Шежіре

Ер Жәнібек есімі – ежелгі деректерде

Жәнібек Бердәулетұлы(1714-1792) Абылай хан дәуіріндегі әйгілі батыр. Оның ел қорғаудағы ерен ерліктеріне қарай есімінің алды­на «Ер» деген атау қосылып, «Ер Жәнібек» атанған. Кейде «Керей Жәнібек», «Ақыр Жәнібек» деп те айтылады.

Құрбанғали Халидтың (1843-1913) «Тауарих Хамса» аталатын еңбегінде: «Абылай заманында батыр, сардар болғандар: Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтамберді батыр, Еспенбет батыр, Ма­тай Шөңкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақпантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Басентин Малайсары батыр» (105-бет) деген жолдар бар. Бұхар жыраудың «Ғалданменен ұрысып» деген ұзақ жыры да:

Ғалданменен ұрысып, жеті күндей жүрісіп,

Сондағы жолдас адамдар: Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай, Керейде батыр Жәнібек… – деген дерек айтады(«Қазақ халқы және оның салт-санасы» Ж.Мырзаханұлы, Шыңжан халық баспасы, Үрімжі 1992-жыл, 339-бет).

Досбер Саурықұлының «Есенкелді» дастанында да:

Ту тігіп тұлпар мініп әскер бастап

Атақты әр рудан ер жиналды.

Алтынбай, ер Еспенбет, Ақтанберді,

Қол бастап батыр деген атпен келді.

Матайдың бір батыры Шөңкей деген,

Жәнібек қалың керей жақтан келді, – дейді(«Абылай хан», Алма­ты, жазушы, 1993ж, 294-бет).

Ежелгі тарихтың көбін ескі жырлардан іздейтін дәстүріміз бой­ынша ақын-жыраулар жырларын одан ары зерделесек, батыр бабамыз жайында талай дерек табамыз.

1987 жылы Шынжаң Халық баспасынан шыққан «Қазақ жырауларының жырлары»(құрастырған: Нығмет Мыңжани) атты кітапта Бұқар жыраудың Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естіртуі:

«Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай.

Керейде батыр Жәнібек,5

Қаз дауысты Қазыбек.

Ормандай көп орта жүз

Одан шыққан төрт тірек», – деп берілген.

Бөгенбай батырдың сенімді серігі, жалынды жыршысы болған Үмбетай жыраудың батырдың өлімін естіртуі де:

Аруағыңа болысқан,

Әділ билік қылысқан.

Қашпаған қандай ұрыстан,

Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ку дауысты Құттыбай.

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай.

Абылай сенің тұсыңда

Сол бесеуі болыпты-ай,

Кейі батыр, кейі би,

Тәңір берген сондай сый,

Ұмыттың ба соны, Абылай!» – деп көрсетіледі.

Аталған кітаптың алғысөзінде көрнекті ғалым Н.Мыңжани Үмбетай жыраудың осы жырын Шәкерім шығармаларынан алғанын тілге тиек етеді. Мұндай жолдар «Бес ғасыр жырлайды» деген кітапта да бар. (А.А. 1989 жыл, 77 бет).

Өткен ғасырдың басында Алтай өңірінде өткен әйгілі ақын Арғынбай Апашбайұлыда (1883-1946) «Жыр роман» атаған кесек шығармасында:

Абақтан Ер Жәнібек батыр шыққан,

Дұспанның талай жерде туын жыққан.

Халықты батыр менен бай бастайды,

Жауларын қарсыласқан жерге тыққан, – деп Жәнекеңе арнайы тоқталады. (ҚХР «Мұра» журналы 1992 жыл, 2 сан, 41 бет).

Жазушы Шәміс Құмарұлының дерегінше, Ер Жәнібек жайын­да жазылған ҚХР-да төрт авторлы, үш авторсыз, жиыны жеті дастан жарық көріпті.

Жәнібек Бердәулетұлы ның жоңғар қалмақтарына қарсы күресі баяндалатын жырдың бірнеше нұсқасы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан «Бабалар сөзі» сериясына кіріп, Ыбырай Ботайұлы 6

жырлаған нұсқа 27-томында (2006ж) жарияланған. Сондай-ақ Жәнібек батыр туралы аңыз-әңгімелер мен тарихи жырлардың бір шоғыры аталған церияның 59-том және басқа да бөлімдеріне кірген.

Жырларды аталған томдарға дайындаушының бірі С.Қосан: ««Жәнібек батыр» тарихи жырының бірнеше нұсқасы бар. Олардың көпшілігі көршілес Қытай еліне қарасты Алтай аймағының қазақтары арасында аңыз-әңгіме түрінде айтылып келіп, ХХ ғасырдың бас кезінде өлең түрінде хатқа түскен. Эпостың көлемді бір вариантын 1927 жылы Тарбағатай өңірінің тумасы, өзінің айтуынша Керей Жәнібек батырдың бесінші ұрпағы болып саналатын Ыбырай деген кісі жазып таратса, екінші бір нұсқасын Алтай аймағының белгілі ақыны, Қытай қазақтарының рухани көсемдерінің бірі – Ақыт қажы Үлімжіұлы шығарғаны мәлім» дей келіп, – «Жәнібек батыр туралы тарихи жырлардың қолжазбасы ҚР БҒМ ОҒК сирек қорында (Ш.585, 1-дәп., Ш.778, 3-дәп.) сақталған. «Бабалар сөзі» сериясының кезекті томына ұсынылып отырған «Жәнібек батыр» жыры ӘӨИ Қолжазба қорында сақтаулы түпнұсқадан (ҚҚ: Ш.330, 8-дәп.) еш өзгертусіз алынды» – деген түсініктеме береді.

Батыр жайындағы деректер Машһұр-Жүсіп Көпеев, Асқар Татанайұлы «Қылышбай шежіресі» жазбаларында да кездеседі. Ер Жәнібек жайындағы жырдың тағы бір қолжазба нұсқасы қазір де ҚР Орталық Ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорыңда сақтаулы(«Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы», III том, 396 бет).

Жәди Шәкенұлы

Теги: , , , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*