Шежіре

ШЕЖІРЕЛЕР ШЕРТКЕН СЫР

Ер Жәнібектің түп-төркіні мен өсіп-өнген әулеті туралы сөз болғанда ең әуелі өткен тарихымыздың шежірелі беттеріне үңіле кетудің де артықтығы жоқ.

Керей тайпасы жыл санауымыздан бұрынғы II-III ғасырларда мәлім болған ұлыстар мен тайпалардың бірі. Қытай, парсы деректері және Әлкей Марғұлан секілді тарихшылар керейлерді «Санбилер тұсынан әлемге әйгілі қазақ тайпасының бірі» деп жазған. Көне де­ректерде керей атауы «керейт» түрінде кездеседі. Мұндай деректер XIV ғасырдағы парсы тарихшысы Рашидденнің «Жамих-ат тауарих» кітабында, Әбілғазы Әл-Хорезмидің «Түрік шежіресінде» де бар.

Керейлердің негізгі ата жұрты – бағзы замандағы түркі елінің қасиетті қонысы болған, ғажайып ата жазу мұрағаттарымыз тас бетіне мәңгілікке таңбаланған қазіргі моңғол даласы және оған іргелес жатқан байтақ аймақты қамтитын құтты мекеннің бір пұшпағы – Ор­хон, Оңғын, Керулен, Селеңге, Арғұн өзендерінің шұрайлы алқабы.

Керей хандығына енген негізгі тайпалардың санын Рашид-ад-Дин «200 мыңдай халқы бар еді» деп көрсетеді. Ал Арстов болса: «10 ғасырдағы керейлердің жан саны 900 мың адамға жеткен» деп жазған. Керей хандығы ХІІ ғасырдағы Маркуз Бұйрық ханның тұсында гүлденіп-көркейген әйгілі мемлекетке айналды. Орта ғасырлық жазбалар Керейлер елін «Алтын кеседен ас ішіп, алтын ер-тұрман сайлаған бұл халық еді» деп көрсетеді. Тайпалар мыңдықтар мен жүздіктерге бөлінген. Олардың бас қаласы Қарақорым болды. Маркуз Бұйрық ханның ұлы Куржакуз Бұйрық хан қаза болғаннан кейінгі тақ таласында немересі Тұғрыл хан (Уаң хан) тарих сахнасына көтерілді.

Тұғырыл хан батыстағы Еуропа және шығыстағы Қытай мәдениетінің жетістіктерін толық пайдаланып, өзінің Хан ордасының сәулеттік құрлымын аса шеберлікпен салған.

Тарихи деректер бойынша Алтын елінің императоры Тұғырылға «Хандардың ханы» деген мағынамен «Уаң хан» деген атақ беріп, кейін келе ол ханның есімі ретінде аталып кеткен. Тегі италян, жиһангер Марко Поло: «Әлемге аты әйгілі, әсіресе еуропалықтар қатты әсерленетін шығыстағы «Иоан поп» дегеніміз осы «Уаң хан»» деп жазады. Орыс жылнамаларында «Ван хан» деген атпен белгілі.

Тұғырыл хан және оның төңірегіндегілер түгелдей жаужүрек ба­тыр, ақсүйек бегзада болған.

Тұғырылдың жиендері – Мөнке, Құбылай, Құлағу, Арықбұқа бүкіл әлемді алақанына салған әйгілі тұлғаларға айналды.

Тұғырылхан өлгенмен оның халқы торғайдай тозып кеткен жоқ. Олар Шыңғысханның түркі-моңғол әскерлері құрамындағы негізгі күшке айналды. Әлемді ат тұяғымен бағындырып, қазақ халқының қалыптасуына негіз болды. «Сібір жылнамаларында» де­ректерде Уаң ханның Тайбұға деген тұқымы Шыңғыстың әмірімен Ертіс, Об бойындағы жұрттарды бағындырған әскерге басшы болып, кейіннен сол жерлерді Моңғол империясы ханының рұқсатымен өз иелігіне алған. Бұл жерде Шыңғыс ханның байтақ империясының теріскей шетіне әуелден аралас-құралас, құдандалы хан ордасының мұрагерін қою арқылы, олармен қайтадан дұрыс қарым-қатынас орнатуға құлықты болғаны байқалады. Тайбұға Ібір-Сібір аймағын өз иелігіне алғаннан кейін Тобылдың бір сағасы Тұра өзеніне Төмен өзені құяр тұсқа Шыңғы (Шымға) деген қала салады (ол қазіргі Төмен қаласының іргесі). Тайбұға тұқымы бұл өңірде XV ғасырдың соңғы ширегіне дейін билік жүргізді.

Кейіннен орыс отаршылдығының күшейе түсуі Тобыл, Тұра, Об бойын жайлаған керейлерді Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныс ау­дартты. М.Тынышбайұлы керейлердің Шыңғыс ханға мойынсұнбаған бір бөлігі меркіттермен бірге Торғай даласына дейін ығысқан еді, бүгіндері Кіші жүздің Жетіруы құрамында Керейт тайпасы сол босқындардың ұрпағы болуы мүмкін десе, Ақсақ Темір жорықтары туралы жазбалардан сол кезде Керейлердің Қара Ертістен Алакөлге дейін мекенденгенін айтады. Жоңғарлардың XV ғасырдың басы­нан қуатты күшке айналуымен олар Балқаш, Алакөл аймағындағы керейлерді тағы да босқындық күйге ұшыратқан.

Керейлердің бір тобы XV ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың ба­сында Жошы тұқымы – Мауереннахр мен Хорасанда билік жүргізген Мұхаммед Шайбани ханның жорықтарына да қатысты.

Керейлердің мекендеген жерi жайлы Ашамайлы Керейдiң Көшебе руынан шыққан атақты қолбасшы батыр Қожаберген жырау Толыбайұлы(1663-1763) «Елiм-ай!» атты дастанында:

Мекендеп Тобыл, Ертiс екi арасын

Қазақтың күйге бөлеп ен даласын

Сауықшыл Орта жүздiң Керейi едiк

Үш жүздiң жат көрмеген еш баласын, – деген дерек келтіреді.

Жазушы, тарихшы Асқар Татанайұлының пайымы бойынша: «Темучин әскерлері керейлерді қатты тозғындатып, найман ханы Құшылықпен бірге кеткені «Қаракерей» атанып, найман руының біріне кіреді. Майқы бидің бастауында кеткені Абақ-Ашамайлы болып екіге бөлінеді». («Тарихи дерек, келелі кеңес», 2-кітап, Үрімжі. Шинжаң халық баспасы. 1996 жыл). Бұл тақырып аясында М. Мағауин: «Ежелгі керей тайпасының ең үлкен қауымы қазақ халқына ұйтқы болған жұрт қатарында, бұлар: ашамайлы-керей, абақ-керей, уақ-керей, найман санатындағы қара-керей және жетіру бірлестігіне енген керейт һәм табын руының құрамындағы жаман-керей, шанышқылы ішіндегі ақ-керей, байұлы тайпасына кіріккен таздар руының бір тармағы жаста­бан» (Мағауин М. «Шыңғыс хан және оның заманы». Деректі тарихи хикая.-Алматы, 2011 жыл) – деген дерек айтады. Керейлердің бұдан басқа да ұлт пен ұлысқа сіңгендері аз болған жоқ.

Түрік қағанаты дәуіріндегі қатал тәртібі, мұқият құры¬лымы бар сайлауыт сарбаздардың жаужүректігі Керей, Найман тектес жа­уынгер тайпалар мен Шыңғысхан арқылы өз жалғасын тапты. Көк түріктерден кейін тарих сахнасына көтерілген моңғолдар бұрынғы түрік елінің барлық болмысын қаз-қалпында сақтады. Бұған олардың қаған(хан) атауынан бастап талай дүниені түп төркіні бойынша еш өзгертпей пайдалануы, елін – «орталық», «оң қол», «сол қол» деп бөлуі, тәңірлік дінді ұстануы секілді көптеген ұстанымдары дәлел бола алады. Тіпті қазірге дейін өзге түркілерде жойылып кеткен кейбір салт-дәстүр, нанымдар моңғолдарда сол баяғы кезіндегідей таза сақталған. Шыңғыстың орда заңы, соғыс өнері, ел басқаруының бәрі де һұн дәуірінің түркілер арқылы жалғасқан асыл арқауы. Сол желі кейіннен қазақ хандары арқылы бізге жетті. Соның ішінде Алтай алқабының суын ішкен аталар рухы өр даласына тартып жауынгерлік дәстүрдің алтын өзегін үзген жоқ.

Өз тарихын қанды ұрыстармен жазып, қилы-қилы дәуірлер мен аласапыран замандарды бастан өткерген байырғы Керей елі кейіннен қазақ халқын құрауға атсалысқан белді тайпалардың біріне айналды.

Керейлердің абақ керей, ашамайлы керей деп екіге бөлінетіні жоғарыда айтылды.

Абақ керейдің Ер Жәнібек заманынан бұрын қанша атаға бөлінгені жайында нақты дерек жоқ. Ер Жәнібек елін, жерін жаудан қорғаған әйгілі батыр ғана емес, халқын даудан қорғаған шешен де көсем болған адам. Сол бабамыз: «Мен он екі жасымнан бастап он екі реткі шайқаста жүлде алдым. Темірқазық деген жұлдыз бар, оны ай­налып жүретін ақ боз ат, көк боз ат, жеті қарақшы, екі аттың арқаны – жиыны он екі шоқ жұлдыз. Бұғының мүйізі он екі салалы. Бір жыл он екі ай болса, он екі жыл бір мүшел. Пайғамбарымыздың он екі имамы болған. Түс жорудың да он екі түрі бар. Қара нар ботасын он екі ай көтереді» деп он екі санын қасиеттеп өтіпті. Сол үшін де «Абақ керей он екі атадан құралуы керек» деп, он екі руға бөлген екен.

Абақ керейдің он екі атасын негіз еткен он екі руы төмендегідей: Жәдік, Жәнтекей, Шеруші, Қарақас, Молқы, Ителі, Жастабан, Сар­бас, Көнсадақ, Шыбарайғыр, Меркіт, Шимойын немесе Құлтайболат. (Керейдің он екінші атасы есептелген Құлтайболат Жәнтекейдің жиені әрі жан саны аз болғандықтан Мәми Жұртбайұлының заманын­да Жәнтекейдің құрамына кіргізіліп, оның орнына ашамайлы керей­ден кірген Шимойын атасы жазылған екен).

Ал осы абақ керейдің он екі үлкен руы ары қарай жетпіс сегіз ұсақ руға бөлінеді. Көп бөлімі Қытай жерінде тұрса, қалған бөлектері Моңғолия, Ресей, Еуропа және Қазақстанның Шұбар тау, Зайсан, Аякөз, Талдықорған өңірлерін мекендеген.

Ашамайлы керей әулеті негізінен Қазақстан аумағында болып, Ақмола облысы, Көкшетау өңірі, Ерейментау, Қостанай, Петропавл, Ақтөбе, Қызылорда өңірлеріне шашырай қоныстанған. Олар: Бал­талы, Бағаналы, Сіргелі, Найзалы, Сибан – сынды бес үлкен атадан құралады.

Шәкенұлы Жәди

Теги: , , , , , ,

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

*