Руханият

КІТАП ПЕН ФИЛЬМ

Қазір жер басып, тірі жүрген адамдардан сөрелерде жиналып, қоймаларда қаланып тұрған, үстелдерде ашылып, дорбаларында тығылып жатқан кітаптың саны көп шығар. Әлбетте, кітап өте көп. Оқулықтар мен ғылыми кітаптарды былай қойғанда, көркем әдебиеттің өзін санап шығу мүмкін емес болар. Мүмкін болса да, асқан табандылықпен, көптің жабылуымен бітетін іс болса керек. Енді сол кітаптардың қаншасын неше адам оқыды? Қаншасы жұрттың жадында қалды? Оқырман ықыласына ие болып, авторы арамыздан кеткен соң қанша уақыт бойы оқылды немесе неше күннен кейін ұмытылып қалды? Жыртылған кітаппен бірге ізім-қайым жоғалған шығармалар қаншама? Ал неше ғасырдан бері дүниежүзін аралап жүрген туындылар ше? Кейбір жауһарлар кітапты ғана емес, көркем фильмді де кеме етіп мініп, әлемді шарлап жүрген жоқ па?
Лев Толстой жаз­ған «Анна Каренина» ро­ма­ны­ның ұзын саны отыздан астам экран­дық нұсқасы бар екен. Бұл – отызыншы фи­льм­­ді түсірген режиссер өзі­не дейін­гі жиырма то­ғыз ре­­жис­серден көр­кем­дігі жағынан асып түсуді көздейді деген сөз. Ал­ғаш «Анна Каренина» романы бойынша экрандалған фильм 1910-шы жылы Германияда, дыбыссыз үлгіде түсіріліпті. Дыбыссыз кино заманының өзін­де, яғни 1930-шы жыл­дар­ға дейін «Анна Ка­ре­ни­наны» Англия, Франция, Венгрия, АҚШ, Италия, Ре­сей им­периясы экрандап үлгерген. Соң­ғы жылдарғы экрандалған фильмдердің ішінде осы роман желісімен түсірілген қазақ режиссері Дәрежан Өмірбаевтың «Шұға» (2007) фильмі де бар екенін айта кету керек. Ал Еуропа әде­бие­тінің классикасы болып есептелетін «Ромео мен Джульетта», «Гамлет», «Ға­жа­йып­тар еліндегі Али­са», «Гуливердің сая­хаты», «Дон Кихот», «Үш ноян» секілді шы­ғар­­­малардың да киноға айналған түр­лері ондап саналады. Неге кейбір туын­ды­ларға режиссерлер әуес те, енді бір әлем әдебиетінің жауһары боп есеп­телетін әдеби шығарма­лар кітапқа қамалып қалады? Бұның екі себебі бар. Ең алдымен шығарма халық арасында кеңі­нен таралып, танымал болуы шарт, онсыз бір романға ондаған фильм арналып түсіріл­мейді. Екінші бір мәселе, әдеби шы­ғар­маның тілі киноның табиғатына жақын болуында, яғни оқиға желісін кинокамера арқылы экранда бейнелеуге ың­ғай­лы болғанында жатыр. Дәрежан Өмір­баев бір сұхбатында тың тақырыптарға бар­май, Толстойдың «Анна Каренинасы» бойын­ша фильм түсіруінің бір себебі ро­ман­­ның киноға өзі сұранып тұрғанында екенін айтқаны бар. Бірақ…
Бірақ «Ғажайыптар еліндегі Алиса», «Гуливердің саяхаты» секілді шығармалар­дан біздің «Аяз би», «Ер Төстік» сияқты ерте­гілеріміз киноға икемделмейтін, қара­байыр дүние деген сөз емес. Бұл жерде аты аталған шығармалардың мульт­фильм күйінде түсіріліп, кейіп­кер­лерінің ойын­шықтары жасалып, бүгінгі тілмен айтқанда «брэндке» айналуының астарында Батыс елдерінің осы кино саласын біз­ден гөрі әлдеқайда ерте, әрі терең игергені және әлі күнге дейін бізді жеткізбей келе жатқандығы жатыр. Бізге ең алдымен, қа­ра­пайым менеджмент жетіспейді. Әрине, біз бұл жерде әде­биеттің қазынасына ай­налған шығар­маларды кемсітейік деп отырғанымыз жоқ, тек мәселенің бір қыры ретінде ескере кетуді ойладық.
Шығармалар көбінде роман болып жазылып, кітап түрінде баспадан шығады. Содан кейін кітап бойынша сценарий жазылып, фильм түсіріледі. Керісінше болатын жағдайлар да кездеседі. Бірақ кітап бойынша түсірілген фильм кітаппен иық тіресіп тұра алғанымен, фильм бойынша жазылған кітап таралымы бойынша сол фильмнің маңайына жолай алмай қала­тыны да рас. Ол кітап тек фильмді қатты жақ­сы көретін, қазіргі тілмен айтқанда «фа­на­тына» айналған көрер­мендерге арнал­ған. Бұл тәжірибе голливудтық кинофильмдерге кеңінен қолданылады, сонымен қоса кейінгі онжылдықта ресейлік ки­нода да орын алуда. Мысалы, атышулы «Бригада» телесериалының көрсетілімі аяқ­талған соң, 2003 жылы ресейлік «Ол­ма-Пресс» баспасынан лақап аты Алексан­др Белый (сериалдың бас кейіпкерінің есімі) авторлығымен 16 томдық «Бригада» атты кітап сериясы жарық көре бастады. Олардың 1–8-томдары сериалдың оқи­ғасын суреттесе, 9–16-томдарында сериал­дың жалғасын жазған.
Кітап пен фильмнің біте қайнасуының бір пайдасы, бұрын кітап оқымайтын кей адамдар кітап желісі бойынша түсірілген фильмді көрген соң, түпнұсқасымен таныс­қысы келіп, кітап оқи бастады. Оның үстіне бүкіл әлем болып тамашалайтын кино өнерінің туындылары көбіне кітаптардан туындайтыны да кітаптың дәрежесін жоғарылатып-ақ тұр.
Фрэнсис Форд Коппола жазушы Марио Пьюзоның «Өкіл әке» кітабын оқи сала, фильм түсіруге құлшынған екен. Ол кезде кітап әлі танымал бола қоймаған, сондық­тан кинокомпания көп ойланбай Копполамен келісім жасаған. Ал төрт ай өткен соң кітап адам таңғаларлық дәрежеде танымал болып кеткен де, компания басшы­лығы Копполадан фильм түсіру құқыған тартып алмақшы да болыпты. Бірақ түсіру ұжымы­ның, әсіресе, басты рөлді сомдаған Марлон Бра­ндоның араласуымен Копполаның еншісі өзінде қалған.
Бұл фильм үш бөлімнен тұратыны өзде­ріңіз­ге белгілі. Үшеуінің де сценарийі Коп­пола мен Пьюзоның бірігуімен жа­зыл­ған. Ре­жиссер төртінші бөлімін де тү­сірмек болған екен, бірақ жазушының дү­ниеден өтуі себепті, ол ойынан бас тартқан.
Ұзынқұлақтың айтуы бойынша осы Коп­пола, шығарманы киноға түсіру құқы­ғын алғаннан кейін кітап дүкендерін аралап жүріп, ақшасы жеткенінше әлгі кітаптан көбірек дана сатып алған-мыс. Сондағы ниеті – шығарманың шешімін фильм шық­қан­ша жұрт біліп қоймаса екен деген-мыс.
Бізде қазір кітап көп шығады дейтін пікір бар. Рас. Бірақ Батыста кітап біздікі­нен әлдеқайда көп шығады. Соның ішінде «бестселлер» аталып, қисапсыз көп оқыр­манға ие болатындары кейін киноға айналады. Ол кино да қыруар табыс түсіреді. «Гарри Поттерді» Ресей, одан қалды Қазақс­тан­ның орысша оқитын оқырман­дарына дейін іздеп жүріп оқыды. Австра­лиялық жазушы Грегори Дэвид Робертстің алдағы уақытта Джонни Депптің араласуымен фи­льмі шығады деген «Шантарам» романы да сұранысқа ие болып тұр. Осындай сақ-сақ еткен зауыт секілді өндірісте бәсе­ке­лестік болуы орынды да. Ал бірақ бәсе­ке­лестік болған жерде тың тақырып қат болуы шарт емес пе еді? Ал тың тақырып тек АҚШ-та, не Еуропа елдеріндегі кітап­тарда ғана болмайтын шығар?
Осы тұрғыдан алғанда түсінуге қиын­дау жайттар да бар. Нобель сыйлығын алған, біз білетін Орхан Памук, Мо Ян сынды жа­зу­шылардың шығармалары АҚШ-та оқылған «бестселлер» секілді бірден кино­ға айналып кетпейді. Мо Ян Нобель сый­лығын алмай тұрғанда, оның шығармалары негізінде «Қызыл Гаолян» (“HONG GAOLIANG” 1987, реж. Чжан Имоу), «Ба­қыт­ты уақыт» (“XINGFU SHINGUANG” 2000, реж. Чжан Имоу), «Нуа» (“NUAN” 2003, реж. Хуо Цзяньци) секілді фильмдер түсіріліпті. Енді Нобель сыйлығын алған соң, көп ұзамай Гол­ливуд­тың әйгілі режиссерлері осы­ларға «римейк» жасап, немесе басқа шығар­малары бойынша да фильмдер түсі­ретін секілді көрінеді бізге. Ал бірақ әдеби шығармаға сүйенбеген, шығыстық жекпе-жектерді негізге алған фильмдерге Голливуд бұрыннан үйір. Жапонның самурайлары мен ниндзяларын да «жеке­шелендіріп» алғалы біраз болды.
Дүние Батыстың киносымен өлшен­бей­ді. Бірақ десе де, біздің де батырларымыз бен билеріміз жайында түсірілген кинолар әлемнің түкпір-түкпірінде көрсе­тіл­се деген арман мазалайды. Алайда, өзіміз түсірген фильмдер көп жағдайда ірі ки­нофестивальдерден орын алмайды, орын алмаған соң дистрибьютерлік компаниялар сатып алмайды, сатып алмаған соң шекарадан әрі асып шыға алмайды. Ал біздің шет тілдерге аударылған әдеби шығармаларымызды оқып алып, киноға айналдырамыз деп жатқан киногерлер тағы байқалмайды.
Әсілінде, Қазақ елі кино әлемін тек әл-Фа­раби сияқты ұлы тұлғасы арқылы ғана елең еткізуі мүмкін. Басқа тұлға­ларды жоқ­қа шығару үшін, нигилистік көз­қараспен айтылған сөз емес. «Мәде­ниетіміз қандай, небір тұлғаларымыз бар» деген мәндегі пафосты сөздер осы­ған дейін де аз айтыл­ма­ған болса керек. Рас, Қажымұқандай, Бауыр­жандай ерекше тұлғаларымыз бар, көшпелі мәде­ниетіміз, Абайымыз, Шо­қа­ны­мыз бар, бірақ соларды өзге жұрттарға таныта алсақ, осы уақытқа дейін қайда қалдық?! Бұры­ны­рақта талпынсақ, мүмкіндік көбірек болар ма еді. Өйткені, бұрын эстетикалық құнды­лық­тар өз орынында-тұғын, ал қазір ақ­па­рат тас­қынының әсерінен жұрт өте жеңіл дүниелерге бейім болып кетті. Қай заманнан бері көрші отырған Ресей халқы Абайды осыдан бір-екі жыл бұрынғы көшедегі шерудің себебімен таныды. Иван Ургант секілді «шоу-мен» өлеңін оқып еді, жұрт ел­ең ете қалды. Көп ұзамай Абайдың өлең­дер жинағы орыс тілінде Мәскеуден шығып, ол кітапты адамдар сатып ала бастады.
Қарапайым ғана мысал ретінде, жо­ға­рыда айтылған жапонның семсерін ала­йық. Самурайлардың арқасына асып жү­ре­тін семсер – басқа елдің қылыш­тарына ұқсамайды ғой. Сабы ұзын, ол матамен әде­мілеп оралған, балдағы дөңгелек. Ал біздің қылыштар орыстың немесе Еуропа­ның қылышынан қандай айырмасы бар еке­нін бір көзбен қара­ғанда байқау қиын­ға түседі. Бізде де ешкімге ұқса­май­тын қару-жарақ, мәдени бұйымдар болған шығар, бірақ бізге ол жеткен жоқ. Жеткені, кедей-кепшіктен қалған бұйымдар мен аштық, жоқшылық заманынан қалған жәдігерлердей көрі­неді кейде. Ал барын – мысалы, Алтын адам­ның сауыты мен қару-жарағын әлем­­ге көрсете білмейміз. Біз туралы ешкім кино түсіргісі келмей­тінінің бір себебі осыда жатыр ма екен деген ойға қаласыз сондайда…
P.S.: Сөз басында «Анна Каренинаның» отыздан астам нұсқасы бар екенін айттық. Сол секілді Пушкин, Достоевский, Булгаков, Мопассан, Хемингуэй, Лондон, Гюго сынды жазушы дегенде әуелі ауызға түсе­тін­дердің барлығының шығармалары ки­ноға айналып, бағаларын алып үлгерген. Дүркін-дүркін түсіріліп жатқандары да қаншама. Оның бәрін жеке-жеке талдап шығудың қажеті де бізге мақсат емес. Қазақ әдебиетінің экрандалуы туралы мәселені қозғап кеткеніміз сондықтан.

Баубек НӨГЕРБЕК,
Арман ӘЛМЕНБЕТ. “Қасым” журналы

Теги: , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*