Жанболат Үмбетов, Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында: «Ана тілімізді даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деп атап өткені белгілі. Расында да, мемлекеттік тіл мәселесі даудың емес, кемел келешегіміздің кепілі ретінде қарастырып, келелі кеңестің тақырыбына айналдырып жатсақ құба-құп. Осы орайда біз Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат ҮМБЕТОВПЕН әңгімелесіп, облыстағы мемлекеттік тілдің ахуалы жөнінде ой бөлісуді сұраған едік.
– Жанболат Жұмабайұлы, өзіңіз басқарып отырған ұжымды өңірдегі қазақ тілінің шынайы жанашырлары десек, артық айтқандық болмас. Әңгімемізді ана тіліміздің облыстағы жай-күйінен бастасақ?
– Біздің атқарып отырған еңбегімізді бағалап, жылы лебіз білдіріп жатқаныңызға рахмет. Ал енді сауалыңызға көшетін болсам, мемлекеттік тілдің жай-күйі бүгінде әрбіріміздің ойымызда, санамызда жүрген көкейкесті мәселе ғой. Осыған орай мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктету жолында қызмет жасап келе жатқан жайымыз бар.
Тәуелсіздік алғалы бері қандастарымыздың өз ана тілдеріне деген құштарлықтары артып келеді. Облыс орталығында бүгінгі таңда алты қазақ мектебі жұмыс істейді. Биыл да жаңа білім ордасының құрылысы басталғалы тұр. Демек, мектептердің саны алдағы уақытта көбейе түспек. Бұл күндері облыста жалпы қазақ отбасыларында тәрбиеленіп жатқан балалардың 60 пайызы ана тілінде білім алуда. Сарыкөл, Қарабалық, Федоров аудандарында қазақ мектептері бой көтерді. Бұл мектептерде қазақ балаларымен қатар өзге ұлт өкілдері де білім алуда.
– Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген ұмтылыстары қуантады, ал олардың мұндай ынта білдіруіне не әсер етті деп ойлайсыз?
– Ең бірінші әсер еткені ол адамның өзінің ішкі түйсігі деп ойлаймын. Екіншіден, қазақ тілінің қоғамда қажеттілікке айналып келе жатқаны шығар.
Дегенмен, тілге байланысты атқарылып отырған іс-шаралардың да тигізер пайдасы аз болмаса керек. Сондықтан бәріміздің мақсатымыз да, мүддеміз де бір арнаға тоғысулы – ол мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Осыдан үш жыл бұрын облысымызда «Өзіңнен баста» деп аталатын шара өткізілді. «Тілдарын» деп аталатын клуб құрылды. Оның мүшелері негізінен өзге ұлт өкілдері. Клубтың басты ұраны «Мемлекеттік тіл – менің тілім» екенін айта кеткен жөн. Өз басым, өңірімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің уақыт талабын жете түсініп, туған жеріміздің патриоттары ретінде осы клубты құрғандарын құптап, тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеміз.
– Осындай патриот жастардың аты-жөндерін оқырмандарымызға таныстыра кетсеңіз артық болмас?
– Айтайын. Ол кезінде біздің басқармада жауапты қызмет атқарған – Эльвира Иванова. Эльвира қазір Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде жұмыс істейді. Білікті маман. «Қазақстан-Қостанай» телеарнасында дикторлық қызмет атқарып жүрген Алла Гаврина, сондай-ақ Алла Платонова сынды жерлестерімізді ерекше атап өтуіме болады. Кейінгі толқын жастарымыздың ішінде де қазақ тілін өзінің туған тілінен кем санамайтын, келешекте мемлекеттік тілдің көшін алға бастайтын ізбасарлар өсіп келеді.
– Аймақтағы атқамінер лауазымды азаматтардың мемлекеттік тілге деген көзқарасы қандай?
– Өзіңіз білесіз, мемлекеттік тіліміздің өз тұғырына көтерілуі тек мәдениет, тіл, журналистика саласында жүрген ағайындарға ғана қатысты емес, лауазымды қызмет иелеріне де тікелей қатысты. Бұл тұрғыдан алғанда облысымызда тіл мәселесіне жанашырлық танытатын атқамінер азаматтар бар. Мәселен, облысымыздағы Жітіқара, Әулиекөл, Алтынсарин аудандарының әкімдері Мейрам Өтешов, Амантай Балғарин, Батырбек Ахметовтердің жиналыстарды тек мемлекеттік тілде өткізіп келе жатқандары қуантады. Сонымен қатар Федоров ауданының әкімі Қайрат Ахметовтің бастамасымен аудан орталығында Тәуелсіздік монументі орнатылып, халықтың рухы бір серпіліп қалды. Мемлекеттік нышандарымыз бедерленген сайын мемлекеттік тілдің де мерейі үстем бола түседі деп ойлаймын. Демек, тілге көзқарас – елге көзқарасты айқындайтын шешуші мәселе.
– Мемлекеттік тілді өркендету жолында не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Қазақ тілі алдымен қазаққа керек. Соны түсінетін, намысты қайрайтын уақыт келді. Бұл мәселе талай айтылып, жазылып келеді. Бірақ әлі де болса құлшыныс, ұмтылыс қажет. Мектепте қазақ тілін үйреніп жүрген балалармен өз ата-аналары да қазақша сөйлесіп, тәлім-тәрбиені де қазақша берсе дейсің.
Жастар өздерінен үлкендерге еліктеп өседі. Осы орайда аталарымыз бен әжелеріміз кейінгі жастарды орынсыз сынай бергенше, өз ұрпақтарымен ана тілінде сөйлесіп, олардың орыс мектептеріне емес, ана тіліндегі білім ордаларына беруге құштарлық танытса екен.
– Балабақшалардағы және мектептердегі білім алып жатқан қандастарымыздың ұл-қыздарының ана тілімізде білім алу сапасы жөнінде не айтар едіңіз?
–Жалпы, елімізде балалардың мемлекеттік тілді меңгеруі отбасымен қатар, балабақшадан басталуы керек деген пікірлер жиі айтылады. Бұл орайда облыс әкімі Нұралы Мұстафаұлы Сәдуақасов балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілде берілетін білім сапасын жақсарту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Қазіргі таңда облыс басшысының қойған міндеттерін орындау басты назарда ұсталған. Мәселе тек сабақ беруде емес, шәкірттердің оны қалай меңгеруіне де байланысты. Сол себептен де болашақта оған жеткілікті назар аударыла беретін болады.
– Басқарма былтыр «Қазтест» жүйесі бойынша сынақ өткізу шарасын ұйымдастырғанынан хабардармыз. Ал оның нәтижесі қандай болды?
– «Қазтест» жүйесінің сынағына мыңнан астам кісі қатысты. Олардың арасында жоғары білім деңгейін көрсеткен өзге ұлт өкілдері де жеткілікті болды. Нәтижесіне келетін болсақ, ойдағыдай деп айтуға болады. Осы жылы бұл көрсеткіштер былтырғыдан да жақсара түседі деген үмітіміз бар.
– Бүгінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әріптестік, достық қарым-қатынас аясында көптеген игі шаралар жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Бұл орайда Ресей жерінде мекен етіп жатқан қандастарымызбен байланыстарыңыз қандай?
– Бұл да өте маңызды мәселе. Қостанай облыстық Тілдерді дамыту басқармасы соңғы 4-5 жылдан бері өңірімізбен іргелес жатқан Ресейдің Челябі облысындағы қазақ диаспорасының «Азамат» қоғамымен тығыз байланыста жұмыс істеп келді. Онда қазақ тілі мұғалімдерінің біліктілігін көтеру мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асты. «Қазақ тілін оқыту» әдістемесі бойынша көптеген маңызды тақырыптар қозғалды. Мұғалімдерді көтермелеу мақсатында байқаулар өткізіліп, жеңімпаздарға сыйлықтар тапсырдық.
Ресейдегі бауырларымыз өздерінің балаларын қазақ халқының мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын терең үйретуге ынталы. Мәселен, Челябі облысы Нагайбак ауданының басшысы Қайырбек Кәкімұлы Сейіловтің осы мақсатта көп жұмыс атқарғанын атап өткім келіп отыр. Соңғы жылдары ондағы қандастарымыздың өз балаларына ана тілін үйрету мақсатында облысымыздағы жазғы демалыс орындарына қабылдап, олардың қазақ тілін үйренулеріне жағдай жасап келеміз.
Сөзімді түйіндей келе айтарым, қазақ тілі дүниежүзіндегі барлық қазақтарға ортақ. «Тіл – ұлттың жаны». Ана тілін білмеген адамды мәдениетті, парасатты деп кім айтады? Бұл жөнінде кезінде талай ғұламалар өздерінің пікірлерін білдірген. Сондықтан Елбасы айтқандай: «Қазақ қазақпен тек қазақша сөйлессін», сонда ғана ұрпағымыз елжанды, ұлтжанды, Тәуелсіз еліміздің нағыз патриоты әрі тірегі болады дер едім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Оразалы ЖАҚСАНОВ
Қостанай
anatili.kz