«Қаралы көш» атты тарихи роман жазуыма байланысты осы көш төңірегіндегі оқиғаларды негіз еткен бір фильм түсіру мәселесі талқыға түсуде. Киногерлер мен тарихшы-жазушылардан құралған топтың шешімі бойынша мені сценарий авторлығына ұсынып отыр»,-дейді Қазақстан жазушылар одағының, Еуразия жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жәди Шәкенұлы. Бүгінде Ақмола облысына қарасты Қоянды орта мектебінің директоры қызметін атқарып отырған қаламгермен шығармашылығы жайлы болған сұхбатты ұсынамыз.
– Жәди Шәкенұлы, Сізді халық жазушы ретінде ғана емес, өз ойларын батыл, тұжырымды айтатын ұлт қайраткері деп те бағалайды. «Қаралы көш» романыңыздың дүмпуі де күшті болды. Дегенмен өзіңіздің оқырмандарыңыз «енді не береді?» деп тағы бір татымды еңбек күтетін сияқты. Ұстаздықпен айналысамын деп қаламыңызды қағыс қалдырған жоқсыз ба?
– Абай, Ахмет, Ыбырайлардан бастап ұлт зиялыларының бәрі де ұстаздық жолды басты. Мен де қызмет жолымды мұғалымдіктен бастағанмын. Кейіннен қала әкімінің кеңсе меңгерушісі, диктор, тілші, редактор секілді алуан қызметтер атқардым. Жұрт мені қаламгер ретінде бағалайды. 8-9 кітабым жарық көрді.
Жалпы ұстаздықтың өзі ауыр жол. Оның үстіне адам тәрбиелейтін ғылымның, адам тәрбиелейтін ұжымның басшысы болу шынында оңай емес. Халқың қаласа, ұйымдық ұйғарса, ет жүрегің елім-жерім деп соғып тұрса, қазақтың қара қөз баласын тәрбиелеуден қалай бас тартасың. Десе де шығармашылығмның уақытша тоқтағандай болуы өз шымбайыма да бататыны шындық. Ұстаздыққа қайта оралуым көп білім, өмір сабағын үйретті. Мұның бәрі қаламгерлігім үшін де табылмайтын материал қоры болды. Ауылдағы әр түрлі оқиғаларды көргенде кейде өз кейіпкерлерімнің ортасында жүргендей күй кешемін.
– Демек, түбі қаламгерлікке қайта бет бұруыңыз мүмкін ғой!
– Әрине, ұзақ жылдық арман-мұрат болған қаламгерлікті қалдырып кетсем бір қанатым қырқылғандай болмай ма?! Сол үшін де мектепте ұстаз болайын, болмайын бәрібір өзімді ұлт ұл-қыздарының ұстазы санаймын. Ұлтқа ұстаз болу үшін де шәкірт болу үшін де қолыңнан қаламыңды тастамауың керек. Халықтың қаламгер ұлы болудан қашуыма жол жоқ.
– Сіздің БАҚ-та ащы шындықтарға баратын кездеріңіз де көп. Мектеп директорының орынтағында отырып биліктің шамына тиетін кездеріңіз болмай ма?
– Билік заң бойынша қызмет етсе, менің оған қандай кінә қоямын. Ал заң бұзылса, замана тентектері ұлт мүддесіне, халық мүддесіне қарсы тас атса, азамат ретінде қалай бұғып қаласың. Қазіргі заң да жақсы, замана да жақсы. Ал ішінара адамдардың заңсыздық іс-әрекеті, сөзі байқалып жатса, ондайда шындық жағына шығамын. Мәселе орынтақты сақтау емес, адамдық арыңды сақтауда. Жүйесімен айтатын сөзің болса, оны бәрі тыңдайды. Сынағанның жөні осы екен деп «тисе тереккке, тимесе бұтаққа» десең онда оғың далаға, сөзің заяға кетеді. Әділетті айтудан қашқанды Аллаға құл деуге де, адамға ұл деуге де келмейді.
– Жиырма жылдық өміріңіз қалада өтіпті, енді бірден ауылға соның ішінде ауыл мектебінде қызмет етуіңіз өзіңізге қандай әсер қалыптастырды?
– «Адамның аузындағы алланың назарына ілігеді» деген сөз рас. Алматыда жүріп Алтайдың ақ аязын сағынғанда тұмсығымды желге көтеріп: «Шіркін, Алтайдың ақ бораны қандай еді? Сықырлаған еркек мінезді аязы қайда қалды?» деп алыстағы ауылды аңсаушы едім. Сол даланың такаппар бір мінезін Қояндыдан тапқаныма өзім де таңмын. Ауылда тудым, ауылда есейдім. Қалаға қанша бауыр бассаң да бүйрегің ауылға бұрылып тұрады. Қоянды ауылының асау желі, айлы түні сол алыста – алтын Алтайдың бауырында қалған балалығымды еске салады. Бұл ауылдың тағы бір ерекшілігі қаламен қанаттас, өнер мен мәдениетке жақын. Әрине, қиындығы да жоқ емес. Көп нәрсені қала өмірімен, республикалық деңгеймен салыстырып үйреніп қалған басың, кейде айналаңнан сол өрені таппағандай құлазитын кезің де болады. Сондай сәтте асау табиғатпен сырлассаң сабырыңа келесің. Үміт пен жұбанышты алғы күннен ізейсің. Мейлі оқушың болсын, мейлі балаң болсын солардың кіршіксіз санасынан жоғалтқан жоғыңды көресің.
– Балалар өмірі демекші, Жәке, балаларға арналған еңбектеріңізді атай кетсеңіз. Жақында балалар шығармашылығындағы бір кітабыңыздың Түркияда жарық көргенін естіп едік?
– Алла Тағала адам санасына аздаған сәуле сыйласа, сен сол сәуленің жарығын халыққа, ұрпағыңа сыйлауға міндеттісің. Алғаш ұстаз болғандағы бір арманым балаларға арнап кітап жазу еді. Алла оған жеткізді. «Ақбота», «Балқаймақ», «Ақбалапан» атты балаларға арналған еңбектерім жарық көрді. «Ақбота» Қытай елінде, «Ақбалапан» Түркия елінде қайта басылды. Бұл кітаптар Республикамызда да оң бағасын алып, мысал әңгімелерім бастауыш сынып оқулықтарына кірді. Осының бәрі – бір қарағанда кешегі және бүгінгі ұстаздық өмірім мен біте қайнасып жатқан сияқты. Ахмет Байтұрсынның «балам деген жұрты болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!» деген жақсы сөзі бар. Бала тәрбиесінің жақсы болуы – ұлттың алтын өзегі. Балалар әдебиеті де менің шығармашылығымның бір бөлігі. Оның өскен өркені мен берер жемісі де ұлт үшін болмақ.
– Сіздің баспасөздегі сұхбаттарыңызға қарап, әр түрлі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, ұлт руханиятын көтеруге еңбек етіп жүргеніңізді білеміз. Қызметіңізден сыртқы әлеуметтік жақтағы қандай жұмыстарыңыз бар?
– «Қаралы көш» атты тарихи роман жазуыма байланысты осы көш төңірегіндегі оқиғаларды негіз еткен бір фильм түсіру мәселесі талқыға түсіп, мені сол комиссияның мүшелігіне Алматыға шақырған еді. Киногерлер мен тархшы-жазушылардан құралған топтың шешімі бойынша мені сценарий авторлығына ұсынып отыр.
Биыл Абылайдың сенімді серіктерінің бірі, әйгілі батыр Ер Жәнібек Бердәулетұлының 300 жылдығы. Осы атаулы күнге байланысты өтетін іс-шараның жауаптыларының қатарында менің де есімім бар. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті басшыларының қолдауымен халықаралық конференция өткізу және батыр атында қазақ күресі мен белбеу күресінен республикалық чемпионат өткізу, кітаптар шығару, ас беру сынды алуан түрлі жұмыстар күтіп тұр.
Шетте туып, Отанға оралуымызға байланысты алыстағы ағайын төңірегіндегі көп әңгіменің басы-қасында да жүрдім. Соған байланысты жақында ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау минстрлігінің көші-қон комитеті жағынан арнайы хат та тапсырып алдым. Онда аталған комитеттің ведомствоаралық жұмыс тобына мүшелікке кіруіме ұсыныс жасапты.
Осының бәрі де ел мен жердің рухын, тұтастығын, ұлт мәртебесін көтеруге арналған еңбектер болғандықтан халқыңның қара лағы болудан бас тарта алмайтының белгілі. Елім маған қаншалықты қымбат болса, менің де еліме деген аз да болса бағамның болғанына, осы елдің қажетіне жарағаныма өзімді бақытты сезінемін.
– Алдағы шығармашылық жоспарыңыз қандай?
– Баспаға ұсынып үлгермеген бірқанша еңбегім бар. «Қаралы көш» кітабым өзге тілдерге аударылмақшы. Ойымда он неше кітаптың жүгі жүр. Толғақты кездерімде ақ жауынша сіркіреп алатын кездерім болушы еді. Сол көктемім тез оралса, үстелге мініп алып, ұзақ отыратын шақтарды да аңсап жүрмін. Алла қуат берсе ұлтқа ұлағаттылық, әдебиетке екпін сыйлайтын шығармалар жаза бергім келеді.
– Алла ісіңізге сәттілік берсін!
ult.kz