бірге алдына жан салмаған шешен. Ұзақ жыл керей елін шып-шырғасын шығармай басқарған, әділ би әрі өз өмірінде бірде-бір рет олжа алмаған ер көңіл мәрт адам болған. Сондықтан халық керей Жәнібекті «Ер Жәнібек» атаған. Осы арада соны айта кетсек артық емес, алғашында Шақшақ Жәнібек аталып, кейін «тархан» Жәнібек аталуы Қошқарұлы Жәнібектің Ер Жәнібек аталмағанының дәлелі. Егер ол Ер Жәнібек аталған болса, Шақшақ Жәнібек деп аталмаған болар еді. Себебі, осы батырлардың «Шақшақ Жәнібек», «Ер Жәнібек» деп аталуының өзі екі Жәнібекті бір-бірінен парықтау және олардың басқа да ерекшелігіне қарай айырып атау үшін болса керек. Тіпті де өкінерлігі қазір ұрпақтары ұлардай шулап отырған, абақ керейдің әрбір руларына ұран болған Қожаберген Жәнібекұлы, Бұқарбай Елтоқұлы, Жантай Тілекеұлы, Байтайлақ Құттымбетұлы, Жобалай Байсейітұлы қатарлы батырлар да кейбір мақалаларда басқа рудан шыққан батыр деп таныстырылған. Абақ керей елінің Тобыл, Ор, Торғай өзендері бойында болғандығы туралы деректер өте көп. Атақты Шәу жыраудың ұлы әкесі Нұра, Нұра өзенінің бір тарауында туылғандықтан, аты Нұра қойылған. Қыстаубайдың баласы Тобыл өзенінің Ор өзеніне жақын бір тарауында туылғандықтан аты Тобыл қойылған. Осы Нұра, Тобыл, Еділ атты адамдардың ұрпақтары сегіз атаға жетіп, Бурылтоғай, Ал-тай қатарлы жерлерде лықсып отыр. Сондықтан Нұра, Тобыл, Торғай, Ор өзені өңіріндегі Ер Жәнібек туралы деректерді Шакшақ Жәнібекке телу дұрыс болмайды. Абақ керей елі де, Ер Жәнібек те сол өңірде ұзақ мекендеп тұрған. Алтай қаласындағы Шақабай ұрпағы Қоске де-ген адамның үйінен 1960 жылдары Ордың қара ағашынан алынған табалдырық, маңдайшаның сақтаулы тұрғанын көрген ақсақалдар әзірге дейін аңыз қылып айтады. Осынау елдің батыс шетінен шығыс шетіндегі күшті жаудың өтіне елін бастап келу тек керей Ер Жәнібек пен Қаракерей Қабанбайдың гана қолынан келгендігін тарих дәлелдеп отыр. Ер Жәнібектің 1752, 1754, 1755, 1757 жылдардағы қазақ қолына қолбасшы сардар болып Дабашы қолын ойрандаған жеңістерінде, ол тұста о дүниеге кеткен Шақшақ Жәнібекке жазу тіпті қисынсыздық. Әсіресе, Ер Жәнібектің 1760 жылдардан жоңгарлардың Алтайдың Шұңқыр деген жерлерінде Қабанбай мен Бөгенбайға еріп барып түн ішінде алып маңжыланды өлтіріп, құлағын кесіп алу оқиғасы да «Шақшак Жәнібек батыр» деген кітапта Шақшақ Жәнібектің атына жазылған. Бұл жоңғар хандығы жойылған 1758 жылдан көп кейінгі оқиға ғой. Бұл заманда қайдағы Шақшақ Жәнібек?! Сол айдаһар жыланның «маңжыланның» кұлағы Ер Жәнібектің ұрпақтары Абдолда (бұрын Толы ауданында, кейін Сауанға қоныс аударған) және Қали деген адамдардың үйінде сақталғаны айтылып жүр. Оны көбінде екі қабат әйелдер босана ал-май қиналғанда шетінен аздап қырып ішкізеді екен. Ал сол айдаһар жыланның төбе сүйегі Жәнібектің кейінгі ұрпағы – қазір Шіңгіл ауда-нында қоныстанган Мырзахмет Зарықханұлының үйінде 1966 жылы қарашаға дейін сақталып келген. Өкінерлігі, 1966 жылы «Мәдениет төңкерісі» басталған кезде «адырақпайлар» оны тартып әкеткен. Сол айдаһардың төбе сүйегін өз қолымен ұстап, көзімен көрген кісілер оның үлкен адамның жұдырығынан сәл үлкен, үш қырлыға ұқсайтын сарғыш сүйек екенін айтады. Бұл туралы үйіне арнайы іздеп барып Мырзахмет ағаймен әңгімелестім». (1997жыл, Үрімжі). Ш.Құмарұлы атап өткендей Ер Жәнібектің шақшақ Жәнібекке ауысып жүрген әңгімесінің бірі – Абылайға түс жорытуы. Жоңғар қалдықтарымен болған соңғы соғыстардың бірінде қалмақ жағы Абылайға: «Екеуіміз қырқысып елімізді қыра бермейік, менің сырттаныма сенде бір сырттан шығар. Қайсысы жеңсе, жеңіс соған тән болсын!» дейді. Талайдың қанын жұтып дәніккен қалмақ батырынан қазақтар жағы қаймығып, ақыры Ер Жәнібекті таңдайды. Екі батыр түс көреді. Түсінде Ер Жәнібек жеңіледі, мұны Абылай да сезеді. Ертесі ерте Жәнібек есіктен кіргенде, Абылай атшысына: – Уа, менің қарт Бөгенбай берген Нарқызыл атымды шалыңдар, жақсы түске де жаман түске де садақа, Алла тағала мен не жорысам, соны қабылдасын, – дейді. Ұрыста Ер Жәнібек жеңеді. Осы аңызды біреулер Шақшақ Жәнібектікі етіп айтады. Бұл уақыт Шақшақ Жәнібектің қартайған, Абылайдың жас кезі. Енде-ше аңыздағы Жәнібектің «жаудан өлсем ұрпақсыз кетем бе?» деп алаңдауы, түсін Абылайға жорытпақшы болуы, Абылайдың оған «қолыңды жәй!» деп тізерлетіп отырғызып қойып түсін жорып, оң бата беруі аға Жәнібекке емес, өзінің тұрғылас інісіне жасайтын ілтипаты екені анық көрініп тұрған жоқ па!? Ер Жәнібектің өмір тарихы туралы арнайы ізденіс жасап, ол туралы тарихи роман жазған С.Тәукейұлы мен Ш.Құмарұлының жоғарыдағы баяндауларынан қарағанда Шақшақ Жәнібек жайында қалам тербеген ағайындардың, тіпті ол дүниеден өткенннен кейінгі оқиғаларға да оны қатыстырған жаңсақтығын бірден байқайсыз. Шақшақ Жәнібек пен керей Жәнібектің арасындағы жоғарыдағы ауыс-күйіс әлі де болса ғылыми дәлелдемені қажет етеді. Ол үшін ең әуелі екеуінің туған, өлген жылын анықтап алып, оны Абылай жорығымен үндестіре қарасақ болды, талас мәселелер оп-оңай шешім табады. Руға емес, шындыққа бет бұрсақ талай ағаттығымызды түзетуге мүмкіндігіміз бар.
Жәди Шәкенұлы
1 пікір