Шежіре

Ер Жәнібектің саптас сардарлары мен сарбаздары

Мөде, Едіге дəуірінен Шыңғысхан арқылы жеткен ежелгі ерлік  іздеріміз бен ертегі-аңыздардың алтын өзегі болған – Алпамыс, Ер Тарғын, Қамбар, Ертөстік сынды баһадүрлерімізді айтпаған күннің өзінде XVIII ғасырдағы жоңғар жаугершілігі тұсындағы қазақ батырларының тарихы да талай томға жүк болып келеді. Сондықтан «Абылай дəуірі – қазақтың ерлігі мен серілігінің ғасыры» деген Шоқан сөзі тектен-текке айтыла салмаған. (Ш.Уəлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, //А.А. 1984, 1 т.,432 б.).

Қай əңгімені алып қарасаңызда Ер Жəнібектің қазақтың əйгілі тұлғалары Қазыбек би, Абылай, Қабанбай, Бөгенбайларды аға ретінде жағалап, солардың ерлігіне ерлік қосқаны, іні ретінде сыйлас қана емес, үзеңгілес батыры ретінде қатар жүргеніде көрсетіледі. Əрі Уақ Өтеген, Баян жəне Наурызбай, Орақбай, Малайсары, Есенкелді, Бо- ранбай, Райымбек, Сырымбет, Жанұзақ Кешу, Шынғожа, Саурық, Бөлек, Жауғаш, Өтеген, Қарасай, т.б. батырлар қатарында ерекше ерліктерімен көзге түскен дара тұлға ретінде суреттеледі. Сондықтан да басқа батырлардың бəріне беріле бермейтін «Ер» деген атау оның есімінің алдына жалғанып «Ер Жəнібек» атанған.

Жалпы уақыт жағынан қарағанда 1730-1770 жылдар ішіндегі Жəнібектің жасы 16-56 аралығында болып, жалындап жанған боз- баладан кемелді шаққа келген кезеңін қамтиды. Осы дəуірдегі қазақ батырларының қай-қайсымен болмасын жоңғарға қарсы соғыста сап- та да, сапар да қанды көйлекті бірге киіп, еліне жоқшы болғанын көп айғақтар көрсетіп отыр.

Тарихи жырлар мен аңыз-əңгімелерде Ер Жəнібектің ел алдында абыроймен топ бастауының салтанаты да аса үлкен болған деседі. Ерлігі мен тапқыр шешендігі қатар жетілген қас батырды таныған Абылай оған тілек айтқызғанда, батырдың үш жүздің игі- жақсыларының алдында ханға қойған үш тілегі мынау: Бірінші, «Тақсыр, біз Керей деген ел едік. Ер Қосайдың елінде, Сарыарқаның белінде, Өр Алтайдың төрінле, қазаққа қорған боламын деп, хан Шыңғыстың жолын кескен, сауытын жыртқан ел едік. Амал айласы асқан Шыңғыс қапияда ханымызды өлтірді. Иесіз қалған елімізді торғайдай тоздырып, шаңырағымызды шағып, ошағымызды сындырып, күл төккен топырағымыздан қуған. Сол тозғаннан қазірге дейін еңсе көтере алмай келеміз. Енді сіздің заманыңызда ел қатарына келіп, оң тізеңізден орын алсақ дейміз».

Екінші, «Керей деген елім бар деп оң тізеңізден орын бергеніңіз рас болса, сарбазымызды жиып, сардарымызды сайласам деймін, найзамды өткір қайрап, жау алдында ойнатсам деймін». Үшінші, «Атамыз Керей желкілдеген желегі, ту көтерген ел еді, енді сарбаз жиып, сардар сайлағанда, түскен төбеме, шыққан тауыма қадайтын туымды белгілеп беріңіз!», – деген талаптар қойған екен. Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені төс жара қызыл сары жібек шашақты қытайы ақ торғыннан жасалған үлкен туды ұсынады. Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жамылып тұрған Жəнібек туды қолына алады. Керей елі: «Тар жол тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те, Жəнібектің алдынан кесе өтпейміз» деп, ант береді. (А.Татанайұлы, «Тарихи дерек, келелі кеңес» Шынжаң халық баспа- сы, Үрімжі. 1987 жыл). Осылайша жоңғарға қарсы қазақ соғысында ерен ерлік көрсеткен керей жауынгерлері Ер Жəнібектей ерін одан ары ұлықтайды. Оның соңынан еріп сан жорыққа қатысады. Керей қолы ғана емес, Ер Жəнібектің тікелей жетекшілігіндегі он екі реткі шайқаста қазақ қолы жеңістік алады. Оның соңынан ерген сарбаздардың да ерлік жігері күн сайын шыңалып, қара ормандай халқының қорғанына айналады. Ол кездегі жүзге бөліну, руға бөліну шын мəнінде жауға қарсы атойлайтын шабуылшы қосындарды өз ауылымен сайма-сай күйінде аттанысқа келтірудің оңтайлы жолы еді. Сондықтанда батырлардың бəрінің есімінің алдына өзі шыққан рудың аты қосылып, оның сол елдің иесі екені де бірден аңғарылатын. Əрі сол батыр арқылы бір рудың білекті азаматының бəрі де бір жолда атқа мініп, жауға қарсы аттанып отырған. Жəнібек үш жүздің алдында Абылай сыйлаған ақ туды қолға алғаннан кейін ендігі жерде жас жағынан өзінен үлкен-кішінің бəрі де оның сенімді серіктеріне – жаужүрек сарбаздарына айналды. Керей жауынгерлері барлық ұрыстарда шеп бұзар алдыңғы қосында жауға атылар жебенің алғашқы оғы болды. «Екі Керейдің басы қосылса, Жоңғар жылаған! Он Керейдің басы қосылса, Орда құлаған!» деп ба- сталатын ескі жырлар да сол кезде туса керек. Жəнібектің жас батыр атана бастаған кезінде де оны уақ пен керейдің əйгілі батырларының тəрбиесіне алғаны жайында əр түрлі аңыз бар. Арғы жағы Ер Көкше, Ер Қосай, Сартоқай, Жанат, Сəменбеттерден басталған сол ерлік өнегесінің жалғаушылары – уақ Бармақ батыр, керей Шақабай, Қожаберген Толыбайұлы (1663-1763), Барақ, Жабай, Ботағара батырлар Жəнібекке əрі ұстаз, əрі аға болған деседі Керей қосындарындағы Жантай Тілекеұлы (1700-1770), Байтайлақ Құттымбетұлы (1691-1760), Қаптағай Түгелбайұлы(1700-1760), Машан Арықбайұлы (1680-1759), Бұқарбай Елтоқұлы(1690-1760), Құлсары, Қожаберген Жəнібекұлы(1723-1785), Сартоқай, Жобалай Байсейітұлы (1700-1770), Шақантай Жауғашарұлы (1706-1791), Бар- лыбай Тайлақұлы (1736-1828), Ошанбай, Тұрсынбай Қарасарыұлы (1713-1819, Жантай, Нұралы Есіркепұлы, Ханбас секілді т.б. ба- тырлар бірі аға, бірі іні болса да Жəнекеңнің сыйласымды сарбазы ретінде оның алдынан кесе өтпей, талай қанды жорықтарда бірге болған. Бұдан бұрын керей балалары жауға шапқанда «Сəменбет!», «Шақабай!» деп ұрандаса, осыдан бастап Жəнібектің атын ұран қылған. Əрі аталған батырлардың есімдері де өздерінен кейінгілер  көтеретін кіші рулардың ұранына айналған. Абақ керейдің ұлтанды бөлегі Алтайға ат басын бұрғанда аша- майлы керей балалары Қызылжар өңірін мекендеп қалады да «Ошан- бай», «Тұрсынбай» есімдерін ұран қылады. Мəшһүр-Жүсіп Көпеев аңыздарында 1757 жылы Талқы қамалындағы қытай əскеріне қарсы соғыста Балтакерей Тұрсынбай батырдың Абылай жасағының алдыңғы шабуылдаушы, кезеуілші тобының қолбасшыларының бірі болғаны туралы мағұлымат берілген. Қытай мұрағаттарында сақталып, 1758 жылғы ақпан айында хатталып, тіркелген «Қазақ тайпаларының саны туралы» (№1.528-530) деген тізбенің ғалым Бақыт Еженханұлы арқылы жеткен нұсқасында орта жүз руларының саны, кімнің билігінде екендігі құжат тү¬рінде жазылған. Соның  ішінде «Ашамайлы керейдің он мың отбасы Тұрсынбай батырдың билігінде» екендігі көрсетілген. Қабанбай, Ақтамберділермен дос-жар əрі құдандалы өткен Шақантай, Нұралы батырлар Шұбартау, Бақанас өңірлерінде арғын, найман елдерімен көршілес болады. Əрі «Шақантай» есімін ұран еткен кіндікті атаға айналады. Шұбартау жеріне қоныстанған керей елінің алғашқы биі Жобалай Байсейітұлы болып, ол Шақантай батыр Жауғашарұлымен селбесе отырып, елдің қазіргі Дағанды, Бақанас, Құр, Қорық, Малгелді, Сары жəне Қусақ өзендеріне ірге жаюына елеулі еңбек еткен екен. 1960 жылдардың ішінде Мағауия Кененбаев жырлаған «Нұралы батыр» жырында:

Жорықтар жолын бастаған.

Ер Қосай батыр Нұралы,

Тарихқа ізін тастаған.

Жəнтекейұлы Шақабай,

Шақырған қалың бақадай…

Қайран Керей ерке елім,

Бұлдыр тұман ертеңің.

Алтайда жаудын бетінде,

Шежіреде сыр шертемін.

Қытайменен алысып,

Моңғолдармен шабысып.

Қалын елім қазағым,

Сағынып келіп табысып.

Жəнібек еді батырым,

Ерлікпен танды атырдың.

Тосқауыл жасап жауыңа,

Тіктірген күміс шатырын.

Жобалай еді жолдасын,

Нұралы еді құрдасың.

Керейде асқан қос батыр,

Тианақ елге тұлғасың.

Алтай үшін айқасып,

Сауыр үшін шайқасып.

Он қалмақты өлтірген,

Нұралы батыр Қобда асып.

Жəнібек батыр құрдасы,

Жантай батыр сырласы.

Басын кескен Тайшының,

Нұралы еді мың басы.

Батыр Тайшың өлді деп,

Қалмақ қашты трақай.

Нұралы батыр келді деп,

Қанас үшін қандасып.

Қара Ертіс үшін жандасып.

Керей Қалмақ соғысты,

Тұяғынан аттың шан басып.

Қара Ертістің бойында,

Қыраның құйған ойында.

Ата жаумен алысып,

Қалмақты Керей қиратты… – деген жолдар бар.(«Шұбартау шұғыласы» газеті, 4 мамыр 1992 жыл, №22. Баспаға берген: Айтқали Мағауияұлы Кененбаев. Деректі бізге жолдаған Тұрсын Самханұлы). Мұндай жырлардан «Алтай үшін айқасып, Сауыр үшін шайқасып, Қанас үшін қандасып, Қара Ертіс үшін жандасып» өткен ерлердің өткен өмір суретін көргендей боламыз. Сол арқылы Ер Жəнібек төңірегіне топтасқан батырлардың, Ертісті өрлеп, Өр Алтай дала- сын жаудан босатып алу жолындағы ерліктері тіпті де көрнектілене түскен.

Жəне де сол ескілікті сөздердің Шұбартау өңіріндегі тағы бір нұсқасында:

Жəнібек – найза,

Шақабай – қылыш!

Жаназар – қалқан,

Байқотан – құрыш!
Шақантай – шоқпар,

Жобалай – ырыс!
Нұралы – намыс,

Томан би – тыныс!
Бегімбет – қоныс,

Өмірзақ – өріс! (Жортар Биболұлы «Ертіс өңірі» 2009 жыл 18 ақпан) – деген нақыл кездеседі. Халық өзінің батырлары мен билерін қадір тұтып қалмастан олардың елі үшін сіңірген еңбегіне қарап өзіндік бағасын да беріп отырған. Өсиетті өнегесін рухты жырлар арқылы ұрпағына жалғаған халық даналығының кейінгілерге берер тəліматы да аса мол. Осындай елі мен жері үшін жанын қиюға дайын тұратын батырлық дəстүрдің алтын арқауы ата қуып, кейіннен аты алты алашқа мағлұм болған – Арқалық Бөрібайұлы, Айбас Жамбайұлы, Дөненбай Нұралыұлы, Нысан Торғайұлы, Бақтыбай Айбасұлы, Қуандық, Қотырақ, Шуаш, Тайлақ, Байжан, Естаған, Ызғұтты, Жарқынбай, Иман, Көбеш, Тұрым, Ақтай, Қожамжар батырлар, Бөке батыр Жырғалаңұлы, Зуқа батыр Сəбитұлы, Мырзаш Қарамырзаұлы, Елсіхан Əліпұлы, Оспан батыр Сілəмұлы сынды ұлт рухына жоқшы болған баһадүрлерге жалғасты. Бəрі де жауға шапқанда жолы болғыш аруақты атасының атын шақырып «Жəнібек, Жəнібек!» деп ұрандайтын болған.

Жәди Шәкенұлы

Теги: , , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*