Әр жерде өтіп жататын, түрлі деңгейдегі ғылыми мәжілістерде, Оспан батыр туралы сөз бола қалса, оның кіммен, не үшін соғысқанына байланысты сұрақтар алдымыздан жиі шығады. Солардың бір парасы: «Оспан кіммен майдандасып, қалай батыр атанды?», «Оспанның басты жауы кім? Ол коммунистік қызыл Қытаймен майдандасты ма? Әлде гоминдаңшыл Чан Кайшимен соғысты ма? Жоқ әлде, Шығыс Түркістан ұлттық әскерімен қырқысты ма?», «Оспан кімге арқа сүйеді? КСРО-ға ма? АҚШ-қа ма? Әлде Моңғолияға ма?», «Оспан жаңа құрылып жатқан Шығыс Түркістан Республикасымен қандай қарым-қатынаста болды?» деген рәуіште болып келеді. Қарап отырсаңыз, мұның бәрі шынында да өте күрделі сұрақтар. Сондай-ақ, Оспан туралы айтылып жүрген әр алуан әңгіменің туындауына да осы сұрақтарға әркімнің әрқалай жауап беруі мұрындық болып келеді.
Бұл сұрақтарға жауап беруден бұрын, біз ең әуелі мына күрделі түйінді тарқатып алуымыз керек, яғни «Қытайдағы қазақтардың ұлт-азаттық күреске аттануына не себеп болды?» деген тұғырлы мәселе. Ал бұл мәселені түп қотара айқындау, әрине, кем дегенде нешелеген монографиялар мен қаншалаған конференцияларға жүк болары анық. Дегенмен, Оспанға барар жолдың қақпасы да, сол қақпаның кілті де осы сұрақта жатқандықтан оны айналып өту, әсте мүмкін емес. Сондықтан біз қысқаша болса да, әуелі осы мәселені айшықтай кетуді жөн көріп отырмыз.
«Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар?» дейді атам қазақ. Егер ел аман, жұрт тыныш болса, қарын тоқ, көйлек көк болса, өз елінде, өз жерінде отырған жұртқа қаймана біреу келіп, әңгір таяғын ойнатып, «ер ұлдарыңды құл, пәк қыздарыңды күң етем» демесе, «тіліңді жойып, дініңді құртам»… демесе, кімнің кімде қандай шаруасы бар?! Халық дегеніміз – алып теңіз. Оны толқытатын даурыға соғатын дауылдар мен орай да борай үйіретін құйындар. Бұл өзі күллі жер бетіндегі халықтардың бәріне ортақ адами мінез, қашаннан қалыпты қағида. Қытайдағы ағайындардың да шамырқана толқуына, бес қаруын асынып, ту ұстап тұлпарға қонуына сол кездегі саяси-әлеуметтік «дауылдар мен құйындардың» түрткі болғаны тарихтан белгілі.
Цинь патшалығы 1911 жылы қытай көтерілісшілері тарапынан құлатылып, оның орнын Сун Ятсен басшылығындағы Қытай Демократиялық Республикасы (қытайша «Чжұңхуа минго», жетекші саяси партиясы Гоминдаң, кейінгі көсемі Чан Кайши) басқанымен, оның Шыңжаңдағы өкілдері ылғи да жеке-дара үстемдік құру пиғылында бола отырып, жергілікті халықты езіп-қанау жағында Цинь патшалығын шаң қаптырып кетті.
Шыңжаңның билік басына алғаш келіп, жартылай патша болып 17 жыл (1912-1928 жж.) дәурен кешкен Яң Дзыңсин де, одан кейін бұл таққа бес жыл (1928-1933 жж.) қонжиған Зинь Шужэн де, он бір жыл (1933-1944 жж.) отырған Шың Шицай да халықты қанау жағынан бірінен-бірі асып түсіп отырды. Әсіресе, 1937 жылдан бастап «Шыңжаңдағы жапон тыңшыларын», «троцкийшілдерді» (анығында түрікшіл, исламшыл, ұлтшыл элитаны) қырып-жоюға келгенде Шың Шицай Сталиннен асып түспесе, кем соққан жоқ. Ресми деректерге қарағанда, 1937-1942 жылдар аралығында қандықол Шың Шицай тұтас өлке бойынша 100 мыңнан астам адамды тұтқындап, оның 4000-нан астамын сан алуан хайуандық қинаумен өлтірген. Осы көрсетілген санның дені елдің игі-жақсылары, халық көсемдері, ақын-жазушылар мен молда-имамдар еді.
Міне, осылайша өз елінде, өз жерінде отырып, қайдағы бір келімсектен осынша қорлық көргеніне, ел деп еңіреген игі жақсыларынан қар жаумай, қазан ұрмай айырылғанына, алаңсыз күн кешіп, тыныш ұйықтай алмағанына ашынған халық азаттық үшін атқа қонуға мәжбүр болды. Бұл арғы беттегі қазақтардың ұлт-азаттық күреске аттануының негізгі себебінің бірі.
Екінші себебіне келсек, бұл да өзінше ұзақ әңгіме. Мұны да біз барынша ықшамдап айтуға тырысып көрейік. ХХ ғасырдың басында, Қазақстанда елдің түкпір-түкпірінен ұлттың тағдыры мен болашағын, ары мен намысын, азаттығы мен теңдігін ойлаған, сол ұлы мұратты армандаған есіл ерлер бас біріктіріп, тізе қоса отырып, Алаш қозғалысын ұйымдастырып, Алаш партиясын құрғаны белгілі. Іргелі Қазақ еліндегі аталған саяси қозғалыстың мақсаты мен міндеті, тыныс-тіршілігі Шығыс Түркістандағы Гоминдаң билеушілерінің езгісі мен қорлығына төзбей, жиі-жиі көтеріліске шығып, азаттықты, теңдікті көксеп отырған ағайындарды да желпіндірмей, жігерлендірмей қойған жоқ. Осылайша, Алаш партиясы құрылудың алды-артындағы қазақ оқығандарының қам-қарекеті, үгіт-насихаты, бағыт-бағдарламасы, мұрат-нысанасы, бір ауыз сөзбен айтқанда, Алаш идеясы көтерген ұлт-азаттық ұраны әртүрлі жолдармен Қытайдағы ағайындар арасына жетіп жатты.
Біріншіден, ХХ ғасырдың басында Қазақ елінде жарық көрген «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті секілді мерзімді баспасөз үздік-создық болса да Қытайдағы қазақтар жиі қоныстанған Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарына барып тұрды. Екіншіден, Алаш идеясымен қаруланған, ұлт-азаттық ұранды ту еткен Алаш қайраткерлері ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан кейін, орталықтың қырына ілініп, қудалана бастағанда, олардың біразы шекара асып барып Шығыс Түркістанды паналады. Бұлардың ішінде біз, әсіресе, Райымжан Мәрсековті, Ыбырайым Жайнақовты, Иса Тергеусізұлын, Зият Шәкәрімұлын, Ғазез Қалмановты, Төлеуғазы Абылайхановты, Мырзахмет Оразалинді, Молдағали Бектұрұлы секілді адал азаматтарды бөле-жара айтуға хақылымыз. Осынау ғазиз есімдері аталған Алаш арыстары ол өлкеге барғаннан кейін, ондағы ағайындар жиі қоныстанған өңірлерден мектеп ашып, медресе салып, жатпай-тұрмай ұлт-азаттық бағытындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге, ондағы Ақыт қажы Үлімжіұлы, Шәріпхан Көгедайұлы, Әбеу Құдышұлы, Нұртаза Шалғынбаев, Таңжарық Жолдыұлы, Мақсұт Сасанұлы, Баймолда Қареке, Шарғын Алғазыұлы, Жабықбай Бұлғыншыұлы, т.б. жергілікті алашшыл тұлғалармен бірлесіп, алаш ұйымдарын құрып, ұлтты азат етудің қамына кірісе бастады.
Міне, осындай іштей де, сырттай да әбден пісіп-жетілген саяси-әлеуметтік жағдай Қытайдағы жергілікті халықтарды қолына қару алып ұлт-азаттығы үшін атқа қонуға мәжбүр етті. Әсіресе, қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле өңірінің түкпір-түкпірінен жаппай қарулы көтеріліске шыға бастады. Мәселен, 1940 жылы Көктоғай, Шіңгіл ауданының қазақтары көтерілген болса, 1941 жылы оларға Қаба-Сауырдағы бауырлары үн қосты. Одан кейін Шәуешек, Толы, Дөрбілжін, Сауан-Манастықтар атқа қонды. Араға жыл салып барып Әкбар, Сейіт батырлар бастаған Іле қазақтары аса ауқымды да кешенді көтерілістерін бастап жіберді. Осы көтерілістер, ХХ ғасырдың белортасында бес жылдай (1944-1949 жж.) өмір сүрген әйгілі Шығыс Түркістан Республикасының (ШТР) құрылуына негіз болған ұлт-азаттық көтерілістердің басы еді.
Сөз болып отырған саяси-әлеуметтік жағдайлардың бәрі өмірге келген күннен бесігін тербеп есейткен, өсе келе санасын ұлттық ар-намыспен суарған, әрісі күллі түркі жұртының қаһарман перзенті, берісі қазақ халқының бірегей баһадүр ұлы, ұлы қолбасшы Оспан Исламұлы болатын.
Жалпы, Оспан батыр туралы айту әрі оңай, әрі қиын. Оңай болатын себебі, Оспан батырды білмейтін Алаш баласы кемде-кем. Бұл тұрғыдан келгенде «Оспан батыр» деген бір ауыз сөздің өзі-ақ жеткілікті сияқты. Ал қиын болатын себебі, Оспан өмірі, оның ерлігі, тағдыры секілді іргелі тақырыптар шағын әңгіменің аясына қалай ықшамдасаң да сия қоймайды. Оспанды айту үшін, ол өмір сүрген кезеңдегі тарих сахнасына шығып, 4-5 жыл өмір сүрген ШТР-ды аттап өте алмайсың. Дей тұрғанмен, біздің мақсат, оқырманға Оспанның өмірі мен ұлт-азаттық күрестегі еңбегінен қысқаша мәлімет беру болғандықтан, сол төңіректе ғана сөз өрбітуге тура келеді.
Оспан Исламұлы 1899 жылы бүгінгі ҚХР Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағына қарасты Көктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде өмірге келген.
Жоғарыда баяндағанымыздай, Оспанның ат жалын тартып мінген кезі Шығыс Түркістан халықтарының басына отаршылдардың әңгір таяғы оңды-солды, ойнап тұрған тұсқа тура келді. Әсіресе, жендет Шың Шицайдың 1930 жылдардың соңы мен 1940 жылдардың басында «Ел-жұрттарыңның қолындағы мылтықты жинатып бермедіңдер» деген сылтаумен, бір ғана Алтай аймағының әр ауданынан Баймолда Қареке, Қалел тәйжі, Шәріпхан Көгедайұлы, Әлен уаң, Бұқат бейсі, Жанымхан тәйжі, Дәлелхан тәйжі (Сүгірбаев), т.б мыңдаған ел ағалары мен игі-жақсыларды тұтқындап, алдын түрмеде өлтіре бастауы Оспан бастаған арлы-намысты, ұжданды ерлердің қанды кегін қозғады. Әсіресе, әйгілі діни ғұлама, ағартушы-ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы мен оның ұлы Қалманды тұтқындауы, олардың мал-мүлкін тәркілеп, ақынның барлық кітаптары мен қолжазбаларын, Құранын жыртып, аяққа таптап қорлауы, жұрттың көз алдында отқа жағуы – тұтанып келе жатқан отқа май құйып жібергендей болды. Осылайша, Алтайдың түкпір-түкпірінен Ырысхан, Сүлеймен, Рахат, Қалман, Сәли, Зейнел, Есімхан, Оспандар бастаған қарулы көтеріліс оты тұтанып, Шың Шицай әскерімен қиянкескі қанды шайқас басталып кетеді. Көтеріліске жетекшілік ету Оспан Исламұлына жүктеледі.
1940 жылдың соңында Есімхан, Ырысхан қатарлы көтеріліс көсемдері Шың Шицайдың уағдасына сеніп, қаруларын тапсырып, келісімге келгенде, тек жалғыз Оспан ғана қаруын тапсырмай, өзіне ілескен сарбаздарын бастап, тау сағалап қашып кетеді. Содан бастап Оспанның тобы отаршылдыққа қарсы күреске шындап бел буғандармен, қытай билеушілерінен қорлық-зорлық көріп, батырды паналап барғандармен толыға береді. Қысқасы, 1941 жылдың күзінен бастап төңірегіне жиналған, езгіден қиналған халық тарапынан Оспанға Алтай өңіріндегі қытай отаршылдарына қарсы көтерілістерге қолбасшылық ету міндеті жүктеледі. Осыдан кейін Оспан жатпай-тұрмай қосынын қайта жасақтап, көтеріліс қанатын тұтас Алтай өңіріне жая бастайды. 1943 жылдың соңында Оспан қосындары мен оған тілеулес ел-жұрт Шіңгіл ауданы Бұлғын өзенінің бойында «Алтай ұлтты құтқару қоғамын» құрып, Оспанды бір ауыздан сол қоғамның төрағасы етіп сайлайды.
Әрине, әскери қосын ұлғайғаннан кейін, оларға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрінің де, азық-түліктің де мөлшері өсетіні екібастан белгілі. Мың жерден жаужүрек болсаң да, мынау сойыл-шоқпармен, қылыш-найзамен майдандасатын заман емес. Ендеше, заманауи қару-жараққа қайдан, қалай қол жеткізбек керек?! Оспан әрі ойлап, бері ойлап, ақыры Моңғолияның сол кездегі төрағасы, армия маршалы Х.Чойбалсанға елші жіберіп, қару-жарақ жағынан көмек беруін сұрайды.
Сөйтіп, қару-жараққа ие болған Оспан өз қосынын бұрынғыдан да ұлғайтып, өздерінің негізгі штабтары орналасқан Шіңгіл, Көктоғай аудандарынан тыс, Алтайдың Сарсүмбе, Буыршын, Бурылтоғай, Қаба, Жеменей аудандарында партизандық ұйымдар құрып, қалың қазақ бұқарасын «Алтай ұлтты құтқару қоғамын» паналауға, оны қолдауға, отаршылдарға бірге соққы беруге шақырады. Онсыз да Шың Шицай мен гоминдаңшыл қытайларға өшігіп отырған қазақ шаруалары жаппай атқа қонып, өз аудандарында орналасқан Шың Шицайдың күштік құрылымдарымен, Гоминдаңның әскери қосындарымен қиян-кескі майдан ашады. Осылайша, Оспан бастаған баһадүрлер жылдан аса жан алып, жан беріп майдандасып жатқанда, оларға бір бүйірден ШТР ұлттық армиясы да көмекке келіп жетеді. Сөйтіп, 1945 жылдың қыркүйек айында тұтас Алтай аймағы отаршылдардан түбегейлі азат етіледі.
Әлқисса, Оспан бастаған Алтайдағы ұлт-азаттық күрестің төбесі көрініп қалған тұста, Іленің Нылқы ауданында бұрқ еткен қазақ шаруаларының қарулы көтерілісі күн санап, тіпті, сағат санап ұлғайып, жалпы Іледегі қытай билеушілерінің зәре-құтын қашыра бастайды. Көтерілісші қазақ шаруалары Iленiң аудан-ауылдарындағы қытай әскерлерiн тып-типыл жойып болғаннан кейiн, 1944 жылы қарашаның басында Құлжа қаласын азат етеді. Қарашаның 12-сі күні Құлжадағы «азаттық ұйымы» мен көтерілісшілер бірігіп, қаладағы «Қазақ-қырғыз-ұйғыр мәдениет-ағарту клубында» жиналыс өткізіп, «Шығыс Түркістан Республикасы уақытша өкіметінің» құрылғандығын ресми жариялайды. Сол жиналыста Әлихан төре уақытша өкіметтің төрағасы, Әкімбек қожа төрағаның орынбасары болып сайланады.
1945 жылы сәуір айының басында «ШТР ұлттық армиясы» құрылады. Көп өтпей, толық азат болмаған өңірлер бойынша соғыс жоспары әзірленіп, сол жылы маусым айында ұлттық армия жауынгерлері: оңтүстік, солтүстік, орталық – үш бағыт бойынша алғы шепке аттанып кетеді. Солтүстік бағытының міндеті – Тарбағатай, Алтай өңіріндегі партизандармен бірлесе отырып, гоминдаңның қалдық күштерін аластау болатын. Әлгінде Оспан қосынына келіп қосылған ШТР ұлттық армиясы деп отырғанымыз сол.
Алтай аймағы азат болғаннан кейін, ШТР уақытша өкіметінің басшысы Әлихан төре Алтайға арнайы келіп, «уақытша өкіметтің» көшпелі мәжілісін өткізіп, мынадай қаулы қабылдайды: «1. Алтай аймағы – ШТР-ның құрамдас бөлігі болып табылады. 2. Оспан Исламұлы, Дәлелхан Сүгірбаев, Зәкихан Әленұлы «ШТР уақытша өкіметтің» тұрақты мүшелігіне қабылдансын. 3. Алтай аймақтық әкімдігі құрылып, оған Оспан Исламұлы уәли болып тағайындалсын». Бұдан сырт осы жолғы жиналыста Алтай аймағы әкімдігіне қарасты мекемелер құрылып, олардың басшылары, аудан әкімдері де тағайындалады.
«ШТР уақытша өкіметі» тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде-ақ жариялаған, тоғыз баптан тұратын тәуелсіздік туралы декларациясы болсын, сондай-ақ «уақытша өкіметтің» органы «Азат Шығыс Түркістан» газетінің ұстанымы мен үгіт-насихаты болсын – бәрі-бәрі де Оспан батырдың көңілінен шығады. Сондықтан да ол өзіне жүктелген уәлилік қызметті еш қомсынбай-ақ, аймақтағы халықтың әл-ауқатын көтеру қамына білек сыбана кірісіп кетіп еді.
Алайда, Әлихан төренің саяси ұстанымы мен беталысын ұнатпаған Мәскеу, 1946 жылдың мамырында оны төрағалықтан алып, жасырын түрде әрі күштеп КСРО-ға алып кетеді де, олардың орнына Ахметжан Қасыми, Абдукерим Апбасовтарды тағайындайды. Олар таққа отырысымен, яғни 1946 жылдың маусым айында «Шығыс Түркістан Республикасы уақытша өкіметі» дегенді «Үш аймақ өкіметі» деп өзгертеді. Сонымен, А.Қасыми мен А.Апбасовтың қатары Дәлелхан Сүгірбаев (қазақ), Ы.Мононов (қырғыз), Ложымен (қытай) толығады.
Дәл осы кезде «Үш аймақ уақытша өкіметі» мен Гоминдаң үкіметі Шыңжаң мәселесін бейбіт жолмен шешіп, біріккен (коалициялық) үкімет құру жөнінде сөйлесе бастайды. Бұған түрткі болып отырған, ішкі Қытайдағы Гоминдаң мен Коммунистік партияның бейбітшілік келісіміне қол қоюы еді…
Міне, «Үш аймақ уақытша өкіметі» мен Гоминдаң бейбітшілік келісіміне 1946 жылы қаңтардың 2-ші жұлдызында Үрімжіде қол қойды. Сол жылы шілденің 1-інде Шыңжаң өлкелік коалициялық үкіметі ресми түрде құрылып, төраға Чжаң Чжэчжуң, төрағаның орынбасары болып А.Қасыми тағайындалды.
Әлихан Төре тақтан тайдырылып, бастапқы мақсат бұлтаққа айналғанда, Алтайдың уәлиі Оспан Исламұлы мен Сауан ауданының әкімі Қалибек Райымбекұлы қатарлылар қуыршақ өкіметтен теріс айнала бастайды. Бұл туралы осы кезеңді жеткілікті зерттеп, Оспан батыр өмірінен төрт томдық роман жазған жазушы Жақсылық Сәмитұлы: «Әлихан Төре осы тұста Сауаннан шыққан Қалибек, Тәкіман тобымен де қарым-қатынас жасауға ұмтылып көреді. Алтайдан Оспан, Сауаннан Қалибек, Үрімжіден Жанымхан, Құлжадан Әлихан Төре болып, Шығыс Түркістан Республикасын қорғап қалуға, коммунизммен аянбай күресуге бел байлайды» деп жазады. Осылайша, Оспан, Қалибектер өз бағыттарынан табан тайдырмайды.
Тура осы тұста мына мәселенің басын аша кетуіміз керек. Сол кездегі үгіт-насихат құралдары жарты ғасыр бойы Оспанды жаппай «банды» ретінде ғана емес, «саяси сауатсыз, жабайы» ретінде сипаттағаны жасырын емес. Бүгін де осынау жалған үгіт-насихатты малданып жүргендер жоқ емес. Керісінше, Оспанның азаматтық тұғырнамасы мен саяси сана-сезімі, таным-пайымы өз заманындағы кез келген «мен-мен» дегендерден озық болса болды, әсте кем болған емес. Яғни, Оспанның тек отаршылдық езгіге ғана емес, коммунистік жүйеге де жан-тәнімен қарсы болғаны осы сөзіміздің айғағы. Жалпы, Оспанның саяси, азаматтық ұстанымы деген мәселе бөлек әңгіменің арқауы.
Жаңа құрылған ҚХР үкіметі 1949 жылдың қараша айынан бастап Шыңжаңға «халық азаттық армиясын» кіргізіп, әкімшілік құрылымдарын жасақтай бастайды. Шыңжаңға ҚХР армиясын бастап келген генерал Уаң Чжэн «жаңа өлкедегі» жұмысын Оспанмен сөйлесуден бастайды. Ол бастабында Оспанға арнайы хат жазып адам жібереді. Хатта Оспанның Шыңжаңды Гоминдаңнан азат етудегі еңбегі жоғары бағаланып, ендігі жерде ҚХР КП-мен берекеге келуі, қаласа Алтай аймағының уәлилігі қызметін атқара беруі туралы, алдағы уақытта одан да биік қызметтер ұсынылып, ерекше құрмет көрсетілетіні айтылған. Сондай-ақ, барған адамы арқылы Уаң Чжэн Оспанға мол тарту-таралғы ұсынады. Алайда, Оспан батыр бұл ұсынысты қабыл алмайды.
Сонымен, Оспан Бәйтік тауынан әрі ілгерілеп, Қаптық тауы маңына барғанда МХР қызыл әскерінің тұтқиыл шабуылына тап болады. Артында (Алтайда) «Үш аймақ» ұлттық армиясының қуғыны, батысында КСРО қызыл армиясы, шығысында Қытайдың «азаттық армиясы». Қысқасы, бәрі анталап, Оспанды жан-жағынан қысады. Енді қайтпек керек?! Оңтүстік, солтүстік, батыс бағытындағы тосқауылды бұзғанымен әрі қарай жүрер жол жоқ. Өзекті жанға бір өлім. Неде болса, Оспан шығыстағы қытай қызыл армиясының шабуылын бұзып өтіп, Ганьсу арқылы Тибетке жетіп, одан әрі Үндістан, Пәкістанға кетуді көздейді. Ондағы мақсаты сырттан көмек алып, қайта қол құрап, Шыңжаңға қайыра шабуылдау. Осы арқылы елін, жерін азат ету, ұлттың ұлы мұратын жүзеге асыру еді. Бұл туралы Үрімжідегі АҚШ консулының жауапты қызметкері Дуглас Маккиернанмен келісіп те қойған. Осы оймен Оспан батыр 1950 жылы Ганьсу өлкесіне қарасты Қанамбал тауына көшiп барып, сол жақта қыстап шығуды ойлайды. Алайда, бұл кезде Шыңжаңға қаптап келіп орнығып, елге, жерге қожалық ете бастаған ҚХР әскері батырдың ізіне түсіп қуып жүріп, оны ақыры Хайдзы деген жерде 1951 жылы ақпан айының 19-шы күні қолға түсіреді. Ресми Бейжің Оспанды ату жазасына үкім етеді. Үкім 1951 жылы сәуірдің 29-ы күні Үрімжіде жүз мыңдаған халықтың алдында орындалады. Батырдың үлкен ұлы Шерди ман әкесінің сүйегін 1953 жылы 12 ақпанда ғана алып, Алтайдың Көктоғай ауданына апарып жерлейді.
Ұлтым деген батырдың арман-тілегі осылай қасіретпен аяқталды. Тәуелсіз елі азаттық үшін күресіп өткен азаматын ардақтап жатса, бұл өскендіктің белгісі деп білеміз.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ кафедра меңгерушісі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Егемен Қазақстан» газеті