Шежіре

Жәнібек жасаған орта және оның батырлық іздері

Ер Жәнібек жасаған дәуір жоңғар шапқыншыларының қазақ да-ласына талай рет қанды жорық жасаған кезеңіне тура келеді.

«Жәңгір хан дәуірінде қазақтар мен ойрат жоңғарлары арасында үш ірі шайқас – біріншісі 1635 жылы, екіншісі – 1643 жылы, үшіншісі– 1652 жылы болған». (Н. Мыңжани «Қазақтың қысқаша тарихы» Үрімжі 1987 жыл, 395 бет). Міне, осы шайқастардың бірінде Ер Жәнібектің арғы атасы Алтының ауылын жоңғарлар шауып ерлерді түгел қырғындайды. Бір жасқа толмаған баласы Сарыны (Ер Жәнібектің ұлы әкесі) шешелері жер ошаққа жасырып аман алып калады.

Ер жете келе батыр, балуан болған Сарыда жау қолынан қаза та-бады.

«1681-1685 жылдарда жоңгар феодалдары оңтүстік Қазақстанға бірнеше рет шабуыл жасады, Сайрам қаласын қиратып, егіншілікпен айналысқан ауылдарды күйретті. ХVШ-ғасырдың бас кезінде жоңғар әскерінің бір тобы Сарысу өзеніне жетсе, екінші бір бөлігі орта жүздің шығыс солтүстік аудандарына басып кірді» («Қазақ Совет энциклопе-дициясы» VI том, 380-бет). Осы тұста таққа отырған Жәңгірдің баласы Тәуке хан қазақ хандығын нығайтуға бар күшін салды. 1710 жылы жауға қарсы төтеп беру амалдарын қарастырып қазақ жүздері Қарақұмда бас косты. Алайда, қазақ жасағы жоңғарларды аз ығыстырғанымен ішкі алауыздықтар салдарынан жеңісті шеруді жалғастыра алмады. Керісінше жоңғарлар қазақ жеріне сұғына түсті.

1718 жыл Тәуке хан қайтыс болды.

Осындай қандыбалақ жылдардың бел ортасында, яғни 1714 жылы Ер Жәнібек дүниеге келді.

Жоңғар билеушісі Суан Рабдан билік басына шыққаннан кейін, ХVІІ-ғасырдың ақыры мен ХVIII ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ жеріне жеті дүркін (1698, 1711, 1712, 1714, 1718, 1723, 1725 жылдарда) басып кірді. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» осы жылдардың қанды ізі еді.

Балалық шағында қанды көйлек киіп есейген Жәнібектің батыр болмауға қақысы жоқ еді. 1725-1726 жылдардан бастап казақтар қайта ес жия бастайды. «Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте 1726 жылғы Ордабасы-да өткен жиында үш жүздің басы бірігіп, Әбілқайырды үш жүздің әскер басы етіп сайлап, ұрыс тәсілдері белгіленді. Ол өзінің жақсы нәтижелерін көрсетті». (К.Р. Аманжолов «Түркі халықтарының тари-хы» 3-кітап, 48-бет).

«Ер Жәнібек» атындағы қиссалардың бәрінде «қосынға бір бала ерді» деген сөз қайталанады. Демек, жаугершілік тұсында ұлын не он үш не он бес жасында үйлендіретін қазақ салты бойынша он үштен өткесін бала демейді. Қайта «онбесте отау иесі» деп, оны үлкен азаматқа балайды. Аңыздар мен дастандарда қарт батырлар әлгі

балаға күліп: «Астындағы көк дөнені әдемі екен, мұны сынап көрейік, қосынға ерген қорқақ біреу болса жүрегі жарылып өліп қалар» деп оны бейіттің бетағашын бұзуға жұмсайды. Бұл бірде «Абылайдың сы-науы», бірде «Қабанбайдың сынауы» деп көп айтылып жүрген аңыз. Жәнібектің алғашқы көзге түсуі осыдан басталады.

1727 жылдан атқа мінген қазақ жасақтары 1728 жылы Алакөл маңында, Бұланты өзенінің жағасында жоңғар әскерлеріне күйрете соққы берді. 1929 жылдың соңынан басталған соғыс, 1930 жылдың көктемінде жоңғар әскерлерін тағы да ойсырата жеңді. Ақыт Үлімжіүлы жазған «Ер Жәнібек» дастанында Жәнібектің алғашқы жорықтарын тілге тиек етіп: «Жәнекең он алтыға келген жасы» дейді. Бұл демек мүшел есебімен 1729 жылға, жыл есебімен 1730 жылға тура келеді.

Мұнан шығатын қорытынды – мейлі он екі жасында, мейлі он алты жасында болсын Ер Жәнібектің қазақтың жоңғарларға қарсы алғашқы жеңісті шерулерінен бастап жауға аттанғанын еш тарих терістемейді. Осылайша, Жәнібек жоңғарларға қарсы соғыспен есейіп, жеңістерімен қанаттанып отырған. Батыр жайында жазылған тарихи романдар да бұл деректерді растай түседі.

Қытай жазбаларында айтылуынша 1733 жылы қазақ пен калмақ арасында үлкен майдан болып, қазақтар жеңістік алады. Бұл – Үмбетай жыраудың Абылайға «жиырма жасың толғанда, қалмақпен соғыс болғанда» деген кезі екенінде күмән жоқ. Ендігі жерде Абы-лай есімі қалай асқақтаса, Жәнібекте солай ауызға алына бастайды. Жәнібек туралы аңыз-әңгіме, қисса дастандардың ішінде Абылай-сыз сөз сөйлейтін бірде-бірі жоқ. Қабанбай, Бөгенбай, Алтыбай, Ақтамберді, Еспенбет, Матай Шөңкей, Бура Ақпантай, Басентин Ма-лайсары есімдерімен бірге Ер Жәнібек есімі де жиі ауызға алынады.

1729 жылы Жоңғар хунтайжысы Суан Рабдан өліп, оның орны-на хунтайжы болган Халдан Серен 1739, 1740, 1741, 1742 жылдары бір мезет Есіл, Ор, Ырғыз және Елек езендерінен Сыр бойына дейін шабуыл жасады. Абылай бастаған қазақ қолы оған қарсы күрестер үйымдастырды. Бұл кезең Жәнібектің батырлық аты шыққан мезгіл болатын. Абылайдың оң тізесін басқан ол қазақ батырларының қатарында барлық шайқастарда жауға ойсырата соққы беріп көзге түсіп отырған.

1741 жыл Абылай мен Халдан Серен арасындагы бейбітшілік келісіміне сай екі жақтың ел жүрты аз жылдар ғана тыныш өмір өткізеді. Көп өтпей қалмақтардың өз ішіндегі билік таласы қан төгуге жалғасып, Дабашы мен Әмірсана қазақтарды паналайды. Осыны желеу еткен Лама- Дорж 1752 жылы қазақ жеріне басып кіріп, қиян-кескі соғыс болады. Міне, осындай жердің шетінде, жаудың өтінде оларды алғашқы тосқан Керей, Найман секілді орта жүз жасақтары болып, Жәнібек сынды ерлер қосынды бастап жауға қарсы алдымен шабады. Іле-шала маңдайдан ұрылған жоңғар қолына Абылай қосыны қырғидай тиіседі. Қалмақтар тас-талқан жеңіліске ұшырайды. Ендігі жерде берекесі қашқан жоңғарлар өз ішіндегі алауыздық пен Мәнжу-Цин империясының соққылауына ұшырап құрып-жоғалуға бет алады.

«1753-1754 жылдарда Жаңатай, Қабанбай, Бөгенбай, Керей Жәнібек, Мүйізді Өтеген батырлар бастаған қазақ қосындары қысы-жазы демей әлденеше рет жоңғарды шауып қайтады.» (М.Мағауин, «Қазақ тарихының әліппесі», Алматы, 1995 ж, 115-бет).

Аталған жылдар ішінде Жәнібек Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін Қарақол, Нарын, Ұржар, Қатынсу, Алакөл, Барлықты азат ету шайқастарында атойлай шау-ып, іле-шала Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарында болып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін жаудан босатуға ат салысты. Шақшақ Жәнібектің 1952 жылы дүниеден қайтқанын еске алсақ, осы тұстағы Жетісу, Алтай, Тарбағатай өңіріндегі барлық шайқастарда ауызға алынатыны тек қана керей Ер Жәнібек.

1756 жылғы Аякөз өңірінде өткен қазақ-қытай соғысында да Ер Жәнібек бастаған ерлер егей ерлігімен көзге түсіп, ел мен жерін қорғаудың өшпес өнегесін көрсетті. Кейіннен Жәнекеңнің керей ауылдарын бастап қонған Шыңғыс тауының сыртындағы Бақанас өзенінің Байқошқардан төменгі кең алқабы «Жәнібек өлкесі» атануы да тегін емес.

Ер Жәнібекке қатысты аңыз-әңгімелерде көп айтылатын деректердің біреуі Жәнібектің Қырғыздың Садыр атты батырымен жекпе-жекке түсіп, оны өлтіруі әрі қалыңдығын олжалауы мен оның өлімі. Тарихи деректер бойынша Абылай бастаған қазақ қолы Ер Жәнібек сынды батырдардың қан майдандағы күресі арқылы 1765, 1770 жылдары Қырғыз ұлысына бірнеше дүркін жорық жасаған.

Әрі Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартып, қазақпен қырғыздың қазіргі шекарасын айырады. Ер Жәнібектің Ыстықкөлге(кейде Іле не-месе Шу өзені делінеді) жуынып жатып, ағаш басындағы Садырдың қалыңдығының сағымын көретіні дәл осы кез болса керек.

Осы тарихи оқиғалардың қатарында Қабанбайдың сырқат екенін естіген Өтеке баласы Қарабек қырғыздың қалың қолын бастап, оның басын алмақ болған жорығы да баяндалады. Мұндай қысылтаяң жағдайда Қабанбайдың хабар айтуымен қазақ батырлары тұс-тұстан құйылады. Соның бірі Ер Жәнібек. Ол жайында «Қабанбай» даста-нында:

Жатушы ек елімізде сары қазы жеп,

Шабатұғын қырғызға біз не қылып ек.

Намысын Қабанбайдың әперем деп,

Керейден іздеп кепті Ер Жәнібек, – деген жолдар бар. Мұнда батырлардың бас қосқан ерлігі де, сыртқы жауға тізе қоса қарсы тұратын ажырамас бірлігі де қатарынан көрінеді.

Тіпті соғыс аяқтай салысымен Қазақ-Манчиң саудасына алғашқы көпір салған да Қабанбай, Жәнібектер екені қытай жазба-рында анық көрсетілген. Онда екі ел арасында сауда қарым-қатынасы орнай бастаған алғашқы күндерде, яғный, 1759 жылы 16 қазанда Әбілпейіз бен Қабанбайдың Жәнібек батыр және Едіге бастаған са-уда тоғанағының Үрімжіге 144 атқа сауда жасап қайтқандығы мен 1763 жылы 14 қарашадан 2 желтоқсанға дейін Абылайдың Жәнібек бастаған 100 адамдық 7 сауда тоғанағының 234 жылқы, 20 сиыр, 720 қойға сауда жасап қайтқандығы баяндалған.

Демек, аса шебер дипломат Абылай жоңғардан босаған ежелгі мекенге елді қайта қоныстандыру үшін саудамен басталған «өріс-қоныс алу» саясатын өзінің Жәнібек сынды сенімді батырлары арқылы іске асыра бастаған.

Жоңғар қалдықтары бір жола жойылғаннан кейін 1771 жылы қазақ қолы Абылай ханды үш жүздің ханы етіп сайлады.

Демек, қазақ тарихының қанды бетінде Абылайханның орны қандай биік болса, Ер Жәнібек есімі де онымен қатар жүреді. Абы-лай хан туралы кей дерек оны 1711 жылы, кей дерек 1713 жылы туған дейді. Олай болса Абылай Жәнібектен бірнеше жас қана үлкен болғаны.

Мейлі уақыт, мейлі тағдыр хан Абылай мен батыр Жәнібекті өте жақын көрсетеді. Абылай 1781 жылы қайтыс болса, Ер Жәнібек 1792 жылы қайтыс болған.

Жәнібектің соңғы өмірі қазіргі Шығыс Қазақстан өңірінде өткен. Сүйегі де сонда – Қалба тауының бауырында жатыр. Жоңғар қалдығы шығысқа ығысып Қытайдың ірі Цин империясы аранын ашып тұрғанда жердің шетіне баруы елін, жерін жаудан қорғайтын батырдың айбынды тұлғасын одан ары асқақтатып тұрған жоқ па!? Тек Ер Жәнібек қана емес, қазақтың көп батырының сүйегі елдің ішінде емес, жердің шетінде жатыр. Мұның өзі ата-бабамыздан жалғасқан батырлық дәстүрдің жалғасы болмақ.

Ер Жәнібек есімі рудың, ұлыстың ұраны ғана емес тұтас ұлттың мақтанышы. Ол еліне, жеріне жан-тәнімен берілген аты-затына сай қазақтың хас батыры.

Жәди Шәкенұлы

Теги: , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*